» » » ОЙ мен РУХТЫҢ МЕЙРАМЫ

ОЙ мен РУХТЫҢ МЕЙРАМЫ

Жуырда ел көлемінде алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтті. Бұл – кітап пен қаламның қадірін жете түсінетін елге тән қадам. Білімнің бастауы мен руханияттың негізі саналатын кітапқа құрмет көрсету – ұлттың ұлы құндылығын ұлықтау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үшінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деген болатын. Осы отырыста елімізде Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы тапсырма берілген-ді. Осыған орай атаулы күндердің қатары тағы бір маңызды мерекемен толығып, 23-сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді.
Бұл мереке аудан көлемінде де жоғары деңгейде ұйымдастырылып, «Кітап – қазына, кітап – байлық...» атты кітап фестивалі өтті. Мәдени іс-шараның мақсаты – оқырман мәдениетін қалыптастыру, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және рухани құндылықтарды дәріптеу. Фестивальге аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Ермағанбетұлы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов және білім саласының ардагері Дастан Нәзікбаев қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары жиналған қауымды Ел Президентінің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес биыл алғаш рет атап өтіліп отырған Ұлттық кітап күнімен құттықтап, рухани даму мен оқырман мәдениетін көтерудегі бұл мерекенің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ былтыр облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен жарияланған «Руханият жылы» аясында Жосалы кентінде «Руханият орталығы» бой көтеріп, өз жұмысын бастағанын атап өтті. Аталған орталықтың құрамына жаңа үлгідегі кітапхана көшіріліп, оқырманға қолайлы, заман талабына сай жабдықталған кең әрі жарық ғимаратта жұмысын жалғастыруда. Бұл өз кезегінде кітапхана қызметіне тың серпін беріп, кітап қорының артуына, кітап оқуға қызығушылық танытушы азаматтардың көбейіп, оқырман санының ұлғаюына жол ашты.
Фестиваль аясында белсенді оқырмандар арнайы марапатталып, Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен поэтикалық марафон ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Ақ боз ат» романынан көрініс қойылып, балаларға арналған «Бауырсақ» ертегісі негізінде қуыршақ театрының қойылымы сахналанды.
Шара барысында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар мен қонақтар тарапынан кітапхана қорына көркем әдебиет, танымдық және тәрбиелік мәні зор кітаптар табысталды. Сонымен қатар жергілікті ақын Мира Тұрашқызының «Бұлттар көшіп барады» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтіп, оқырман қауымға рухани сый жасалды.
Тұсаукесерге ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, кітапханашылар қатысты. Бұл – ақынның екінші кітабы. 2020 жылы жарық көрген алғашқы «Жан сырым» кітабына көңілге қонымды өлеңдері мен арнаулар енсе, «Бұлттар көшіп барады» жыр жинағына ата-анаға, бауырларына, достарына, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілік, бақыт туралы өмірден түйген ойлы туындылары енген. Ақын шығармашылығында жырдастандар да бар. Жыршы-жыраулардың жыр қорына енген Ахмет Байтұрсынов туралы жазған «Ахметі қазақтың» атты жыр толғауын қазіргі таңда жыраулар орындап жүр. Ал көпшілік назарына ұсынылған «Бұлттар көшіп барады» атты екінші кітап Қызылорда қаласы «Қызылорда қанағаты» баспасынан 2024 жылы шыққан. 340 беттен тұрады. Кітаптың алғы сөзін аудандық білім бөлімінің ардагері, ұстаз Талмаш Жұмабаева жазса, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Болат Ақтанұлы «Мира Тұрашқызының жырындағы әр қаһарманы адалдықтың, адамгершілік пен ар-иманның, ақыл-парасаттың иелері. Ол оқырманын ізгілікке, адалдыққа, мейірімділік пен қайырымдылыққа, имандылыққа үндейді. Жас ұрпақты тазалықпен өмір сүруге шақырады, дана сөздерімен тәрбие береді» дейді кітап туралы пікірінде.
Жаңа кітапқа аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов ізгі лебізін білдірсе, ардагер-ұстаз, аудандық әжелер ансамблінің мүшесі Талмаш Жұмабаева, ардагерлер Әбдірахман Құлдүйсенов, Үрзахия Махамбетовалар Сырдың ақын келініне ізгі лебізін білдіріп, жаңа кітаптың тұсауын кесті.
Сиясы кеппеген жаңа кітаптың біршамасы аудандық кітапхана қорына табыс етілді. Сондай-ақ сыршыл ақынға өлең өлкесіндегі замандастары Дастан Нәзікбаев пен Алтай Үсенов ағалық ақ тілегін білдірсе, Қарағандыда бірге білім алған курстастары құттықтау лебізін арнады. Кітапханашылар сыршыл өлеңдерді мәнерлеп оқып, ақын шығармашылығымен таныстырды. Жиын соңында сырлы әлемнің иесі, ақын Мира Тұрашқызы өзіне жылы лебізін арнай келген барша қауымға алғысын жаудырып, ризашылығын білдірді.
Ұлттық кітап күніне арналған бұл күн – рухани байлықты насихаттаудың, жас ұрпақты кітап оқуға баулудың және қоғамдағы оқырман мәдениетін арттырудың тиімді алаңына айналды. Осы арқылы бүгінгі ұрпақ кітап құндылығына бір қадам жасады. Мұндай ізгілікке бастар іс-шаралар әлі де жалғасын табатынына сеніміміз мол.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
30 сәуір 2025 ж. 366 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10402)

10 мамыр 2025 ж.

№33 (10401)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (10400)

03 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 737
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031