БИ БЕКЕТ

Қызылқұм қойнауын бетке алған жолаушы Қуаңдария жеріне енісімен жолдың сол жақ қапталындағы биік төбеден басталып, жоталанып барып Шәргелтайдың тұсындағы дария жиегіне тірелген ірге құмға көз тоқтатпай өте алмайды. «Бекеттің құмы» деп аталған бұл жотаның арғы басында Ақтайлақтың үйтамы тұр. Батыс бетіндегі Ешниязға дейін созылып жатқан кең алқапта Сыр шайырларының белгілі өкілі, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің мешіті, әрірегінде, оңтүстік-батысқа қарай Қадірқұл ишан мешіті деген тарихи орындардың ізі бар. Сұлбасы күні бүгінге дейін тұрған жол жиегіндегі Шораның мешіті мен бергі беткейіндегі қалың шұбардың ортасында қалған Аңдыған-Шалғанға қойылған белгі де осы өңірдегі тарих сырын ішке бүгіп жатқан ескі орындар.
Аңдыған-Шалған демекші, бұл өзі ағайынды екі жігітке қойылған, бір-біріне жақын тұрған екі сыпа. Шораның мешітінің солтүстікшығыс бетіндегі қалың сексеуілдің ішінде. Желаяқтығымен аты шыққан жігіттер таңертең үйден шығып, кешке дейін Жетіасар даласымен Сырдарияға дейінгі жерді оралып келе беретін ерекше қабілетке ие жандар болған деседі. Күнделікті асқатыққа қажетті аңын ешқандай қару-құралдың көмегінсіз қуып жетіп, ұстап ала беретін жүйрік әрі епті жігіттер болыпты. Бұлар аңға беттегеннен балаларының бос келмейтініне сенімді анасы:
«Аңдығаным алып келеді, Шалғаным шалып келеді» – деп, қазан-ошағын ас пісіруге дайындап отырады екен. Руы – Құлыс Кете.
«Сыр сүлейлері» деген ерекше атаумен белгілі болған өнерпаздарының ішінде жекедара тұлғаланып, «сал» атанған Ешнияз, оның баласы Жүсіп (Сыр шайырларының ішінде аттары кең тараған Жүсіп атты кісі үшеу болғандықтан бұл кісіні «Кете Жүсіп» атаған), немересі Мұзарап та осы төңіректе қазақтың жыршы-жыраулық өнерін өрістетіп, серілік дәуреннің салтанатын асырған.
«Ақтайлақ-Кезең» атанған осы бір құтты мекенді қоныс еткен Құлыстың Есен аталығында Өтеміс деген кісі өтіпті. Өтемістен Бекет, Аман, Ораз, Жанбала, Тынымбай, Тынышбай атты алты бала тарайды.
Құмның жолға жақын тұрған тұмсығындағы биік төбенің басында сол Бекетке қойылған белгінің ізі жатыр. Кезінде үйтам, әлде мұнара болды ма екен, шамамен бір жарым ғасырды артқа тастаған ескі жәдігердің орны үй орнынан көлемдірек. Осыншама уақыт еріген қар суы мен нөсерлеткен жаңбыр өз дегенін істеп, лайлы үйіндіні бұрынғы алыстан көз тартатын айбынынан айырғанына да көп замандар болған-ау!
Өткен жазда осы төбенің басында бір қарбалас тіршілік басталып, машина-машина силикатты кірпіш түсірілді. Қап-қап цемент, сыйымдылығы мол су құятын ыдыстар, басқа да құрылыс заттары мен еңбек құралдары әлде бір игілікті жұмыстың басталарын паш еткендей күн сайын көбейе берді. Үй тігіліп, самауыр кернейінен түтін будақтады. Ақ-адал малдан қан шығарылып, әруақтарға дұға бағышталды.
Көп ұзамай мызғымастай құйылған іргетастың үстіне қолы-қолына жұқпайтын тасқалаушы жігіттердің бірі алып, бірі қаққан үйлесімді қимылымен жаңа құрылыс бой көтерді.
Әрі-бері жүрген өткіншілердің құрылыс басындағы жігіттерге ат басын бұрып, асқан ілтипатпен «Армаңыздар» деген игі тілегін білдірушілері де аз болған жоқ. Олардың бәрі бұл ескерткіш белгінің Бекет атаға салынып жатқанын айтқызбай білетіндер еді. Себебі бұл жер «Маңғыстауда – пір Бекет, Сыр бойында – би Бекет» деп, халық арасында қадірі жоғары болған, ауыздыға – сөз, тұяқтыға – жол бермеген Бекеттің о бастан орын теуіп, мәңгілік мекеніне айналған жері болатын.
