» » » «Тарихты көзбен көру өзгеше әсерлі дүние»

«Тарихты көзбен көру өзгеше әсерлі дүние»

Бүгінгіні бағалау мұрат болса, ертеңгі күнің – жарқын болашағың, ал кешегің – тарих. Әсілінде өткенді ұмытпау – парызың. Өткеннен жеткен асыл құндылықтар қайда сақталады? Әрине музейде. Жүздеген жәдігер мен тарих сырын сақтаған мұражайдан сан ғасырдан бері сақталып келе жатқан баға жетпес дүниелерді табасыз. Соның бірі – біздің өңірде орналасқан. Бүгінгі сұқбатымыз өлкенің рухани және материалдық құндылықтары жайлы Қызылорда облысының тарихи-өлкетану музейі КМҚК-ның аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының меңгерушісі Тимур Леденёвпен өрбімек.
Қайсыбір жылдары ауданымызда өлкетану музейінің болмауы кәдімгідей руханиятымызға әсер етіп тұратын еді. Қазір шүкір, сол ойықтың орны толып, сырттан келген қонаққа да, өзіміздің жерлестеріміз бен жас ұрпаққа да шежіре-дастанымызды марқая көрсете алатын дәрежеге жетіп отырмыз. Сөзіңізді өзіңіз басшылық етіп отырған шежіре мекеннің тарихынан бастасаңыз?
– Музей ауданның өткен тарихынан қалған мұраны сақтап, ел өмірін паш етуде кеше мен бүгін арасындағы байланыстың айқын бедерін танытатын киелі қарашаңырақ саналады. Іргетасы 2015 жылы қаланған музейдің алғашқы экспозициясы келер жылдың желтоқсанында жүргізілді. Сол жасалған экспозиция негізінде музейде екі зал жасақталды. Үлкен зал – «Өлке тарихы», кіші зал – «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталды. Екеуінде де өлкенің тарихы хронологиялық шеңбері бойынша ауданның құрылған уақытынан бастап қазіргі кезеңіне дейін қамтылып, тарихы рет-ретімен баяндалады. Мекеме 2015 жылы аудандық тарихи-өлкетану музейі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып құрылған. Бүгінде ұжымда 20 қызметкер жұмыс істеуде. Ашылған күнінен бастап музейдің ғылыми қызметкерлері жергілікті тұрғындардың қолында сақталған құнды этнографиялық экспонаттарды, салт-дәстүрге байланысты фольклорлық жәдігерлерді жинақтау жұмыстарын жүргізіп келеді. Тарихи құнды жәдігерлерді сатып алу үшін оларды суретке түсіріп тізімін жасақтап, аудандық архивтен тарихи маңызы бар материалдар жинақтайды. Кент орталығындағы тұрғындармен қатар ауылдық округтерге де жол тартып, ауыл тұрғындарынан жәдігерлер жинап, музей қорына тапсырып отыруды да назарда ұстаймыз. Музей ашылған 7 жыл ішінде қорымыз 5432 дана экспонатты құрады. Оның 4208-і негізгі қор, ал 1224-і көмекші қорға біріктірілді. Сонымен қатар экскурсия жүргізу, экспонат жинақтаумен қатар музейдің негізгі жұмыстарының бірі көрме, тақырыптық дәріс, ғылыми-практикалық конференция, музейлік басылымдар шығару, мерекелік іс-шаралар өткізу де жұмысымыздың бір парасы. Бізде қор, ғылыми жұмыс, жалпы курс және әдістемелік бөлімдері жұмыс істейді. Олардың әрқайсысының өз жоспары, бағыты бар. Былтырдан бастап ішкі туризмді жүйелі түрде дамытып, көпшілікке жергілікті тарихи-мәдени нысандарды таныстыруда «Ескерткіш – тарих куәсі», ауданға танымал тұлғалардың өмір жолы мен қызметін өскелең ұрпаққа мұра етуде «Игі жолды таңдаған», «Бұл үйде кім тұрған?» және «Жас өлкетанушы» музейлік жобалары белсенді жүзеге асуда. Тағы бір ауыз толтырып айтарлық жаңалығымыз – осы жылдың сәуірінен бастап С.Есқараев атындағы No27 орта мектеп оқушыларынан жасақталған «Жас өлкетанушы» үйірмесі музей жанынан құрылып, өз жұмысын бастады.
– Қандай бағытта жұмыс істеп жатсыздар?
