» » Халықаралық дәрежеде тұсауы кесілді

Халықаралық дәрежеде тұсауы кесілді



Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылған, 37 шетелдік, 43 отандық баспаның басын қосқан, Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың біріне айналған «Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде оқырман үшін жаңалық көп болды. Соның бірі –жерлесіміз Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы» атты кітабының таныстырылымына зиялы қауым көп жиналды. Өйткені бұл кітап Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың және «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгереева публицистикасына арналған тұңғыш әрі жан-жақты зерттеу еңбегі болып отыр. Тұсаукесер рәсіміне келушілер автордан бөлек, ақынның өзімен жүздесу құрметіне ие болды. Ал кештің тізгінін танымал жазушы Жадыра Шамұратова ұстады.
«Фолиант» баспасынан әдемі дизайнмен жарық көрген аталған кітаптың өзіндік үш ерекшелігі бар: біріншіден, қалың оқырманы сонау алпысыншы жылдардан бері қазақ әйелінің бейнесін асқақтатқан поэзиясы ерекше сыршылдықпен, сезімталдықпен өрілген ақын деп таныған адамның публицистикалық қыры көрінген еңбек. Екіншіден, атауы ерекше: әдетте біз көз жасы дегенде қуаныштың көз жасы деген тіркес еске түседі. Бұл жерде Ақ Жайық жағрапиялық атау ғана емес, ол – ел, халық, оның арғы жағында сол елдің мұңы мен мұраты, шері мен шамырқанысы жатқаны анық. Сонымен бірге кітаптың екі авторы бар деуге болады. Біріншісі – ұлт тағдыры туралы қалам тербеген ақынның өзі болса, екіншісі – қаламгердің әр жылдары түрлі басылымдарда жарық көрген мақалаларын негізге ала отырып, тақырыбының өзектілігі мен айтар ойы, ұлттық мүдде мен болмыс, қазіргі қазақ қоғамындағы рухани құндылықтар, тіл тағдыры, ұлттық тәрбие мен экологиялық мәселелер тұрғысынан жан-жақты талдап, саралаған, публицистің азаматтық ұстанымы мен қаламгерлік үнін, ұлттық келбетімізді сақтау жолындағы күресін қарапайым тілде баяндап, ақынның өткір пікірлері мен пайымдауларынсараптаған Нұрсұлтан Мықтыбай.
Руханият пен әлеуметтік мәселелер жайын тоғыстырған әдемі әдеби жиында алғаш болып сөз алған қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгереева айрықша тебіреністе отырғанын жеткізді:
– «Ақ Жайықтың көз жасы» деген менің мақалам еді. «Неге олай деп жаздыңыз?» деп сұрап жатыр жаңа жастар жағы. Ақ Жайықтың қарапайым түсінікте көзі жоқ өзен екені рас. Бірақ Ақ Жайық және қазақтың басқа да жерлері жылайтыны рас. Оны неге жасырамыз? Қалай жыламайды Ақ Жайық? Ол жерде 40 жыл бойы полигон жасады, 40 жыл бойы ядролық жарылыстар болды. Жәңгір хан отырғызған сыңсыған орман бір күнде жоқ болды. Қырық жыл бойы баққан малы арам өлді, баласы ауру туды. Шын мәнінде, Ақ Жайықтың жыламаған кезі жоқ. Әлі де буырқанып, ішінен тынып, ебіл-себіл болып жатыр. Менің бір таңғалғаным, студент кезінен жанымда жүрген, әдебиетке құмар, сонау Сырдың бойында қазақтың аталы сөзіне сусындап өскен Нұрсұлтан балам менің барлық жазғандарымды, тіпті, өзімде жоқ мақалаларымды жинап, оны зерттеп, зерделеп, әбден саралапты. Ол мақала неге жазылды, астарында не жатыр, оқырманға бәрін қарапайым тілде түсінікті етіп ұсынып отыр. Бұл кітаптың ішінде ұлт тағдыры бар, қазақтың басынан кешіп келе жатқан тауқыметі жатыр. Мұнда «Үш мың шақырым созылып жатқан темір жолдың бойында әлі күнге дейін самса сатып жүрген қазақ әйелдерін