» » » «Рүстем-Дастан» қалай жазылды?

«Рүстем-Дастан» қалай жазылды?

Қармақшының «Ақтайлақ-кезең» деп аталатын ежелгі елді мекенінде туып-өскен Т.Ізтілеуұлының балалық дәурені оқу, ізденумен өткен еді. Ауылдағы молдалық мектептен сауат ашқан ол он төрт жасында Бұқара шаһарындағы медресеге оқуға аттанады. Сөз жоқ, ондағы оқулар балалықтан бозбала шаққа өткен шәкірттің дүниеауи көзқарасын қалыптастыруда терең өзгерістер жасағаны даусыз. Сондағы оқудан терең білім алып, ауылға оралған соң, өзі жинаған бай кітапханасындағы дүниелермен шәкірттерге дәріс бере бастайды. Білімдар жас ұстаздың қолында арабтың «Мың бір түн», үндінің «Тотынама», парсының «Шаһнама» тәрізді баға жетпес мұралары, сондай-ақ Сағдидың «Гүлстан», «Бостан», Низамидің «Ескендірнама», «Хосроу-Шырын», Науаидың «Ләйлі-Мәжнүн», «Жеті жұлдыз» аталатын классикалық шығармаларының толық қолжазбалары болған еді. Оны ұлы шайыр Тұрмағамбетпен тұтас өмір сүрген құймақұлақ қариялар кейінгілерге жыр қып айтып отырушы еді деседі.
Бұқарадағы Мир-араб, Көкілташ медреселері негізінен діни оқу орны болғанымен, онда парсы, араб, түркі және шағатай тілдері тереңдетіп оқытылып, шәкірттерге арғы-бергі әдеби мұралардан мол мағлұмат берілетін-ді. Осының барлығы да Тұрмағамбеттің тіл іліміне деген құштарлығын арттырып, оның ақындық өнерге қарай қарымды құлаш жая түсуіне ықпал еткен еді. Елдегі мешіттерде ұстаздық еткен кезінде оның білімдарлығы айқын сезіле түседі. Осы арада айта кететін бір жәйт, ол Аламесектегі мешітте (Жалағаш ауданы) қазақтың тұңғыш Наркомпросы (Халық ағарту комиссары) Темірбек Жүргеновке дәріс беріп, оның сауатын ашуға ықпал етеді.
1934 жылы «Шығыстың жарық жұлдызы» атанған Фирдоусидің туғанына мың жыл толған мерекесі әлемнің көптеген елдерінде атап өтіліп, мәңгі өлмес шығармасы «Шаһнама» (патшалар өмірі жайлы жыр) әр халықтың тілдеріне жаппай аударыла бастайды. Өз кезінде «Шаһнаманы» Шығыстың «Илиадасы» деп те атағандар болған. Бірақ шын мәнісінде «Шаһнама» «Илиададан» сегіз есе келетін теңдессіз эпопея-дастан.
Сол бір дүбірлі мереке аталып өтіп жатқан 1934 жылы Алматыда Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезі, одан соң дәл сол жылы көркем көркем-өнерпаздарының республикалық І слеті өткізіліп, оған Оңтүстік Қазақстан облысынан Тұрмағамбет Ізтілеуов те қатысады.
Осы барған сапарында Казкрайкомның сол жылдардағы хатшысы Л.Мирзоянмен, Наркомпросс Т.Жүргеновпен жүздесіп, олармен «Шаһнаманы» қазақ тіліне аудару мәселесі төңірегінде келелі әңгіме қозғалады. Сөз түйініне тоқтар кезде Т.Жүргенов Тұрмағамбеттен: «Шаһнаманы» аудара алар ма едіңіз» - деп сұрайды. Сонда Тұрмағамбет: «Ол дастанның түрікшесін де, шағатайшасын да, тіпті парсышасы мен арабшасын да оқығанмын. Көптеген жерін жатқа да білемін. Оны аудармай несі бар» - дейді сенімді түрде.
Арқалы ақын Наркомпросқа осы кесімді сөзін айтқан соң, былай деп өлеңдете жөнеледі:
- Тәуекел! Орын тап та, тапсырып көр,
Алармын әрқалайда иілдіріп.
