» » » Ақтолқын Нұрмағамбетова: «Татулық пен келісім – басты байлық ел үшін»

Ақтолқын Нұрмағамбетова: «Татулық пен келісім – басты байлық ел үшін»


Ақтолқын НҰРМАҒАМБЕТОВА,
«Қоғамдық келісім» КММ аудан бойынша
этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшы маман:
 
Қазақстан Республикасындағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақ­тылықтың кепілі болып қала бермек. Күллі қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттік принципі мен этносаралық татулық мәселелері негізін қалыптастыру және оны дамыта білу өте маңызды. Иә, әлемді таңдантқан «қазақстандық бейбітшілік пен келісім формуласының» қарапайым кілті де осында. Ол – бүкіл халықты ел игілігі жолында ортақ мүдде мен мақсатқа біріктіру, тәуелсіз де бейбіт өмір сүру. Осы орайда «Қоғамдық келісім» КММ аудан бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшы маманы Ақтолқын Нұрмағамбетовамен әңгімелескен едік.

– Ақтолқын Алтынбайқызы, біз­дің өңірде осы бағыт бойынша жасалатын жұмыстар туралы бөліссеңіз. Көпұлтты деген сөз ойға оралса, әрине, алдымен ІІІ Интернационал ауылы еске түседі. Жалпы қоғамдық келісім өз міндетін қаншалықты атқарып жүр?

– Төбемізде бір шаңырақ, соны ме­кен еткен елміз. Ал шаңырағы мен табалдырығын қадірлейтін ел «табалдырықтан биік тау жоқ» деп бекер айтпаса керек. Қазір сол табал­дырықтан кіріп, елдің арасына сіңісіп кеткен өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ұлттық салт-дәстүрімізге дейін біледі. Тарихымыз тұтасып, тіршілігіміз бірге өтіп жатыр. Ауданда 1000-нан аса этнос өкілдері тұрады. Олардың басым көпшілігі ІІІ Интернационал ауылында шоғырланған. Олар нағыз еңбектің адамы. Маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген олар диқаншылықпен, мал шаруашылығымен, наубайхана ісімен айналысып отыр. Тынбай тіршілік істеп, өз несібелерін теріп жеп отырған қарапайым жандар. Аудан аумағында қызмет ете жүріп, бұдан бұрын да талай шараның басы-қасында болдық. Менің түйгенім, ел болып бірігуден артық бақыт жоқ екен. Әйтпегенде, аузымыздағыдан қағыламыз. Төртеу түгел болайық, сонда ғана төбедегіге қолымыз жетеді.

– Ассамблея қызметін қам­тамасыз ету жөніндегі мін­дет­терді жүзеге асыру үшін құрылды. Біздің өңірде осы бағыт бойынша жасалатын жұмыстар туралы бөліссеңіз.

– Бүкіл қазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қа­зақстан халқы ассамблеясы маңызды рөл атқарады. ҚХА басты міндеті – мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы қо­ғамдық-саяси тұрақтылықты қам­та­масыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру. Біз осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Аудан аумағындағы тазалық жұмыстарынан бастап, мемлекеттік сая­сатты қолдауға дейінгі аралықтағы барлық іске қатыстық. Былтырдың өзінде «BIRGEMIZ»: «TAZA QAZAQSTAN» жалпыұлттық акциясы, «Мен – елімнің патриотымын», «PIZZA PARTY», «Ұлт­тық ойын – халық мұрасы», «Бола­шағымыздың тұтқасы – жастар», «Қарты бар елдің – қазынасы бар», «Ұлт достығы – татулықтың тал бесігі» атты шаралар өтті. Оның сыртында қарт­тармен кездесу, жастармен жүздесу, дін өкілдерімен халықты толғандырған тақырыптар бойынша сұхбат тәрізді мәселелерді де айналып өткен жоқпыз. Аудандағы барлық ұйымдар, бөлімдер мен мекемелер, аудандық газеттің редакциясы қай істе де бірге бас көтеріп, әрбір шараның тағылымды, алар тәлімі бар дүние болуына еңбек етудеміз. Тіпті шаралар біткенде соңынан арнайы келіп, алғысын айтатын, болмаса өзін толғандырып жүрген кей мәселелерімен бөлісетін жандар да жеткілікті.

– Қоғамда қызу талқыға түсіп, жиі көтерілетін мәселелердің бірі – тіл мәселесі. Аудандағы этностардың мемлекеттік тілді меңгерудегі жетістіктері қандай?

– Еліміздің қазіргі даму белесіндегі этникааралық татулық пен этносаралық қарым-қатынастардың негізгі діңгегі ретінде Елбасымыз қазақстандық табыстың үш кілтін көрсеткен болатын. Бірінші, 140 этностың басын құрайтын барлық қазақстандықтардың бірлігі – бұл ғаламат құндылық. Екінші, біздің барлығымызға және әрқайсысымызға тән тағаттылық. Біздің әралуандығы­мыз біздерді бөлмейді, қайта бірік­тіруші факторға айналуы керек. Үшінші, бұл тарихи тағдырымыздың ортақтығы. Қандай жағдай болмасын, нендей тірлік басталмасын, қандай да бір іс шара ұйымдастырылсын олардың мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше. «Қазақшаға судай» дегенді сырттан келген кісілер көп айтады. Әрине, тұрмыста да қазақ тілін қолданып, тіпті қазақтың салт-дәстүріне сіңісіп кеткендері бар. Және ұйымдастырылған жұмыстардың барлығы тек мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуi керек деп білеміз.

