» » Халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысты

Халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысты

Жыл сайын Астана қаласына көктеммен бірге кітап көшіп келгендей керемет күй сыйлайтын кітап апталығы болады. Кәдімгі кітап тойы, кітап қуанышы, кітап мерекесі. Биыл да 5 күнге созылған «Astana Eurasian Book Fair – 2024» Еуразия халықаралық кітап-көрме жәрмеңкесі осымен жетінші рет өткізілді. «EXPO Конгресс орталығын» дүбірге бөлеген шараның негізгі ұйымдастырушысы – жыл сайын жүздеген әлемнің үздік туындыларын қазақ тілінде аударып, шығарып келе жатқан «Фолиант» баспасы.
Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, отбасымен бірге кітап оқуды насихаттау, жастардың оқырмандық талғамын қалыптастыру, оқырмандарға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің ең жақсы заманауи ассортиментін ұсыну, әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесімен алмасу, халықаралық баспалармен байланыс орнату және баспа ісіндегі жетістіктерді көрсету мақсатында ұйымдастырылған Орталық Азиядағы теңдессіз мәдени жобаға Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания және Қытай мемлекеттерінен баспа, кітап сату, танымдықғылыми білім беру және полиграфиялық қызметтерді ұсынатын 70-ке жуық компания қатысты.
Көрме қонақтары мен қатысушылары жетекші қазақстандық және шетелдік баспалардан балалар әдебиеті, көркем әдебиет, ғылымитанымдық әдебиеттердің тұсаукесеріне, белгілі ақын-жазушылармен қолтаңба-сессияларға, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланған дөңгелек үстелде бас қосып, күн сайын оқырман алаңында кітап оқу, шеберлік сыныптары және тағы басқа да қызықты іс-шаралардың куәгері болды.
Жаңа кітаптардың биылғы таныстырылымында Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» естелік-эссе кітабы, Сауытбек Абдрахманов аударған арабтың «Бейбарыс» халық романы, Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл», Ұларбек Дәлейдің «Жошы хан», Аягүл Мантайдың «Уақыттың көз жасы» және басқа да ондаған автор кітаптарының тұсаукесері ұйымдастырылды.
Аталған халықаралық Еуразия кітап жәрмеңкесіне жерлесіміз, Ақпарат саласының үздігі Нұрсұлтан Мықтыбаев арнайы қонақ ретінде шақырылып, «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, мемлекет және қоғам қайраткері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» кітабының тұсаукесерінде өзінің естеліктерімен бөлісті. Айта кетейік, Нұрсұлтан ақынның аталған кітабын алғашқы күннен бастап компьютерге теріп қана қоймай, оның корректоры, баспа редакторы болған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін белгілеу, кітап оқуды насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажеттігін баса айтып өткенін білесіздер. Осы мақсаттың үдесінен шыққан жәрмеңке кітапсүйер қауым үшін дәстүрлі мерекеге айналды. Себебі, олар өздерінің сүйікті ақын-жазушыларымен кездесіп, қолтаңбасын алып, кез келген кітапты баспа бағасымен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Осы жәрмеңке аясында ұйымдастырылған «Ақ шағала» атанған ақын Ақұштап апамыздың «Менің Фаризам» естелік кітабының тұсаукесері ерекше әрі әсерлі өтті. Өйткені, Фариза Оңғарсынова мен Ақұштап Бақтыгереева – таныстырып жатуды қажет етпейтін есімі елімізге белгілі ақындар. Осы тұрғыдан алғанда, аталған естелік-эссе кітапқа жұрттың қызығушылығы басым болды. Әлі күнге дейін есімде, «Менің Фаризамның» алғашқы бөлімі 2016 жылдың қаңтарында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Жұрт дүр сілкіне қабылдап, қоғам пікірі екіге жарылды. Бірақ, естеліктің оныншы бөлімінен кейін аталған басылым белгілі себептерге байланысты эссені одан әрі жариялауды тоқтатты. «Қазақ әдебиетінің» әр нөмірін асыға күтетін оқырман қауымнан телефон қоңырауы жиіледі. «Жалғасын қайдан оқуға болады?» деген сауалдан аяқ алып жүре алмай қалдық. Естелікті компьютерге теріп, басылымға ұсынып жүргенімді білетін таныстарым оның алғашқы бөлімі шыққан күннен бастап-ақ «Келесі бөлімі қашан шығады?» деп мазамды алатын. Кейбір кісілер оны айыптап, кереғар пікір айтатын. Шындығында, оның келесі бөлімінде не айтылатынын бастапқыда өзім де білмейтін едім. Ақұштап апа маған кейде естелікті өз қолымен жазып беретін, кейде ұялы телефонға хабарласып, айтып отыратын (диктовка жасайтын). Ақыры жұртшылықтың сұрақтары мен пікірі көбейіп кеткен соң, Ақұштап апамен «Менің Фаризам» – жастық пен достықтың көңілде сақталған өшпес суреті» атты сұхбат дайындап, сол 2016 жылдың 24 желтоқсанында «Айқын» газетінде жарияладық. Осы сұхбатта Ақұштап Бақтыгерейқызы өзінің естелігі жөнінде айтылып жүрген алыпқашпа әңгімелер мен қоғамның бүкіл сауалына жауап берді. Кейіннен оқырман қауымның сұранысы артқан соң, естеліктің жалғасын 2017 жылдан бастап «Қазақстан әйелдері» журналының бетінде жариялап жалғастырдық. Міне, араға 8 жыл салып, «Менің Фаризам» естелік-эссесі Ақұштап апамыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында өз алдына жеке-дара кітап болып басылып шықты, – дейді Нұрсұлтан бізбен әңгімесінде.
Н.Ертуғанұлы «Менің Фаризам» кітабының тұсаукесерінен кейін, оның авторы Ақұштап Бақтыгереевамен бірге оқырмандарға қолтаңба беру рәсіміне қатысып, халықаралық кітап көрмежәрмеңкесінен алған әсерімен бөлісті.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
14 мамыр 2024 ж. 5 253 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 329

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 419

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930