Қалайша қиял шіркін қашады екен,
Отырсаң жоғарыға киімді іліп.
Баяғы балалықтың базарында,
Өлеңді отырушы ем үйілдіріп.
Ойламай оның жолын қартайған соң,
Тастап ем зейінімді түйілдіріп.
Қалайда бәйге алып бере алмайды,
Жүйрікті жаратпасаң күйін біліп.
«Ишарат – ақылы барға» деген нақыл,
Ал қойдым осы араға тыйылдырып.
Осы әңгіме үстінде бірге болған ақын Өтебай Тұрманжанов өз естелігінде былай деп жазады: «Шаһнаманы» бітіргеннен кейін оны редакциялауды маған тапсырған еді. Ең алдымен қолжазбаны бастан-аяқ оқып шықтым. Ақындық шабыттан туған әдемі жырлар жазылған беттерге қалам да тигізбедім».
Тұрмағамбеттің «Шаһнаманы» аударуға бұлайша зор ынта-ықылас қоюы кездейсоқтық емес. Бұқарадағы медреселерде оқып, Шығыстың әдеби мұрасымен етене танысқан зейінді шәкірт Тұрмағамбет араб, парсы, түркі, шағатай тілдерінің қыр-сырын жетік меңгеріп алған еді. Әсіресе, оның Көкілташ медресесінде тәжік жазушысы Садриддин Айнимен бірге оқып достасуы, онда қабырға газетін шығарысып, ой-пікір жағынан бір-бірімен тереңірек жақындасуы оның дүниеауи қөзқарасын барынша айқындай түсуге септігін тигізгені даусыз. Сөз реті келген соң осы арада бір әңгімені тілге тиек еткенді жөн көрдім.
1983 жылы Қармақшыда өткен Тұрмағамбеттің жүз жылдық мерейтойына Алматыдан келген ақын-жазушылардың арасында Әбділда Тәжібаев та болған еді. Ол аудан орталығындағы мәдениет үйінде көп адам қатысқан салтанатты жиналыста Тұрмағамбеттің ақындық шығармашылығы жөнінде кемел ойға құрылған келелі сөз сөйледі. Сонда есімде қалғаны – ақынның анасы Айманкүлдің «Шаһнаманы» тәржімалауға кірісер алдында Тұрмағамбетке айтқан кейбір ақыл-кеңесі болатын.
Ақын Әбділданың анасы Айманкүл ескіше оқып, терең білім алған сол тұстағы зиялы кісілердің бірі. Ұлы шайыр Тұрмағамбеттің төрт томдығын парақтап отырып, онда араб әрпінің А.Байтұрсынов құрастырған төте жазуына көзім түсті. Ондағы жазудың аудармасы мынау: «Қайным, «Шаһнамаға» өзіңнен өзге адамның әлі келмейді. Осыны тәуекел етіп аударып көр. Айманкүл. 1936».
Бар болғаны екі сөйлемнен құралған қып-қысқа сөз. Осы қысқа әрі нұсқа сөз Тұрмағамбет ақынды Фирдоусидің әйгілі дастан-эпопеясын зор ынтамен аударуға құлшындыра түскен тәрізді. Сол бір шабытты сәтін ақынның өзі былайша суреттеп жазған еді:
- Барады күннен-күнге көңілім өсіп,
Кен кеулеп жатқаннан соң гәуһар қазып.
Келгенмен кеуана болып елу үшке,
Жасарып жиырмадағы келдім күшке.
Айнамкүл Тәжібаева оқыған, терең білімді адам. Көрнекті филолог Өтеген Күмісбаев бір сөзінде былай деп айтқан болатын: «Атақты ақынымыз Әбділданың анасы А.Тәжібаева «Шаһнаманың» 1908 жылы Тәшкенде шыққан нұсқасын қара сөзбен аударғанын айта кету ләзім. Маржандай әріптермен көшірілген дәптерлерін көзім көрді. Кезінде бұл қолжазба М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы еді».
Тұрмағамбет «Шаһнаманы» аударуға қолға алғанда оған күдікпен қарағандар да болған. Академик М.Қаратаев «Қазақ әдебиеті» газетінде (6.07.1962 ж.) жарияланған «Ақын туралы ақиқат» деген мақаласында сондай күмән келтірушілер жайында өз ойын бүкпесіз ашық жазған. Үзінді келтіреуік: «Ондай ақынды білмейміз, молда дейді ғой өзін, «Шаһнаманы» өзіміз неге аудармаймыз? Деген сықылды қысыр сөздерді күңкіл түрінде де, тіпті шағым түрінде де естідік».
