» » » ҚЫЗДЫҢ БҰРЫМЫ-ҚОРҒАНЫ

ҚЫЗДЫҢ БҰРЫМЫ-ҚОРҒАНЫ

Шаш – әйелдің ажары. Оны күте білмесең реңін жоғалады. Бір ескерерлігі, шаш­тың әдемілігі әркез көз тартады. Әсіресе, қазақ қыздарының шаш өсіру, шаш қою әдебі қайталанбайтын дәстүр. Аналарымыз шашын айранмен жуып, басынан орамалын тастамайтын. Сусабын дегенді жолатпайтын.

Шаш – әйел затының ажарын ашып қана қоймай, оның парасатына да жол ашады. Шашқа қарап та иесінің қандай жан екенін ажыратуға болады. Сынағаннан сақтасын. Бірақ, кейде жасы алпыс пен жетпісті алқалаған әженің шашына қарап ойланып қаласың. Найзағай түскендей қызарта, сарғайта күйдіріп, қобырайтып жүргені. Шаш емес, құдды бір ұйысқан жүн секілді. Адамның ішкі мәдениеті осындайда сыртына беріліп тұратыны бар. Қазір үлкен де, кіші де табиғи шөптен жасалған сусабын пайдаланғысы келеді. Бірақ, ондай таза өнімге екінің бірінің қаржысы жете бермейді. Ал, қолжетімдісінің бағасына қарай сапасы. Бұрын бір көйлекті киіп, той-томалаққа кете баратын нәзікжандылар бүгінде сұлулық салонында сағаттап отырады. Бет әрлеп, тырнақ боятып, шашына түрлі стильде әрлеу жасатады. Әңгіме, осында. Бір реттік той үшін шашқа көптеген химия қолданылады. Күйдіріліп, оған зиянды препараттар се­біледі. Бірақ, оған көңіл бөліп жатқан адам көрмейсің. Бастысы – шаш үлгісін жасатса болғаны. Әдемілікті, сұлулықты кім ұнат­пайды. Десе де, мұндайда шашты күтпесең тағы болмайды.
– Шаш – ер адамға да, әйелге де маңызды фактор саналады. Химияның аты – химия. Ол қалай айтсақ та зиянды екені белгілі. Ілгеріде аналарымыз да шашын бояған, бірақ қазіргідей химиялық қоспамен емес, хнамен, шөппен. Шашты айран, іркіт, құрттың сарысуы, қатықпен жуған. Сүт өнімі шаштың түбін құнарландырып, нәрлейді. Таралғанда да бейберекет жұлынбай, жақсы жазылатын болған. Жас келіншектер орамал тартқанда шаштың түсі табиғи қалпын жақсы сақтайды. Шаш қию – дәстүрімізде жоқ әдет. Ол өліммен тең саналған. Қазақ атамыз шашта қасиет бар деп ұққан. Әжелеріміз шашы түскенде аяқ астына тастамай, шөмелелеп бір жерге жиған. Отқа, далаға тастамаған. Отқа тастаса – шетінеген сәби отқа түсіп, шырылдайды, ал далаға тастаса – құс ұясына пайдаланып, одан шаш иесінің басы ауырады деп ойлаған. Бүгінде жастар осындай дүниелерге мән бере бермейді. Отбасында немерелерімнің шашын қимаймыз. Қолаң шаш – қыздың көркі. Оны барынша күтіп баптаймыз, – дейді ардагер ұстаз Рәзия Ерлепесова.
Байқасаңыз қазір қыздардың шашы көп түседі. Біреудің үйіне бара қалсаң, кілем, алашаның үсті шашқа ұйысып тұрғаны. Иә, шашты қалай күтуге болады? Ол уыстап түспес үшін не істеу керек?
– Мұндай жағдайда шаш­тың түбіне аптасына бір рет жақпамай жағу керек. Оны жұмырт­қаның сарысымен, не айранмен жасаған жақсы. 5-10 минут ұстап жуып тастайды. Шашты жуып болған соң оны жұмсақ сүлгімен құрғатып кептіреміз. Басты орамалмен байлаудың қажеті жоқ. Тек шашты жуар алдында бірнеше сағат бұрын кез келген өсімдік майымен майлаған дұрыс. Шаш күтімінде оны тараудың да өзіндік әдісі бар. Тарақтың тісі сирек әрі өткір болмағаны дұрыс. Тарағанда асықпай ұшынан бастаңыз. Шатасқан тұсын қолмен дұрыстаңыз. Щеткамен тарау – бастың қан айналымын жақсартады. Денсаулыққа пайдасы көп. Шаштың түсуіне бас киімнің де әсері болады. Қысатын бас киімнен алыс болған жөн. Себебі, тар бас киім ауа өткізбей, теріге зақым келтіреді. Бастың құйқасы терлеп, қайызғақ түседі. Кептіруге де мән беру қажет. Мүмкіндігінше фен пай­даланбауға тырысыңыз. Ол да шашты құрғатып сарғайтады. Сусабынды шаштың түріне қа­рай таңдаңыз, – дейді шаштаразшы Майра Смайылқызы.
Бұл жөнінде дәрігеріміз не дейді.
– Шаштың ағаруы адам ағ­засына мал өнімін тым көп тұтынғаннан да болады. Шашы ерте ағарған адамның миға қан құйылу, жүрегінің қабынуы, құяң, артрит тәрізді ауруларға бейімі басқаға қарағанда жоғары. Шаштың түсуі – С дәруменін шамадан тыс пайдалағаннан да болуы мүмкін деген болжам бар. Егер маңдайшаш түсетін болса, тәтті, шырын, сүт, спирт ішімдігін азайтқан дұрыс. Бұл сондай-ақ жүрек жұмысының кінәраты болуы ғажап емес. Ал, шаш төбе тұстан түсе бастаса, мал өнімін сирек қолдануға тиіспіз. Шаштың түсуі мен сиреуі оның құрамындағы бояғыш – меланиннің мөлшеріне тікелей тәуелді. Тұқым қуалайтынын да естен шығармаған абзал. Үнемі шашты бояу, ыстық сумен жуып, ыстық фенде кептіру де шашты аздырады. Шаш күтіміне мұқият қараңыз. Халықтық рецепті қолданыңыз. Су күйінде тарауға, бальзам, кондиционерді жиі пайдалануға әуестенбеңіз, – дейді тері ауруы дәрігері Айткүл Балмаханова.

Түйін:
Жазда Батыс өңірге қонаққа барғаным бар. Сонда бір апаймен таныстым. Өзі кішіпейіл, мәдениетті екен. Дастарқаннан тұрып жатқанда басынан бір нәрсе жылп етіп жерге түсті. Күнұзаққа екеуара әңгімеміз жарасып отырған едік, мынадан соң апайдың беті қызарып, ыңғайсыздық орын алды. Жерге түскен жасанды шаш болып шықты. Сөйтсем, 7-сыныпта оқып жүргенде басы биттей берген соң анасы химиялық препаратпен жуады ғой. Қоспасы көп болып кетіп, шашы содан сыпырылып түседі. Қандай тамаша адам. Шаштың кесірінен тұрмысқа да шықпады. Ойланбай жасалған қадам – бір адамның өмірін бүлдірді.


Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА,
«Қармақшы таңы».
04 желтоқсан 2018 ж. 2 506 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031