» » » Тұрғындар қауіпсіздігі бәрінен жоғары

Тұрғындар қауіпсіздігі бәрінен жоғары

ЖАЛПЫ ЕЛІМІЗДЕ ОҚЫСТАН КЕЛЕТІН АПАТТАР МЕН ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР АЗ ЕМЕС. СОНЫҢ ІШІНДЕ АДАМ ҚОЛЫМЕН ЖАСАЛАТЫН ТЕРРОРЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕР МЕН ТАБИҒИ ТОСЫН ЖАЙЛАР ЖИІ ОРЫН АЛУДА. БҰЛ ЖӨНІНДЕ АҚПАРАТТЫҚ БАЙЛАНЫС ҚҰРАЛДАРЫНАН ЖИІ ЕСТІП, КӨРІП ЖҮРМІЗ. ДЕГЕНМЕН ОСЫНЫҢ АЛДЫН АЛЫП, ОНЫМЕН АЙНАЛЫСУДА ОБЛЫС, АУДАНДАРДА БӨЛІМДЕР АШЫЛУДА. СОНЫҢ БІРІ – АУДАН ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ТЕРРОРИЗМ ПРОФИЛАКТИКАСЫ, ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ, АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖҰМЫСТАРЫ БӨЛІМІ. АТАУЛЫ САЛА ЖӨНІНДЕ ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ ҮШІН АУДАНДАҒЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫ ДӘУІРЖАН БИСЕМБАЕВПЕН СҰҚБАТТАСҚАН ЕДІК.
– Дәуіржан Шыназбекұлы, сіз басқарып отырған бөлімнің құрылғанына көп болмаса да аудан көлемінде аз жұмыстар атқарған жоқ. Әңгімеңізді осы бөлімнің жұмысы жайында бастасаңыз?
– Аудан әкімі аппаратының терроризм профилактикасы, жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғаныс жұмыстары бөлімі облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2016 жылы ашылды. Бөлім барлық ауданда құрылған. Атаулы бөлім ауданда терроризмге қарсы жұмыстарды, төтенше жағдайлардың алдын алу, азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын, жұмылдыру дайындығын ұйымдастырып, аумақтық қорғаныс мәселелерін аудан бойынша үйлестіреді. Сонымен қатар олардың орындалуын және дұрыс жүруін қамтамасыз етеді. Мәселен, терроризм бойынша аудан әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссия жұмыс істейді. Оны ұйымдастырушы, жұмысшы органы мына біздер. Дәл сондай төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнінде де комиссия бар. Оның да жұмысын аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп үйлестіреміз. Күн тәртібіне мәселелер енгізіп мекеме басшыларына, кент, ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, оның орындалуын қадағалаймыз.
– Қазір жер-жерде лаңкестік көріністегі жағдайлар жиі орын алуда. Бұл жағынан қаншалықты дайынсыздар? Терроризмнің алдын алу және азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жөнінде толықтырып өтсеңіз?
– Ауданда терроризмге қарсы жедел штаб жұмыс істейді. Оның жетекшісі – ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің аудандағы бөлімінің бастығы. Жедел штабтың құрамында 18 топ болса, соның ішінде жергілікті атқарушы органнан 2 топта қарастырылғанбыз. Біріншісі – материалдық техникалық және тылдық қамтамасыз ету тобы. Яғни жедел штабтың жұмысына көмектесу, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, террорлық акті орын алған кезде оған қатыстырылған барлық күштік құрылымдардың тамақтануы, жатын орны, оларды тасымалдау, эвакуациялау, тағы басқасы осы топқа жүктелген. Екінші – бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл тобы. Оған аудандық ішкі саясат бөлімі жауапты. Одан бөлек күн тәртібіндегі жоспарға сәйкес тиісті мекемелермен жұмыс істеп, терроризм, діни экстремизмнің алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар өткізіп отырамыз. Енді көктемгі және күзгі мерзімді әскерге шақыру жұмыстарына келетін болсақ, оны да ұйымдастыру бізге жүктелген. Мұнда да аудандағы қорғаныс істер жөніндегі бөлімімен бірлесіп жұмыс істейміз. Яғни азаматтардың шақыру пунктіне келуін, медициналық комиссиядан өтуін, олардың облысқа жеткізілуін, жалпы жоғары жақтан берілген тапсырыстың аудан көлемінде орындалуын қамтамасыз етеміз.
– Төтенше жағдай бойынша жұмыстарыңызға ойыссақ. Жалпы біздің аудан Сырдария өзеніне жақын орналасқан. Қыс келіп мұз жүрді дегенше су тасу қаупі елді алаңға салады. Біз бұл жағынан қаншалықты қауіпті аймақтың қатарындамыз?
– Орынды сұрақ. Төтенше жағдай бойынша аудан су тасқынына икемделген аймақпыз. Өйткені сіз айтқандай аудан дәл дарияның сағасында орналасқан. Соның ішінде бес елді мекен қауіпті аймақ болып есептелінеді. Олар Жосалы кенті, Иіркөл, Жаңажол, Қармақшы ауылы және Қызылтам елді мекені. Қауіпті аймақты қорғауға 69,7 шақырым қорғаныс бөгеттері салынған. Жыл сайын тиісті мекемелермен бірлесіп, бөгеттердің жағдайын тексеріп отырамыз. Ақау немесе қосымша қорғаныс бөгет қажет ететін жерлер болған жағдайда тиісті актісін жасап, облыстық бюджеттен қорғаныс бөгетін салуға немесе оны жөндеуге жұмыстар ұйымдастырамыз. Жаз айында облыстан келген мамандармен қорғаныс бөгеттерін аралап тексердік. Мәселен, ауылдардың ішінде су тасқыны бойынша қауіптісі Дүр Оңғар ауылы. Өйткені ауыл Сырдария өзенінен төмен орналасқан. Бөгеттерді су жырған жағдайда су басу қауіптілігі жоғары. Аудан әкімдігінің ұсынысымен былтыр Дүр Оңғар ауылының тұсындағы Игенбай қашы деп аталатын жердің қорғаныс бөгеті облыстық бюджет арқылы нығайтылды. Биыл да сол ауылдың тағы бір бөгетін нығайтуға ұсыныс бердік. Егер облыстық бюджеттен қолдау тапса жұмыстар атқарылатын болады. Одан бөлек қауіпті аймақ болып есептелетін елді мекеннің барлығын әкімдер арқылы инерттік материалдармен жабдықтатып қойдық. Инерттік материал деп отырғанымыз – қада, қамыс, сабан, пресс, сым және қап. Жылда оқу-жаттығу аясында солардың бар-жоғы, дайындығы тексеріліп отырылады. Республикалық оқу-жаттығу жылына бір рет өткізіледі. Қарашада қысқа дайындық барысы мен көктемгі су тасуға байланысты техникалық құралдардың әзірлігі пысықталады.
– Уақыт бөліп сұқбаттасқаныңызға рақмет.
Әңгімелескен Ерсін СӘДУҰЛЫ
28 қыркүйек 2022 ж. 632 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 511

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 583

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031