» » » Оның мақаласынан өлеңге тән ырғақ пен пассионарлық қуат сезіледі

Оның мақаласынан өлеңге тән ырғақ пен пассионарлық қуат сезіледі


Жерлесіміздің кітабы жарық көргеннен кейін оның осы тақырыпта берген сұхбаттары көптеген БАҚ беттерінде кеңінен жариялануда. Белгілі жазушы Жадыра Шамұратовамен болған сондай шағын талқысын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Нұрсұлтан, ақынның публицистикасын зерттегенде өзіңіз үшін жаңалық боларлық не таптыңыз?
– Басты жаңалық бұл кітаптың ақын, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгерееваның публицистикасына арналған тұңғыш еңбек екенінде. Екіншіден, ақынның қоғамдағы келеңсіздіктерді, ұлт тағдырын жас кезінен-ақ қаймықпай айта білгені өзім үшін жаңалық болғаны сөзсіз. Сонау 1966 жылы жиырмадан енді асқан шағында жазған «Әуесқой артистердің табысы» атты алғашқы мақаласынан-ақ апамыздың азаматтық ұстанымын айқын аңғаруға болады. Бүгінде әйел пендесі түгілі, еркегің еңкейіп қалған бұқпантай заманда елдің мұңын бойжеткен кезінен бастап айта алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік десек те болады. Әсіресе, әйел заты үшін. Еңбекпен танысқан адам Ақұштап апамыздың публицистикасы – ұлт мүддесі жолындағы тынымсыз қаламгерлік күрестен тұратынын айтқызбай-ақ ұғады деп ойлаймын.
– Кітаптың аты неге «Ақ Жайықтың көз жасы» аталған?
– Баршаға белгілі, көзі қарақты оқырман, жалпы қазақ халқы Ақұштап апамызды «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» деп атайды. Иә, апамыз Ақ Жайықты өмiр бойы жырлап келеді. Сол Ақ Жайықтағы ел-жұрты оны «Ақ шағала» атандырды. Ақын ақ шағала жайлы да көп жазды. Ақ шағала деген құс өзi толқынға қарсы ұмтылып, қанатын суға соғып, жемiн тауып жейдi. Ол өжеттiктi көрсетеді. Ақ шағала құмда да жүредi. Шөлдейдi, бірақ шыдайды. Қанаты талса да, суға қайта оралады. Қаламгерге осы күш бердi. Ақынның өзі айтқандай, ақ шағала оның өлең-жырдағы бейнесі сияқты көрiнедi. Бұл – бір.
Азамат ақынның осы тақырыптағы «Ақ Жайықтың көз жасы» атты мақаласы бар. Сол мынандай жолдармен басталады: «Әңгіме құрған топтың арасында сәулетші Шота Уәлиханов ағамыз бейтаныстарға мені: «Ақ Жайықтың көз жасы» деп таныстырғаны бар…».Бұл жерде Ақұштап апамызды Шота ағамыздың «Жайықтың көз жасы» деп суреттеп, оған балауы тегіннен-тегін емес. Әңгiме аппақ келбетiмен ғана емес, жүрекжарды жырларымен, тiптi өзiнiң есiмiмен де ерекшеленiп тұратын ақын Ақұштап Бақтыгереева туралы ғой! Десе дегендей, қазақтың ақын қызының «Ақ шағала» атануы заңдылық. Жоғарыда айтқанымдай, Ақ Жайықты қаншама қазақ ақындары жырлағанымен, поэзия сүйер қауым негізінен Ақұштап Бақтыгерееваны «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атаған. Бұл шағаладай өскен жерін қимаған, елінің өзекті мәселесін жырлаған ұлтжанды, нәзік сезімді, батыл мінезді қайраткер ақынға берілген жоғары баға екенін қайталаудан жалықпаймыз.
