Әділ сөздің арнасы – Омар шайыр
qarmaqshy-tany.kz 1905 жылдың қаңтарының аязды күні. Қаһарына мініп, шығыстан щыққан боранды жел бет қаратпайды. Үстінде жыртық сары тоны бар, аяғына киген «көлбақа тамақты» көн етегін қонышынан басқан сары бала жолда бірдеңеден қалғандай асығыс келеді. Қарсы алдынан бетіне соққан ызғарлы жел оның ашық тонынан өтіп, тұла бойын жаулап алып, денесі суықтайды. Баланың үстіндегі қиюы қашқан сары тонның етегі желден шалқайып, «қанатын қаққан қара құстай» қалбалақтайды. Жүріп келеді, сөйлеп келеді...
«Иә, құрысын, бәрі де құрысыншы. Ғаріпшілдіктің де көрген күні құрысын, анаңнан тумай жатып көрген азапшылық-ай», – деді де жол үстінде бойы өзіндей боп өсіп тұрған қарауыл жыңғылдың ығына бір иықтай аяғын бүге қисая кетті. Жолға шыққанына біршама уақыт өтсе де оның Нәмекейге деген ашуы әлі басылар емес. Қайтсін, байдың көрсеткен азары ішін өртеп барады.
Иә, Нәмекейдің оған көрсеткен қорлығы жан дүниесін жиіркендіріп жіберді. Өртенбегенде ше? Қанша жылдан бері сол мешкейдің есігінде жүріп, адал да қылаусыз еткен еңбегіне ең болмаса қотыр тоқты да қимады ғой пәтшағар.
Оның былшық көзді бәйбішесі ше, туф, ойпырмай-ай, айтпағаны жоқ қой сол сары қатынның. Ал, қожайын болса, оның ар жағында. Оңбаған сол сары қатынның боққа былыққан ащы тілінен шыққан сөзіне еріп, қақаған қыстың ортасында күн-түн демей адал қызмет істеп, алғыстың орнына қарғыс алдым. Тіпті, есігінің алдында жатқан сабалақ иті құрлы көрмей, қуып шықты емес пе? Ой, антұрған неме...
Бұл жапан далада қожайынына ренжіп, ішін ашу-ыза кернеп, өзі туып өскен ауылына қайтып келе жатқан баланың сөзі. Ол ызаға толы кеудесін кере көтеріп, басын олай-бұлай шұлғып, бір сәтке ойланып қалды. Қапалы жастың ойын әлденелер мазалайды. Бірақ, бұл бейбақтың жәрдемшісі, тіпті жанында сырын айтар ешкімі де жоқ. Алды-артынан ұйытқи соққан ызғарлы да аязды жел оның қиялын жетелеп, ашынған жүректі алысқа алып кете барады.
Әбден ашынған оның ойына қайдан келе қалғаны:
«...Қайырып арқар сақтап таудың тасын,
Кім көреді қайырсыз байдың қасын», – деген өлең жолын төгіп-төгіп жіберді.
Туһ, бәтшағар, месті қайта-қайта шайқап тұрып оның тығынын ашып жібергенде аузынан шашырай шыққан ашыған қымыздай осы бір шумақ Омардың бойын едәуір жеңілдетіп жіберді. Өлеңіне риза болды ма, күлімсірей орнынан тұрды да, ілгері ауылына қарай жүре берді.
Иә, бұл бала Қазалы қаласындағы атақты Нәмекей Булташев деген саудагерде 4 жыл жұмысқа жалданып, сол жылдарда еткен еңбегінің ақысын ала алмай еліне қайтіп келе жатқан Шораяқтың Омары еді.
Міне, сол бала өсе келе Сыр бойындағы өзінен ілгері ақын-жырауларға көз тастап, олардың ізін қуған, көркем сөздің зергері, қалың жұрттың қадірлісі атанған дүлдүл ақын атанды.
