» » » Төребай би кім болған?

Төребай би кім болған?


Советтік кезеңде ауыл, қала аттары большевиктер партиясының көсемдерінің атымен аталатын. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап ұлттық сана сезім өзгере бастады. Қазақи салт-дәстүрлер өмірге келді. Елді мекендердің атауы өзгеріп, халқымызға белгілі батырлар, билермен қоса белгілі тұлғалардың есімдері беріле бастады. Баяғы майда колхоз кезінде Микоян, Каганович, Карл Маркс, Ворошилов, Ленин, Калинин, Сталин, Энгельс деген аттар алынып тасталып жатты. Осы кезеңдерде 1993 жылы болуы керек, бір топ жігіттер келіп, ол кезде Ашабек директор, кабинетіне шақырып жатыр деген соң барсам, Әбдірей Бөрібаев, Піртаза, Әблемет, Тұрман, Жазықбайлар отыр екен. Әбдірей сөз алып: «Берісі аудан, одан асып бүкіл кіші жүз жұртына аты белгілі Төребай бидің атын осы ауылға берсек қалай болады?» деп сөзін аяқтады. Отырған ауылымыздың ақсақал-қарасақалдарынан жұлқынып ешкім сөйлей қойған жоқ. Біршама тыныштықтан кейін сөз алып пікірімді былай жеткіздім: «Құрметті қатысушылар, кеңестік қысым бұғауынан құтылған елімізде өткен ұлы тұлғаларымызды ұлықтау, олардың есімдерін ауыл, елді мекендерге беру басталып кетті. Осы кеңшар орталығын анықтауда Мәлік ақсақалымыз қатысқанын білеміз. Жалпы Жосалы кеңшарына берілген Көктабан, Тораңғыл, Ұзақ мешіті, Жырық Теңізбай, Қызылжарма, Үсентай ағашы деген жерлер кеңес өкіметіне дейін де Ерназар Қаратамыр аталығының ата қонысы болған. Сондықтан да атағы үш жүзге мәлім болған, қара қылды қақ жарған, тура би болған атамыздың атын алуға қарсы емеспін» дедім. Жосалы деген бір төбешік. Алыстан мен мұндалап көрініп те тұрған жоқ. Оның үстіне ғасырлар аталып келе жатқан «Жосалы» теміржол стансасы бар емес пе? Әрине Төребай би деген кім, ол кісінің біздің ауылға қандай қатысы бар деген пікірлер де болды. Қорытындылай келіп, Төребай бидің есімін алуға келісілді.
Төребай би Пішанұлы 1848 жылы Сыр бойы Қармақшы өңіріндегі «Бекет», «Ақши» аралығындағы көшіп-қонып жүрген елдер ішінде туып, ер жеткен қазақ биі. Ол кісі мына шеті Қазалы, Ырғыз, екінші жағы сонау Тамды, Ақмешіт аралығындағы байтақ елге билік жүргізген ел ағасы. Төребайдың еліне жасаған қызметі көп, әрі батыр, халқының қамқоршысы болған. Әділдігімен «Тура биде туған жоқ» деген атақ алған, досына жаз, дұшпанына қаңтар болған, «өй» дегенде аққан су ағысын тоқтатып, дүйім жұрт қоғадай жапырылатын жан болған.
1904 жылы Қорқыт ата маңында теміржол жүріп жатқанда Төребай би Орынбор генерал-губернаторына осы бекеттің Қорқыт атаның атымен аталуын сұрап хат жазған. Содан осы кезге дейін Қорқыт стансасы болып аталып келеді. Тағы бір әңгіме Орынбор жерінде өтетін жәрмеңкеге Сыр елінің халқы жылда барып тұратын. Ресейліктер халықтың ерсілі-қарсылы жүруін жақтырмай тыйым салады. Халық губернатордан рұқсат алып бер деп Төребай биге айтады. Қасына тілмаш ертіп, Орынбордағы губернаторға барып, кең көлемді жолдың шекарасын белгілеп, картаға түсіріп, рұқсат алып беріпті.
Төребай би өз замандастары арасында зор беделге ие болған адам. Билік жасауда құн дауы, жесір дауы, жер дауы, ар дауына байланысты төрелігі туралы ел аузында әңгімелер жетерлік. Төребай бидің аталары шынжыр балақты тектілер. Әкесі Пішанның бейіті үйтам етіп салынған Нұрада Талас, Қан қазған, Бәйбіше тауларынан қашық емес, Шұрық деген жерде. 1959 жылы құдық қазып жүрген кезімізде көрген едім, 1980 жылы Төребай бидің әкесі екенін білдім.
Сыр өңірінің көрнекті ақыны, жырау Базар Оңдасұлы Төребай бидің жалғыз ұлы қайтыс болғанда айтатын көңіл қосында Төребай бидің тектілердің жалғасы екендігін мына өлең жолдармен көрсеткен екен:
«Атаңыз тегдар сығайдан,
Анаңыз асыл құмайдан,
Екі асылдың сұлыбынан
Сәтті күні бінә ғып
Жаратты жаппар ылайдан.
Дабылың асқан ер едің,
Түркістандық крайдан» дейді.
Төребай би 1911 жылдың қысында 63 жасында қайтыс болады. Бейіті Қорқыт ата қорымында.