Сөз жоқ, «Шаһнаманы» аудару оңай дүние емес-ті. Фирдоусидің ақындық стилі ерекше. Оның шығармасы мутакариб өлшемімен жазылған. Мутакариб ұзақ буында бәйіт-өлең ұйқасына құралады. Өлең өнерін шебер меңгерген Тұрмағамбет қазақтың мутакарибке жақын онбір буын қара өлең әдісін қолданып, қисса-жыр етіп жазып шығуға кіріседі. Академик-жазушы М.Әуезов айтқандай, өлеңмен жыр етуші Тұрмағамбет ақын бұл жөнінде ХІХ ғасырда қазақ ортасында көп жайылған Шығыс аңыздарының өлеңге айналған дәстүрін қолданған. Фирдоуси бұл теңдессіз дастанды көз майын тауысып, отыз бес жыл тапжылмай отырып жазып шыққан екен. Онда ежелгі Шығыс елдерінің төрт мың жылдық тарихи оқиғаларының желісі қамтылғаны белгілі. Шығарма 55 мың бәйіттен тұрады. Оның өзі өлең жолымен есептесек, 120 мың жол.
Фирдоуси шығармасының құдіретті күші – оның тіл байлығының молдығы әрі ерекше әсерлілігі мен сұлу саздылығы. Осынау мәңгі өлмес шығарманы алғаш рет орыс тіліне аударған Н.Соколов «Фирдоусидің «Шаһнамасы» ұйқылы ояу мүлгіген парсы тілін дүр сілкіндіріп, түрлендіріп жіберді» деп жазған екен. Ал Фирдоусидің өзі болса бір өлеңінде: «Парсы тілі тірі тұрғанда мен өлмеймін, өйткені өлмейтін сөздердің тұқымын шашып кеттім» деп тебірене жырлапты.
Ұлы жыршының бұлай деп кесімді ой толғауының терең сыры бар. Өйткені Фирдоуси өмір сүрген кезең Исламның Иран жерінде әбден орныққан тұсы тұғын. Мұсылман дінінің берік діңгегіне арналған Құран кәрімге бар ынта-ықыласы ауған парсы жұрты араб тілін меңгеруге жаппай құлшыныс таныта бастайды. Міне, осындай алмағайып сәтте «Шаһнаманың» Иран-Тұран көгінде жарық жұлдыздай жарқ ете қалуы көмескі тарта бастаған парсы тілін қайта түлетіп, түрлендіре түскен еді.
Тегінде тіл – халықтың рухы, мәңгі өлмес жаны. Тіл өшсе, ұлт өледі, ұлт өлсе ұлттық болмыс та түп тамырымен жойылады.Кешегі кеңестік кезеңде біздің ана тіліміздің де әрі-сәрі күй кешіп, өлмеші халге түскені белгілі. Бас-аяғы жиырма шақты жыл ішінде (1929-39жж.) қазақ әліпбиінің төте жазудан латыншаға, одан соң криллицаға көшірілуі жайдан жай жасалған іс емес. Оның астарында үлкен саяси мән-мағына, құйтырқы амал-айла жатқаны айдан анық. Нақты дәйек сөз келтірелік, 1925 жылы Ф.Голощекиннің И.Сталинге жолдаған хаты бар. Онда ол «күн көсемнен» айрықша бес мәселеге көңіл бөлуді өтінеді. Соның бірі де бірегейі – тіл мәселесі. «Ұрпақты адастыру үшін жазуын екі рет өзгертіп жіберу керек» деп ашық жазған ол. Мұның түпкі мәні белгілі: жазу өзгерген соң ұрпақ өткенін оқи алмайды, яғни мәңгүрттенеді. Расында да халқымыздың Тәуелсіздік алғанға дейін осындай мәңгүрттік күй кешкені анық жағдай еді ғой.
