» » » Қалаға кетсек, ауылды кім гүлдендіреді?

Қалаға кетсек, ауылды кім гүлдендіреді?

Мадияр БАЙШЫЛЫҚОВ,
«Қорқыт елі» футбол командасының капитаны,
№250 мектеп-лицейдің мұғалімі:
Допты ғажайып санайтын бразилиялық наным-сенім бізде де баршылық. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын жастар мен аяқдопшылар қатары жыл сайын артып келеді. Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екенін білеміз. Онымен айналысқан адамның денсаулығы мықты. Қай іске де шыдамды. Әркім өз қабілетіне қарай спорт түрін таңдайды. Ауданда шағын футболдан лига жиі ұйымдастырылады. Жастар жылына орай жергілікті футболшылардан құралған командалардың өткен маусымдағы ойынына тәнті болдық. Сонда өзіндік ойын өрнегімен көзге түскен аяқдоп шеберінің бірі – Мадияр Байшылықов. Ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен №250 мектеп-лицейіне денешынықтыру пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасқан жас маман. Келешегіне зор сеніммен қарайтын футболшыны аз-кем әңгімеге тарттық.
– Мадияр, қашан көрсем күліп жү­ресіз. Екпінді екеніңізді жақсы білеміз. Осынша күшті қайдан аласыз?
– Жастық дәурен – адам өмірінде ма­ңызды рөл атқаратын, шаттыққа, қайрат-жігерге толы ұмытылмайтын уақыт қой. Балалық шақты айтпаса да белгілі. Өмір – үлкен мектеп. Сол мектептің алғашқы баспалдағын қалай бассаң өмірің солай жалғасады. Айналдырып артқа ше­гіндіре алмайтын жастық шақты есте қаларлықтай өткізгенге не жетсін? Менде мұңайып жүретін кез сирек. Болмайды да. Жалпы мұндай белсенді болуымды футболмен байланыстырамын. Онда шегінуге жол жоқ. Тек алға ұмтылу қажет.
– Әкеңіз Бауыржан Байшы­лықовтың есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс. Ол жеңіл атлетикадан президенттік көп­сайыста спорт шеберіне үміткер болған азамат. Байқауымызша, футболға келуіңізге әкеңіздің ықпалы болған секілді.
– Иә, әкем ұзақ жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Қазір аудандық стадионның меңгерушісі. Әкеге ұқсап туған ұлмыз. Інім Дамир «Жас қайсардың» ойыншысы. Ол да, мен де бала кезден доп тептік. Алғашқы бапкерім әкем болды. 8-9 сыныпты Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтбасұлы атындағы спорт мектебінде оқыдым. Онда суға жүзу мен қайық есуге машықтандым. Астана қаласында спорттың осы түрінен біраз байқауға қатысып, марапат алғаным бар. 9 сыныпты бітіргеннен соң Қызылорда қаласында М.Мәметова атындағы педагогикалық кол­ледждің денешынықтыру пәні мұ­ғалімі мамандығына оқуға түстім. Ке­йін жоғары білімді Шымкент қаласында жал­ғастырдым. Мектеп қабырғасында жүр­­генде-ақ облыстық чемпионаттарға қатысып, жүлделі орын алатынмын. «Алтын күз» байқауына қатыспаған кезім жоқ.
– Футболшы ретінде алаңдағы ерекше ойыныңыз есіңізде ме?
– Қазақстан Чемпионатында өнер көр­­сету екінің біріне бұйырмайтын бақ. Мен үшін осы чемпионатқа қатысу үлкен мақтаныш болды. Онда бақ сынайтындар оңай шағылатын жаңғақ емес. Солармен иық тіресудің өзі шеберлігімді шыңдай түсті. 2010-2011 жылдары «Қайсарға» мықтыларды дайындайтын «Жас қайсарда» ойыншы болдым. Онда жауапкершілік көп. Кейде жанымдағы достарым «Өсуіңе қала дұрыс еді, неге ауылды таңдадың» дейді. Өсемін, жетілемін деп бәріміз қалаға кетсек ауылды кім гүлдендіреді? «Дипломмен ауылға» бағ­дарламасы дер кезінде қабылданған керемет қолдау. Біз секілді жас маман, жас отбасына берілген тамаша мүмкіндік. Мендегі мақсат – ауданнан мықты аяқдоп шеберлерін шығару. Әкем шықпаған белеске, өзім жетпеген жеңіске дайындаған шәкірттерім жетсе одан асқан қандай абырой мен атақ керек? Қазір әр сенбі, жексенбі сайын Қызылорда қаласында әуезқойлардан құралған «Арай» футбол командасына мүше болып, шағын футболдан лигаға қатысып жүрмін. Өзімді дамытудан шаршамаймын.
– Футболда кімді үлгі тұтасыз?
Әлемді бағындырған спорттық ойын – футбол. Ең үздік, танымал, бразилиялық футболшы Рональдиноға еліктеймін. Ол 2005 жылы «Алтын допты» иеленді. Бразилия құрамасы сапында Америка кубогын, әлем чемпионаты мен Конфедерация кубогын жеңіп алды. Fifa таңдауы бойынша екі рет жылдың үздік футболшысы атанды.
– Отбасыңыз жайында не айтасыз?
– Ата-анамның тұла бойы тұң­ғышымын. Інім мен 2 қарындасымның аға­сымын. Келіншегім Алтынай мұғалім. №105 мектепте биология пәнінен дәріс береді. Сезім, Алдияр есімді кіш­кен­тайымыз атасы мен әжесінің еркесі.
– Мұғалімге артылар жауап­кершілік пен талап аз емес қазір. Фут­болға әуес­қой­лығыңыз жұмысқа кедергі келтірмей ме?
– Мұғалім мамандығы – жүрек қа­лауым. Себебі балажанмын. Балалардың ортасында өзімді бақытты сезінемін. Қазір 6 «а» сыныбына жетекшілік етемін. Сыныптағы 17 оқушының жағдайын әкесі мен анасындай ойлаймын. Көпбалалы отбасы балаларына моральдық та, материалдық да көмек көрсетуді азаматтық міндетім санаймын. Еңбек өтілім 4 жылдан асып барады. Педагог модератормын. Қоғамдық жұмыстан қашпаймын. Жалпы көп­шілікті ұнатамын.
– Армансыз адам болмайды. Мақ­сатыңыз қандай?
– Арман дегеніміз ақыл-ойдың шын­дығы. Құс ұшсам, бала өссем, қыз көрікті, жігіт жүректі болсам, қарт жүзге жетсем дейді, ұстаз шәкіртіне үлгі болсам дейді. «Арманың орындалсын» деген ті­лекті жақсы көремін. Қай арманыма қолым жетіп, қай арман мені өмір бойы жетелейтінін білмеймін. Бірақ, бір білетінім арманымның орындалуы өз қолымда.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұқбаттасқан
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
19 қыркүйек 2019 ж. 2 073 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031