– Музей – заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижесін насихаттау мен тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Бағытына келетін болсақ, бірнешеге бағытқа бөлінеді. Атап айтқанда тарихи, көркемөнер, жаратылыстану, техникалық, мемориалды және кешенді музейлер болып келеді. Сондай-ақ музей мұраларын жинау, есепке алу, сақтау, жүйелеу, жәдігерлерді қайта қалпына келтіру, консервациялау, зерттеу – бұл да басты жұмысымыздың бірі. Өзінің бағыт-бағдарын қалыптастырған осынау құнды мәдени орталығымыз үшін 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні ерекше саналады. Осы күні «Музей түні» іс- шарасы ұйымдастырылып, азаннан түнгі сағат 12.00-ге дейін "Ашық есік" акциясы өткізіледі. Яғни қызметкерлеріміз келушілерге тегін қызмет көрсетеді. «Музей түні» тек мұнымен тоқтап қалмай түрлі ойын ойнатылып, концерттік бағдарлама мен көрмелер көрініс табады. Айтулы мереке жыл сайын тойланады. Әсіресе биыл ұйымдастырылған «Музей түні» ерекше форматта өтті. «Музей – мәдени құндылықтар мекені» деген атпен өткізілген мерекелік шара барысында музей жанынан Көркемсурет галереясы ашылды.
– Қармақшы – тарихқа бай өлке екенімен қастерленеді. Осы ретте музейдегі құнды жәдігерлердің бірқатарын атап өтсеңіз?
– Музейде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлесіміз Мырзахмет Досқалбаевтың каскасы сақталған. 2014 жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында өлкемізден майданға аттанған сарбаздың жерленген жері табылған болатын. Оның туыстары сол жерде болып, жергілікті іздеушілер тапқан жауынгердің жеке заттарын әкеліп тапсырды. Енді бұл каска – музейдің мақтанышы және қармақшылық жауынгерлердің ерлік символы іспеттес. Сонымен қатар экспозицияға туған жердің тумалары Камал Ормантаев, Құланбай Көпішев, Мәди Қайыңбаев, Мағираш Сарикова сияқты белгілі ғалым, жазушылардың суреттері қойылған. Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың, Социалистік Еңбек Ерлері Сәлима Жұмабекова, Қасымтай Ізтілеуов, Цай Ден Хак, Пак Чен Ир және Әділбек Хайруллаев сынды ерлеріміздің де суреттері экспозиция төрінен орын алған. Музейде Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Баланды қалалары туралы, ортағасырлық ескерткіштер – Сырлытам, Марал ишан, Қалқай ишан кесенелері, Еламан мұнарасы, Қорқыт ата атындағы мемориалды кешені туралы мәліметтер бар. Сырдариядан 50 шақырым жерде, Байқоңыр қаласы мен Жосалы кентінің арасында Жетіасар деп аталатын қалашықтар тобының қирандылары сақталған. Музейде тарихи құжаттар, археология және этнография заттары, нумизматика, мүсін, сәндік және қолданбалы өнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер, фотосуреттер, сирек кездесетін кітаптар коллекциясы да бар. Өлкентану музейі болғасын жергілікті жердің табиғаты мен онда мекен ететін жан-жануарлардың да маңызы жоғары. Бұл тұрғыда «Жануарлар әлемі» экспозициясының орны айрықша. Мұнда қасқыр, түлкі, борсық, қоян тұлыптары орналастырылған. Тағы бір тарихи экспонат – 1900 жылдардың басында Жосалы теміржолшылары қолданған шойын шам. Оның жанында сол уақыттағы жұмыс құралдары, үтіктер, ыдыс-аяқтар бар. Музейдегі тағы екі құнды экспонат – бұл «Зенит» камерасы және «Ятрань» баспа машинасы – нағыз сирек кездесетін заттар. «Зенит» фотоаппараты – Красногорск механикалық зауытында шығарылған алғашқы Кеңестік шағын форматы, бір линзалы айналы фотоаппарат. Ал «Ятрань» – электромеханикалық жазу машинасы, сол кезеңнің бренді деуге болады.
– Тарихқа көз жүгіртсек ауданымызда әуежайдың болғаны белгілі.
