» » » Мәдениеті озған елдің ертеңі еңселі

Мәдениеті озған елдің ертеңі еңселі

Мәдениет – ұлт айнасы, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан халықтың бейнесі, өткен тарихы, тағылым алар құндылығы. Мәдениетті дамыту арқылы біз келешегімізді бағдарлай аламыз. Ұлт мәдениеті жұтылса, ұлт жұтылады. Сондықтан мәйегіміз болған мәдениетті дамыту қажет қарекет. Жуырда Қуаңдария ауылына барған сапарымызда ауылдық клуб үйінің директоры Замира Қамбаровамен тілдесудің сәті түскен еді.
– Ауқымды іс-шараларды, концерттерді өткізу оңай емес. Қаншама еселі еңбек пен ұйымдастырушылық қабілет қажет екендігі шындық. Бір күніңізді жоспарсыз өткізбейтін талапшыл жан ретінде жақсы білеміз. Осы күні клуб үйінде қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?
– Биыл ақпан айынан бастап Сыр өңіріндегі барлық елді мекендегі клубтар мен мәдениет үйлері жанынан «Адал адам» мәдени тәрбие орталығы тұжырымдамасы аясында 7 бағыт бойынша жұмыс бастау алды. Қазір осы негізгі бағыттар бойынша түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мұның мақсаты балалардың қабілетін шыңдап, жас ұрпақты отаншылдыққа, адами құндылықтарға баулитын үйірмелер ашу. Осы арқылы олардың білімді, қабілетті азаматтар қалыптасып, патриоттардың үлгісі насихатталады.
– Ізгіліктің ұясы саналатын ұлт мәдениетінің ауылдағы деңгейін қаншалықты бағалайсыз?
– Күнделікті ауыл тұрғындарына қалтқысыз мәдени қызмет көрсетіп келеміз. Жұмыс жоспарымызда «Адал адам» мәдени тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Кино TIME», «Әлем BOOK», «ART уақыты», «Еріктілер тобы», «Сұхбат TIME», «Креативті НUВ», «Жанұя шуағы» секілді жеті бағытты қамтып, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Клубымызда кинопроектормен түрлі жанрдағы киноларды көрерменге ұсынып жатырмыз. Соңғы уақытта «Көшпенділер», «Махамбет», «Менің атым Қожа» секілді киноларды көрсеттік. Қазір технологияның дамыған заманы емес пе?! Телефонды аша қалсаңыз жаныңызға не керек, қай бағыттағы киноны қаласаңыз, бәрін табасыз. Тіпті бүкіл тарихи киноларды қарауға болады.
– Тәжірибесі толысқан басшы ретінде өзіңіз жетекшілік ететін руханият ошағының тарихына тоқталсаңыз.
– Алдыңғы ғимаратымыз 1967 жылы салынған көне клуб құлау қаупінде болғандықтан соңғы үлгідегі жаңа клуб ғимараты 2021 жылдың соңында пайдалануға берілді. Бүгінде клуб үйі қажетті құрал-жабдықтармен музыкалық аппаратура, кино проектормен қамтамасыз етілген. Жылы, жарық ғимарат адамға керемет көңіл-күй сыйлайды ғой. Қазіргі уақытқа дейін қаншама іс-шаралар, басқа облыстан келетін әртүрлі бағдарлама мен цирк, әншілер де ауылымызға келіп өнер көрсетуде.
– Бүгінде мәдениет үйінде қанша үйірме жұмыс жасап келеді? «Адал адам» мәдени орталығы тұжырымдамасы негізінде ауылдық мәдениет үйінде қандай іс-шаралар ұйымдастырылуда?
– Мәдениет үйінде 12,5 штат жұмыс орны, 15 қызметкер бар. Бес үйірме тұрақты түрде жұмыс жасайды. Ондағы үйірме мүшелері аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жаруда. «Адал адам» мәдени тәрбие орталығы тұжырымдамасы аясында жылдың аяғына дейін 143 іс-шара өткізуді жоспарлап қойғанбыз. Ауылымыз кішкентай, оқушылар саны аз болғанымен мәдени ісшараларды үзбей өткізудеміз.
– Қалай ойлайсыз, ауыл мәдениеті қайтсе дамиды?
– Біздің ауылда ұлттық мәдениетіміз өте жоғары деңгейде деп айта аламыз. Аудандық, облыстық іс-шаралар толастаған емес. Облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығынан келген әріптестеріміз Қызылдың қиясында жер шалғай орналасса да «мынадай керемет мәдениет ошағы бар» деп таң қалып кетеді. Сөзіңізді тірілте кетсем, жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған «Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз» атты облыстық клуб қызметкерлері арасында монолог оқудан байқауда төрелік жасаған облысымыздың бас режиссері Орынгүл Бұрқанова апайымыз жоғары баға беріп кетті.