– Былтыр, биыл айтулы тұлғаларымыздың меретойлары аталып өтуде. Сіздерден үлес қандай?

– Елбасының Қазақстандық біре­гейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы, мәдени, этностық, тілдік және діни әралуандылыққа негізделген жалпыұлттық құндылықтар – Ассамблеяның барлық бағыттағы жұмыстарының бастауында тұрды. Әлемдегі қазіргі ахуал татулықты ту еткен Қазақстанның өз даму жолын сенімді таңдағанын айқын дәлелдеп берді. Бүгінгі таңда әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясы дамыған елдердің өзін есеңгіретіп, дағдарысқа ұшыратты, экономикасы ілгері мемлекеттер түрлі қиындықты бастан кешіруде. Алыс-жақын шет елдерде қоғамдық қарым-қатынастардың келеңсіз тұстары ашылып, наразылықтар бой көрсете бастады. Әлеуметтік, нәсілдік және этностық теңсіздік соңы бір-ақ сәтте алауыздық отының тұтануына себеп боларына көз жеткіздік. Тыныштық арқылы – тұрақтылыққа, татулық арқылы – тұтастыққа қол жеткізуді мақсат еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу идеясының маңызы тағы да арта түсті. Өйткені татулық пен келісім – бас­ты байлық ел үшін. Ұлттық біртұтастық принципіне сүйенген Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақытқа дейін елді біртұтастыққа шақырудан жаңылған емес, әрі қарай да осы бағытта өз міндетін лайықты жалғастыра береді. Ұйымдастырылған әрбір іс-шараға түгел қатысып, белсенділігімізді көр­сетуден тайған емеспіз.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық сананы жаңғырту, ортақ құндылықтардың, мақсаттар мен міндеттердің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған біраз ілкімді жобаларды іске асырып келеді. Бұған барлық қазақстандық этностар тартылуда. Осы жобалар ауданда қаншалықты дәрежеде іске асып, жалғасын тауып жатыр?

– Әрбір қазақстандықтың өзін, ең алдымен, қазақстандық екенін, со­дан кейін өз ұлтының перзенті екенін сезінгенде ғана этносаралық қарым-қатынастың жоғары мәдениеті қалыптасады. Сонда ғана ұлттық келісім мен шынайы саяси және қо­ғамдық тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. Ол жаңа қазақстандық патрио­тизмге негізделуі қажет. Этнос­тық топтар арасындағы келісім – барша азаматтардың нәсіліне, ұлтына, діни сеніміне қарамастан қашанда бір-біріне қол ұшын созуға деген психологиялық тұрғыдан дайындығы, достық қарым-қатынасын бейнелейді. Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі – қоғамдық келісім, этносаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейі екені даусыз. Әрине, ұлттық келісімге келгенде, әрбір адамның азаматтық құқы сақталуы шарт екендігі түсінікті. Сонымен қатар елдегі саяси тұрақтылықтың кепілі ретінде этносаралық келісіммен бірге халықтың әл-ауқатының жақ­саруы да өз септігін тигізетіні сөзсіз. Кейде ауқымды шараларды өткізгің келген қарбаласта сол жүйріктік екі есеге артып кететіндей көрінеді. Алда біз ұлттық құндылықтар, отбасы институты тәрізді дүниелерге көп мән бергіміз келіп отыр. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтыл­ғандай, біз өз болмысымызды қай­таруымыз керек. Отбасылық қадір-қасиетті ұғынып өсетін ұландарды тәрбиелегеніміз ләзім. Одан бөлек, қолөнер дегенде күмілжіп қалатынымыз бар. Қолынан іс келетін ісмер әжелеріміз де қартайды. Ал олардың соңынан сол өнерді алып қалған жастар бар ма? Бұл біздің өңірдегі қазақтың ғана емес, барлық ұлттың мәселесі. Сондықтан шеберлердің үйіне барып, жастар оқитын ерекше дүниелердің тізімін алғымыз келіп отыр. Киіз үй тігетін жанды да қазір шаммен іздейсіз. Заманауи етіп жасауға болады ғой. Біз өз бағытымызға икемдеп, осындай шараларды ойға алып отырмыз. Біздің өңірде басқа аймақтардағыдай тіл мәселесі жоқ. Асылы Осман апайымыз «Мен Қазақстанда тұрып, өз ана тілімді білмесем, ештеңе емес. Қазақ тілін, осы елдің мемлекеттік тілін білмесем – күнә» деп айтқан екен. Біздің көпұлтты елімізде осындай берекелі тірлік жалғасын таба берсе деп тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айнұр ӘЛИ
01 наурыз 2022 ж. 840 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031