» » » Жақсыбек қажы Әбиұлы: "Рамазан – рақым айы"

Жақсыбек қажы Әбиұлы: "Рамазан – рақым айы"

Исламдағы бес парыздың бірі – ораза. Қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Бұл айдың ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Сонымен қатар Рамазан Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Биыл Рамазан айы 13 сәуірден басталады. Бұл күнді асыға күткен әркім Жаратушысының алдында бүкіл ықылас-ниетімен ғана емес, іс-әрекетімен біртұтас Алла разылығын алуға ұмтылған амалымен құдіретке шынайы түрде жақындауға мүмкіндік алады. Елдегі пандемияға байланысты биылғы ораза ұстап, ауыз бекіту қалай болмақ? Осы жөнінде «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлымен сұқбаттасқан едік.

– Ассалаумағалейкум, Жақсыбек аға! Айдың сұлтаны Рамазан айы келіп жетті. Сауалымызды төтесінен қойсақ. Былтыр мешіт карантинге байланыс­ты жабық болып тарауих намазы оқылмады. Ал биыл рамазан айына мешіт есіктері ашық па?
– Өткен жылы әлемге төнген індетке байланысты барлық мешіттің жабылғаны белгілі. Құдайға шүкір індеттің беті сейіліп, осы жылдың 5 ақпанынан бастап жасыл аймақтағы ауыл мешіттерінде жұма намазды оқуға рұқсат берілді. Одан кейін 5 наурыздан бастап жалпы жасыл аймақтағы барлық мешіттерде санитарлық талаптарды сақтай отырып жұма намазын оқуға рұқсат етті. Енді сәуір айының 12-нен бастап рамазан айы кіретін болса, сол күннің кешінде санитарлық талаптарды сақтай отырып тарауих намазының алғашқы күнін жамағат болып оқитын боламыз. Айта кететін жайт, Рамазан айы 30 күнге созылады. Мамырдың 8-нен 9-на қараған түн қасиетті Қадыр түні болса, 13 мамырда ораза айт мерекесі болады.
– Індеттің бетін қайтарудың бір­ден-бір жолы ол коронавирусқа қарсы вакцинациялау. Осыған дініміз не дейді? Екпе алу оразаны бұзбайды ма?
Шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар яғни ауыз, мұрын, тік ішек арқылы кірсе ол оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірсе оразаны бұзбайды. Бұл туралы «Фәтауа һиндия» кітабында «Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды» делінген. Екпе – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды.
– Ауызашар дастарқаны адам­дардың бір-біріне сыйлық жасап, құрмет көрсетудің керемет мүмкіндігі. Енді бір-бірімізге тарту жасап, Алла разылығына қауышудың жолы қан­дай болмақ? Жамағатқа қандай кеңес бересіз?
– Ауызашар бұл ең бір сауапты амалдардың бірі. Бірақ оны дастарқан жайып, пісіріп беру шарт емес. Былтыр «ауызашар қоржыны» деген атпен игі дәстүрді ұйымдастырған болатынбыз. Биыл да сол үрдісті жалғастырмақ ниетіміз бар. Енді ауызашар жасай алмадық деген жамағат болса заттай немесе сыйақылай бізге әкеп беруіне болады. Мысалы ауыз бекітіп жатқан қарияға бір қадақ құрма алып беріп немесе тісіне жұмсақ жемісті жегізсең қандай қуанады. Тіпті қой сойғанмен бірдей қайырға қауышасың. Өйткені сенің сыйлығың аз-көптігінде, үлкен-кішілігінде емес, көңілде. Сол секілді сізден жиналған азды-көпті дүниені жағдайы төмен отбасыларға үлестіріп беретін боламыз.
– Биылғы пітір садақаның мөлшері қандай? Пандемияға байланысты пітір берудің тиімді жолы бар ма?
– Биыл Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы ғұламалар кеңесінің ұй­ғарымымен пітір садақаның ең төменгі шегі 420 теңге болып белгіленді. Дәстүрлі қалыптасқан жол бойынша мешіттегі жәшікке салып, Құран бағыштау арқылы имамдардың батасын алуға болады. Болмаса Kaspi.kz жүйесі арқылы қайырымдылыққа кіріп, оның ішінде өз облысыңыз бен ауданыңызды таңдап, әрі қарай садақаның түрін белгілеп, онлайн түрде қаражатыңызды аударуға болады. Енді халықта «қай жағы тиімді?» деген сауал туындауы мүмкін. Қазіргі таңда неше түрлі топтар дінімізге күйе жағу арқылы көптеген пікір, жазбалар қалыптасып жатыр. Яғни имам, молдаларға беруге болмайды деген секілді неше түрлі ой айтып жатыр. Бұл жерде пітір садақаны кім қалай беремін десе өз еркі. Дегенмен Ислам дінінің бірде-бір насихатшысы, бірегей ордасы мешіт болғандықтан, осы мешітті ұстап тұру тікелей халықтан түсетін садақаға тәуелді екенін айтып, осында пітір беру дұрыс деп айтар едім. Өйткені мешіт өз кезегінде қаражаттың барлығын өзіне жаратпай қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасыларға көмек көрсетуде. Мешітке садақа берсеңіз сауабын аласыз, әрі дінімізге жәрдемдескеніңіз және беделін арттыруға үлесіңізді тигізгеніңіз дер едім.
– Былтыр ҚМБД-ның құрылғанына 30 жыл толуына орай бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Алда тағы қандай жоспарлар бар?
– Мерейлі мерекеге қарсы былтыр рес­публика көлемінде ауқымды іс-шаралар өткізілді. Біз бір күндік ішіп жеумен немесе той-томалақпен емес, сауапты да саналы істермен атап өттік. Мәселен рес­публика көлемінде «30 имамға 30 бас­пана» атты акциясы өткізілсе, Ақтөбе ауылындағы имамға «Оңталап» шаруа қожалығының демеушілігімен баспана кілті табысталды. Ақай ауылындағы мешітке күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар 1972 жылы туған азаматтардың демеушілігімен кенттегі қорым қоршалды. Айта берсек көп, жалпы отыз жылдық мерейтой лайықты түрде аталып өтті. Енді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қарсы үлкен жобалар қолға алынып отыр. Құдай қаласа жыл соңына дейін қомақты, сауапты, қайырымды істер атқармақ ниетіміз бар.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
10 сәуір 2021 ж. 999 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031