» » » АДАЛДЫҚТЫҢ АҚ ҚҰСЫ

АДАЛДЫҚТЫҢ АҚ ҚҰСЫ

Аққуды – махаббаттың, қарлығашты – мейірімнің, бүркітті – ержүректілік нышанына балаған адамзат баласы ақ көгершінді бейбітшілік белгісі, кең дүниенің көлемін шарлаған қолғанат құс, адалдықтың символы деп бағалайды. Ғалымдардың айтуынша, кептер дүние жүзінде кеңінен таралған. Тек полюстік аймақтарда көзге түспейді. Ұлан-ғайыр даламызда кептердің 2 туысы кездеседі. Оны кептер және түркептер деп атайды. Кептердің 6, түркептердің 4 түрі бар екен. Қолға үйретілген кептерлерді көгершін дейді. Еліміздің оңтүстік аймақтарында көккептер көзге шалынады. Ал Қазақстанның шығыс аймағындағы Алтай, Тарбағатай, Сауыр және Жетісу Алатауы, Солтүстік және Батыс Тянь-Шань бөліктерінде құз кептер бар. Батыс аймақтағы Жайық өзенінің аңғарында дыркептер кездессе, Арал теңізінен Алакөл қазаншұңқырына дейінгі шөлдалада қоңыр кептер көзге түседі. Жалпақ жапырақты орман белдеуінің етегінде түркептер болса, шығыс, оңтүстік аймақтағы тауларда, орманды далада, далалық жерлерде үлкен түркептер кездеседі. Кептердің қанатының ұзындығы 180-250 миллиметр, салмағы 240-350 граммды құрайды. Басы кішкентай, тұмсығы түзу, сирағы қысқа болатынын бәріміз де білеміз. Олардың басым бөлігінің қауырсыны құлпырып тұрады. Алуан-алуан түстерге боялады. Негізінде олар топталып жүретін құстың түрі саналады. Жұбын жазбауға тырысады.
Адамға жақын жүргендіктен оны қолға үйретіп жүргендер бар. Оларды қолға үйрету біздің заманымыздан бұрынғы кезеңде қолға алынып, күні бүгінге дейін лайықты жалғасын тауып келеді. Асыранды кептердің арасында кезінде хат таситыны да болған. Сондай-ақ, адамдардың әуестігі үшін қолға үйретілген 150-ден астам түрі бар көрінеді. Бүгінгі күндері біздің елімізде отау құрған жастар кептер ұшырып, табиғатқа жанашырлығын білдіріп жүр. Бұл – қуанышты жағдай.
Ақ, сары, қара және қызыл құйрықты, түрлі-түсті құстар түсімен ғана емес, тұқымымен де ерекшеленеді. Бірі айдарлы, енді бірі етік киген тоты құсқа ұқсайды. Тіпті түрі экзотикалық құстарға ұқсайтындары да бар.
Кептерді бала кезден асырайтын жандардың бірі – Сарман Қайырбаев. Ағамыздың үйіне барғанымызда көгер­шіндер­іне жем шашып, солардың айналасында жүр екен. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, аспанда қалықтап ұшып жүргендеріне қарап ерекше әсерленіп тұрғаны бізді де қызықтырып жіберді.
– Орыс мектебінде оқыдым. Ол кез­дері өзге ұлт өкілдері көп еді кентте. 7-8 сы­нып оқып жүргенімде досымның үйіне бардым. Миронеди деген грек жігіті сол кездері кептер асырайтын. Көгершіндері көп болатын. Қызыққаным соншалық са­баққа деген ынта-ықыласым азайып, кө­гершін асырауға аңсарым ауды. Үйден тығып күріш апарып беретінмін. Бір күні әлгі досымның әкесі менің қатты қызығып жүргенімді байқап екі көгер­шін­ сыйға тартты. Сол кезде қуанғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Үйге әкеліп, тоңып қалмасын деп біресе пештің ішіне, біресе қолдан қорап жасап әлекпін. Міне, осылай оларды өсіруді қолға алдым. Қалай ұстауды, күтіп-баптауды сол кісі үйретті. Қазір оншақты түрінен 50-ге жуық данасын ұстаймын. Мал бағудан гөрі осы құсты асырауға бар ынта-ықыласым ауған. Шаршағанда осыларға қарап демаламын. Алысқа кетсем балаларымды сағынғандай қатты сағынамын, аш қалмады ма деп уайымдаймын. Апта сайын жуындырып, ауырса арнайы май жағып, тамақтарын, ауыздарын сүртіп, тазартып отырамын. Бірде жұмыстан келсем есік алдында көлік тұр. Ішінен екі жігіт шығып, өздерін таныстырды. Ақтөбе қаласынан келіпті. Көгершіндерімді көрсетуді өтінді. Бір ерекшесін ұнатып, бағасы қанша десең де сатып аламын деді. Осыдан бірнеше жыл бұрын 20000 теңге деген біраз ақша. Сонда жұп кептерді қуанып алып кетті. Арада 1 апта уақыт өткенде жаңағы Дмитрий есімді жігіт қоңырау шалып, жыламсырап тұр. Аналығын жоғалтып алыпты. Сізге қайтып ұшып бармады деп сұрады. Сатып алған адам бірінші аналығын үйрету керек. Олар махаббатқа өте берік. Аналығы жоқ болса аталығының да жағдайы болмайды, барған ортасына сіңісе алмайды, яғни бір-бірінсіз өмір сүруі қиын. Содан ол жігітті қайта шақырып тағы бір аналығын бергенім бар. Кептерлердің махаббаты ғұмырлық болады деген сөз рас. Өзіне ұрғашы жұбын таңдаған аталық кептер ешқашан басқа кептерге көз салмайды. Аналық кептер де солай, басқа аталықтарға көз салмайды. Ал аналық пен аталық кептерлердің бір-біріне деген адалдығы – мүлде басқа хикая. 