ЕҢ ТИІМДІ ЖОЛ – АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ
Бүгінгі таңда жүрек-қан тамыры ауруының көп адамды мазалайтыны жасырын емес. Осы ретте саламатты өмір салтын ұстану, азаматтардың денсаулығын сақтау, аталған аурудың алдын алуда аудандық аурухананың кардиологы Бауыржан Қәріқұловпен әңгімелескен болатынбыз.
– Бауыржан Бердібекұлы, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз...
– Мен 1987 жылы Жосалы кентінде дүниеге келдім. 1993-2004 жылдары Омар Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепте білім алдым. Мектеп қабырғасынан бастап медицина саласына қызығушылығым ерекше болды. Адам жанына араша түсіп, халықтың денсаулығын сақтауға үлес қосу – бала күнгі арманым. Осы мақсатпен 2004 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсіп, 2011 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша диплом алып шықтым. Кейін білімімді жетілдіру үшін 2011-2012 жылдары «Анестезиология және реаниматология» мамандығымен қайта даярлау курсынан өттім.
Дәрігерлік қызметім – туған өлкеде басталды. 2012-2019 жылдары аудандық аурухананың реанимация бөлімінде меңгеруші қызметінде болдым. Бұл кезең кәсіби тұрғыдан тәжірибе жинақтауыма ықпал етті. Жан сақтау бөлімінде әр минут, әр секунд қымбат. Сол себепті шұғыл шешім қабылдаудың, жауапкершілік пен ұжымдық жұмыстың маңызын терең түсіндім. 2019 жылдан бастап кардиология саласына ауысып, емханада дәрігеркардиолог болып еңбек еттім. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, ерте анықтау және емдеу бағытында халықпен тығыз жұмыс жүргізілді. 2023-2025 жылдары аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болдым. Бұл кезеңде медициналық көмектің сапасын арттыру, емдеу процесін жетілдіру және пациенттерге көрсетілетін қызметтің тиімділігін көтеру бағытында атқарылған жұмыстарға атсалыстым. Қазіргі таңда дәрігер-кардиолог болып еңбек етіп келемін.
– Кардиология саласын не себепті таңдадыңыз?
– Адамдардың ауырғанда қалай жаны қиналатынын, дәрігердің емінен соң науқасынан қалай айығатынын жастайымнан көріп өстім. Ем кезінде дұрыс қойылған диагноз бен ем-шараның нәтижесі аса маңызды саналады. Ол үшін көптеген ізденіс пен білім, білік керек. Оған қоса қоғамда дәрігерлердің қажеттілігі сезілетін.
Мен мектепте оқып жүргенімде дәрігер боламын деп шештім. Шешімнің дұрыс болғанына еш күмән жоқ. Соңғы жылдары елімізде жүрек-қан тамыры ауруларының көрсеткіші арта түсуде. Сондықтан бұл салада еңбек ету – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, әрбір науқасқа дұрыс диагноз қойып, тиімді ем тағайындау және аурудың алдын алу әрі оған біліктілік таныту – дәрігердің басты міндеті. Медицина бұл мемлекетіміздегі ең жауапкершілікті және үлкен жүйелі сала. Қазақстан халқының денсаулығын сақтап, ұзақ өмір сүруінде ақ халатты жандардың да еңбегі бар деп ойлаймын.
– Енді өзіңіз қызмет етіп жүрген салаға қарай ойыссақ. Ауданның медициналық көрсеткішінде жүрек-қан тамырлары ауруларының алдыңғы үштіктен орын алуына қарағанда, бұл бейжай қарайтын іс емес. Бұған не дейсіз?
– Жүрек-қантамыр аурулары – халық денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды фактор танылады. Бұл бағытта аудандық ауруханасында кардиологиялық аурулары бар пациенттерді ерте анықтау, диспансерлік бақылауға алу, емдеу және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етуде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Статистикалық мәлімет бойынша сөйлер болсақ, осы жылы кардиологиялық аурулармен диспансерлік есепке 2034 науқас алынған. Оның 1096-сы орталықтан, 938-і ауылдық елді мекеннен. Диспансерлік есептегі диагноздардың ішінде артериялық гипертензия мен ишемиялық жүрек ауруы басым түсіп отыр. Атап айтқанда, ишемиялық жүрек ауруымен 823 пациент диспансерлік бақылауда тұрса, оның 401-і орталықтан да, 422-сі ауылдық жерлерден құрайды. Артериялық гипертензиямен 1811 пациент есепке алынса, оның 961-і орталықтан, 850-і ауылдардан тіркелген науқастар. Сонымен қатар диспансерлік есепте өкпелік гипертензиямен 8, жүрекшелер фибрилляциясымен 37, созылмалы жүрек жеткіліксіздігімен тіркелген 216 пациент бар.
