» » » «Кенеден кесел келмесін...»

«Кенеден кесел келмесін...»

qarmaqshy-tany.kz Көктем, жаз айларында күннің ысуына байланысты кене секілді зиянды жәндіктердің белсенділігі артады. Кенелер Конго-қырым геморрагиялық қызбасы, кене энцефалиті сынды аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдап, оны адамға таратушы болып табылады. Соңғы деректер бойынша облыста кене шағу фактілері көбейіп, адам шығыны тіркелуде. Осыған орай Конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруы, оның алдын алу шаралары және аудандағы эпидемиологиялық ахуал жайлы білмекке аудандық санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлнар Төлепбергеновамен сұқбаттасқан едік.
 – Гүлнар Мәлікқызы, жалпы Конгоқырым геморрагиялық қызбасы қандай ауру? Ол қалай таралады?
– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті жұқпалы ауру, ауыр уланумен, иксодты кенелердің шағуы арқылы берілетін табиғи-ошақты трансмиссивті, яғни жәндіктердің шағуы арқылы жұғатын ауру. Өлім-жітім деңгейі 10-40 пайызды құрайды. Латын тілінен аударғанда «геморрагия» қансырау деген мағынаны білдіреді. Аурудың қоздырғышы – арбовирус. Ол төмен температураға төзімді, бірақ қайнатқан кезде тез өледі. Инфекцияның негізгі көзі – иксодты кенелер, олар вирусты адамды шағу арқылы таратады және вирустың сақтаушылары мен аурудың тасымалдаушылары болып табылады. Ал, вирустың уақытша көзі – бұл ауыл шаруашылық жануарлары (ірі мүйізді мал, қой, ешкі), табиғатта – қояндар, кірпілер, құстар.

– Ал, адамдар бұл дертті қалай жұқтырады? Оны дер кезінде анықтаудың жолдары қандай?
– Адам ауруды зақымдалған кенелер шаққанда, малды қырыққанда және оларды кенелерден қолмен тазартқан кезде кенелердің ішіндегісінің дененің ашық бөліктеріне түсуі нәтижесінде, науқастарды күткенде және оларға медициналық көмек көрсеткенде жұқтырады. Зертханал ы қ жағдайда Конго-қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышымен жұмыс жасағанда тамшылы-респираторлық жолмен жұқтыруы мүмкін. Аурудың жасырын кезеңі 2 күннен 14 күнге дейін созылады. Аурудың басталуы жедел, кейде кенеттен болады. Конгоқырым геморрагиялық қызбасының негізгі белгілеріне теріге қан құйылу, қызыл иек, мұрын, құлақ, жатыр, асқазанішек қан кету жатады. Егер дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе науқастың өміріне қауіп төнеді, тіпті өлімге апаруы әбден мүмкін. Өзіңіз айтқандай мұндай дерек те бар. Сондықтан кене шаққанда міндетті түрде дәрігерге көріну қажет.

– Кенеден қалай қорғануға, бұл аурудан қалай сақтануға болады?
– Орынды сұрақ. Себебі, қазіргі уақытта Конго-қырым геморрагиялық қызбасына қарсы сенімді және тиімді вакцина жоқ. Тек әрбір адам өзін кене шағудан қорғау үшін келесі ережелерді сақтауы керек. Мәселен, кенелердің киім ішіне, терінің ашық жерлеріне ену мүмкіндігін азайтатындай киіну, жабысқан кенелерді анықтау үшін өзіне және бір-біріне, яғни жанындағы адамдарға жиі (әрбір 10-15 минут сайын) бақылау жүргізу, тікелей шөпке отырмау және жатпау, табиғат аясынан оралғаннан кейін киімді және денені толықтай қарап шығу керек. Сондай-ақ үй жануарларынан кенелерді жинаған кезде қолғап киюі шарт. Әрдайым кенелерді жасқандыратын арнайы дәрідәрмектерді пайдалану, егер денеден кенені байқаса, дереу емдеу мекемесіне жүгіну. Сонымен қатар, кенені алып тастағаннан кейін де 14 күн ішінде өз денсаулығын жіті бақылап, нашар сезінген жағдайда дәрігерге қаралуы қажет. Осындай қарапайым ережелерді орындай отырып, Конго-қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырудың алдын алуға болатынын есте ұстаған жөн.