– Сөзіңіздің жаны бар. Әуежай тарихы туралы тың деректерді музейден табуға болады. Оның орны Жосалы кентінің солтүстік шетінде орналасқан, Орта Азиядағы ең көне әуежайлардың бірі деп есептелінеді. 1920-жылдары Қызылорда әуежайына қарағанда әлде- қайда ертерек құрылған. Қазіргі Жезқазған және Қарсақпай қалалары маңындағы мыс кен орындарын игеру жұмысы 1930-жылдардың басында дамыды. 1936 жылы мұнда «Жосалы – Қарсақпай» тұрақты әуежелісі жұмыс істеді. 1949 жылы «Мәскеу – Ташкент» рейсі «Люберцы» Мәскеу әуежайынан күніне үш рет Ақтөбе, Жосалы әуежайларында аралық қонумен орындалып отырған. Бұдан басқа Жосалы арқылы Мәскеуден Фрунзе, Ленинабад, Сталинабад, сондай-ақ «Ленинград – Ташкент», «Симферополь – Ташкент», «Свердловск – Ташкент» бағыттарына рейстер өткен. Осынау тарихы бар Жосалы әуежайы туралы құнды мәліметтер музейдің алтын қорында сақтаулы.
– Тағы басқа да музей қонақтарын селт еткізетін мұралар бар ма?
– «Өлке тарихы» залында белгілі шайыр, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің жеке заттары, шығармалары қойылған. 1983 жылы Тұрмағамбеттің 100 жылдығына арналған салтанатты жиналыстың фотосуреттері қамтылған альбомды көруге болады. Оны 2017 жылы Қармақшы ауданының құрметті азаматы Тұрсынбек Бекпанов ағамыз музейге сыйға тапсырғанды. Одан бөлек музейде 1896 жылы жасалып бүгінге дейін сақталып келген, бірде-бір шеге қағылмаған, яғни шегесіз жасалған кебежені де тамашалауға болады. Көне әлемнің керемет мекеніне ене берсеңіз тарлан тарихтың небір таңғажайып болмысына куә бола береріңіз анық.
– Енді археологиялық, этнографиялық байлықтарымызды сөйлетсеңіз?
– Археологиялық топтамаға аудан аумағында орналасқан ежелгі Шірік-Рабат, Бәбіш мола, ортағасырлық Сортөбе қалашығынан табылған 1712 экспонат кіреді. Бәбіш моладан табылған үлкен көлемді қыш ыдыстар – хұмдардың бірнеше түрі бар қорымызда. Сортөбеден табылған керамикалық ыдыстардың көптеген түрі және кездеседі. Сонымен бірге қорымызда 290 дана этнографиялық экспонат коллекциясы – қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысы мен дүниетанымдық көзқарастарынан, бай рухани және материалдық мәдениетінен сыр шертеді. Онда қолданбалы өнер бұйымдары, қазақ халқының киім-кешектері мен кілем тоқу өнері, ұстаның көрігі, ат әбзелдері, ұлтымыздың зергерлік бұйымдары музей қонақтарын өзіне баурайтын ерекше бұйымдар. Музей қызметкерлері аудан аумағында орналасқан ежелгі және ортағасырлық көне ескерткіштерге жүргізілетін археологиялық кешенді қазба жұмыстарына әркез қатысып келеді. Мысалы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының археологтарымен және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми-зерттеу орталығының археологтарымен бірлесе отырып аудан аумағында орналасқан қазба жұмыстарына қатысып, табылған көне жәдігерлерді мұра есебінде сақтау және көпшілікке насихаттау мақсатында музей қорына қабылдап, жәдігерлер қатарын толықтырып тұруда еселі еңбек етуде.
– Өткен тарихыңды білмей, болашағыңды болжау қиын. Қазақ елі, оның ішінде Сырдың бойы өзінің бай тарихымен, мол мұрасымен көзге түссе, сол тарихты танып-білу біз бен сіздің, келер ұрпақтың міндеті.
– Пікіріңіз өте орынды. Десе де сол тарихты оқып, білумен қатар көзбен көру өзгеше әсерлі дүние. Біз өткенге құрметпен қарап, тарихи құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Себебі бұл ұлтымыздың өткені мен бүгінін, болашаққа игі мұраттарын сабақтастыратын баға жетпес құндылығымыз. Ұрпақ рухани байлық пен ұлттық жәдігерлерді танып-білу арқылы өзіне сабақ алады, өмірлік бағыт-бағдар ұстанады, елінің жарқын игіліктерін таниды. Ал осындай ұлы қазыналарды жинап, ұқсатып, тарихқа тіл бітіріп, елдік мүддеге айналдыруды жүзеге асыратын музей қызметкерлері қай кезде де өзіне жүктелген міндетін абыроймен атқара береді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
17 қыркүйек 2022 ж. 692 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 511

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 583

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031