Жарқын жүздесу




Күнделікті күйбең тіршілікпен жүрген Ырыскүл апаның телефоны шыр ете қалды. Ағайын-туғанның бірі болар деп, ұялысын қолына алса бейтаныс нөмір.
– Әллөу, бұл кім екен?
– Сіз Ырыскүл Нұржановасыз ба?
– Иә.
– Таптым-ау ақыры, – деді қуанышты дауыспен, – сізді іздегеніме екі айдан асты. Ырыскүл апаны тапсам Нұржанова емес, Нұржанованы тапсам Ырыскүл емес. Қанша адамға қоңырау шалдым, – деп әңгімесін бастады бейтаныс қыз.
– Менің төленбеген несием жоқ, – деді сасқанынан.
– Апа-ау сізге банктен емес, «Qazaqstan» телеарнасынан хабарласып отырмын. Ләйла Сұлтанқызы жүргізетін «Жарқын жүздесу» бағдарламасына қонақ ретінде шақыруымды қабыл алыңыз, – деді телефонның арғы жағындағы дауыс.
Таңданысын жасыра алмаған Ырыскүл әжей алғашында бұл ұсыныстан бас тартады. Алайда ассистент ұзақ іздегенін, таңдауының тек осы кісіге түскенін түсіндіреді. Жастық шақтағы орындалмай қалған арманының алдына келгені Ырыскүл әжейді ойландырып, шақыртуды қабыл алады.
Ал Ырыскүл әжей туралы қайдан, қалай естіп-білгені белгісіз. Біздің газет бетінде осыдан біршама уақыт бұрын «9 тілде ән салатын әже» деген тақырыпта «Шуақ» әжелер ансамблінің мүшесі Ырыскүл Нұржанова туралы мақала жарық көрген еді. Сол кездегі сұқбатта ерекше әсер қалдырған әжемізбен Төребай би ауылындағы сапарымызда тағы бір жүздесу бұйырыпты. Арман қала Алматыға барып, ерекше кештің куәсі болған өнерлі әжей әңгімесін былай сабақтады.
– ¬Бала кезімде консерваторияда білімімді жалғап, үлкен сахнада өнер көрсетуді армандағаным рас. Мектепте қандай іс-шара өтсе де мен міндетті түрде ән салатынмын. Пластинкадағы түрлі ұлттың әндерін қайта-қайта айналдыра отырып жазып алып, жаттап, жүрген ортамда айтып жүру сүйікті ісім болды. Сол кездегі жатталған әндер әлі күнге дейін санамда сайрап тұр. Өнер саласын таңдауыма анам қарсылық білдіргеннен кейін, тағдырдың жазуымен күйбең тіршіліктің қамына кірістік. Тұрмысқа шығып, ана, әже атандым. Қанмен келген «Әу» дейтін қасиетім тыным бермесе керек, бүгінде әжелер ансамблінде ән саламын. Ал танымал тұлғалар, ел сүйіктісіне айналған кейіпкерлер қатысатын бағдарламаға қонақ боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті, – дейді күліп.
Шақыртуды қабыл алған әжеміз немересін ертіп Алматыға аттанады. Онда медиа қызметкерлері зор ықыласпен күтіп алып, құрмет көрсетеді. «Полиглот болу оңай ма» деген тақырыптағы бағдарламаға тіл мамандары мен 8-9 тіл білетін жастар шақыртылған. Олардың қатарында полиглот әнші ретінде біздің өлкеден арнайы барған Ырыскүл әжеміз де бар.
– Өмірде көріп, аяқ баспаған жерім ғой. Маған бәрі тың, бәрі жаңалық. Студия іші жап-жарық. Қыздар киімімді жөндеп, әрлеп жатыр. Арасында «бұл түсім емес пе» деп ойланып қоямын. Күнде теледидардан көріп жүрген Ләйлә Сұлтанқызымен де сол жерде таныстым. Бойында әйелге тән нәзіктігі, білімі мен біліктілігі жарасқан, қарапайым болмысына қарап риза болдым. Сонау Қызылорданың бір түкпірінен келген мені қуана қарсы алып, алғысын жаудырғанда бала күнгі арманымның орындалғанын ойыма алып толқып кеттім. Расымен де армандар орындалады екен. Соған анық көзім жетті. Мүмкін ерте, мүмкін кеш, бірақ міндетті түрде орындалады. Қазақтың ұлттық күйімен басталған бағдарлама жоғары деңгейде өтті. Мен де бірнеше тілде ән салдым. Ол жерге қонақ болып келген әрбір жаннан жастардың үйренері мол. Тілді қалай тез, әрі сапалы түрде үйренуге болатыны жайлы кеңестер де айтылды. Білімді жастардың көптігін көріп, көңілім марқайды. Мен үшін естен кетпес ерекше жүздесу болды, – дейді ерекше тебіреніспен.
Расымен, көптің қаласа да қолы жетпейтін бағдарламаға қонақ болу – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Өмірді сүйгіш, өнерлі, әрі қай кезде күлімдеп, әзілмен ортасын күлкіге қарық қылатын көңілді әжейден үйренеріміз көп. Арманының орындалғаны, мүмкін оған риясыз сене білгені мен өмірге күліп қарай білгендігінен болар. Сіз де армандаңыз, міндетті түрде орындалады.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ


08 тамыз 2021 ж. 1 180 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031