Нарыққа көшу, тұрақтылық, келешекке үміт

Социалистік қоғамдық меншіктен нарықтық жеке меншікке өту оңай болған жоқ. Әсіресе бұл өзгеріс ауылшаруашылық саласына көп қиындық әкелді.
Жоғарыдан келген нұсқаудың бәрі бөлініңдер, мүлік, жер үлестеріңді алып күндеріңді көріңдер болды. Жосалы кеңшары жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып құрылды. Сонымен қатар рулық туысқандық негізде 6 құрылтайшы пайда болды. Ашабек Қисықов – 44, Тұрды Қаражанов – 5, Мақсұт Нұрмаханов – 3, Ерболат Маханбетов – 12, Төлеген Қошантаев – 9, Мұрат Сеңгірбаев – 8 адамның атынан серіктестіктің барлық басқару ісіне араласты. Осы кісілердің келісімімен «Бірлік» агросервисіне кеңшардың барлық жылжымайтын мүлік, техника өтіп кетті. Енді насос құрып, бақша дақылдарын егейін десе, жер айдауға трактор таппай қалды. Мал өсірумен айналысайын десе, күріш егу тоқтап қалу себебінен ауылдың айналасындағы малдың аяғы жететін жерде шөп шықпай, жайылым тарылды. Күнкөрістің нашарлауынан ауыл тұрғындарының жаппай көшуі жайлы жоғарыда айтылды. Көшіп кеткендер отырған үйлерін бұзып алып, орнында үйілген қоқыс қалды. Бұл қалдықтар ауылдың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын нашарлатып, ауыл орталығын көркейту, абаттандыру, көгалдандыру жұмысына кедергі жасаса, тазарту жұмысына 20 жылдан бері қаражат жұмсап тазартып келеміз.
Ауыл банкротка кетіп, жағдайына қарайтын ешкім болмады. Ең болмаса үйлерге ауыз су жеткізіп тұратын Белорусь тракторына бақылаудың жоқтығынан суға жарымаған күндеріміз болды. Осы кездерде Жамбыл облысында селолық тұтыну кооперативтері қолға алынып, біздің облыста да құрыла бастаған кезде, алғашқылардың бірі болып Жосалы СТК-сін (Селолық тұтыну кооперативі) құрдық. Ол кезде 100 шақты үй болатын. Әр үйден 1000 теңгеден жиналып, жарғылық қоры 100000 теңге болды. Оның төрағасы болып мен сайландым.
Осылай жұмыс басталды. Ол кезде ауылдың орталығын көгалдандыру, абаттандыруға деп бюджеттен қаржы бөлініп, су айдалып тұрды, оған жаңа насос, котлован салынып, келте арық тазартылды. Міне, осы кезде бақша егемін деушілерден ақша жиналып, елдің біразы қауын егіп, тіршілік жасады. Бұл тірлік 2005 жылға дейін жалғасты. Бұрынғы қоғамдық байлық жойылып, әрбір адам жекеше өмір сүрудің жолдарын іздестіре бастады. Осы тұста алғашқы болып Серік Төлегеновтің отбасылық «Шахзада» шаруа қожалығы құрылып, кеңшардан бөлініп кетті. Екінші болып біздің отбасылық шаруа қожалық «Шабан ата» пайда болды. Қазіргі таңда «Орныққан», «Әмина», Нұрмахан», «Алтынбай», «Әліби», «Төкен ата», «Дәуіт», «Ләззат», «Ерасыл» қожалықтары жұмыс жасауда. Ауылда 94 үй, 464 халық бар. Олардың 41-і зейнеткер, 12-сі мүмкіндігі шектеулі жандар, 207-сі түрлі салада жұмыс істейді. Жалпы саны 259 адам мемлекеттен ақша алып отыр, кейбіреулері вахталық жұмыс жасайды.
Ауылда 50 орындық балабақша, 200 орындық мектеп, ауызсу тартатын мекеме, клуб, медициналық, мал дәрігерлік пункт, 3 шағын балалар ойнайтын алаң жұмыс жасайды. Төрт көше асфальтталған, 2024 жылы орталық көшелердегі жарық желісі жаңартылып, кабельдік жүйеге ауыстырылды. Сонымен бірге «Жүсіп қажы» мешіті ол кісінің ұрпақтарының күшімен салынып, халыққа қызмет етіп тұр.
Жалпы айтқанда, 30 жылдай құлдырап, соңғы жылдардан бастап ауылдан көшіп кету тоқтады. Ауылшаруашылығын өркендету, елді мекендерді дамыту мақсатындағы түрлі бағдарлама аясында біздің ауылымыздың да жағдайы жақсатып келеді. Мемлекеттің халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы игілікті істерін жоғары бағалай отырып, ауылымыздың тамырына қан жүрді. Болашаққа сеніммен үміт арта түсті.
