Ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы

Қай заманда болсын қоғамның басты тірегі – жас ұрпақ. Жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру – олардың рухани бай, мәдениеті биік, адамгершілігі мол азамат болып қалыптасуының алғышарты.
Ұлттық құндылықтар – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған тәлім-тәрбиесі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі мен діні, өнері мен әдебиеті. Бұл асыл мұралар жастарға өмірлік бағыт-бағдар беретін рухани компас іспетті.
Бүгінгі қазақ қоғамында жастарға ерекше сеніммен қарайды. Олардан күтер үміт те көп. Бүгінгі жастың ертеңгі ел ағасы болатынын естен шығармаған аға буын өкілдері тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Осы жастарымызды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу – бүгінде кезек күттірмейтін мәселе, себебі, құндылық – мәдениеттің құрамдас бөлігі. Қандай да бір елдің рухани мәдениеті, әдебиеті мен өнері, ғылым мен техникасы, әлеуметтік жағдайы, материалдық өндірісінің ең маңызды жетістіктері ұлттық құндылықтарының мәніне ие болады және өскелең ұрпақтың азаматтық, отаншылдық, рухани-адамгершілік жан-дүниесінің қалыптасуына белсенді түрде ықпал етеді. Ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген болатын. Ал ұлттық құндылық туралы сөз болғанда, отбасы мен бала тәрбиесі туралы айтпай кете алмаймыз.
Жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудің басты бағыттарына келсек. Ең бірінші – отбасылық тәрбие. Ұрпақ тәрбиесінің бастау бұлағы – отбасы. Баланың тілін, мінезін, адамгершілігін қалыптастыруда ата-ананың үлгісі ерекше. Екінші – тіл мен дәстүрді дәріптеу. Қазақ тілін терең меңгеріп, салт-дәстүрлерді құрметтеу – ұлттық болмыстың негізі. Мысалы, «Тұсаукесер», «Бесікке салу», «Наурыз мерекесі» сияқты дәстүрлерді жастардың өміріне енгізу олардың рухын биіктетеді. Үшінші – әдебиет пен өнер арқылы тәрбие. Халық ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы, Абай, Жамбыл, Жұмекен сынды ұлы тұлғалардың мұралары – ұрпаққа өнеге. Төртінші – дін мен имандылық тәрбиесі. Жастарды ізгілікке, адалдыққа, мейірімге тәрбиелеуде ислам құндылықтарының маңызы зор. Бесінші – ұлттық спорт пен қолөнерді дамыту. Көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлері, сондай-ақ қолөнер мен зергерлік дәстүрлері – жастардың намысын, ептілігін арттырады. Алтыншы – қазіргі заманмен ұштастыру. Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды заманауи технологиямен үйлестіру қажет. Жастар әлеуметтік желіде ұлттық өнерді, дәстүрді насихаттап, әлемге қазақ мәдениетін таныстыра алады.
Дана халқымыз «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген. Осы тұста қазақ халқының ұлы ақыны, ғалым М.Жұмабаевтың мына бір сөзі ойға оралады: «Ұлт тәрбиесі – баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әр ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесі мен тәрбие қылуға міндетті» деген сөзі соның дәлелі. Сондықтан да сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы болашақ ұрпақтардың бойына дарыту керек.
Жасыратыны жоқ, біз иелік ететін барлық ұлттық құндылық ауылдан бастау алады. Солардың ішіндегі ең бастысы – ұлттық тәрбие. Егер бала бойына ұлттық тәрбие дәні егілмесе, ол бала өзге құндылықтарға мойын бұрмайды. Сонда ол қандай тәрбие?Жастарды отаншылдық, рухани, адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу ісінде оларды діни экстремизм мен фанатизмнің залалды ықпалынан қорғау аса маңызды бағыт алуы шарт. Осы мақсатта жастар арасына діни-экстремистік көзқарастардың еніп кетуінен сақтау тетіктері жасалуы керек.
Әрине, бұл тұрғыда біз негізінен ата-әже тәрбиесін қаперге аламыз. Алайда ол біржақты түсінік. Мәселен ойын баласы ұдайы ата-әже қасында байланып отырмайды. Сондай-ақ үш ай жазғы демалыста қаладан ауылға қып-қызыл орыс болып келген бала да ойын балаларымен араласып жүріп-ақ тез арада қазақы балаға айналады. Себебі, ауылдағы тәрбие бөлек. Ол – тәрбие де емес. Өмір салты.
Жалпы жастар саясаты тәуелсіз Қазақстан елінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Сондықтан да елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда. Иә, тәрбие көзі – ұлттық негіз. «Егер қазақтың «ұят болады», «обал болады», «сауап болады» деген сөздерінің мәнін түсініп, сол сөздер тағылымын ұстансақ, жастар тәрбиесінде жетістікке жетеміз. Нақтыласақ, тамырын ұлттық құндылықтарға байлаған жастарды қалыптастырасың» деген еді белгілі қоғам қайраткері Құдияр Біләл.
