Меңей батыр

Сыр шайырларының ішінде ақын­дық пен ахундықты қатар ұстаған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Ел қамын жеген ерлер» атты толғауында:
Дос күтіп, дұшпан сыйлаған,
Бәшеке, Жаңай, Меңейді.
Жұрт тегіс желдей тынушы ед,
Козғаса олар көмейді.
Уақытында олардың,
Күннен-күнге күшейіп,
Өрісі елдің кеңейді.
Қалайынша айтқанмен,
Қайратты туған қанды көз,
Азды көпке теңейді, – деп жырлап, ол батырлардың шешен тілді болғанынан да хабардар етеді.
Сыр сүлейлерінің жырларына арқау болған Меңей кім? Ел ауызындағы әңгімелерде Меңей батыр туралы көп айтылса да, ол туралы білетіндер сирек. ХVIII-XIX ғасырларда Сыр елінің Қуаңдария, Жаңадария, Майлыөзек пен Қарақ жалы өңірінде өмір сүрген Меңей батырдың ерлік істері ХІХ ғасырдың 80-жылдарында өмірге келген Тұр­мағамбет ақынға жақсы белгілі болды, өйткені шайыр біздерден гөрі Меңей батыр өмір сүрген уақытқа жақын.
Сонымен Меңей батыр 1750-1753 жылдар шамасында туып, 1847-1850 жылдарда Қуаңдария бойында өмірден өткен. Батырдың шыққан тегі Шөмекейдің Бозғылының Торыбайы. Батыр өмір сүрген кезең Ресейдің Сырдария өзенінің төменгі ағысына бойлай еніп жатқаны, қарақалпақтардың Қуаңдария мен Жаңадария өзендерінің бойына, Хиуа бегі Қожанияздың «Құрттөбеге» бекініс салып, сол маңдағы қазақ ауылдарына билік жүргізіп, зекет алып, елді шулатқан оқиғалары болған уақыты. Міне, осы кезеңде замандастары Бәйтік-Тоғанас, тоқым тыққан Қыстаубай, Шағырай, Қорен, Жылқыайдар батырлармен бірге тізе қосып, елін, жерін қорғап, есімі халық жадында мәңгі қалған батырлардың бірі. Сондай-ақ Өтетілеу, Пірәлі, Жаңай билермен сыйлас болған.
Көнекөз қариялардың айтуына­ қарағанда, Меңей ұзын бойлы, тау тұлғасымен дараланып тұратын жауы­рынды, қалың қасты, қаба сақалды кісі болған. Атқа мінгенде үзеңгіге салған екі аяғының  тізесі атының құлағына жетеғабыл болған деседі. Қылыш сермеп, найза түйреудің әдіс-айласын шебер меңгерген батыр жауға қарсы ұрандап бір өзі шабады екен. Шалт қимылы соншалық, жуандығы білектей найзамен қарсы келген жауын түйреп өткенін әп-сәтте ешкім аңғармай қалатын көрінеді. Қоқан, Хиуа бектерінің жауынгерлерімен және Құба қалмақтардың әскер басыларымен бірнеше мәрте жекпе-жекке шығып жеңіске жетіп, шайқас тағдырын шешкен батыр бабамыз ержүрек өжеттілігімен қазақ хандарының сеніміне ие болған.
Меңей сырт жауына қатал, қайт­пас қайсар батыр болған. Жорық жолдарында жүріп әскер құрамына жаумен қарсыласудың айла әрекет­терін үйретуден жалықпаған қа­зақ батырларының өр мінезін қалып­тастыруда ерлікке бастайтын  жалынды ұрандармен намысын оятып, жігерін қайрау батырдың бірінші кезектегі міндеті болған. «Дөйт» ұранын айтып, атойлап жауға шапқанда арыстандай айбаттанып қаһарланып кетеді екен.
Бірде Шөмекейге хан болған Елікей Қасымұлы Ақмешіттегі Қоқан бегіне барады, қасында Меңей бар. Бек Елекей ханға қарап: «Мына кескек (қылыш) байлағаның кім?» деп сұрайды. Сонда Меңей батыр: «Бұл Айшуақ, Есім, Ералы, Нұралы хандарды қорқытқан кескек, керегі болып қалар деп әкелген едім» деп қылышының бәнегінен ұстаса керек. Елекей хан: «Атеке, сізге не болды, не болды?» дей беріпті сасқанынан. Сол кезеңдегі Ақмешіт пен Қазалы, Ырғыз, Тамды, Торғай арасында айтқан сөзі өтетін, ел қамқоры болғандардың бірі – Меңей батыр болған.
Ақын әрі шежіреші Әлімбай Әлиасқаров:
Қыстаубай, Меңей, Тоғанас,
Шағырай, Сәрке, Сәлтеке,
Кімдерден қашан кем еді? – деп толғаған.
Меңей батыр алғашқыда, ру аралық барымташыларға тыйым салып, батыр атала бастаса, келе-келе әртүрлі ұрыс-шайқастарда шыңдалып, шын мәніндегі батыр атанған. Ресей жерінен шұбыра көшкен Еділ бойының құба қалмақтары қазақ жеріне еніп, бірнеше рет ұрыстар болғанда Меңейдің қолбасшылық қасиеті анық байқалды. Ол негізінен Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың ұлдары Нұралы хан мен Ералы, Айшуақ сұлтандардың қарамағында болып, құба қалмақтармен Жем, Торғай, Нұра өзендері, Қызылжыңғылбас маңында соғысқан. Қалмақтардың көші 40 мың әскердің қорғауымен қазақ жері арқылы өтіп, жол бойындағы қазақ ауылдарын шауып, тонағаны белгілі. Бұл ұрыс «Шаңды жорық» деп аталған. Бұны Ресей офицері, әрі зерттеушісі капитан Н.Рычковтың 1771 жылы қазақ даласына жасаған саяхатында қағазға түскен күнделік жазбалары растайды.
