» » » Өзіңізді сүйіңіз және сеніміңізді арттырыңыз!

Өзіңізді сүйіңіз және сеніміңізді арттырыңыз!

Денсаулығымыз өз қолымызда. Оны мүмкін бәріміз байқап, мән бермеспіз. Анығында әркім өзін-өзі танып, өз психологиясын меңгерсе, зерттесе көптеген жақсы нәтижеге қол жеткізері анық. Жалпы физикалық денсаулығымызбен қатар психикалық денсаулығымызға да мән бере қарауымыз керек. Физикалық денсаулық – бұл ағза мүшелері мен жүйесі қалыпты жұмыс істеуге негізделген оның табиғи жағдайы. Егер барлық ағза мүшесі мен жүйесі жақсы жұмыс атқарып тұрса, онда адамның бүкіл ағзасы (өзін-өзі реттеу жүйесі) да дұрыс дамып, қызмет жасайды. Ал, психикалық денсаулық – ол бас миының жағдайына байланысты ойлау сапасының, деңгейінің эмоциялы тұрақтылық дәрежесінің, көңіл мен есте сақтаудың және ерік-жігер қасиетінің дамуымен байланыса сипатталуы.
Психология – адамның ақыл-ой қызметінің, мінез-құлқының физиологиялық және әлеуметтік қажеттіліктерінің байланысы. Ғалымдардың тұжырымы бойынша психикалық ауытқушылықтардың пайда болуы өмірлік жағдайына көп көңіл бөлінуінен болады. Зерттеулердің көрсеткішінде жұмысшылардың медико-психикалық қиындықтары көп кездесетіні анықталған. Зерттеу барысында әлеуметтік-психологиялық дезадаптация құбылысы да байқалған. Яғни адамның әлеуметтік ортаға бейімделе алмауы. Оның қиындықтары төмендегі жағдайларға байланысты пайда болып отырғаны айтылады. Атап айтқанда, физикалық денсаулығына байланысты туындаған қиыншылықтар (проблемалар), психикалық ауытқушылығына орай, яғни эмоциялық сферасына, көңіл-күйін басқара алмауынан туындаушылық, қарым-қатынастағы қиыншылықтар, жанұялық жағдайдағы кедергілер, темекі шегуі мен алкогольді қолданғаннан туындаған мәселелер болып келеді. Соңғы жылдары әлемнің көптеген елдерінде психикалық денсаулықтың бұзылуы жоғары көрсеткішпен сипатталған. Оның ішінде психикалық аурулардың, тұлға фрустрациясының, мазасызданудың, стрестердің таралу көрсеткіштерінің өсу тенденциясы, әртүрлі суицидтердің, тұлғаішілік келіспеушіліктердің, тәуелділіктердің (нашақорлық, ішімдік, токсикомания, ойынқұмарлық) орын алуы байқалады. Адам денсаулығына оның жасайтын таңдауы тікелей әсер етеді. Денсаулыққа жетелейтін таңдаудың алғышарты болып өзіндік ішкі дүниесіне, яғни "Мен дауысына» (интуицияға) сүйенуі саналады, бұл таңдау жасау барысында ішкі дауысын тыңдауға, соған еліктеуге, алдағы жоспарды құруға мүмкіндік береді. Жастар арасында саламатты өмір салтының маңыздылығын дәріптеу, құлықсыздықтың алдын алу, нашақорлық пен шылым шегумен белсенді күрес жүргізу, уақытты бос өткізбей пайдалы істерге арнау, денсаулыққа немқұрайлы қарамау, спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастыру – Жастар орталықтарына міндеттелген. Кең көлемді реформаның жүзеге асуы процесінде негізгі рөлді мемлекеттік және үкіметтік емес мекемелердің біріккен әлеуметтік жобалары шеңберінде дені сау ұрпақты тәрбиелеу мақсатында жүргізіп жатқан жұмыстарды атауға болады. Қоғамның өзекті мәселелерін шешудің бір механизмі ретінде болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтау мәселесі тұр десек қателеспейміз.