– Өмірде сабақ алған, сынуға шақ қалған сәттеріңіз болды ма?
– Өмірден сабақ алған кезім болғанда, күнделікті өмірдің өзі сабақ қой бізге. Олай қатты бір сынатындай, өміріме налитындай жағдай болған емес. Аллаға шүкір, арқа сүйейтін, барлық кезде демеп, қолдап отыратын атпал азаматым бар, көңілге демеу мақтанатындай ұл-қыздарым бар. Қолымда барды бағалаймын.
– Бүгінгінің жастарына көңіліңіз тола ма?
– Бүгінгінің жастары өмір ағымына қарай технологияның қарыштап дамыған кезіне тура келіп тұр ғой. Барлық жастар білімді, саналы. Соңғы технологияны меңгеруге бет қойып келеді. Сөзіме дәлел балам Еркебұлан мобилографияны жан-жақты оқып, зерттеп меңгеріп жүр. Жақында шетел асып білімін шыңдап жұмыс істеп келді. Сонымен қатар бірнеше шәкірт тәрбиелеп, мобилографияға қызығушылығы бар жандарды оқытты. Техниканы түсінген жастар қор болмайды деп ойлаймын. – Қазірде дамыған заман дейміз. Сонымен ілесе жүріп өзіміздің де дамуымызға көңіл бөлгіміз келеді. Психология туралы да жиі сөз ететін болдық. Ал сіз ше? Өз жаныңызға қаншалықты үңіліп жүрсіз? – Психология деген ол үлкен ұғым. Адамның жан дүниесі, мінез-құлық пен оның қалыптасуы, ойлау, эмоция мен пейіл, адамдық тұлға, адамдар арасындағы қарымқатынас, күнделікті өзіңді тәрбиелеу. Басшы болғандықтан қарамағыңдағы қызметкерлердің өзінде түрлі қарымқатынаста боласың. Сен туралы не ойлап тұрғанын, нендей күйде тұрғанын іштей сезесің. Бірақ бұл бір күнде бола қоятын дүние емес. Барлығы уақыттың ағынымен, тәжірибемен толысатын дүние. Әркім өз жанына үңіліп, өзін зерттеген сайын айналаға да көзқарасын өзгерте бастайды. Сол себепті үнемі ізденісте, білімге көңіл бөлген жөн.
– Жұмыста басшысыз, үйде әйел-анасыз, әжесіз. Бұл рөлді қалай алып жүрмін деп ойлайсыз?
– Құдайға шүкір, ұл-қыздардан тараған немерелерім бар, қылықтары тәтті. Жұмыс бабымен барлығы ауылда тұрмағандықтан, көп көре бермеймін. Телефонда сөйлескенде «әже, біздің үйге қашан келесің?» дегенде кәдімгідей сағынып, елжіреп кетесің. Немерелер тәтті болады ғой. Туған күндері жақындағанда өздері қандай сыйлық қажеттігін айтып қояды. Содан тапсырған сыйлықтарын орындауға тырысамын. Немерелерімнің үлкендері мектептегі озат оқушылардың сапында. Қосымша күрес, шахмат үйірмелеріне қатысады. Түрлі сайысқа қатысып, топ жарып жарған уақытта тағы да сыйлықтармен қуантуға тырысамын. – Бала тәрбиесіне қатысты нендей кеңес айтасыз? – Бала тәрбиесіне келсек, отағасым екеуміз бірлесе еңбек еттік. Біріміз – спорт, біріміз – мәдениет саласында болғандықтан ұл-қыздарымызды жан-жақты етіп тәрбиелеуге тырыстық. Ауданда, облыста қандай ісшара өтеді, барлығына дерлік қатыстырып өмірге деген қызығушылығын арттырдық. Соның нәтижесінде қазір әрқайсысы бір-бір саланың маманы болып, өмірден өз орындарын тапты.
Ата-анамыз «ел үшін, халық үшін еңбек етіңдер. Көмек сұраған жанға шама-шарқыларың келгенше көмек қолын созыңдар. Қандай іс болса да шын көңілмен кірісіп, үйренуден жалықпаңдар. Ең бастысы – адамшылықтан айнымаңдар» деп өсірді. Біз де перзент тәрбиелеуде осыны негізге алдық. Отбасының орнықты, ұл-қыздың тәртіпті болуы берілген тәрбиеден. Әрбір әке ортасына сыйлы, ісімен үлгі болса, әрбір ананың баласына айтар ақылы болса, бұл шаңырақтың іргесі берік болмақ.
– Арнайы уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіремін. Өнердің дамуы – қоғам дамуының көрінісі. Ендеше, қоғамымыз өздеріңізбен бірге өсіп-өркендей берсін деген тілек айтамыз.
Әңгімелескен Ақнұр САҒЫНТАЙ
17 маусым 2024 ж. 532 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 029

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031