» » » «АҒАЖАН, ЛӘТИПА»

«АҒАЖАН, ЛӘТИПА»

КСРО-ның «Озат бақшашы», «Озат құрылысшы» алтын медальдарының иегері, Ташкентте жеке көрмесі өткен Ләтипа Бермаханқызы туралы бір үзік сыр

... Суық ызғар кетіп, күн жыли бастасымен әжем Ләтипа атам мен әкеме алты қанат ақшаңқан киіз үйді құрдырып, ішіне өзі басқан текемет, сырмақ төсеп, басқұр, дөдеге, тегерішпен безендіретін. Қараша үй құрылып, төсек-жабдықтары салынып біткен соң, әжем міндетті түрде атам Ермағанбеттің өз қолымен соққан сандығын алдырады. Сүйегі қара талдан жасалып, сырты қаңылтырға ойып салынған оюлармен қапталған, ұстайтын екі құлағы мен құлып салатын жері қошқар мүйіз пішінінде темірден құйылған алып сандық біз үшін ерекше, тосын сыйларға толы болушы еді. Әжеміз сандықты ортаға қойып, ашуға оқтала бергенде, бәріміз қаумалап, жанына жинала қалатынбыз...
Неге екенін қайдам, балалық шағым туралы ойлансам болды, осы көрініс көз алдыма елестей жөнеледі. Үнемі есіме түсіп, қайта оралмас балдәурен сол шақтарға жетелейді де тұрады.


Біз көпбалалы отбасынан шықтық. Ол кезде балабақшалар бар болса да, үйдегі төртеуіміз де есігінен аттап көрген емеспіз. Есесіне, бәрімізді үйде әжеміз тәрбиеледі. Бүгінде әжесінің «балабақшасынан» тәрбиеленіп шыққан екі адам болса, соның бірі өзім екендігімді ерекше мақтан тұтатын ұрпақпын.
Бір қызығы, әжеміздің жалғыз өзі-ақ бәріміздің ебімізді табатын. Сол ақшаңқан киіз үйдің ішінде әр күніміз қызықты болып өтеді. Ойыншық деген нәрсемен көп ойнай бермейміз. Қызығып та көрмеппіз. Үйде анамның артынан келген радиоқабылдағыш пен патефон болатын. Пластинка ойнатқыш аппарат. Иә, иә, баршаңызға жақсы таныс дөңгелек, үлкен қара түсті пластинка. Әжем сол пластинкаларды басындағы ақ орамалымен жақсылап сүртіп, оны патефонға салады. Сосын сол аппаратты жұқарған саусақтарымен сырт-сырт еткізіп басып, күнұзақ батырлар жырын, түрлі терме-қиссаларды, халық әндерін тыңдатады. «Ауылдың алты ауызы» атанған Ләтипа әжем ара-арасында өзі де қосылып айтып отыратын. Сол балаң шақта патефоннан тыңдаған Мұхтар Өтебаевтың домбырамен жырлауындағы, Фарида Шәріпованың оқуындағы «Қыз Жібек», «Қобыланды батыр», Мұқаш Байбатыровтың орындауындағы, Таңат Жайлыбековтың оқуындағы «Алпамыс батыр» жырлары мен «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясының үзінділері әлі күнге дейін құлағымда жатталып қалыпты. Сәкен Сейфулиннің «Ақсақ киік» әнін сол пластинка ойнатқыштан алғаш рет әжем тыңдатқаны да күні бүгінге дейін есімде. Киелі жануар туралы мұңды әнді тыңдай отырып, көзімізге еріксіз жас алушы едік. Аңыз әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін де сол сырт-сырт еткен қара аппараттан жаттап өстік.