Тәуелсіздігімізге қол жеткізген кейінгі жиырма жылда руханият саласында үлкен сілкініс жүріп жатыр. Соның бірі – «қазақтың мәдени ұлттық брендін қалыптастыру», яғни қазақы қасиетті әлемге таныту. Демек қазіргі таңда басты міндет – қазақы болмысыңа оралу. Өзіңнің тамырыңа оралу бүкіл халыққа тән. Өзіңді-өзің таны деген категория шыққан тегіңді, ұлтыңды, халқыңды әрі оның тарихын, мәдениетін, дәстүрін, болмысын тану алға қойылған.
Қазақ халқының тұтастығын оның күретамыры болып табылатын ұлттық ойларды дүниетанымдық деңгейге көтеруде рухани дүниеміз ұлттық сипатта болуы тиіс. Қазақ халқының тәрбиелік және тәлімдік ой-пікірлері мен жол-жораларының маңызы мынадай жайттарда айшықтала түседі. Қазақ халқының өміріндегі үлкенді сыйлау мен қонақ күтудің елеулі маңызы, халық ойындары мен мерекелерін өткізудің де өзіндік ерекшеліктері мен қалыптасқан жүйесі, табиғаттың сырын терең меңгеріп, үйлесімділік табуы, өсиет айту, терме, айтыс, шешендік сөздер, қазақтардың поэзиясы, туыстық қарым-қатынастар, қонақжайлылық, тектілік, тағы басқалары.
Осы тұста меніңше, жастарымыздың бойына ұлттық құндылықтарды дарытуда ұлттық ойындардың мәні зор деп ойлаймын. Қазіргі таңда жастарымыздың барлығы дерлік біздің ұлттық ойындарымызды біледі деп айта алмаймын. Осы орайда қазақ ұлтына тән «Бес тас» ойынын мысалға келтіргім келіп отыр.
«Бес тас» – өте көне дәуірден келе жатқан, қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Бұл ойынның бірнеше тәсілі бар. Ойынды ойнау әр жерде әртүрлі тәсілмен ойналуы мүмкін. Мен бұл ойынды кішкентай кезімізде ойнағанымыздан ойға түсіріп жазбақпын. Ойынға қатысушылар дөңгелене отыра қалып, ойынды бастайды. Ең алдымен, «бес тастың» бастамасы саналатын «бірлік» түрінен өту керек. Яғни, бір тасты аспанға қарай лақтырып, жердегі қалған төртеуін кезекпен бір-бірлеп жинайды. Одан сүрінбей өткен адам «екілікке» көшеді. Екілікте бес тасты еденге шаша тастап ішінен өзіне қолайлы бір тасты алады да, жоғарыдағы тәсілмен жерде жатқан тастарды екі-екіден жиып алады. Үштікте еденге бес тасты шаша тастайды да, ішінен біреуін алып, жоғары лақтырып, алдымен біреуін іліп алып, лақтырған тасын тосып алады, сонан соң жерде жатқан үш тасты сол тәсілмен бірден жиып алуы керек. Төрттікте бес тасты қолына алады да, біреуін жоғары серпіп жіберіп, қолындағы төрт тасты жерге койып, жоғары серпіген тасын қағып алады. Сонан соң ол тасты жоғары қарай қайта лақтырып, жерге қойған төрт тасты жинап алып, жоғары лақтырған тасты қоса қағып алады. Бестікте бес тасты уысына алып, бірін жоғары қарай серпіп жібереді де, тасты алақанына қыса ұстап, шынашағымен еденді үш, не бес рет (ойыншылардың алдын ала келісімі бойынша) сипап өтіп (жалап өтіп деп те айтады) лақтырған тасын қағып алады. Алтылықта сол қолының бас бармағы мен (сұқ қолын ортан қолының үстіне айқастыра ұстап) ортан қолын жерге тіреп тұрып, оң қолымен сол қолының астына әкеліп сыртынан асыра бес тасты алдыға қарай тастайды да, ішінен бір тасты «ата» деп белгілейді. Оны «Нәби» деп атайды. «Нәбиді» (атаны) белгілейтін отырған ойыншылар. Ол иілген қолдың астына өткізуге қиын бір тас болады. He тас өткізетін жерге тақау, не ең алыс түскен тас болады. Ойыншы жерде жатқан «Нәбиден» басқа тастардың бірін алып, оны жоғары серпе тастап отырып, барлық тастарды біртіндеп иілген қолдардың астынан өткізеді де, ең соңында «Нәбиді» өткізеді. Жоғары лақтырып отырған тасын жерге түсірмеумен бірге «Нәби» сайлаған тасқа да басқа тастарды тигізуге болмайды.
Әр тәсілді орындаған кезде қойылатын шартты бұзған ойыншы кезегін келесі ойыншыға береді де, өзіне қайта кезек келгенше көруші болып отырады. Қайта кезек алған кезде, қай тәсілден қателік жіберсе, сол тәсілден бастап ойнайды.
Қорытындылай келе ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген сөзімен аяқтағым келіп отыр. Сондықтан ел болып, жұрт болып дәл бүгінгі телефонға телмірген заманда бүгінгі жас буынның тәрбиесіне үлкен мән берілуі керек. Тәрбие беруде ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз Қазақстан қоғамының әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады деп айта аламын.
Жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу – ұлттың болашағына салынған ең үлкен инвестиция. Өзіндік болмысын сақтап, ұлттық рухпен сусындаған жас қана елдің ертеңгі тұтқасы бола алады.
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