» » » МАЙДАНГЕР МАХАМБЕТОВ

МАЙДАНГЕР МАХАМБЕТОВ

Бала көңілде аңыз болып қалған жан жайлы жазудың сәті енді түскені.

Жаз. Жайлау. Жапан түзде жалғыз шопан үйі. Алыстан қара көрінсе кең дүниеде не жаңалық бар екен деп елеңдеп отырамыз. Түс ауа сағым ойнаған сары даладан қою шаң көрінді. Дала баласы мал мен машинаның шаңын тез айыра қояды.
Газ-66 аталатын, тек бастықтардың тақымында ғана болатын жүйрігіміз біздің үйге қарай жүйткіп келеді. «Басқарма төрағасының малшы ауылын аралап шығады» деген хабарын даланың сымсыз телефоны бірнеше күн бұрын жеткізген болатын. Біріміз жез самаурынды далаға ала жүгіріп, екіншісі көрпе төсек салып, құман, шылапшын, сүлгімізді сайлап әбігер шектік те қалдық. Жеңіл көлікке қалай сыйып келгенін кім білсін, бойшаң бастықтың өзі түсіп жатыр. Біз үшін ең жоғарғы лауазым иесі болып табылатын қонағымыздың қолын алып қалуға жапа тармағай ұмтылудамыз.
Бұл «Октябрь» колхозының председателі – Махамбетов Өмірзақ еді. Ол
1916 жылы Қазалыда дүниеге келген. Өмекеңнің балалық шағы патша тағынан ауып, жаңа заман туды,- деп кедей-кепшік бөркін аспанға атқанымен жарлы жарылқалмай, байдың бағы тайған алмағайып қиын кезеңге дөп келді. 1930 жылы Қазалының он жеті ауы¬¬лы жаңа өмір бастамақ болып «Дихан» серіктестігін құрады. Осы серіктестіктің алғашқы мүшелерінің бірі әкесі Махамбетке еріп жастайынан диханшылықтың зіл батпан бейнетін көріп өседі.
1936 жылы Қазалы мал дәрігерлік техникумын зоо¬техник мамандығы бойынша бітіріп шыққан Өмекең Ақтөбе облысы, Темір аудандық асыл тұқымды ірі-қара малын тарататын мекемеге учаскелік зоотехник болып қызметке тұрады.
1937 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, елге 1941 жылы ғана оралады. Осы аралықта ақ финдерден Батыс Украин, Батыс Белоруссияны, Молдованы азат етуге қатысады. Неміс фашистері ортақ Отанымызға тұтқиылдан соғыс ашқанда, соғыс дәмін татып, ысылған әскери азаматтардың алғы шектен көрінері анық. 101-ші Ұлттық атқыштар бригадасының құрамында саяси жетекші – комиссар болып ұрыс қимылдарына кірген Ө.Махамбетов талай қиын-қыстау сәттерді бастан кешеді. №299 Суворов атындағы гвардиялық полкінде, І-Украин майданында 120 м/м миномент батарейі командирі болып талай мәрте ұрыстарға кірді.
Осылайша, Ржев қаласынан басталған жорық жолы «Великке Луки» Польша, Венгрия, Австрия жерлерін басып өтіп Берлинге жетті. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін «За взятие Берлина», За освобождение Праги І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен көптеген медальдармен наградталады.
1945 жылы ақпан айында Кеңес Одағының ең жоғарғы наградасы – Ленин орденіне ұсынылады. Алайда, оған бұл марапат белгісіз себептермен берілмей қалады. Елге 1947 жылы оралған саяси жетекші 1953 жылға дейін Жаңақорған, Арал аудандарында аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің партия мектебінде білім алады.
КПСС Орталық комитетінің 1954 жылғы январь Пленумы шешіміне сәйкес, ауыл шаруашылығындағы кемшіліктерді жоюдың нақты жолы колхоз басқарып отырған кадрларды іріктеуді жүзеге асыра бастады. Партия шақыруына үн қатқан «отыз мыңдықтар» деп аталған жоғарғы лауазымды қызметкерлер тұралап қалған колхоздарды көтеруге жіберілді.
Осы тұста Сырдария ауданындағы «Коммунизм» колхозының басқарма төрағасы болып Арал ауданы парткомының бірінші хатшысы Жүсіп Бисариев, «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозына Арал ауданы ауаткомының төрағасы Мұхан Есмағанбетов, «Киров» колхозына облыстың әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы Төлеген Дәуітбаев тағайындалса, Қызылорда қаласы іргесінде тұралап қалған «Комсомол» колхозына Арал ауданы парткомының екінші хатшысы Махамбетов Өмірзақ жіберіледі.