Ескерткіш алты қырлы болып өріле бастады. Оның әр қыры өзінше белгі беріп, алты тармақпен тараған тағдырлардың тауқыметінен сыр шертіп тұрғандай. Мұнара түрінде биіктей берген ғимарат өріле-өріле басына жеткенде тұтастырылып, көгілдір күмбезбен көмкерілді. Мұның өзі жоғарыда айтылған Өтемістен туған алты баланың бүгінгі ұрпақтарының бірлігін көрсетейік деген ізгі ойдан туғаны бесенеден белгілі болатын.
Тарихқа көз жүгіртіп, өткенді ойға түсірсек, Бекет – осы айтылған алты баланың үлкені еді. Жасынан «От ауызды, орақ тілді» атанып, ел ісіне ерте араласқан ол – Қазалы уезіне қарасты Қармақшы учаскесіндегі Аққыр болысының белгілі биі болады. Інісі – Аманды қасынан тастамай, ел ішіндегі күрмеуі қиын боп, шешімі табылмай жүрген даулы мәселелердің түйінін тарқатуда ептілігін де, білектілігін де танытып, халықты аузына қаратады.
Бір әңгімелерде Бекеттің 8 баласы болған сияқты. Қолымыздағы шежіре бойынша олардың екеуінің аты белгілі. Бекеттен Базар, Әлімбай туады. Өсіп, өніп басқа қалаларда оқып жүрген, қызмет бабымен қоныс ауыстырған жастарды айтпағанда бұл екеуінен тараған ұрпақ қазір негізінен Тұрмағамбет ауылында тұрады.
Ал енді 8 бала деп неге айттық?!
Көнекөз қариялардың бір әңгімесінде Арқада алапаты асқан бір айтулы ас болған екен дейді. Соған жаз жайлауында жүрген құлыс ағайындар да рулы ел болып қатысып, өздеріне тігілген үйде арнаулы сый-сияпаттарын көріп жатса керек. Әр үйге сән-салтанатымен тартылған табақ пен әркімнің сыбағалы сүйегі өз иелерін тауып, жұрт көрсетілген құрметке риза көңілмен берілген асқа «қабыл болсынын» айтып жатты. Ас соңындағы батадан кейін кәләм-шәріп сүрелерінің сазды нақыштарын сырнайдай созылған дауысымен құйқылжыта қайырған қарилардың лебізіне ұйи отырып, ата-баба әруағына бағыштап бет сипасты.
Ол уақыттағы ас-тойлар палуан күресі, жорға сүрістіру, аламан, көкпар тарту сияқты сайыс түрлерімен қызықты. Алдын-ала алты ай бұрын сауын айтылған асқа жүйріктері мен жорғаларын дайындап, сайланып келгендер өз шабандоздары мен аттарын сылап-сипаумен әлек. Ат қосатындар да, өздері ат қоспаса да осындайда арқасы қозатындар да атсейістердің аузын бағып, қай сәйгүліктің ертеңгі бәйгеде бағы жанарын бүгін білгісі кеп шерменде. Көзге көрсетпей жабулап қойған аттарды сыртынан сынап, «бәйгенің алдын бермейтін ат осы боларау!» деп тон пішіп қойғандар қанша. «Бәйгеден көзі-басын су ғып озатын, бабы мен бағы қатар жанып тұрған ат мынау» деп әлі сейістердің ешқайсысы айтпаса да, алдын ала долбарлар жасалып үлгірген.
Уақыты болып, төбеге шығар сәт те келді. Белгіленген төбеде дәстүр бойынша екі жақ болып дуылдасып тұрғандар бәйге аттарының сөреге беттеп, топтала шауып көзден ұзап кеткенін көрген соң, тай-құнанның бәйгесі мен тайпалған жорғалардың сайысын тамашалаған. Палуан күресінің де қызықшылығы аяқталып, көзді бәйге аттары кеткен жаққа аударған. Аламан аттарының да қара көрсетер кезі болды. Ендігі жұрттың аңсары – алыстан қылаңытқан шаңды алғаш көріп, бәйге аттарының жақындағанын халыққа бірінші болып жариялау!
«Әне, аттар келе жатыр» деген дауыс та естілді-ау!
Сүйтем дегенше бірін-бірі жібергісі келмей өршелене ұмтылған бес-алты сәйгүліктің топтан бөліне бастағанын көріп, қиқуға арқасы қозған жұрт бірін-бірі ысырып, екі топтың ортасындағы ат өтер кез ауытқа қарай лықсып кетті. Мұндайда итініп келіп, ентелеп тұрған жұртты ортаға жақындатпай кері қайырып тұру үшін айбыны мен айбаты бет қаратпайтын адуынды адамдар ортаға шығады.