«Әдебиеттен алыстау мамандықтың иесі оған сәл күлгені есімде. «Бұл өнер адамдары да ат қойғыш-ау, өзі – су, өзі – Жайық, оның көзінде жас бола ма екен, су да жылайды ма екен, тәйірі-ай» деген болатын. Иә, Жайық жылағанда қандай!..» – деп одан әрі ерекше тебіреніспен жалғасатын шағын ғана мақала оқыған жанды тебірентпей қоймайды.Себебі Ақұштап ақын үшін Жайық – жай ғана өзеннің аты емес, оның аялаған ардақты анасы. Ал туған топырақтың, туған жердің мәселесі – ұлттық мәселенің ең өзекті тұсы.
Біз Семей өңірінде атомдық жарылыстардың тоқтауына үн қосып, «Невада-Семей» халықаралық қоғамдық қозғалысына бастамашы болған Олжас Сүлейменовті, Арал проблемаларын көтерген, кеше ғана өмірден өткен Мұхтар Шахановты жақсы білеміз. Бұл тізімге бүгінде Жайық өзені проблемасын жаны шырқырап көтеріп жүрген қазақтың қайраткер ақын қызы Ақұштап Бақтыгерееваның есімін қосуға әбден болады. Себебі Ақұштап апамыз басылым беттерінде Ақ Жайықтың мәселелерін тұрақты көтеріп, мақалаларымен-ақ үнсіз қозғалыс жүргізген.
Осы тұрғыдан алғанда, кітаптың көтерер жүгі мен салмағын, атауын ақын апамыздың аталған мақаласының тақырыбы мен Шота ағамыздың оған арнаған теңеуі дәл ашатыны сөзсіз.
– Ақұштап апаймен арадағы анасы мен баласы әлде рухани серіктер дейік пе, осынау шығармашылық байланыс неден басталды?
– Иә, Алла Тағала менің тағдырыма екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін ерекше сыйды – Алаштың ардақтысына айналған Ақұштап ақынның туған баласындай болып, оған еркелей өмір сүруді жазыпты. Қаламгердің қамқорлығы туралы кезінде «Қазақстан әйелдері» журналының бетінде «Көңілі дархан, баршаға қамқор апа» деген жүрекжарды мақаламызда жан-жақты жаздым.
Қысқаша айтар болсам, ақ ерке Жайықтан қанат қағып ұшып шығып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған ақынның жырлары мен парасатты ғұмырына сыртынан қанық болсам да, Ақұштап апамен бетпе-бет жүздесудің, жақынырақ танысудың сәті осыдан тура үш жыл бұрын түсті. 2012 жылдың басында сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрлігі Астана қаласында ұйымдастырған республикалық шараға Ақұштап апа да Оралдан арнайы келіп, құрметті қонақ ретінде қатысқан болатын-ды. Сол уақытқа дейін бітімі бөлек, болмысы биік қоғам қайраткерімен сұхбаттасудың бір реті келмей-ақ қойған еді. Қиюы келіп тұрған осындай үлкен мүмкіндікті құр жібермеуге тырыстым да, кеш біткен соң Ақұштап апаның жанына таяндым. Таныстық, амандық-саулықтан соң, ақынға ойымды жеткіздім. Ақұштап апа қарсы болмады. Ертеңіне белгіленген уақытта Ақұштап апамен кездесіп, емен-жарқын әңгімелестік. Сан саланы қамтыған сұхбатымыз анық төрт сағатқа созылды. Қай кезде де туралықты айтып, әдiлдiктi сүйетiн ақынның кейде «тура айтам деп, туғанына да жақпай жүретiн кезi» аз емес. Соған қарамастан, қоғамдағы болып жатқан түрлi келеңсiздiктер мен әдiлетсiздiкке шыдап тұра алмай, кезi келсе сөзiмен болса да жөнге салғанды өзінің парызы санайтын ақынның өр мінезіне тәнті бола түскен едім сол сұхбатта.