Әскери қатаң тәртіп пен жауапкершілік жүгін сезіне білген іскер басшы бұл істі дөңгелете жөнеледі. Әуелі ауылдың бас жоспары жасалып ауыл да алғашқы кезеңде бес көше Карл Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин, Абай көшелерін салу жұмысы басталып та кетті. Әр көшедегі үйлердің қазығына дейін өзі қағып беріп тіпті прораб та болып кеткен кезеңдері болды. Тіпті көше бойынан қияс кетіп дұрыс салынбаған Аралбай деген колхозшының өріліп қойған үйін қайта бұзуға тура келген кезеңдері болды.
Осы ауылда арнайы 8 гектар жерге Алматыдан апорт алмасы егіліп, 1959 жылдан бастап өнім бере бастады. Ауыл¬да, ауданда алғашқылардың бірі болып шаруашылық орталығы салынып, бұл тәжірибиені бүкіл республикаға тарату үшін «Мәдениет және тұрмыс» журналы 1960 жыл 2-ші санына жариялады.
Ауылды суландыратын үлкен канал қазылып, халық игілігіне берілді. Мектеп, балабақша, колхоз кеңсесі салынды.
Колхоздың 1954 жылғы ақшалай табысы отыз төрт мың сомнан 1959 жылы үш миллион сомнан асты. 1953 жылы әр колхозшының еңбек күніне 200-250 грамм астық, 20-30 тиын ақы тиесілі болса, 1959 жылы еңбек күнге 2-3 кг астық, 2-3 сом-нан ақшалай табыс тапты. Төрт түлік мал басы көбейіп, егін шаруашылығы қарқын ала бастады. Осы еңбегі ескеріліп колхоз басқарма төрағасы Махамбетов Өмірзақ 1957 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Ө.Маханбетов 1964 жылы Сырдария ауданындағы «Октябрь» колхозына (қазіргі Қоғалыкөл ауылы) басқарма төрағасы болып тағайындалады. Іскер басшы бұл шаруашылықта да өзінің қабілетін таныта білді. 1966 жылдың қорытындысымен Қазақстан Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің ауыспалы «Қызыл туын» табыс етті. Ал, ІХ-шы бес жылдықтың қорытындысымен Өмірзақ Махамбетов «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Одан кейін де облыстық дәрежеде лауазымды қызмет атқарған Өмекең қандай қызмет атқарса да мемлекет мүлкіне көз сұғын қадау немесе жауапкершіліктің тінін босату сияқты келеңсіз әрекеттерге бой алдырмай абырой биігінде қала білді.
Ол республикалық дәрежедегі зейнеткер¬лікке шыққанда жеке көлігі де, жеке үйіде болған жоқ. Есесіне кешегі қанды көйлек достары мен әр салада еңбек еткен әріптес достары болды. Ата-ананың тағылымды тәрбиесін алған ұрпағы әке аманатын арқалап ел дамуына үлес қосып, Махамбетовтер әулетінің көшін көрікті етіп ғұмыр кешуде.
Қиындықты бірге көріп, өмірдің ащы-тұщысын бірге татқан жандардың арасындағы достық сезім жыл өткен сайын арта түсері анық. Кешегі майдангерлер саяси жетекші Махамбетов Өмірзақ пен ақын Мұзафар Әлімбаевтың бір-біріне жазысқан хаттарын оқи отырып достық деген сезімнің ағалы-інілі сыйластыққа жалғасып жарасым тапқанын көрер едіңіз. Назар аударайық:
«Құрметті Өмеке!» – деп басталатын хатында Мұзағаң (29 наурыз 1982 жыл): «23 марттағы хатыңызды алдым. Сізге арнаған кішкентай өлеңімнің сіздің дос-жаран, туыс-тума, алыс-жақындарыңызға қуаныш сыйлағаны автор үшінде әрине, ғанибет. Ауруханада алаң көңіл, беймаза күндерде жазылған лебіз ғой. О жолы сезім ғана сөйлеген шығар, ақыл сезімге серік бола алмаған тұсы шығар. Мен сіз үшін мәңгілік інімін», - деп кішілік танытады. Хат соңында:
Бақырып батыр болған ешкім де жоқ,
Айғайлап ақын болған ешкім де жоқ.
Еңбегің-тергенің мен бергенің қомақты әрі салмақты болса, халық таразысы дәл де, әділ өлшейді екен ғой.
...Мәңгілік сөзі жасайтындар тым аз – олар Абайлар, Мұхтарлар тұрпаттас ұлылар ғана.
Өтеміз бізде бір кез,
Қалар ма бізден бір сөз?!....