ХІХ ғасырдың басында Жаңадария мен Қуаңдарияның орта және төменгі ағысында мекендеп қоныстанған ауылдарға хиуа мен қоқандықтар сан мәрте шабуыл жасайды. Халықтың ар-намысына тиіп шексіз озбырлық жасаған хиуалықтармен болған соғыста Меңей батыр оннан астам жау сарбазын жер жастандырып, ерлік көрсетеді. Ол уақыттағы соғыс дәстүрінде адам шығынын азайту мақсатында екі жақтың бас батырлары жекпе-жекке шығатын болған. Қай жақтың батыры жеңіс жасаса, сол жағы жеңген болып есептеледі. Екінші ауыр түрі жаппай шабуылға шығып, найзаласу, шоқпар сілтеу, қылыштасу, тағы бір әдісі айнала қоршап алып жойып жіберу.
Бірде Жанқожа бастаған қазақ қосындары Хиуаның қалың қолына тап болады. Адам шығынын болдырмау үшін екі жақтан екі батыр жекпе-жекке шығатын болады. Бұл жолы екі жақтың келісімі бойынша жекпе-жекке Хиуа жақтан Қарабас батыр, Жанқожа жақтан Меңей шығады. Екі батыр ортаға шауып шығып, айқаса кетеді. Қарабас батырдың ірілігіне сай қайраты да бар екен. Қарсыласын тез жеңудің әдісі болу керек, найзасын адамға емес, аттың шылауына қарай сілтей бергенде, Меңей батыр шалт қимылдап кіндік тұсынан түйреп өтеді. Найзасы қолынан ұшқан жау атынан төңкеріле құлап, сол жерде жан тапсырады. Көп ұзамай Хиуа ханы Аллақұл Қожанияз басқарған алты мыңнан астам қолды Сырдың жағасындағы қазақтарды жазалау үшін жібереді. Жанқожа бастаған жасақтар хиуалықтарды тас талқан етіп, олардың бекінісі «Жаңақаланы» басып алады. Осы шайқаста ерекше көзге түскен Меңейге дән риза болған Жанқожа батыр: «Басқа батыр бір төбе, Меңей ағам бір төбе» деп құрмет тұтқан. Бұның себебін сұрағандарға – Батырдың қайраты мен қайсарлығын, әскери шеберлігін айтпағанда, ұрандап жауға бір өзі шабатын қырғиы ғой, ол ердің деп жауап берген екен.
Меңей батыр есімі сирек те болса кейбір карталар мен жинақтарда кездесіп қалады. Алайда орыс әріпінде Меңей аты Мунгей, енді бірінде Мунгай болып жазылып кеткен. Қатесі болса да орыс әскерилері мен экспедицияда болған кісілердің жазбалары батыр бабамызға қатысты жайларды анықтауға жәрдемдесетінімен құнды. 1910-1913 жылдары Қазалы мен Перовск уездерінің жер шаруашылығын пайдалануға арналған статистикалық жинақтың Қазалы уезіне арналған кітабының 57-бетінде Қарабастоғай болысына қарайтын №2 ауылын шыбынтай, торыбай руының адамдары қыстайтынын және олардың Мингей, Мунгай деген жерде жаз жайлап, қыс қыстайтынын жазса, 1911 жылғы Қазалы уезінің картасында Меңей деп анық жазылған. Ал ауызша шежіреде Меңейдің Қармақшы ауданындағы Тәйімбет Көмекбаев атындағы ауыл орналасқан жерде қоныстанғаны және бұл жер батырдың көзі тірісінде-ақ «Меңей» деп аталғаны айтылады. Тәйімбет Көмекбаев ауылы маңында Меңей атты көл және Меңей батырдың үй-тамы бар. Бұл тарихи ескерткішті 1986 жылы Қазақ КСР мәдениет министрлігінің ескерткіштерді қорғау басқармасының тапсырмасымен «Казпроектреставрация» кәсіпорнының ғалымдары зерттеп, арнайы пас­порт жасаған. 2016 жылы батыр ұрпақтары мен Т.Көмекбаев ауылының тұрғындарының бірлескен істері нәтижесінде Меңей батыр кесенесі қоршалып, ескерткіш қойылды. 2018 жылы Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде және 2021 жылы Қызылорда облысының орталығынан Меңей батырға көшелер берілді. Қызылорда қаласында батырдың аруағына арналған ас беріліп, қаланың орталық алаңында Меңей батыр атындағы қазақы үй тігілді.
Меңей батыр жайында Қызылорда облысының «Сыр елі» энциклопедиясында, «Сыр бойының батырлары», «Қазақ көтерілістері», «Кете-Шөмекей шежіресі» кітаптарында және республикалық «Түркістан», Қызылорда облысының «Сыр бойы», Қармақшы ауданының «Қармақшы таңы», Жалағаш ауданының «Жалағаш жаршысы», тағы басқа да газет-журналдарда мақалалар мен мәліметтер берілген.
Ел есіндегі, халық жадындағы Меңей батыр есімін ұлықтау, құрметтеу туған жерге тағзым болмақ. Батыр есімін ұлықтап, Қуаңдария ауылындағы «Қосшың» шекара бөлімшесі «Қосшың-Меңей батыр» деп аталса, бүгінгі жас ұрпақ батыр бабасын мақтаныш етіп, жастардың бойында Отаншылдық қасиеттері арта түсері анық.
Сүлеймен ШЫНЖЫРХАН,
батыр ұрпағы
14 мамыр 2022 ж. 761 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031