көремін, солардың бағы қашан ашылады?» деген жанайқайым бар. Иә, сол жылдар қазақ қызы қараусыз қалып, өз бетінше өсті, аналары базар жағалап кетті. Мектеп ашу, тәрбие сағатын жүргізу менің арманым еді. Оны қолдаған кім бар? Қоғамдағы болып жатқан келеңсіздіктер өлеңге сыймаған кезде публицистика етіп жаздым. Аға ұрпақ туралы кейінгі буынның қалам тербеуі, жастардың көңіл бөлуі – мен үшін қуаныш. Әсіресе, Нұрсұлтанның осындай үлкен еңбек жасағанына ана ретінде алғысым шексіз, – деді «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын ағынан жарылып.
Жалпы кейінгі буынның алдыңғы буынды іздеуі, оның шығармашылығын өзі қызығып зерттеуі, жазғанына құрметпен қарауы сирек жағдай емес. Дегенмен, автор Н.Мықтыбай бұл кітапты жазуды қолға алуына не түрткі болғанын ерекше естеліктермен жеткізді.
–  Шынымды айтсам, бұл кітап осыдан 5-6 жыл бұрын жарық көруі тиіс болатын. 2017 жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ақұштап Бақтыгереева публицистикасындағы ұлттық таным мәселелері» атты дипломдық жұмыс қорғадым. Ол ақын публицистикасының бір бөлігі ғана болатын. Содан бастап апамның көсемсөздеріне деген қызығушылығым басталды. Бұрын ақын ретінде ғана танитын жанды енді публицист ретінде тани бастадым. Қаламгердің замана шындығын, қоғам келбетін тап басқан мақалалары мені қатты толғантты. Сол дипломдық қорғауға зерттеу нысаны – Ақұштап апамның өзі келіп қатысты. Қорғау жұмысына зерттеу нысанының келуі бұрын-соңды болмаған жаңалық еді. Сонда балалығым ба, әлде Алла аузыма сөз салды ма, апама көптің көзінше: «Сіздің публицистикаңызды тереңінен, мүлдем басқа арнада зерттеп кітап етіп шығарамын» деп уәде берген едім. Сол уәдемді 9 жылдан кейін енді орындап тұрмын. «5-6 жыл бұрын жарық көруі керек еді» деп отырғаным осы. Ең болмағанда, қаламгердің 80 жас мерейтойына орай шығарамын деп ойлағанмын. Одан да қалыс қалды. Ол жалқаулығым емес, публицистің әлі де жаза түсетініне, ұлттық мәселелерді қаузайтынына сенгендігімізден еді. Бірақ, «ештен кеш жақсы» дейтін халықпызғой. Осы тұста кітапты шығарып, көпшілікке ұсынған «Фолиант» баспасына зор ризашылығымды білдіремін, – деді ол.
Осыдан соң кеш қонағы Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, белгілі жазушы, кинодраматург, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, «Айбоз» ұлттық сыйлығының лауреаты Айгүл Кемелбаева кітаптың тұсауын кесіп, ақ жол тіледі.
Салтанатты рәсімнен кейін сөз алған қаламгерлер ұлттық мүдде, тіл тағдыры, рухани құндылықтар мен экология тақырыптарын қозғаған ақын публицистикасының өзектілігі мен қоғамдық маңызына тоқталды.
– Ақұштап қаламынан туған мінсіз дүниелер – оның қоғам қайраткері ретіндегі азаматтық болмысын, ұлт алдындағы жауапкершілігін жан жүрегінен тулап шыққан шындыққа суарылған сөздері арқылы айқындайтын өзінше өзгеше әлем. Қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі өз алдына, ағартушылық және тәрбиелік мәні, қоғамның көзі мен құлағындай халық пен билік арасындағы алтын көпір іспетті әлеуметтік бақылау сипаты, өз дәуірінің үніне айналуы тұрғысынан оның көшелі, зерделі мақалалары қоғамдық, әлеуметтік маңызға ие. Ақын жазбаларынан ұлттық рухты айқын танытуға деген ұмтылыс, зор құштарлық – ынтызарлық сезіледі.