Әжем жарықтық сол батырлар жырлары мен халық әндерін тыңдатқызып қана қоймай, оларды бізге жатқа айтқызатын. Яғни, біз сол жырларды тыңдаған сайын іштей қайталап отырып жаттап, әжеміздің алдында «тест» тапсырамыз. Ақ әжеміздің сынағынан сүрінбей өтсек, өзіміз қалаған тәттілерге тойдырады.
Бала кезімде сол батырлар жырының әсерімен:
– Менің атым – Мейірман,
Шауып келдім қиырдан.
Жаман тоным жалпылдап,
Құлап қалдым сиырдан, – деп арқама жыртық қап жамылған күйі жерге құлай кететінімді, болмаса: «Ақырын шапшы, ақырын, Қыз Жібек менің жақыным» деп әндететінімді ата-анам әлі күнге дейін айтып отырады, ұялтады.
Ләтипа әжем одан қалды сырты қаңылтырмен оюланған ағаш сандықтан мұқабасының тоз-тозы шыққан қалың кітапты алып шығып, соның сарғайған парақтарынан алтыншы-жетінші сыныпта оқитын қос апам Мадина мен Фаридаға ұзақ-сонар жырларды кезекпен кезек оқытады. Әжеміз сол қалың кітапты үнемі мұқият, аялап ұстайтын. Мұқабасы жыртылған соң ба, сыртынан бірнеше қайтара газет, одан қалды өзінің әппақ жаулығымен орап, байлап қоюшы еді. Сол қалың кітаптың «Қырымның қырық батыры» екендігін өз басым бертінде ғана білдім. Салмағы әжептәуір ауыр, бізге үлкен, «алып» болып көрінетін осы кітаптан бұл күндері «Арқалық», «Төрехан», «Қарабек», «Ер Қосай», «Ер Дотан» секілді небәрі 5 батыр туралы жазылған бөлімдері ғана сақталып қалыпты. Бүгінде сарғайып, шеттері жыртылған осы парақтарды қолыма ұстаған сайын алтын әжем есіме түсіп, сағынышым үдей түседі. Жасыратыны жоқ, біз осы жырлардағы батырларға еліктеп өстік. Соның әсерімен «Өскенде Алпамыстай батыр боламын» деуші едім. Бұл күндері ойлап отырсам, мұның бәрі – біз үшін үлкен тәрбие құралы болған екен-ау!
Қос апам «Батырлар жырын» оқудан шаршағанда әжеміз: «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауылдың құйрығы ұзын екен...» деп ертегісін бастай жөнелетін...
Міне, біздің бала кезіміздегі бар ермегіміз – әлгі үлкен дөңгелек пластинкалар мен әжеміздің сандығында сақталған қалың кітап және соңы жақсылықпен аяқталатын ертегілері болды. Осылайша, әжеміз бізді мектепке дейін балабақшасыз-ақ қазақы қалыпта, ұлттық қанық бояуда тәрбиелеп шығарды.
Сөйткен әжеміз мен бірінші сыныпты бітірген жылы алпыс жеті жасқа қараған шағында ауыр науқастан мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Биыл ақ әжеміздің келместің кемесін мініп кеткеніне де жиырма жылдың жүзі болыпты. Тіпті, біз түгілі, әжеміз қайтқан соң сол батырлар жыры мен халық әндері жазылған пластинкаларды ауылымызға танымал, жұрт «қасиетті кісі» атап кеткен, жасы жетпістен асқан Демен Құлпейісұлы атамызға дейін келіп, тыңдап кетіп жүрді. Демен атамыз апта сайын отбасымызға ат басын бұрып, анама: «Келінжан, әлгі «құдіретіңді» қосып берші» деп, ұзақ қисса-дастандарды соңына дейін тапжылмай отырып тыңдайтын. Тыңдап отырып, көзіне жас алатын. Баламыз ғой, «үлке-е-н атаның» бұл қылығы бізге оғаш көрініп: «Апа, ана ата неге жылайды?» деп анамызды мазалайтынбыз. Кейде сол ақсақал: «Шіркін, осыны алыстағы – Алматыдағы немерелеріме де тыңдатар ма еді?» деп ауыр күрсінетін.
Бүгінде «құдірет» аталған пластинка ойнатқыш патефон балалық шағымыздың естелігі, «үнсіз куәгері» болып ауылдағы үйімізде әлі күнге дейін сол қалпында сақтаулы тұр. «Қырымның қырық батыры» да ағаш сандық түбінде...
Біз үшін жақсылық атаулының таусылмас кеніндей болған әжеміз Ләтипа Бермаханқызы – өмірінде ел билеп, әкім болған емес. Бірақ, әжеміздің ауылдастары, жерлестері үшін жасаған жақсылықтары, туған-туыстарына жәрдемдесуі, ақыл-парасаты мен даналығы ешбір әкімнен кем түспейтін. Әжеміз том-том кітап жазып, ғылымның соңына түскен ғалым да емес. Десек те, ұл-қыздары мен немерелеріне айтқан ғибраттары мен ұлағаттары, тағылымға толы тәрбиелік өсиеттері талай томға арқау болатындай еді. Бала оқытып, ұстаздық еткен де емес әжеміз. Дегенмен, ғұмырының соңына дейін «Бала ақымақ болса, тәрбиешісі жазалы» деп өткен ақ әжеміздің талай немересін кез келген мұғалімнен артық қылып тәрбиелеп кеткендігінің ел-жұрты куәсі болып келеді. Әжеміз ақ халат киіп, дәрігер болмаса да, ауыра қалсақ, бірінші болып көмек қолын созатын «жедел жәрдеміміз» еді. Санамалап айта берсек, ол кісінің жақсылығын айтып, талай таңды атыруға болады. Бір сөзбен айтқанда, әжеміз қарапайым ғана шаруа адамы болды. Көзі жұмылғанша қара жұмыспен, адал еңбекпен айналысты.
1932 жылдың 2-ші қыркүйегінде, елді жайлаған қиын кезеңде – ашаршылық жылдары дүниеге келген әжеміз еңбекке ерте араласыпты. Ес білгелі тырмысып, қолынан келетін жұмысты жасауға талпынған. «Баламын ғой, кез келген жұмысқа жегілеміз. Екі қарым тез талатын. Әйтеуір, аш қалмасақ деп тырмысатынбыз» дейтін әжеміз балалық шағы туралы.

