» » » Әйел алмайтын асу жоқ

Әйел алмайтын асу жоқ

Қазір қоғамда қазақ әйелінің рөлі қандай болуы керек деген сауалды жиі талқылаймыз. Бүгінгі заман әйелді отбасы ошақ қасына байлап отырғызып қоятын уақыт емес. Осыған байланысты әйелдерді дамуға, жетілдіруге жетелейтін психологиялық курстар, коучтардың ақылы сабақтары, бизнес-тренингтер өте көп. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң болғаны – заманауи әйел болуды оқытатын, түрлі кеңестерден көз сүрінеді. Ал алдыңғы буынның айтары қандай? Олар нендей кеңес береді? Осы сұрақтар жөнінде Төретам кенті әйелдер кеңесінің төрайымы Ахметкүл Аралбаевамен әңгімелескен едік.

– Ахметкүл Сермағанбетқызы, әуелгі сұрақты өзіңізден бастасақ. Қай жақтың тумасысыз, қайда білім алдыңыз? Еңбек жолыңыз қалай басталды?
– 1946 жылы 25 желтоқсанда Қазалы қаласында, қазіргі Әйтеке би кентінде дүниеге келдім. 1965 жылы мектеп бітіріп, Қызылорда қаласындағы пединститутқа оқуға түстім. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын меңгердім. Оқуды тәмамдаған соң сол жылы Төретам қыстағындағы №11 мектепке жұмысқа тұрдым. 31 жыл ұстаз болып еңбек етіп, 1997 жылы зейнетке шықтым. Ал Әйелдер кеңесінің жұмысын 2015 жылы жүргізіп келемін.– Төретам кенті әйелдер кеңесінің төрайымысыз. Кеңестің қазіргі жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Жыл көлемінде түрлі тақырыпта іс-шараларды жүйелі жүргізіп келеміз. Қазір жазғы уақыт. Адамдардың да демалатын мезгілі. Сол себепті жұмыстар біршама уақытқа тұралап тұр. Аз уақыттан соң қайта кірісетін боламыз.

– Қалай ойлайсыз қазіргі қоғамда әйелдің рөлі қандай?
– «Дүниенің тұтқасы – еркекте, кілті – әйелде» демекші, қоғамда әйелдің орны ерекше. Балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаев «Әйел затын, жалпы нәзік деп атайды ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы, көн­бістің ең көнбісі әйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға бармын» деген екен. Расында, біздер мықтымыз ғой. Мұны еркектер қауымы да әлдеқашан мойындап қойған.
Әйел – ана, әйел – жар. Бір сөзбен айтқанда, әйел – отбасының ұйытқысы. Ер азамат үйдің егесі болса, әйел үйдің шегесі. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақи­қат. Отбасы шағын мемлекет болса, сол мемлекеттің шаруасын үйіріп әкететін – әйел.
Бүгінде мықты әйелдер көп. Олар жолында қандай қиын­дық кездессе де мойымай, өмірлік тәжірибе арқылы мықты әйелге айналуда. «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бар. Мұның астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижеге қол жеткізетінін аңғаруға болады. Себебі қоғамның түрлі саласында жетістікке жетуіне әйелдің де үлесі зор екені белгілі. Елімізде әр сала бойынша табысты, сымбатты, жетістікке жеткен әйелдер көп.
Қазірде әйелдердің құқығы тақырыбы жиі көтерілетін болды. Олар расымен-ақ тұрмыста зорлық-зомбылық көріп, құқықтары тапталып жатыр ма?
– Әйелдердің бәрі қорлық көріп отыр деп айта алмаймын. Ер адамнан деп айту да қате. Қателік екі жақтан бірдей болады. Қазіргі әйелдер қиындыққа шыдамайды. Сол себепті ажырасу көп. Жаңа заң шықты. Ер адамды тәртіпке салады деп айтуға болатын шығар...
– Кеңестің биылғы жоспарына аз-маз тоқтала кетсеңіз.
– Кеңестің жылдық жоспарына сай жас отбасылардың қатысуымен семинар өткіздік. Қазыналы қариялармен сұхбат құрдық. Келін мен ене арасындағы сыйластық туралы дөңгелек үстелдер өткізілді. 8-11 сынып оқушыларымен бірлесе «Қызды қырық үйден тию, бір үйден жию» тақырыпта жиналыстар ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралар жүргізіле беретін болады.
– Отбасыңыз туралы айта отырсаңыз...
1969 жылы тұрмысқа шықтым. Жолдасым Тұрғанбай жол бойында инструктор болып 45 жыл еңбек етті.Екеуміз 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірдік. Қазір 8 немерем, 1 шөберем бар. Үлкен ұлым Ерболат жүргізуші, Ерланым полиция қызметінен зейнетке шықты. Эльмира Байқоңырдағы музейде бас есепшісі. Зайнура күзетші болып еңбек етеді.
– Өміріңізде өзекті өртейтін өкініш сәттер болды ма?
Әрине, болды. Әйелдің өмірлік серігі, арқа сүйетіні – жары. Осыдан он жыл бұрын жолдасымнан айрылып қалдым. Жақын адамыңнан айрылу қандай қиын десеңізші?!
– Әйел бақыты дегенді қалай түсінесіз?
Халқымыз: «Қыз өссе – елдің көркі», «Елді қорғайтын ерлер – ерлерді тәрбиелейтін әйелдер», тағы бірде: «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді. Демек, әйел бақытының, әйел тәрбиесінің, әйелдің саналы ғұмырының – ұлт болашағына, тіпті әлем болашағының баянды болуына тигізер үлесі орасан зор. Бүгінгі әйел мәртебесі, кешегі аналарымыздың мәртебесінен өзгеше. Әйел отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның дамуына белсенді үлес қосып, Қазақстанның жарқын болашағын құруға барын салатын, жан-жақты әйел.
Бұрынғы заманда әйел бақыты не десек сол уақыттағы әйелдер отбасым, тұрмысым, мал-жаным деп жауап берер еді. Қазіргі заман әйелдерінде солармен қоса, қоғамдағы орнын белгілеп алу деген қажеттілік бар. Ол дұрыс. Оның үстіне бұл қажеттілік біздің қазаққа ауадай қажет. Неліктен? Өйткені біз аз халықпыз. Біздің қоғамды дамытуға тек ер адамдар ғана емес, әйелдерде білек сыбана кірісуі керек. Бәріміз жұмылып жұдырық болмасақ, оның орнын басып алуға дайын тұрған, іргеден сығалап жүргендер өте көп. Әйел адамның көкірегінде осы қоғамға қызмет етейін деген арманы бар ма, ол арманды өлтірмей, ұштау керек. Әйел адам мықты жаратылыс, ол отбасын да, қызметін де бірге алып жүре алады. Әйел қырық шырақты дейді ғой. Сол қырық шырақ түгел жанатын кезі болады. Сондай кезде ол қоғамға көп пайда келтіре алады. Сондықтан, қоғам нәзік жандыларды бағалап, оның қабілетін ілгері жетелеуге ниетті болса, әйел алмайтын асу жоқ.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ
16 шілде 2024 ж. 356 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 965

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930