Ақұштап публицистикасын ақпарат тарату құралындағы кезекті мақала емес, қоғамдық ойдың айнасы және тарихи құжат ретінде зерттеу нысанына айналдырып отырған Нұрсұлтан Мықтыбайдың қолыңыздағы «Ақ Жайықтың көз жасы» атты кітабы теориялық негіздемесімен, жазушының тілдік ерекшелігін жүйелі, жан-жақты, толық талдап зерделеуімен қымбат. Бұл – Ақұштап Бақтыгереева жазбаларының қоғамдық сананы қалыптастырушы зияткерлік күш есебінде ғылыми ортада мойындалуы деген сөз. Журналистика, филология, саясаттану ғылымдарының түйіскен жеріндегі күрделі процесс саналатын бұл көсемсөздер – газет-журнал материалдары арқылы белгілі бір кезеңдегі қоғамның көңіл-күйін, әлеуметтік мәселелері мен қоғамдық-саяси көзқарасын айқындайтын көшбасшылық, стратегтік кемел идеяларға ие дәуір дауысы, ғасыр құбыланамасы.«Менің қаламым – тек сезімнің құралы емес, ол – шындықтың қаруы» деген ұстаным Ақұштап көсемсөздерінің темірқазығы, беломыртқасы іспеттес. Қоғамдағы оқиғаларға бей-жай қарамайтын, ақиқат шындыққа суарылған өткір ойлар, шынайылық пен қайсар мінез, батылдық пен қаһармандық рух сұңғыла оқырманды ойлантады. Бұл батылдық, жігерлілік болмаса, Алланың ақ жолында жүрмесе, адамшылықтың түзу жолын ұстанбаса, ол қалайша ақиқатты іздер еді, қалайша ұлт сөзінің айнасындай алғаусыз ақтарылып жазар еді?! – деді жаңа кітап жайында толымды пікір білдірген профессор Серік Негимов.
Ал ақынҰлықбек Есдәулет кезінде Ақұштап Бақтыгерееваның қайраткерлік бейнесі туралы ұтымды сөз айтқан Әбіш Кекілбаевтың баяндамасын еске алып, мұндай адамның тұлғасын, бейнесін ашатын дүниелер кейінгілер үшін керектігін алға тартты. Жазушы Айгүл Кемелбаева болса: «Нұрсұлтан Ақұштап апайдың азаматтық позициясын, ер азаматтардан кем соқпайтын қайраткерлігін зерттеп, зерделеп жазған екен. Бұл кітап резонанс тудырады, өйткені қазіргі геосаясат үстем заманда тойшыл, бейқам қазақ қоғамы үшін маңызы ерекше зор деп білемін. Үлкен әдебиетте, проза, поэзия жанрында өзіне ғана тән дара үнің болуы биік бағаланса, ол ерекшелік Ақұштап ақынның шығармашылық қазынасында бар. Ақұштап апай – менің де кейіпкерім. Мен ақын өмірінен алып екі әңгіме жаздым және Ақұштап деп өз есімімен жаздым. Нұрсұлтан Мықтыбайдың мына кітабы деректі, зерттеу жанрының еншісі болса, менікі көркем проза.Әдетте шығармашылық тұлғалар туралы зерттеулер, мақалалар жазылады. Мен ұмытыла бастағандай сезілетін тенденцияны жаңғыртып, дарынды адамдар туралы көркем проза жаздым. Мысалы, осы залда отырған Ұлықбек Есдәулет, Серік Негимов, Дәулеткерей Кәпұлы тәрізді шығармашылық иелерінің прозалық образын неге жасамасқа?!» деп жас жазушыларға ерекше идея ұсынды.
Жалпы бұл тұсаукесерге Алматы, Орал қалаларынан арнайы келіп қатысқан жандардың қарасы қалың болды. Солардың бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, әнші, композитор Сәуле Жанпейісова А.Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Кіммін мен?», Н.Мықтыбайдың сөзіне жазылған «Ақұштап – ақ шағала» атты өзінің авторлық әндерін орындап, кештің ажарын аша түсті.
Әдеби жиынның соңы автограф-сессияға ұласты. Ақын мен автордан қолтаңба аламыз дескен оқырмандар легі бір толастамады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ

02 мамыр 2026 ж. 36 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10500)

01 мамыр 2026 ж.

№31 (10499)

28 сәуір 2026 ж.

№30 (10498)

25 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 013
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 631

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031