Асқақ рухты ақын кеші
«Өлең жырдың жүйрігі» атты рухани кеште облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, ақынның мерейлі жасына лебізін білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын оқып, иығына дәстүрге сай шапан жапты.
Театрланған көріністен кейін кеш тізгінін қолына алған ақын Толқын Қабылша келген қонақтарға өз оқырманының жан дүниесін толқытқан ақынның әсерлі өлеңдері жайлы айта келіп, замандастарына сөз берді.
Елорда мен Алматыдан арнайы келген жерлесіміз, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы мен жырау, фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов ақын жайлы естелік-тілегін жеткізсе, ақын, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері Толыбай Абылаев өз ықыласын өлеңмен білдірді.
Салтанатты кеште Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтауын басқарма филиалының жетекшісі Қаршыға Есімсейітова табыс етсе, Қорқыт ата университетінің гуманитарлық-педагогикалық институт директоры Сағат Тайман ректордың құттықтау хатын оқып, университеттің «Алтын төсбелгісін» кеудесіне тақты.
«Қызылорданың Қадыры» атанған Дүйсенбек Аяшұлының осы кеште «Жұлдызым жоғары» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Сондай-ақ сахнадағы экранда ақынның «Дарияның өткелінде» туындысына қойылған балалық шақ бейнесі ұсынылды. Жастар ақынның өлеңдерін жарыса оқыды. Кешке арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан келген, Сырдың мақтанышы Елмұра Жаңабергенова ақын жайлы естеліктерімен бөлісіп, ән шырқады. «Бір өлең жазғым келеді» атты өлеңіне жастар театры өнерпаздарының қойылымы ұсынылып, ақын сөзіне жазылған әндер орындалды.
Кеш соңында мерейтой иесі сөз алып, келген қонақтар мен оқырмандарына шынайы алғысын білдірді.
Ақын сөзіне жазылған Алтын Бекенованың «Нұр-Астана» әнімен кеш шымылдығы жабылды.
«СБ» ақпарат