«Қыс шілдесі» қарқын ала бастады
qarmaqshy-tany.kz ҚЫСТЫҢ ЕҢ ҚИЫН АЙЫНЫҢ ДА БЕЛ ОРТАСЫНА КЕЛДІК. ҚАЗАҚТЫҢ «КҮН КӨЗІ ҚЫРАУЛЫ, ҚЫС КҮНІНДЕ МӘЛІМ ЖОҚ» ДЕЙТІНІ ОСЫ КЕЗ. ҚАЛЫҢ ҚАР ЖАУАДЫ, КӨКТАЙҒАҚ БОЛАДЫ. ИӘ, АЙ БАСТАЛҒАЛЫ БЕРІ БІРҚАТАР АЙМАҚТА АУА РАЙЫ НАШАРЛАП, ТОҒЫЗ ОБЛЫСТА АВТОЖОЛДАР ЖАБЫЛДЫ. ЕЛІМІЗДІҢ ЖЕР-ЖЕРІНДЕ КҮН СУЫТЫП, АЯЗ КҮШІНЕ ЕНЕ БАСТАДЫ. ТІПТІ КЕЙ ӨҢІРЛЕРДЕ АУА РАЙЫНЫҢ ҚОЛАЙСЫЗДЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ОҚУШЫЛАР ҚАШЫҚТАН ОҚУҒА МӘЖБҮР БОЛДЫ.
Қылышын сүйреп келген қыс биыл тосынсый болды. Бірнеше тәуліктен бері қыс қаһарына мініп, қытымыр мінез көрсетіп тұр. Елімізде өткен аптадағы ауа райына антарктикалық циклон әсер етті. Қазақстанның кейбір аймақтарында алдын ала ескерту жасалды. Салдарынан барлық аймақтарында қар жауып, аяз түсіп, боран соқты. Бет қаратпайтын боран мен құлақ үсірген сары аяз республикамыздың бірқатар аймақтарында белең алып отыр. Айталық, Абай, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Ұлытау облыстарында жауын-шашын 1 айлық нормадан асып кетті. Ал, Шығыс Қазақстан облысында бір аптаға жетер-жетпес уақытта 2 айлық мөлшерінде қаржауды.
Боранды, бұрқасынды күндері төтенше жағдай министрлігі күшейтілген тәртіппен жұмыс істеді. Министрліктің мәліметінше, республика бойынша жолда қалған 176 адам құтқарылып, эвакуацияланды.
Қазір елдің солтүстік пен орталығында аяз сынды. Дегенмен, синоптиктер еліміздің кей аумағында ауа райы тұрақсыз болады деп отыр.
«Қыс шілдесі» жайлы не білеміз?
Халық даналығына сүйенсек, әр мезгілдің өзіндік ерекшелігі мен таным-түсінігі бар. Осыған сәйкес, қазақ табиғат құбылыстары мен ауа райы болжамын да әдемі суреттеп, оларға ерекше атау берген. «Құралайдың салқыны», «Бес қонақ», «Қыс шілдесі» секілді дәлме-дәл келетін танымдары әлі күнге дейін ел аузында.
Қаңтардың соңғы 15-нен 29-ы күндерінде аяз болады. Бұл кезде қыс күшіне еніп, түкірік жерге түспейтін сақылдаған сары аяз болады. Қазақтар мұны «Қыс шілдесі» деп атаған. Бұл амалда қарқын беретін нағыз дүлей құбылыс: қытымыр ызғар, қарасуық, ұйтқыған боран. Бұның кей көріністері өткен аптада біздің ауданда да болған сыңайлы. Қазір ептеп басылғандай.
Бабалар болжамы бойынша, аптаның соңғы күндерінде қыс күшіне енеді. Сақылдаған сары аяз келіп, елдің «есін» шығаратын кез басталады. Арқада «атқұлағы көрінбейтін» боранды күндер осы уақытта көрініс береді.
Қаңтар айында болатын құбылыстардың тағы бірі – «Бөрі сырғақ». Мұнда атқұлағы көрінбейтін боранды суықты айтады. Бұл шамамен қаңтардың 18-інен 19-ына қараған түніне тура келеді. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл мезгілде қасқырдың арланы мен ұрғашысы жұптасады. Осы түн әлемдегі барлық заттың тазару түні, әсіресе, судың ең тазаратын уақыты деп есептеледі. «Бөрі сырғақ» деудің себебі қатты соққан бораннан қар үстінде ештеңе тұра алмайды екен, сырғанап ұшып кетеді. Ертеде бабаларымыз осы күнгі сумен нәрестені қырқынан шығарып, жүкті әйелдер жуындырған нәрестелер қасқырдай батыр болады деп ырымдаған.
Ауа райын болжаушылардың айтуынша, қаңтардың соңы аязды болады. Айдың екінші онкүндігінен бастап күн күрт суытады. Демек, қысқы шілде қаһарына мінеді. Болжам бойынша алдағы күндері қалың қар жауады. Көктайғақ болады. Мұндайда, әрине, адамдардың қауіпсіздігі бірінші орында.
Түйін Иә, биылғы қыстың арыны қатты. Өткен аптада аязды күндер сәл сынып, күн жылына бастады. Қар еріді. Аз да болса шуақ байқалды. Дегенмен, алдағы қысты болжай алмаймыз. Сол себепті бұл мезгілде ұзақ сапарға шықпай, ескертулерге құлақ асқанымыз абзал. Қысқы шілденің қыңыр мінезіне қырын қарамай, сақтанып жүрейік!
Ақнұр САҒЫНТАЙ