Сұхбатымыз аяқталған соң, ақын апа өзім туралы, қай елден екенімді сұрастырып, өзімнен «сұхбат» алуға көшті. Сонау Сыр елінен елордамызға арман қуып келіп, өз нанын өзі тауып жеп жүрген студент екенімді естігенде, ақын апа: «Енді сен менің ұлым болдың» деп маған үлкен қолдау білдіріп, қадамыма сәттілік тіледі. Маған арнап шығарған бір шумақ өлеңін жазып, өзінің «Ақ шағала» атты кітабын сыйға тартты.
Міне, «қазақ жырының ақ шағаласы» атанған ақын апамен осылай басталған таныстығымыз кейіннен аналы-балалы адамдардай үлкен сыйластыққа ұласты. Ақын апа Астанаға әр келген сайын: «Балам, қайдасың?» деп хабарласып, іздеп тұрады. Әрі: «Жақында мынандай жақсы кітап қолыма түсті. Сенің де оқып шыққаның дұрыс. Артықтық етпейді», – деп түрлі кітаптарды әкеліп береді. Елордамызда өткен түрлі мәдени іс-шаралардан, кездесулерден, әдеби кештерден, сұхбаттардан қолы қалт еткенде, өзі тоқтаған үйіне шақырып: «Әке-анаңнан, өз үйіңнен алыста жүрген баласың ғой. Ауылдың, үйдің, анаңның қолынан шыққан тамағын сағынған боларсың», – деп өз қолымен тамақ пісіріп беретін көңілі даладай дархан апа шынымен де анамдай қамқор болып жүргенін несін жасырайын? Жақсы мақала немесе сұхбат оқыса, ұялы телефоныма дереу қоңырау шалып: «Мынандай газетке мынандай тақырыпта мақала жарық көріпті. Оқыдың ба?» – деп ойымен бөліседі. «Еліміздің ертеңі – жастар. Қазақтың болашағы сендердің қолдарыңда» деп әрқашан санамызға құйып отыратын Ақұштап апаға кез келген уақытта арқа сүйеп, ақыл сұрағанымызда қолынан келген көмеген аямайтынын қалайша айтпай кетуге болады? Талай қиналған сәттерімізде сөзімен дем беріп, қуанышымызға бірінші болып ортақтасатын апаның қазақтың талай көзі жәудіреген жетімдері мен қаншама талантты жастарына қамқор болып жүргенін мақтанышпен айтуға болады.
– Кейде қоғамның қисық жағын айтқандар ұнамай жатады, осыған қатысты сіздердің екеуіңізге ортақ бір жағдай болған екен, сіз университеттен ауысуға мәжбүр болғансыз ба, сол жөнінде айтып өтсеңіз.
– Ақынмен алғашқы рет танысып, одан алған сұхбатым «Қазақ қалада құлға айналғанша, далада мал баққаны артық…» атты тақырыппен жарық көргенде бәріміз «таяқ» жегенбіз. Апамызға «жоғары жақтан» тынымсыз қоңыраулар соғылып, түрлі ескертулер айтылды. Өзіміз оқудан қуыла жаздадық. Сұхбатты жариялаған, «Жазбасаң – саған серт, баспасаң – маған серт» деген ерекше ұран ұстанған Төлемырза Темірбекұлының «Төртінші билік» газеті бірнеше жыл қатарынан мемлекеттік тапсырыстан қағылды. Бір қызығы, осындай жағдайлар орын алғанына қарамастан, аталған сұхбатымызды көптеген басылымдар көшіріп басып, ақынның кейбір дәйексөздерінен үзінділер беріп жатты.
Кейіннен басқа да жағдайлар қосылып, мен оқудан ауысуға мәжбүр болдым. Сонда Ақұштап апамыз көмекке келді. Осы жағдайлар бүгін тұсауы кесілген кітаптың «Әлсіз» мақалаларымен ұлт сөзін айтқан» айтқан бөлімінде егжей-тегжейлі жазылған.
– Оқырман бұл кітаптан не түйеді деп ойлайсыз?