Сол кезде Шобар Алматтың сексенге келіп қалған шағы болса керек. Омырауын жапқан сақалын беліне қыстырып, бұл шаруаны өзі реттеуге шыққан екен дейді-ау! Ентелеген жұртты қамшымен жасқап кейін ығыстырып жүргенде қолы қалт кетіп, бір сілтеген қамшысы жағалай тұрғандардың бірінің атының екі құлағының ортасынан осып өтеді. Атын басқа ұрғаннан өзін ұрғанын артық санайтын қазақтың намысы тез оянады мұндайда. Құлыстар жағы дуылдасып, ырғалып кетеді. Бірақ пәлен деп ешкім дауыс көтере қоймайды. Алматтың аты – Алмат! Бұл уақытқа дейін оның бетіне қарап сөйлей алатын ешкім тумаған.
Сол кезде топ ішінен:
– Әй, алжыған! Еліңде мұндай істі еппен басқаратын жасың жоқ па еді?! Қалтылдаған қолыңды қата сілтеп маңдайымызды айырып жібердің ғой, – деген бір дауыс саңқ ете қалыпты.
Алмат артына көз қиығын салса, анталаған топтың алдында Бекеттің асқа келген алты баласы неден де болса тайынбайтын түр көрсетіп, қамшысын білеулеп тұра қалған екен.
Алмат сардар:
– Мынау Бекеттің дауысы ғой. Әттегенай! Жас жолбарысты кәрі арыстанға ерте салдыңдар-ау! – деп, бұрылмаған қалпы кете беріпті.
Көпшілік көңіліне қаяу түскендей бұл астан самсоз болып тарасты. Көнекөз қариялардың кейбірі: «Алмат әруақты адам ғой, атып кеттіау! Арты жақсы болса жарар еді» деген қаупін де аңғартып тастады.
Сол күзде алты баланы бірдей жерге берген Бекет суық күзде балаларының «қырық күндік» құдажолысын өткізіп, қыстың алғашқы ауыр күндерінде қыстауға беттеген.
***
Ана жылдары Бекет Қожагелді Қашқынбай батырдың қызына құда түсіп, сөз байласқан еді. Кешегі арыстандай алты баланың бірін – осы Қашқынбай батырға күйеу болады деп көңіліне тоқ санап жүрген. Атастырылған қыз қалай болғанда да қазақтың «Ерден кетсе де, елден кетпейтін» берік қағидасы мен бұл елге келін болып түсуі керек. Жағдайдың бұлай боларын алдын ала кім болжаған?!
Әзір екі жақтан да хабар жоқ. Бір қыс өтті. Мұз кетіп, сең бұзылысымен жайлауға беттеген ауылдар көш қызығын тойлап, кәрінің де, жастың да бір қуанып қалатын кезі басталды. Жас шіркіндер нені тыңдасын, ертеңгі күн көш қатар қонғанда Бекет пен Қашқынбайдың құдалығы жөнінде сөз қозғалып, ол қыстай тоңторыс жүрген Қашқынбай батырдың құлағына тисе не болар?
Осыны ойлаған Бекеттен маза қашты. Былтырғы аста ауылда қалып, мал-жанның жайын күйттеген Базары мен Әлімбайы бастары бос емес. Балаларының өзі ер жетіп, малға сабақ боп қалған. Ертең қосшы-қолаңымен екі рулы ел болып, бір-бір құдықты қоныс етеді деп отыр, құдай қаласа. Батырдың қызына қайсысы лайық?
Әрине жол – Базардікі. Бекет балаларының ішіндегі жасы үлкені осы. Жасынан момындау болып өскенімен бет ажары дұшпан кемітетін жан емес, әрі десе, есейе келе ел ісіне араласып, жұртқа танымалдығы да артып келеді. Сөйлеп кетсе, сөзге ұста, Әлімбайға қарағанда ел мен жер жайына да жетік. Құдай қаласа мал төлдеп, жазғытұрым болысымен Қашқынбайға кісі салудың қамына кірісу керек.
Бір сәрсенбінің сәтіне Бекет қасына бес інісін шақырып алып:
– Қожагелді Қашқынбаймен құда болып едік қой. Сол келінім оң жақта отырып қалды. Айттырған балам боса Алла тағаланың құзырына кетті. Өлген артынан өлмек жоқ. Мен де он ойланып, тоқсан толғанып, сол келіннің ошағын Базаржанның үйінің қасынан түтетсем бе деп отырмын. Алдағы жаз амандық болса, құдалық тойын қызықтасам деймін. Осы баланы маған қайсысың әкеп бересің? – деп інілеріне сынай қараған екен дейді.
«Жолбарыс батыр» атанған Қашқынбайдың айбынынан сырттай сескенетін туыстарының Аманнан басқасы жер шұқып қалғанын көрген Бекет бұл жұмысты Аманға тапсырады. Ол кісі жоғарыда айтқанымыздай, Өтемістің екінші баласы. Басын төмен салып, ешкімге тіктеп қарамайтын осы кісінің бір қарағанда момын адам сияқты, енді бірде айбатына адам шыдамайтын өткір мінезді көрінуі көп адамға түсініксіз еді. Алайда оның да өзіндік себебі бар көрінеді. Қою қастары көзін түгел жауып тұратын бұл кісі жан баласы мен жануарларға көз тоқтатып қарай бермейтін көзді кісі екен.
