» » » ҚАРАҚҰМ. ҚАРАКӨЛ. ҚОЗЫЛАР

ҚАРАҚҰМ. ҚАРАКӨЛ. ҚОЗЫЛАР

Қарақұмды білесің бе, қарағым,
Бетін ашам тырнап ескі жараның.
Өткен күндер оралмайды, дегенмен
Өмір-ұстаз еске алам сабағын.     
Мезгіл көктем. Жусан исі бұрқырап,
Сұлулықты төске өрлеткен атырап.
Қара бұлт та төбемізден төнеді,
Бұзық бала мінезіндей шатынап.
Босағада қала алман байланып,
Арманымды қағба тастай айналып.
Жастық шақта Қарақұмға жол шектік,
Машинаның қорабында жайланып.
Жігіттердің ешбірінде жоқ алаң,
Ана сүті енді кепкен бар балаң.
Жүрген сайын құшағына тартады,
Тұңғышындай менің сүйген кең далам.
«Тышқан тамы» жайлауына тоқтадық,
Айналаға көз жанарды оқтадық.
Жиырма жігіт қараша үйде алаңсыз,
Жол соқты боп, қатарласа ұйықтадық.
Зоотехник тұрғызғанда ертемен,
Сілкіп тастап, шығып жаттық көрпеден.
Біз қағамыз барабанын тірліктің,
Бұрын-соңды болмаған бұл өлкеден.
Заңғар аспан қабағын бір ашпады,
Бір тылсым күш көлденең ой тастады.
Зоотехник сапқа қойып жастарды
Топ алдында әңгімесін бастады  
-Демалуға шақырмадық сендерді,
Еңбек етіп, тер төгетін кез келді.
Жалқаулыққа салынуға болмайды,
Қабылдаймыз жаңа туған төлдерді.
Қарақұмда қалың қой бар қотанда,
Бұл жұмыстың маңыздығын бағамда.
Қозы сойып, сапалы етіп терісін,
Қаракөлді өткіземіз Отанға....
Осы сөзбен алды өзіне қаратып,
Мал соятын пышақ берді таратып.
Енді біздер кіріскенде жұмысқа
Әзірейіл боламыз ба жан алып?...
Машинамен қозыны әкеп төккенде,
Қан саситын қарап тұрдым көктемге.
Өлген қозы, тірілері маңырап,
Бір ауырлық ойнақ салды желкемде.
Туа сала басын байлар өлімге,
Жаным ашып тұрды іштей төлдерге.
Генералға жаға керек, бас киім,
Бір суық ой азынайды кеудемде.
Қасапшылар кетті іске жегіліп,
Жас төлдерден тері жатты сөгіліп.
Сан мыңдаған қозылардың қанынан
Қара жерге қақ жиналды төгіліп.
Тірі қозы тірсегінен ілініп,
Терілерін алып жатты сыпырып.
Қан-қан қанқа... үш-төрт аттап құлайды,
Жаның шошыр, өне бойың түршігіп.
Бір жеті өтті. Сан сұрақтар мазалап,
Ар-ұятым көрген жайды азалап.
Бұл жұмысқа менің қолым жүрмеді,
Түсініңдер, сұрамай-ақ қазбалап.
Сол бір күнді көпке дейін ұмытпан,
Адалдығым орын таппай тұнықтан.
Бұл оқиға кейде еске түседі,
Тірлігіңнің теориясын ұғынтқан.
Қарақұмның қою қоңыр кешінде,
Зоотехник жинағаны есімде.
Бір жетілік жұмыс жайын талдады,
Жан ауырып, қиналған бір пішінде.
Қолындағы ақ парақта ақпары,
Төл союдан озаттарды мақтады.
Содан кейін ызғар есіп сөзінен
«Жалқауларға» жаны ауырып тоқтады.
Менің орным соңғы топтың бірі еді,
Зоотехник сын сөзімен «іреді».
Өлім емес, өмір таңын толғаған,
Жүрегімнің жырын кімдер біледі?!...
Тасы өрге домалай ма бақ дарып,
Күнәсына құн төлей ме ақталып.
Зоотехник барлық ойын іштегі
Көп алдына жайып салды ақтарып.
-Отан бізді киіндірді, өсірді,
Қателігің болса-дағы кешірді.
Сол Отанға адал қызмет еткен жөн,
Сендей жалқау, байқамадым кесірді.
Жап-жас болып кейін кетіп неткенің,
Жалқаулық па сонда сенің жеткенің.
Осы сыннан шығармасаң қорытынды,
Арам тамақ болып онда өткенің...
Зоотехник көтеріліп басылды,
Менің жаным тұрақ таппай ашынды.
Сені енді тыңдайтын да құлақ жоқ,
Жат жандарға көрсетпегін жасыңды.
Түні бойы тар төсекте дөңбекшіп,
Ой орамын мың өлшедім, бір кесіп.
Арман шыңым аласармас жас едім,
Намысы бар, шығар жерді бір тесіп.
Бар ізгілік бізде екенін үйреткен,
Басқалардан аулақтатып жиренткен. 
Социалистік қоғамыңа алғашқы
Күнім болды сенімімді күйреткен.
Қараша үй. Дөңгеленген шаңырақ,
Қою түнде жан сарайым қаңырап.
Қаракөлді беру керек Отанға,
Ұйықтатпады... мың сан қозы маңырап.
Амал қанша, көну керек қиынға,
Ой баққаным басқаларға бұйым ба?
Жалқау деген ат алғаным жанды жеп,
Намыс оты бас көтерді бойымда
Албырт жастық бағынбайтын ақылға,
Қалмау керек қатарыңнан, мақұл ма?
Келер жолы озаттарға қосылдым,
Нысанаңды басып алып тақымға.
Қызыл жалау, қызыл он сом бергенде,
Қызыл түстен жан шошыды көргенде.
Қан-қан қаңқа.... қозылардан аққан қан,
Жан әлемім құлазыды шерменде.
Болған жайға қайткенде де бекінем,
Тағдырымнан қалай кейін шегінем.
Кеңес елі... Өткен күннің келбеті,
Еске түссе әлі күнге өкінем.
Тірлік-тартыс ғұмырыңа сыншы-ды,
Тағы бір күн ұясында тыншыды.
Қозы даусы... еске түсіп Қарақұм,
Бір өкініш жүрегімді шымшыды.
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ.
19 сәуір 2019 ж. 1 136 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 069

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031