– Көзі қарақты оқырман бұл кітаптан сонау кеңестік дәуірден бастап ел тағдырына арналған жазбаларды, әр жылдардағы қоғам келбетін көреді. Сәйкесінше, әркім өзінше ой түйеді деген ойдамын. Ақ Жайықтың, Нарын құмының ғана емес, тұтас қазақ елінің басынан өткізген қасіретті кезеңдері, тарихы, ақынның ұлттық мүдде мен болмыс, қазіргі қазақ қоғамындағы құлдыраған, құнсызданған рухани құндылықтар, тіл тағдыры, ұлттық тәрбие, оның ішінде, қыз тәрбиесі, ел болашағы жолындағы күресі оқыған адамның жігерін жанып, өзгеше көңіл-күй сыйлайды. Қашан да қоғамдық ойлардың ұйытқысы болған ақынға арналған еңбектің алғысөзін оны жазған профессор Серік Негимов ағамыз: «Ақұштаптың азаматтық жазбалары – қазақ қоғамының құбыланамасы» деп атапты. Меніңше, маған бұдан артық теңеу табу қиын секілді.
– Жалпы ақын адамның публицистикасы деген нені білдіреді? Апай көтерген, бастамашы болған жайлардың жүзеге асқаны бар ма?
–Бұл айтқаныма біреулер келісер, біреулер келіспес. Десек те, ақын жазған публицистика өзгелерден ерекшеленіп тұратын секілді. Себебі онда эмоция басым болады. Ақын публицист ретінде фактілерді «ойнатып» қана қоймайды. Ол кез келген әлеуметтік мәселені жүрегінен өткізіп, бейнелі теңеулермен, метафоралармен жеткізеді. Оның мақаласынан өлеңге тән ырғақ пен пассионарлық қуат сезіледі. Өткенде «ақын публицистикасы – өлеңмен айтылмаған ақиқат» дегенді оқығанмын. Бұған да келісуге болатын секілді: егер ақынның жыры оның сезімі болса, публицистикасы – оның азаматтық жан айқайы мен интеллектуалдық күресі.
Ақұштап апамыз бастамашы болған көптеген жайлар жүзеге асқаны шындық. Бір ғана мысал. Жұбан ақынның еңселі ескерткішін Орал қаласында орнату үшін бір емес, 1997 жылдан бастап үзбей мақалалар жазыпты. Сонау солақай саясаттың өзінде «Мен – қазақпын!» деп Колбинге қасқая қарсы тұрған ақынның насихаты азайып кеткен кезде, өзі бас болып «Жұбан» поэтикалық драмасын жазып, сахнаға алып шықты. «Қазақ қызын ұлт болып тәрбиелемесек, біз ұлттық болмысымыздан айырыламыз ба деп қорқамын. Қыз тәрбиесі – ұлттың болашағы» деп жазып қана қоймай, туған жерінде «Қыздар мектебін» ашып, болашақ аналардың тәрбиесіне қатысты дәрістер оқыды. Сол дәріске қатысқан бір қарындасымыздың: «Апа, сіздің айтқан әңгімелеріңізден кейін адасып жүргенімді түсіндім. Өзімді таптым, жаман әдеттен тыйылдым. Рахмет, сізге» деп ақынға жазған хабарламасын оқығанмын. Ақын әр мақаласында, жазбасында айтатын «Заң мен тәртіп» қағидатын Мемлекет басшысы өзі бастап қоғамда берік орнықтыруға күш салып жатыр. Әрине, ол үшін көп уақыт пен жігер, қоғамның белсенділігі қажет екені айтпаса да түсінікті. Бастысы, алғышарт жасалды. Ендігі кезекте ақын айтқандай, «Көк туымызға көлеңке түспеу» үшін, «Әділетті Қазақстанды» құру үшін, адалдық ұғымы халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін әркім өзінен бастауы, ойлануы керек. Ақын публицистикасының бір парасы осыған жетелейді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жадыра ШАМҰРАТОВА,
жазушы
02 мамыр 2026 ж. 57 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10500)

01 мамыр 2026 ж.

№31 (10499)

28 сәуір 2026 ж.

№30 (10498)

25 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 013
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 631

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031