ҰЛТТЫ ТАНЫТҚАН 100 ТУЫНДЫ
Биыл алғаш рет 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленіп, осы айтулы күнде қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауға бағытталған «100 кітап» сауалнамасы басталған болатын. Үш ай бойы жалғасқан бұл жобаға 100 мыңнан астам адам қатысып, өз таңдауларын білдірді. Сауалнама нәтижесінде елдің әдеби талғамы айқындалып, тізім Ұлттық құрылтайдың ресми сайтында жарияланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында кітап оқудың және баспа ісінің ел болашағы үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол тек кітап оқитын ұлт қана өркениетті әрі зияткерлік деңгейі жоғары қоғамға айнала алатынын айтқан еді.
Осыған орай аудандағы «Руханият орталығында» республикалық «KitapTime – 2025» кітап фестивалі аясында ел руханиятында елеулі орын алған «100 кітап» жобасына енген шығармалар негізінде «Ұлтты танытқан 100 кітап» тақырыбында тағылымдық кеш өтті. Фестивальдің басты мақсаты – кітапты кеңінен насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты арттыру, көркем әдебиет арқылы жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталды.
Фестиваль аясында кітапхана жүйесінің белсенді оқырмандары мен жасөспірімдер «100 кітап» тізіміндегі шығармалардан үзінді қойып, поэзиялық монологтар мен көркем әндерді орындады. Оның ішінде Т.Көмекбаев ауылдық кітапханасының оқырмандары Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасындағы Ләйләнің монологы оқырман жүрегіне жетті. Сонымен қатар Қуаңдария ауылдық кітапханасының оқырмандары Мұқағали Мақатаевтың «Жетімдерміз» шығармасына арналып қойған көрінісі жиылған көпшіліктің жанарына жас үйірді. Иә, тағдырды кейде таңдай алмаймыз. Жетім қыздардың рөлін сомдаған мектеп оқушылары өз образдарын ойдағыдай алып шықты. Біз әркез мейірімге мұқтажбыз. Ал жетімдердің тағдыры тым ауыр...
Ал Ақай ауылдық кітапханасының оқырмандары Тәкен Әлімқұловтың «Қара ой» шығармасын сахналағанда кеш қонақтары құдды театрда отырғандай күй кешті. Олардың тіл тазалығы, сөйлеу мәнері, кейіпкер болмысын аша алуы, бәрі-бәрі ерекше үйлесім тапты. Алдашбай ахун ауылдық кітапханасы оқырмандарының Ғ.Мүсіреповтің шығармаларынан Ұлпанның монологын да көркем орындады. Осылайша кеште әдеби сахналық қойылымдар көрермен жүрегінен орын алып, көркем өнер мен рухани мазмұнды сәттер үйлесім тапты.
Жиын соңында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков кітап оқуды насихаттауды мақсат тұтқан жиын өз үдесінен шыққанын тілге тиек етті.
– Бұрындары үлкен кісілер жадырап, шаттанып қалған сәтінде «бүгін бір жасап қалдық» дейтін еді. Расымен де бүгін сондай жасап қалып отырған жағдайымыз бар. Жас бүлдіршіндердің әрқайсысы әртүрлі образға кіріп шығармаларды суреткерлік әдістерімен сан қырлы тұстарынан ашуға тырысты. Жалпы кітаптың қоғамның, адамның дамуына әсері өте күшті. Президентіміз кітапхана жүйесінің уақытын бекерге ұзартқан жоқ. Осының барлығы рухани байлыққа әкеп тірейді. Қазір жасыратыны жоқ, рухани байлық жұтаңдады деуге келіп тұр. Өйткені сақтан қалған салтымыз, ғұннан қалған ғұрпымыз бен түркіден қалған жұртымыздың барлық қазақтың бұрынғы салт-дәстүрін ұмыттық. Жаңару, жаһандану деп кітап оқуды, ұлттық дәстүрімізден ажырадық. Мұның келешекке деген үлкен қатері бар. Сол себепті кітап көбірек оқылса екен деймін. Барлық ақыл-парасат кітапта, – дейді ол.
Мұнан соң орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниева сөз сөйлеп, барша фестивальге қатысушыларға ризашылығын білдіріп, оқырмандарға Алғыс хаттар табыстады.
«100 кітап» – бұл тек әдеби жоба ғана емес, бұл – келешек ұрпақтың рухани бағытын айқындайтын, ұлттық құндылықты ұлықтайтын маңызды бастама. Кітапханада алдағы уақытта жоба аясындағы кітаптар бойынша талқылаулар тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