Айтқандайын, 101 бригада коман¬дирлері, жауынгерлері келесі кездесуді Қызылорда топырағында өткізбекке талап қылып, подполковник Бекішев Хакім бас болып, обкоммен хабарласасып жүргенге ұқсайды. Денсаулық жараса, онда барып қалуға талаптанармыз.
Тіршілік қыбыр-қыбыр. Қалам қарма¬май күнім өтпейді, не оқимын, не жазамын. Алпысқа келген қаламгер асықпауы керек, байыптап сөйлеп, байсалды айтсам дейсің... жеңгемізге, балаларға, майдандастарға дұғай сәлем! Өз ініңіз, «замполитіңіз» Мұзафар.
Әңгімеге арқау болып отырған өлең: Әлі де мықты аға, дос, майдандағы комиссарым, қазіргі құрметті пенсионер Өмірзақ Маханбетовке өлең хат:
Сен қарағай бойлы едің,
Сен шамдағай ойлы едің.
Мен қарағай бойлы едім,
Мен шалағай ойлы едім.
Сен комиссар саңлақ ең,
Жоғымызды барлап ең.
Мұртсыз, құнсыз солдат ем,
Ашық ауыз аңғал ем.
Білігіңмен сыйлы еттің,
Соғыс сырын ашқанда.
Жетекші ғып үйреттің,
Жасы теңдес жастарға.
Еліктедім күнде мен,
Сенше жайнап жүрсем деп.
Сөйлегенде мінбеден,
Сенше ұйыта білсем деп.
Еліктеуші ек өзіңе,
Сенше Отанды сүйсек деп.
Айқас қызған кезінде,
Сенше жауға түйсек деп.
Шайқастардың шебінде,
Баулып едің «Бас бол!» - деп.
Енді жетпіс өрінде,
Үйретесің «Жас бол!» деп.
Тас бауыр деп жылдарды,
Жазғыру да бекер - ау,
От қақтаған шыңдарды
Ұнтамайды екен-ау...
Тағдыр бәлкім аяды,
Қауышуды қош көрген.
Замполистің баяғы
Әлімбаев честь берген!
7.08.1981
Алматы, аурухана
1970 жылдан 1982 жылға дейін жазысқан хаттарының бәрінде екі достың бір-бірімен ағалы-інідей сыйластығын көріп, бір-бірінің жақсылығына шын қуанып, әр хаты сайын қанды көйлек достарын егіле еске алағандығының куәсі боласыз.
Қабылбек Шәкіров – көк көз, өжет жігіт. Соғыста талай ерлік жасап, елге аман оралыпты. Петропавлдан солдат – Бошай Кітапбаев қазір колхоз председателі, Социалистік Еңбек ері, ғылым кандидаты.
Кәкен Әбенов – қазір Алматыда, КГБ қызметкері, подполковник.
Өмірзақ Мұзафардың ауруханаға түсіп қалғанын естіп, немересі Алматбекті жіберіп, сәлем сауқатын жеткізеді. Ақын ағада қаламгер достары Шерхан, Қалтай, Әдимен, Алматпен бірге суретке түсіп, батасын беріп, ағасына деген сезімін өлеңмен жолдайды.
Адамның ой-қиялы ұшқыр ғой. Бірнеше ғасыр бұрын кең сахарада түйенің қомында, аттың жалында көшіп жүріп-ақ «ұшатын кілемге» мініп ғарышқа да ұшты. Жеті қат жер астындағы өмірді аңыз, ертегілеріне арқау етті. Қазіргі байланыс құралдарын қиялында көрді.
Теледидарды қоса қалсақ мән-мағынасы жоқ толып жатқан ток-шоулар мен жерінде қаптаған жұлдыздар жайлы өсек аяңға мезі болған...
Осы бір ескіден жеткен естелік қолыңызға түсті делік. Бар қарым-қабілетіңізді жиып өзіңіз режиссер, өзіңіз мәтінді мәнерлеп оқитын актер болып қанды көйлек екі дос жауынгердің хатын оқып көріңізші. Ал қарт жауынгердің өмір жолы экранда диктордың сөзімен-ақ оқылсын. Ақын Мұзағаң мен көңілі дархан ағаның диалогын өз дәрежесінде оқи алсаңыз тыңдаушыға да, өзіңізге де ой саларлық терең тәрбиелік мәні бар «телебағдарлама» көргендей болар едіңіз. «Жаңалықтар» деп көрсетіп жатқан өз баласын өртеген, қоқысқа атқан тас бауырлар туралы еті өлген, селт етуден қалып бара жатқан хабарларды тоқтатуға құзіреті жетпейтін қазақылықтың қаймағы бұзылмай тұрғанда өзімізге керек бағдарламалар жасап алайықшы ағайын.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

09 сәуір 2018 ж. 1 270 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031