Көптеген объективті, субъективті қиындықты жеңе отырып, Жосалы кеңшарын орта дәрежедегі ел қатарына қосқан қызметімнің бәрінде өзіммен бірге тер төккен қызметтестеріме ауылдың 60 жылдық тойы қарсаңында ризашылығымды білдіріп, аттарын атап өткім келеді. Олар кеңшардың партия комитетінің хатшылары Сәду Қалимаханов, Мақсұт Өтегенов, Кәжденбек Қалдашбаев, Нұрмаш Жолмырзаев, жұмысшылар комитетінің төрағасы Айдос Пшкеев, МТС меңгерушісі Қанибек Ибраев, бас агроном Ерболат Маханбетов, бас инженер Қанибек Сматов, Әлімбай Білжанов, Жамбыл Ешмұратов, бас экономист Әлмағанбет Есқалиев, бас есепші Қоңырбай Қуаңбаев, Берсен Оспанов, Сәду Сәрсенов, есепшілер Зада Есқалиева, Райхан Тасқараева, бас зоотехник Темірхан Жұбанышов, Шахан Сариков, бригадирлер Нұрдәулет Есқалиев, Тұрды Қаражанов, Нұрлыбек Рахметов, Нұрлыбек Есқалиев, бригада көмекшілері Салмат Есқалиев, Сисен Қошантаев, Бақытжан Қазиев, диспетчер Айдарбай Әбдірахманов, ветдәрігер Шахмардан Шаймаханов. Сонымен бірге ерлермен тең қызмет жасаған Насиха Қожахметова, Ұлғай Жұматаева, Айман Көнекова, Күләнда Өтетілеуова, Люба Ким, Сәнімкүл Қуатбаева, Сәнімкүл Сланова, Рыскүл Нұржанова, Бипа Абдилова, Қарлыға Есетова, Балсұлу Бермағанбетова, Рабиға Маханова, Сара Жүрсінбаева, Айман Әбдіразақова, Ақбике Бөрібаева, Зейнеш Жауқашқанова, Кәріскүл Әбсаттарова, Орынкүл Нұрмаханова, Қазына Бермашова, Күлайша Қошантаева, Шарипа Смайлова, Кенішкүл Көнекова, Аймаш Көптілеуова, Балқаш Аққалиева, балаларды еңбекке баулуда мектеп өндірістік бригадасына ұстаздық тұрғыдан әрдайым қолдау көрсеткен ұстаздар Әлиасқар Бекқадамов, Сарқытбай Ділмағанбетов, Мырзағали Кәрібаев, Базаркүл Құлахметоваларға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.
Сонау 1979 жылы осы елге келіп, көп жыл басқарып, нарық басталар кездегі қиындықтардың куәгері болдық. Жұрт көшіп, келешегі бұлыңғыр кезеңдерде де ауылдан көшпей елмен бірге жүрдік. Ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, СТК-ны басқардым. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы болдым. Ел басқарған інілеріме үлкендік ақылымды, кеңесімді айтумен келдім.
Ауыл тарихына 60 жыл толды деп есептейтін болсақ, соның 45 жылы өміріммен байланысты екен. Қиын-қыстау кезеңдерде күнкөріс қамымен ауылдың жартысы сырт жаққа көшіп кеткенін жоғарыда айттым. Бірақ, олардың өсіп-өнген ұрпақтары ата-аналарының тер төгіп, із қалдырған ауылымен тығыз байланыста. Ауылдың қайғысы мен қуанышына үнемі араласады. Сыртта жүріп-ақ ауылға материалдық-моральдық қолдау жасауда. Бұл үрдіс ертең ауылымыздың 60 жылдық тойында да жалғаса берер деген сенімдемін. Осы орайда ел ауылдан көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді деген өлең жолымен түйіндемекпін.
Жақсылық ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы,
тыл және еңбек ардагері
01 қыркүйек 2025 ж. 108 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№68 (10436)

09 қыркүйек 2025 ж.

№67 (10435)

06 қыркүйек 2025 ж.

№66 (10434)

03 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.
Баршаның назарына!

Баршаның назарына!

21 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 371
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Халықтың асыл қазынасы

Халықтың асыл қазынасы

09 қыркүйек 2025 ж.
Ұлттық код

Ұлттық код

09 қыркүйек 2025 ж.
Театрдың ғажайып әлемі

Театрдың ғажайып әлемі

07 қыркүйек 2025 ж.
Көңілді кеш

Көңілді кеш

25 тамыз 2025 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 147

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930