– Аталған ауруларға байланысты дәрігер тарапынан қандай көмек түрлері көрсетіледі?
– Аудан тұрғындарына жедел коронарлық синдром кезінде уақытылы медициналық көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл жедел коронарлы синдроммен 47 жағдай, стенттеу 36, ST сегментінің көтерілуімен жедел миокард инфактісімен 6 және көтерілуінсіз жедел миокард инфактісімен 4 жағдай тіркелді. Қажет болғанда пациенттер жоғары деңгейдегі медициналық ұйымдарға дер кезінде бағытталып, заманауи диагностикалық және интервенциялық емге мүмкіндік алады.
– Диспансерлік бақылау, тегін дәрідәрмекпен қамту жайы қалай?
– Кардиологиялық аурулары бар пациенттерді диспансерлік есепке алу, бақылау және емдеу қолданыстағы нормативтік құжаттар талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 2020 жылғы бұйрық негізінде пациенттер диспансерлік есепке алынса, 2021 жылғы бұйрық шеңберінде тиісті санаттағы пациенттер тегін дәрілермен қамтылады. Ал 2021 жылғы бұйрық кардиологиялық және интервенциялық кардиологиялық көмек көрсету тәртібін реттейді.
Диспансерлік бақылауда науқастардың денсаулық жағдайы тұрақты бағаланып, диагностикалық тексерулер жүргізіледі. Көрсетілім бойынша пациенттерге коронарография, стенттеу, аортокоронарлық шунттау, радиожиілікті катетерлік абляция, электрокардиостимулятор имплантациясы және басқа да заманауи медициналық көмек түрлері көрсетіледі.
– Салаңыз бойынша оқырманға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз және алда қандай мақсатыңыз бар?
– Ең бірінші, Алладан бір-ақ рет берілетін өмірде кім болсын, денсаулыққа немқұрайлы қарамау керек. Қан қысымын тұрақты бақылау, дұрыс тамақтану, күнделікті қозғалыс белсенділігін жасап отыру – денсаулықты сақтауға септігі мол. Екіншіден, жат, жаман әдеттерден бойды аулақ ұстау. Атап айтқанда, ішімдік, темекіден бас тарту, дене салмағын бір қалыпта ұстау және профилактикалық тексеруден, скринингтен уақытылы өту – жүрек саулығын сақтаудың негізгі жолдары. Кез келген ауруды ерте анықтау – тиімді емнің кепілі болмақ.
Алдағы уақытта да кәсіби білімімді жетілдіріп, заманауи емдеу тәсілдерін меңгеріп, туған жерімнің тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету – басты мақсатым. Осы жолда аянбай еңбек етіп, елдің алғысына бөлену. Дәрігер үшін ең үлкен мақсат та, марапат та – науқастың алғысы. Жанын шүберекке орап келген пациент тағайындаған ем-шарамыздан тәуір болып, отбасына жақсы денсаулықпен қосылса, дәрігерге одан асқан қуаныш бар ма?!
– Қандай да бір тілегіңіз болса...
– Жалпы, дәрігер болу – жай ғана мамандық емес, адам өмірі үшін жауапкершілікті талап ететін абыройлы қызмет. Әсіресе жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресте әрбір дұрыс қойылған диагноз бен дер кезінде көрсетілген көмек адам өмірін сақтап, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Халқымызда «Денсаулық – басты байлық» деп бекерге айтылмаған. Егер денсаулық болмаса, жиған дүние, тапқан байлықта құн бар ма?!
Осы сұхбатты пайдаланып аудан тұрғындарына айтарым, жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алу, ерте анықтау және асқынуларын болдырмау – өз қолыңызда. Ол үшін артериялық қан қысымын тұрақты бақылап, дәрігердің ұсынысын орындау және диспансерлік бақылаудан уақытылы өту маңызды. Жерлестеріме зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, амандық тілеймін. Бар байлықтың ішінде денсаулыққа жетері жоқ. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, денсаулықты ерте жастан күтіп, мазалай қалса уақытылы дәрігерге қаралған абзал.
Сұхбаттасқан Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
