Бір жылдары ел ішінде кезекті болыс сайлауы өтетін болып ауылға Орынбор губерниясының Қазалыдағы оязы келгенде ол кісіні күту, сайлау өткенше алып жүруге осы Аман лайық деп табылыпты.
Бір күні салқындап алмақ болып әлгі өкілмен ауыл алдындағы көлге суға түсіп жүрсе, Аманның көк желкесінен төмен қарай қос жауырынның ортасымен беліне түскен жалы бар екенін байқаған орыс судан атып шығып:
«Бұл елге Аман болыс болады, басқа ешкім сайланбайды» деп келген шаруасының кесімін бір-ақ айтыпты.
Жұрт аң-таң. Болыстықтан дәмелілердің «тас жинау» үшін әр атаның сөз ұстар азаматтарының ауызын аламын деп арпалысып жүргені анау. Аяқ астынан Аманның «гүбірнатырға» не өткізіп қойғаны жұртқа жұмбақ. Бірақ оязға: «сенің мынауың заңсыздық» дейтін жан қайда?!
Сөйтсе, Аманның жауырынынан жайқала төгілген жалын көрген ояз оның бойынан өзіне айбаттана қараған арыстан көргендей, тектілігі мен сестілігінен сескенгені екен ғой! Ал ел ішіндегі ауызекі әңгімеде әлі күнге айтылып жүретін «Салбырап жүріп Аман ағаң болыс болады» деген сөз тап осы Аманның ойда-жоқта болыс боп кетуіне байланысты туындағанын біреу білсе, біреу білмес.
Сонымен қойшы, Қашқынбай батырмен құдалықты бекітіп, той уақытын белгілеуге дайындық жасалады. Бие байлатып, саба-саба қымыз, кебежеде сақталған сүр қазылар мен Бұқарадан алдырған өрік-мейіз дайындалады. Сойыстыққа деп құйрығы тегенедей тұсақтар мен үстінен биті домалап түсетін жұмыр жонды жабағылар іріктеледі.
Күзге салым Жіңішкеқұмнан барлық сәнсалтанатымен құлап келе жатқан батыр көшінің жолына он екі қанат ақбоз үйді тіктіріп, Аман ағаң жатады ғой.
Көптен көріспеген екі жақ төс түйістіре құшақтасып, жылы лебіз, жарқын жүзімен бірбірінен сыйластық пен ілтипатын аямаған қалпы батырекеңді апта бойы еру қылады. Күндіз ақсақалдардың мәмілесі, кешкілік арнайы ат жіберіп алдырылған жыраулардың жыр-термелері таусылмайды-ақ! Жаз қызығын қимаған жастар жағы болса алтыбақан, ақсүйектің шырайын шығарып, бір жырғап қалады.
Қанша бір-бірін қимағанмен еруліктің де өз уақыты бар. Көштің ілгері қозғалатын уақыты болғанда бұл көрсетіліп жатқан сый-сияпаттың төркінін біліп тұрғанмен Қашқынбай батыр Аманнан шаруа сұрайды ғой.
Сол кезде Аман да әңгімені көп созбай:
– Неше қарамен келейін? – деп, бір-ақ қайырған екен.
Қашқынбай бүлдіргесін білектен өткізіп екі бүктеп алған қамшысын сығып қалғанда сықыры үйдегі тым-тырыс қалған жұрттың бәріне естілгенін аңғарып қап, ештеңені сездіргісі келмеген қалпы:
– Сексен қара – деген екен.
Сөз бітті. Әңгіме түгенделді. Қыздың малы «қырық жеті» дегенмен белгіленген күйеу баласы о дүниелік болған батырға ешкім ештеме дей алмады. «Әмеңгерлікке кімді белгілеп отырсың?» деп батыр да сұрамады. Тіпті осы әңгіме Қашқынбайдың ірілігі мен тірілігіне жарасып тұрған бәтуадай талқыланбаған қалпымен қабылданып кетті.
Сиыр малы қараға жатпайды, қыз бодауына жарамайды. Бекеттің «қырық жетіге» дайындап отырған жылқысынан басқа Өтемістің алты баласының ұрпақтары үй басына бір қарадан салып, суық күзге дейін сексен жылқы Қашқынбайдың малына шұрқырай барып қосылды.
Қыз ұзату салтанатын келер көктемге белгілеп, төс қағысқан би мен батыр қыстауларына қонды.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ
21 мамыр 2024 ж. 195 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 790

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 835

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031