– Аудандағы эпидемиологиялық ахуал қалай?
– Биыл ауданда жыл басынан бері кене шағу жағдайымен медициналық көмекке жүгінгендер саны – 18. Оның ішінде 14 жасқа дейінгілер балалар саны – 7. Өткен жылмен салыстырғанда тұрғындар арасында кене шағу саны 2 жағдайға артып отыр. Кене шаққандардың барлығы 14 күн медициналық бақылауға алынды. Былтыр Конго-қырым геморрагиялық қызбасымен ауданда 1 жағдай тіркеліп, науқас дер кезінде емін алып, жазылып шықты. Ал, биыл маусым айында 1 науқас тіркеліп отыр. Науқастың айтуынша үйінде мал жайғаумен айналысады. Осыдан жеті күн бұрын мал жайғап болып кіндік тұсына жабысқан кенені байқағанын айтты. Көрген мезетінде оны алуға үйіне кіргенде кененің түсіп қалғанын байқаған, бірақ қолмен жұлмаған. Дәрігерге қаралмаған. Үй ошағында жеке меншігінде ірі қара, уақ малдары бар. Науқаспен қарымқатынаста болғандар қосымша анықталып медициналық бақылауға алынды. Барлығы 13 адам 12-сі медициналық күнделікті бақылауда, 1 науқастың мұрны қанаған уақытта қанмен жанасуына байланысты аудандық аурухананың ЖАБ ем алуға жатқызылды. Қарым-қатынаста болғандардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Науқастың үй ошағындағы және көршілерінің мал басынан энтомолог мамандары және басқарма мамандарының қатысуымен зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қорасындағы 3 бас мал тексеріліп, 2 дана кене алынды. Көршілес 5 үйден жалпы саны 14 бас мал тексеріліп, олардың кенеленгені – 6, жиналған кене саны – 18. Барлық жиналған кенелер облыстық аса қауіпті инфекциялар зертханасына тексерілуге жіберілді. Үй ошағы бойынша үй жайы, үй сырты, ыдыс-аяқ қалдықсыз жиынтығы, аула әжетханасы барлығы 200 шаршы метрге «Дезэконом» және «ХлорАл» препаратымен қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Науқас барған 2 үй залалсыздандырылды. Науқастың мал қорасына 100 шаршы метрге дезинсекция жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсы, уақытылы емін толық алуда, дәрігерлердің бақылауында. Науқас тіркелген елді мекен бойынша тұрғындарға бұл ауру туралы ақпарат түсіндірілді.

– Бұл аурудың алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Біздің аудан Конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқандықтан жыл сайын аталған індеттен «қолайсыз» болып табылатын елді мекендерде жоспарлы түрде профилактикалық шаралар жүргізіліп отырады. Биыл Конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтарын анықтау мақсатында 26 елді мекен аумағына тоталды түрде зоопаразитологиялы зерттеулер жүргізіліп, оның ішінде 11 елді мекен «қолайсыз» болып анықталды. Аудан бойынша 1842 кене жиналып, оның 16-сынан Конгоқырым геморрагиялық қызбасының вирусының антигендері анықталып, «оң» нәтиже (зақымдану көрсеткіші 0,8 пайыз) көрсетті. Осыған орай, жыл сайынғы кезекті эпид маусым алдындағы кенеге қарсы залалсыздандыру жолдары аудан өкіміне байланысты 6 – 26 мамыр күндері жасалынды. Ол Шымкент қаласының «SATTI TULIK» ЖШС мердігер компаниясының ауданда кенеге қарсы «қолайсыз» болып анықталған 11 елді мекеннің ауылдарында І-ІІ кезеңдік залалсыздандыру жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар ауданымызда елді мекен малдарынан, пададан және табиғаттан жиналған кенелерде ауру қоздырғышының бар жоғын анықтауда «оң» нәтиже анықталған ай мақтардан қайталама нүктелік залалсыздандыру жүргізілуде. Басқарма тарапынан аурудың алдын алу және болдырмау мақсатында санитариялық ағарту жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Басқарма мамандары аудан және елді мекен тұрғындарына түсіндірмелер арқылы санбюллетень шығарып, үнпарақшалар таратуда. Кене шағу кезеңінде және ауру тіркелген жағдайда атқарылатын іс-шаралар туралы медициналық қызметкерлер арасында семинар, жаттығу сабақтары және аттестациялау тұрақты түрде ұйымдастырылады. Аудандық бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар жолданып, басқарманың әлеуметтік желісіне материалдар жариялануда.

– Осы орайда тұрғындар нені ескерген жөн?
– Кенеге қарсы өңдеу жұмыстары сапалы жүргізілуі үшін өңдеу жұмыстарының алдында барлық мал қора, аулалар механикалық тазалау жұмыстарынан өтуі керек. Тазаланбаған мал қораларда қанша өңдеу жасағанмен, көңнің арасына ұялап қалған кенелерден сауықтыру мүмкін болмайды. Удың әсері сейілген кезде кенелер қайтадан өріп шығып, жылы қанды ағзаларға шабуылын бастайды. Жұмыртқа салған аналық кене 800-ден 10 мыңға дейін жұмыртқа тастайды және аналық кене вируспен зақымданған болса, ол өз ұрпағына 100 пайыз вирусты овариалдық жолмен (жұмыртқа арқылы) береді. Яғни жаңа өсіп-жетілген жас кенелер түгелдей вируспен зақымданған болып, сол жерде жаңадан табиғи ошақ пайда болады. Аналық кенелер көбіне қи-қоқыстардың астына жылы, термостаттық жағдайда ұрпағы өсіп-жетілетін жерлерге жұмыртқалайды. Аурудың жиі тіркелуінің бірден-бір себебі де осы – кенелердің елді мекен аумағындағы мал қораларда жұмыртқалауы болып табылады. Сол себепті жергілікті атқарушы органдар мен мал егелері тарапынан елді мекендерді індеттен сауықтыруда санитариялық тазалық жұмыстарын жүргізуде жауапкершілікті арттыруымыз қажет. Көптеген мал тоғыту ванналары салынғанымен, іс жүзінде жұмыс жасап тұрған жоқ. Мақсатты түрде жүргізілген кенеге қарсы өңдеу шараларының сапалы жүргізілуі адамдар арасында аурушаңдықты болдырмауға және өлім жағдайларының алдын алуға тікелей әсер етеді. Қарапайым ғана кене болса да, одан келер қауіп мол. Сақтансаң, сақтаймын дегендей, табиғат аясында қауіпсіздік ережелерін сақтап, кенеден қорғанып жүрген жөн. Кенеден кесел келмесін деп тілейік.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
15 шілде 2023 ж. 548 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 208

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 149

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 318

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930