Қазан шегелеп қайтайық
Әлемді індет жайлағалы бар тірліктің онлайнға көшкеніне бой да үйреніп қалғандай. Әсіресе бір-біріне барып, араласып-құраласудан тыйылған жұрттың бар ермегі әлеуметтік желі болып қалды. Туғанымызбен ватсап арқылы тілдесеміз. Амандығымызды біліп, соңғы кезде бірге шай-су ішуден қалдық. Қазір себепсіз ағайын тұрмақ, көрші үйге де бас сұқпайтын болып барамыз. Індет іргемізден кетті, бірақ біз бір-бірімізге әлі алыспыз. Қонаққа баратын болсақ, бірнеше күн бұрын хабар айтамыз. Бұл тіпті қанымызға сіңісті болып бара жатыр. «Қазан шегелейтін» кезді мүлде ұмытқан секілдіміз. Осы ретте көненің көшінде қалған керемет дәстүрдің бірі «Қазан шегелеу» туралы кеңінен тарқатсақ.
«Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» десек те, өткенді біліп, жақсысы болса жанымызға түйіп жүргеннің артықтық етпесі анық. «Қазан шегелеу» – қонақ күтуге байланысты пайда болған қазақ халқының көне салттарының бірі. Бұл – ағайын-туыстың, әзіл-қалжыңы жарасқан, сыйлас, жасы қарайлас адамдардың бірінің үйіне бірі барып, дастарқан басында бас қосуы. Ертеде келген қонақ: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» деген сарында әзілдесе, үй иесі: «Қош келдіңіздер, қазан шегелейтін шебер іздестіріп отыр едік» деп меймандарды құшақ жая қарсы алған.
Дәл осы жиында ән айтылып, домбыра тартылып, түрлі әңгіменің басы қайырылады. Көздегені – жақындар арасындағы ынтымақтастықтың «шегеленуіне» негіз болу. Отырыс аяқталған соң жиналған қауым «пәленшенің қазанын тексеру керек» деп кезегі келген адамға құлаққағыс жасайды. Бұл дәстүр қыстың бастапқы айларында өтетін болған. Этнографтар оның себебін малшы, егінші қауымның қарбалас кезеңнен бір сәт қолдары босағанымен түсіндіреді.
Сондай-ақ бір деректерде «Қазан шегелеу – келінді шыңдайтын дәстүр» делінеді. Мұның себебі жаңа үй болған отбасының тұрмыс жағдайын көру, келіннің шаруаға бекемдігін байқау, кем-кетігіне көмек ету сияқты жағдайдан туындаған. Бұл үрдіс негізінен Батыс, әсіресе, Орал, Ақтөбе жерінде көп қолданылған. Апа, әжелер ойда-жоқта кіріп келіп, «Келін, қазаныңды шегелеуге келдік» дейді екен. Осы кезде келін кебежесінен етін, майын шығарып, қазан көтеріп тамақ жасаған. Бұл дәстүрдің тағы бір тұсы – келіннің ойда-жоқта келген кісіге сый-құрметі қалай екен, артына іркіп қойғаны бар ма екен, әлде барын өздері жеп артын ойламайтын келін бе екен деген сияқты ойдан туындаса керек. Ал келген қонақтар алдына қойған асты ішіп-жеп, кетерінде сый-сияпат, тарту-таралғыларын беріп, ақылдарын айтады.
Осы дәстүр туралы бір әжей фейзбук желісінде әдемі естелік қалдырыпты. Мүмкін біреуге ой салар. Онда «Өзім Талдықорған өңірінің қызымын. Ақтөбе жаққа келін болып түстім. Жолдасым екеуміз де Мәскеудің оқуын бітіріп барғанбыз. Аз уақыттан соң бөлек үй болып шықтық. Бір күні ойда-жоқта бес-алты кимешек киген әжейлер кіріп келе жатыр. Терезеден көре салып, асып-сасып жолдасымды енемнің үйіне жұмсадым. Өзім бірден басыма орамал салып, алдарынан шықтым. Астарына көрпе салдым. Сасқанымнан «шәй қояйын ба?» деппін. Күліп жатыр. «Қоя бер, келін, қазаныңды шегелеуге келдік, қазан көтер» деді. Жүгіріп барып қазанымды алып бардым орталарына. Олар тағы да күлкіге көмілді. Солай тұрғанымда енем де жетті сүрініп-қабынып. «Әй, қасқа, бұл білмейді ғой» деп жуып-шайып жатыр. Екеулеп дастарқан жайдық. Қазанды астық. Қамырды алдарында илеп, жайдым. Солай талап етті. Жайып болғанша қара терге малындым. Тамақты жеп, шәйді асықпай ішіп, «Келіннің қазаны қағаздай екен» деп баға берді. Соңында сыйлықтарын беріп көңілді тарқасты. Бірақ, бұл оқиға маған біраз сабақ беріп кетті. Ақылды әйелдің қай кезде болсын кіріп келетін қонаққа деп сақтары болатынын білдім» деп ақтарыла жазба қалдырған екен.
Расында да, бала кезімізден әжеміздің тәттілерді «қонаққа» деп өзінің шағын сандығында сақтайтынын көріп өстік. Бұл сол айтусыз келген қонаққа арналған дәм болса керек. Даналықты дәстүрмен жеткізген халқымыздың тәлімді дүниелері көп қой, шіркін! Қазан шегелеу декөңілі жақын жандардың араластықты үзбеу амалы, дайындықсыз, айтпастан барып үй иелеріне күш түсірмей араласудың әдемі түрі. Қазан шегелеудің жолының жеңілдігі сондай, барған адам сол үйдің ықыласпен берген қара суы болса да разы болады, өйткені хабар салмай, өздерінің көңіл қалауларымен барады ғой. Түбіріне үңілсек, сыйластықты арттыру, туысқандық байланысты бекіту ниеті бар.
Ғасырлар бойында халықтың дүниетанымы, ұлттық болмысымен біте қайнаған, хатқа түспегенімен ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып берілген дәстүр мәдениеті кейде шырқау шыңына жетіп, кей тұста сырттан енген кері әсерлерден құндылығының байыбына жетпеген соң көмескі тартады. Түбінде ізгілік жатқан ол ғұрыптарды танудан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз хақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