Тіл тазалығына байланысты бұл әңгімелерді тектен текке келтіріп отырғанымыз жоқ. Өлең өнеріне жетік, ана тіліміздің бар қыр-сырын шебер меңгерген Тұрмағамбет ақынның «Шаһнаманы» аударарда тіл тазалығына баса көңіл бөлгенін анық аңғаруға болады. Оның 1936 жылы жазған бір өлеңінде мынадай жолдар бар:
- Он айда «Шаһнаманы» бердім жазып,
Төрт бөліп түн ұйқымды арып-ашып.
Ішінде байқағанға бар сөздері,
Шығарған сары алтындай кеннен қазып.
Бәрін де ана тілмен еттім өлең,
Келтірмей тілінен түк араб, тәжік.
«Шаһнаманы» аударуды қолға алған кезде Тұрмағамбеттің жасы елу үштерде еді. Аударуға үкімет тарапынан бір жыл мерзім беріле тұрса да, оны он айда бітіріп, қырық мың жолдық аударманы баспаға табыс етеді. Аудармадан алғашқы үзінділер «Әдебиет майданы» журналында жарияланады.
Тұрмағамбеттің «Шаһнама» негізінде жазылған «Рүстем-Дастаны» қазақ тіліндегі тұңғыш аударма ма? «Шаһнаманы» бірінші болып қазақ тілінде жырлаған Ақмешіттен шыққан Ораз молда болатын. Ол Кеюмарс пен Кей-Хосроу аралығын жырлап, ұлы дастанның басты қаһарманы етіп Рүстемді алған. Ораз молдадан соң Сердалы ақын «Қисса-и Рустам» деген атпен жазған шығармасын 1888 жылы Қазан баспасынан басып шығарады. Одан кейін тағы бір қазақ ақыны, публицист Мұхамеджан Сералин В.Жуковскийдің орыс тіліндегі аудармасынан алып, «Рүстем-Сохраб» деген бөлімін қазақшалап шығады. «Шаһнаманың» қара сөзбен жазылған аудармалары да бар. Әрине осылардың барлығы да өз дәрежесіндегі толымды аудармалар емес еді.
Кезінде Тұрмағамбеттің аударма саласындағы еселі еңбегі тиісінше бағаланған жоқ. Оны көрнекті қаламгерлер де мойындаған болатын. Білікті тіл маманы, академик М.Қаратаев былай деп ой түйіндепті: «Мен былай дер едім: егер Тұрмағамбет «Шаһнамадан» басқа ештеңе жазбаған болса, соның өзінде де біз оны үлкен ақын деп танып, оның осы «аударма» іспетті еңбегін «қолтума» деген жасық шығармалардан жоғары бағалауымыз керек дер едім».
«Рүстем-Дастан» ақынның көзі тірісінде жарық көрген жоқ. Ақын жазықсыз жазалауға ұшырап қудалауға түсті. Сол бір қиын-қыстау кезеңдегі ауыр жағдайды Тұрмағамбет ақын өз өлеңінде былайша суреттеп жазады:
- Қалайда қапыда өтіп кетем бе деп,
Кітабын «Шаһнаманың» еттім ермек.
Өлеңмен онбір буын он ай жазып,
Бітірдім басым сипап, шаршап-терлеп...
Үкімет ескеріп бұл еңбегімді,
Пенсия бұйырып ед, бұған бер деп,
Айына онда үшжүз аласың деп,
Қолыма берді қағаз жазып мөрлеп.
Бұлары ойынындай боп балалардың,
Отырмын түзеу үйде енді шерлеп.
Саяси зобалаң салдарынан жазалау, қудалауға ұшыраған ақын ақыр соңында қыруар еңбегінің ақадал ақысын да ала алмай «түзеу үйіне» түсіп, сондағы көрген ақырет азабы салдарынан елу алты жасында дүние салды.
Сонымен Тұрмағамбет Ізтілеуұлы қазақшалаған «Шаһнама» баспа бетін көре алмай, тұп-тура ширек ғасыр бойына қалтарыста жатып қала береді. Ақынның қырық бес дәптер қолжазбасын шашау шығармай сақтап, көрегендік таныта білген бәйбішесі Биғаның жанкешті еңбегі қалай айтса да ерлікке бара-бар іс. 1960 жылы Тұрмағамбет тәржімалаған «Шаһнаманың» «Рүстем-Дастан» деп аталатын саласы 70 мың таралыммен қауышқан еді...