2-3 сағат тоқтамай тіпті 8 сағатқа дейін ұшатындары бар. Олар тұмсығының, кекілі, аяқтары, мойындарының өзгешелі­гімен ерекшеленеді, бағалана­ды. Уақы­тымен жемін беремін. Тілдесемін, әрқайсысына арнайы уақыт бөлемін. Барған жерімде жақсы кептер көрсем бағасы қанша болса да алуға тырысамын. Жамбылда, Шымкентте көгершін асырайтын шеберлермен тәжірибе алмасып тұрамын. Олармен сөйлескен қызық. Балаларымның ішінде бұл құстың түрін асырауға қызығушылық жоқ. Ау­дандық аграрлы-техникалық колледж­де мастер болып еңбек етіп, зейнеттік дем­алысқа шықтым. Жыл сайын 1 ма­мыр – Бірлік мерекесінде 20-30 ақ кө­гершінді ұшаратынмын. Үйленіп жатқан жас жұбайлар, мектеп бітіретін түлектер сұрап келеді. Оларға қайта ұшып келетін, үйренген кептерлерді беріп тұрамын, - дейді ағынан жарылып.
Ал, тағы бір кент тұрғыны Абай Жұмабековті халықаралық көрмелерге сан мәрте қатысып, жүлделі орын алып жүрген, көгер­шін­ өсірудің нағыз шебері десек болады. Жақында ғана Алматы қаласында өткен көрмеде «Английского индиана» тұқымды көгер­шіні­мен І орынды қанжығасына байлапты. Көгершіндерге қызығушылығының арқасында біраз шет елді де көрген болып шықты бұл кісі.
– 90 жылдардан бері көрмеге барамын. Сол кезде-ақ Германияда көгершін өсіруді кәдімгі үлкен кәсіп түрі қылып бекітіп, тұрақты айналысады екен. Олар арнайы үй салып, сонда ұстайды. Ерекше бағалайды. Сонда олар бізден әлдеқайда дамып кеткен. 70-80 жастағы кәсіпқой айналысушылармен тілдескенде, тіпті біраз қызық жайттарға қанығасың. Біз әлі бұл құстың қасиетін толық сезініп үлгерген жоқпыз. Өте сезімтал, ақылды, иесіне адал құс. Қазір киіміңді ауыстырып қайта шықсаң, соның өзін аңғарып, таңырқап қарайды. Көз тисе, ауырып қалады. Құсшылардың оны өсірудегі түпкі сырына көпшілік үңілмейді. Олардың өмір сүру салтын түсінсеңіз, жаныңызды ұға алады. Бұл құсты асыраушыларды екіге бөлуге болады. Біреулері жәй қызығушылық үшін ұстаса, екіншілері сол жолда бәрін сарп етуге даяр. Олар нағыз құстың жанашырлары, – дейді ол.
– Мен өзімнің сырларымды көпке аша бермеймін. Қолым қалт етсе сырымды, мұңымды, ішкі ойларымды, алдағы жос­парларымды осы көгершіндеріммен бөліскенді жақсы көремін. Бұл достықтың сыры олардың үнсіздігінде шығар. Құс бағу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Көгершіннің нәзіктігін ұғыну үшін оларға жақын бола білу керек. Менің ең сенімді серігім әрі досым – құстарым. Оларды бағып, мәпелеп өсіру оның егесіне байланысты. Кейде сенің көңіл-күйіңді сезіп тұрғандай болады. Міне, осындай асыл тұқымды көгершіндерді тұрақты түрде өсіріп жатқаныма 20 жылдан асты. Тараздан, Алматы қаласынан әкелдім. Ақ пен қызыл түсті 30-ға жуық көгершінім бар. Бақыт құсын сатпаймын, кәсіп қылып көрген емеспін. Бірақ ең ет жақындарыма, түсінетін, бағалайтын жандарға сыйлыққа беретін кездерім болады. Қазір олар балапан басып шығаруда. Бидай, қара күріш, сафлормен тамақтандырамын. Тазалықты сүйеді. Көгершіндер – адам­дар­дың тілеулес достары. Ал, оларды көбейтіп бағу табиғатқа деген, құстарға деген құрмет, жанашырлық деп білемін, – дейді кент тұрғыны Оспан Досниязов.
Қара бұлтты жарып, мұхиттың арғы жағына ел тілегін алып ұшатын ақ көгершіндеріміз көбейе берсін, көбей­тетіндердің де қатары арта бергей!
Г.ӘМІРҚЫЗЫ.
18 қаңтар 2018 ж. 4 005 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031