Расында да, Омардың жастық шағы жоқшылық, азапшылықпен байланысты болды. Оның ерекше дарын болып қалыптасуына осы екі нәрсе себепші еді. Сондықтан ақынның ұшқыр қиялынан шыққан әрбір кесек тұлғалы жырлар мен дастандар, мысал өлеңдер мен өзінен кейінгілерге арнаған өсиеттері негізінен еңбекшілдікке, адамгершілікке, Отанға, туған жерге, адамзат баласына деген сүйіспеншілікке, талапшылдық пен тапқырлыққа арналған.
Омар көп ілім алмаған. Ол тек ауыл молдасы Алдашбай ахуннан діни сауат ашқан. Оның ұстазы, яғни ұялы сұңқардай Сыр бойындағы дарынды да, бірінен-бірі өткен жыр дүлдүлдері Ешнияз сал, Нұрымбетсары Шегебай, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, қарасақал Ерімбет болды.
Омар өлең-жыр жазуды он алты жасында бастады, ал жасы жиырмадан асқанда төселген ақындар дәрежесіне жетті.
«Ей, Құлын, қоздырмашы делебемді,
Одан да жаза берсей көнегеңді.
Кім білер қайымыңа алда, арба,
Надан көп сенің ұстар өнегеңді.
Жолама есің болса маған жақын,
Қайта сал қынабыңа «селебеңді».
Үйіңді нағыз ақтан жаппасамда,
Жағалай жаңғыртармын дөдегеңді».
Бұл ақынның 1918 жылы ауыл тұрғындарына өзінің тәртіпсіз мінезімен танылған Құлын деген ауылнайға жазған өлеңі. Ақын аз ғана өмір сүрген өмірінде жиырмаға жуық дастан мен мысал, екі жүз елуден астам өсиет, лирикалық толғау мен жұмбақ өлең, жыр термелер жазды.
Омар Шораяқтың қандай да болсын шығармалары халық ақындары мен жырау-жыршылары арқылы Сыр бойы жұртшылығына тарап, тыңдаушылары арасында жоғары бағасын алды. Оның дуалы аузынан шыққан әрбір сөз халық арасында құнды болып қалды.
«Кетеде Шораяқтың Омары өтті,
Өлгенше өлең сөзді жоғары етті.
Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,
Тұрымбет бес Бозғұлдан бұларда өтті», – деп Сыр сүлейі Қуаныш Баймағамбетов жырлағандай, дүр Омар Шораяқұлының өмір жолына зер салар болсақ, шайыр атамыз сол заманда Сыр бойы еліне ата-бабасы азан шақырып қойған Балжан емес, халық арасында әділдігі, еңбекқорлығы, ағайыншылығымен танымал болған Шораяқ бидің екінші әйелінен туған ұлының үлкені. Ол жоғарыда айтып өткендей, он алты жасынан өлең жазып, кейін келе шайырлар қатарына қосылды. Омар ақынның ұстаздарының бірі – Шегебай Бектасұлы. Омар Шегебай ұстазымен ел аралап жүріп, халықпен етене араласты. Ақын-жыраулардың өнеріне құлақ түріп өсті. Кейіннен өзі де соларға еліктеп, жыр-терме, өлеңтолғаулар мен дастандардан басқа, көптеген мысалдар жазды.
Тіпті, айтыс шебері атанды. Омар ақын туған халқына, оның ішінде өзі шыққан кедей табына жақын болған. Төменгі тап өкілдеріне қиянат көрсеткен байлардың озбырлық әрекеттерін өлеңдері арқылы әшкерелеп отырды. Ел-жұртты ағайыншылыққа, бір-бірінің еңбегін бағалауға шақырды. Оған ақынның 1924 жылы өмірден озар алдында жазған:
«Қайратты туған ер болсаң,
Қамын ойла халқыңның.
Жетім менен жесірге,
Өзі бол жүзі жарқынның.
Ғаріптерді топама,
Толуын біліп алқымның.
Көжеңді көптен ірікпесең,
Күшейер көркі әлпіңнің.
Уағдаңды екі етпе,
Әліне қарап әркімнің», – деген өлеңі мысал.
Омар ақын Шығыс ғұламалары мен Еуропа, сонымен бірге қазақ ақындарының, әсіресе Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларын халық арасында кеңінен жарнамалаған. Ақын 1922 жылы Абайға арнаған «Абайды оқығанда» өлеңінде:
Абайды оқығанмын өлең-сөзін,
Сол кезде пайда болған маған сезім,
«Іші алтын, сырты күміс» сөз жақсысын,
О, дарих! Ескермепті албырт кезім...