Ұлы тұлғалар бірін-бірі қайталамайды. Бірақ олардың ой-мүдде ұқсастығы мен рухани жағынан тым етене жақындығы даусыз ақиқат. Мен Фирдоуси мен Тұрмағамбеттің өмір жолына зер сала отырып, осындай ұқсастықтың нышандарына анығырақ көз жеткізгендей болдым. Мәселен, Фирдоуси өзінің ана тілінің саф тазалығына жан-тәнін сала көңіл бөліп, парсы тілін қайта түрлентсе, Тұрмағамбеттің де өлең өнеріндегі сөз қолданысынан оның қазақ тілінің тазалығына аса жауаптылықпен сергек қарағанын сезінеміз. Фирдоуси көп Құдайшылыққа қарсы болып, тақұттық жолды қолдаса, Тұрмағамбет те Жаратушының бірлігіне кәміл сеніммен қараған.
Осы тұрғыда мына әңгімені тілге тиек етелік, Тұрмағамбеттің туған жері Ақтайлақта сызба жазулармен таңбаланған (сірә, руникалық жазу болар) бір балбал тас болыпты. Оған адамдар тәу етіп, әлгі тасқа шүберек байлап кетуді әдетке айналдыра берсе керек. Халықтың осы қылығына қатты налыған ақын: «Пұтқа, отқа табыну – көп Құдайшылықтың көрінісі» деп кесімді сөз айтады да белуардан жер қаздырып, таңбалы тасты көмдіріп тастайды. Осының өзі-ақ ақыннаң Жаратушының бірлігіне деген кәміл сенімін айғақтай түспей ме?!
Ең ақырында айтар болсақ, екі ұлы тұлғаның тағдыр ұқсастығы да таңқаларлық жағдай. Нәсілі тұрандық Иран патшасы Сұлтан Махмуд Фирдоусидің ақындық дара еңбегін бағаламақ түгілі, «Шаһнаманы» қолына алып оқымапты да. Сірә, оған дастанда парсылардың ата-бабаларының асыра дәріптелгені ұнай қоймаса керек деген пікір айтады кейбір зерттеушілер. Қудалауға ұшыраған Фирдоуси өмірінің соңында қайыршылық күн кешеді. Әйтсе де өз кінәсін кеш түсінген Сұлтан Махмут қол астындағыларға ақынға 60 мың динарды апарып беруді бұйырады. Алтын арқан керуін Тус қаласының қақпасына ене бергенде данышпан ақынның мүрдесін ақырғы сапарға шығарып бара жатқан топпен ұшырасып қалады.
Тұрмағамбет ақынның өмірі де дәл осыған ұқсас. Ол да өз еңбегінің жемісін көзі тірісінде көре алған жоқ. Қайта қудалауға ұшырап, жазықсыз жала отының азабын аяусыз тартты. Иә, қос дананың өмірлеріндегі осындай ұқсастық бас шайқалтпай қоймайды. Дүниенің жолы - шартарап. Солай болған соң да өмірде мұндай ұқсастықтар (әлде кездейсоқтықтар дейміз бе?) бола береді. Асылында осы кездейсоқтық дегеннен гөрі жасмыштың жолы десек, бәлім дәлірек пайым болар. Қалай айтсақ та даналардың рухы өлмейді. Ол мәңгі шамшырақтай алаулап жанып, ұрпақтарының жадында жаңғыра түспекші.
Дана ақын, дара тұлға Әбілқасым Фирдоусидің мәңгі өлмес ұлы дастан-эпопеясының бір саласы – «Рүстем-Дастан» қазақшалаған Сыр шайырларының атасы Тұрмағамбет ақын жайлы әңгіме – баянды аяқтай келе, сөз әлқиссасын Тұманбай Молдағалиев ақынның бір шумақ өлеңімен қайырғанды жөн санадым.
«Күй жанып, көкірегінен күйік қашып,
Елінің ерке ұлдарын сүйіп, тасып.
«Рүстем-Дастанымен» Тұрмағамбет,
Барады Фирдоусимен иықтасып».
Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,
ардагер журналист.
31 шілде 2018 ж. 1 707 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031