Биылғы жылды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп белгілегені бәрімізге аян. Бұл бастама өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағын жақсарту, әлеуметтік жағдайын көтеруге мүмкіндік беруде. «Дені сау бала», «Бала қорғау» жобасының мақсаты – балалар мен мүмкіндігі шектеулі, ерекше балалардың денсаулығын нығайту іс-шараларын ұйымдастыру және олардың құқығын қорғау болса, «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Білімді бала» жобаларының мақсаты – балалардың сапалы білім алуға және оларды жеке тұлға ретінде дамытуға қатысты құқықтарын жүзеге асырып, оқу-тәрбие процесінде тәрбие компонентін күшейту, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен тұлғаларға көмек көрсету бойынша іс-қимыл алгоритмін әзірлеп, жекелеген санаттағы балаларға материалдық көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесін енгізу секілді дүниелерді жүзеге асыру болып табылады. Сондай-ақ, балаға отбасындағы адамгершілік және рухани құндылықтарды сіңіре білуге насихаттауды да қамтиды. Осындай мақсатты жоспарлар бойынша ауданымызда біршама жұмыстар атқарылып келеді. Отбасы құндылығын дәріптеу, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын таныстыру, жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау, өзіне сенімділікті арттырып, қиындыққа төзімді күшейту, өз-өзіне қол салудың алдын алу, зиянды әдеттен бойын аулақ ұстап, саламатты өмір салтын қалыптастыруға баулу жолында аудан көлемінде оқушылар, ата-аналар және жасөспірімдер арасында білім ұйымдарымен, Жастар ресурстық орталығымен, үкіметтік емес ұйымдармен, заң органдарымен салааралық бірлескен жоспарларға сәйкес, түрлі форматта кездесулер ұйымдастырылып, сайыстар өтіп, түрлі деңгейдегі іс-шаралар жүргізілуде. Жасыратыны жоқ, кейде келеңсіз (отбасы кикілжіңі, ішімдікке салыну, тұрмыстық жан-жалдардан туындаған мәселелер, отбасындағы зорлық-зомбылықтар, суицидтік мақсаттағы әрекеттер, қоғаммен дұрыс қарым-қатынас жасамау, өз эмоциясын басқара алмау, тағы басқасы) жағдайлар орын алып жатады. Адам табиғат жаратылысы болғаннан соң, осы өмірдің иесі болу бұйырғаннан соң мәнді де сәнді өмір сүріп, адамдық миссиямызды кіршіксіз атқаруға құлшынуы тиіс. Адамдар әралуан мінезді келеді. Әл-Фараби атамыз айтпақшы, мінез-ішкі жан дүниеңнің айнасы. Өзіңді сүйіп, өзіңді ретке келтірсең, өзіңді танып, өзіңді дамытумен айналыссаң, сенде ешқандай да артық проблема, күйзеліс, шешімін таппайтын мәселелер болмас еді. Болашаққа жоспар жасап, мақсат қойып үйреніңіздер дегіміз келеді. Егер де сізді қандай да бір ойлар мазалап, шешімін таппайтын сұрақтар ойландыратын болса, егер сізді ешкім түсінбей жатса, көңіліңдегі ойды жақыныңа, достарыңа, ата-анаңа айтуға батылың жетпей жатса, облыстық Жастар денсаулығы орталығында қызу желі телефоны тәулік бойына үзіліссіз жұмыс жасайтынын айтқым келеді. Қоңырау шалу тегін. Құпиялылық сақталады. Аты-жөндеріңізді жасыруға болады. Тек жастар ғана емес, психологиялық көмек қажет етушілерге де ұсынылады. Тәжірибелі психолог мамандардың пайдалы кеңесін алуға мүмкіндік бар. Кейде қарапайым әңгімелесу көп жағдайды өзгертіп жатады. Мына жалпақ дүниеде сен жалғыз емессің, көмек қолын созар адам табылады. Маман ретінде өлім – мәселе шешетін оңтайлы іс емес, ойланыңыздар, дер едім. Өзіңізге сеніңіз, өзіңізді сүйіңіз, өзіңізді сыйлаңыз, сонда ғана өзгені сыйлап, өзгені сүйе аласыз. Өмір сізбен ғана ғажайып, сізбен ғана әдемі. Себебі болашақ бүгіннен басталады.
Әмина ТАХИРҚЫЗЫ,
психолог
11 қазан 2022 ж. 579 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 030

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031