Ақынның қасіретіне ортақ болып,
Етер ме қайғысына қатаң төзім.
Не пайда, мезгілінен кейін қалып,
Арманда көрмедім деп екі көзім.
Қазақта ондай ақын қайдан болсын,
Ақылдың аңдалап білер алтын-жезін.
Қалайда содан тәлім алам ба деп,
Тежеймін ертелі-кеш өзімді-өзім», – деп жазады.
1917 жылы ІІ Николай патшаны тақтан түсіріп, Ленин бастаған большевиктер тек Ресейде ғана емес, Орта Азияда, оның ішінде қазақ жеріне де билік жүргізе бастады. Олар елді байлардан тазартып, кедейлерді жаңаша өмір сүруге бейімдеді.
Осыған дейін жоқшылық пен кедейшіліктің кермек дәмін татып өскен Омар ақын жаңа үкіметке қызметке қабылданды. Ол төрт жылдай большевиктермен бірге қызмет етті. Алғашқыда облыстық Кеңестік атқару комитетінде төраға, содан кейін облыстық сотта судья болып қызмет істеді.
Алайда, ақынның ел мүддесіне арнаған өмірі ұзаққа созылмады. Бала кезінен бойына кенедей жабысқан науқастығы оның әрі қарай жұмыс істеуіне мұрсат бермеді. Ауруы күннен-күнге дендеп, оның жұмыс істеуіне кедергі жасай берді. Бірақ, оған сыр бермей, Сыр сүлейлерімен бірге ел аралап, туған халқының мұң-мұқтажын билікке жеткізіп отырды. Жыр-термелерімен сусындатты. «Қара шекпен», «Тау елі», «Жарлы Тәліп», «Кедей» сынды дастандарын халыққа арнап, лайықты бағасын алды.
Әсіресе, ақын өзінен кейінгі інілеріне, оның ішінде «Сырда туған Абайдай» деп халқы үкілеп атын қойған Тұрмағамбет шайырға 1923 жылы жазған «Тұрмағамбет ініме» атты арнауында:
«...Қайғысын бұл дүниенің қабат ойлап,
Қайтеді ақылыңды екі бөлсең.
Еңбектің іске аспағы екі талай,
Табандап, тас көшеде аттай желсең.
Ей, інім, ақылын ағла аңдауымда,
Тұрақсыз туысыңа жүрген дөнсең.
Әр түрлі хикая мен дастан жазып,
Болмай ма қатарыңды жалпы жеңсең.
Атыңды алты Алашқа мәшһүр етіп,
Журналға сөз беруге енді белсен.
Сөзіңді шайырлармен салыстырып,
Алдыңа жан салғызбай озып келсең.
Өлсең де кейінгі ұрпақ сені іздеп,
Жылар ед «О дарих!» деп кемсеңкемсең», – деген өсиет өлеңі де әлі күнге дейін халық жүрегінде.
Иә, туған халқының азаттығы мен жарқын болашағы үшін бар саналы өмірін арнаған шайыр Омар Шораяқұлы 1924 жылдың 14 маусымында өмірден озды.
Халқымызда «Өткір пышақ қында жатпайды» деген асыл ұғым бар. Сымбатты да сұлу Сырдың аумағында өмір сүрген шайырлар арасында шоқтығы биік дүр Омар Шораяқұлы өмірден өтсе де оның ісін, шығармаларын ізбасарлары, ұрпақтары халыққа насихаттауда.
Халық ауызында дүр, ақын атағына ие болып, өзінің жүректен шыққан жырларымен мәңгі есінде қалған Омар шайырдың ұлы Шайқы да әкесі сияқты Сыр еліне есімі танымал тұлға болды. Ол Шиелі, Сырдария аудандарындағы партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет етіп, туған халқының әлеуетін арттыруға сүбелі үлесін қосты. Шайқы Омарұлының Тұрсын деген қызы өткен жылы Алматы қаласында өмірден өтті.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