Ләтипа әжеміз 19 жасында атам Ермағанбетке тұрмысқа шығып, біздің әулеттің босағасын аттайды. Қармақшы ауданының орталығына көшіп келген 1975 жылға дейін Иіркөл ауылдық кеңесіне қарасты Калинин учаскесінде тұрған олар көп қиыншылықты бастан өткізген.
Атам Ермағанбет Нұрмаханұлы да – ауданда аты аңызға айналған, он саусағынан өнер тамған шебер, темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған зергер болған. Істен шыққан майда-шүйде заттардан бастап, кез келген көліктердің бұзылған жерлерін еш қиындықсыз жөндей береді екен. Ауылда ол кісіге тең келетін бесаспап шебер, ұста болған емес. Содан да болар, атамызды ауылдағылар «Мұртты ұста» деп атап, құрмет тұтты. КСРО-ның «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, «Коммунистік еңбек екпіндісі» атағына ие болған атамның өз қолымен жасаған кебеже-сандықтары, қамшы секілді басқа да заттары бүгінде тәбәрік ретінде отбасымыздың құнды мұрасына айналған.
Әжем әуелі егіншілікпен айналысып, бақша еккен. Жас кезінен бастап күні бойы күннің астында жүріп, соқамен жер жыртқанын әжемнің көзін көргендер әлі күнге дейін айтып отырады. «Ер адамдармен тең еңбек еткен Ләтипа әжең үйінің жұмыстарына да үлгеретін. Ол кісіге кетпен, күрек деген қол емес еді. Өгізге соқаны өзі жеге беретін. Таңнан күн батқанға дейін бақшаның ішінде жүреді. Арасында келіп тамақ та жасайды, шай да қояды. Арам шөптерге дейін өзі жұлады. Алла адал еңбегі мен маңдай теріне берген болар, оның бақшасы көп өнім беретін. Қанша бейнет көрсе де, белі бір бүгілмей өтті», – дейтін әжемнің сырлас досы болған Қаншай Бекетқызы.
Нағыз еңбектің қазанында қайнаған Ләтипа Бермаханқызының сол еңбегі ескеріліп, Калинин учаскесінен жалғыз өзі республика бойынша ауыл шаруашылығы саласының үздігі атанып, «Озат бақшашы» алтын медалімен марапатталады. Ауылдастары әрқашан құрмет тұтып, «Ағажан, Ләтипа» деп сыйлаған әжемізді 1965 жылы Иіркөл ауылдық кеңесінің №19 Сарыөзек сайлау округінің атынан депутаттыққа ұсынады. Ләтипа Мықтыбаева бұл сайлауға еңбекшілердің, яғни, қарапайым жұмысшылардың атынан түседі. Сол жылдың 24 наурызында Ләтипа Бермаханқызы небары 33 жасында Иіркөл ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланады. Ауылдық кеңестің депутаты ретінде әжеміз ауылдастарының сеніміне селкеу түсірмей, үнемі билік пен қарапайым тұрғындардың арасын жалғаған көпір болған көрінеді. Ауыл тұрғындарының мәселелерін батыл көтеріп, шешілуіне оң ықпал еткенін өзімен қатар жүрген қарттардың аузынан әлі күнге дейін естіп жүрміз.
Депутат болып сайланса да, еңбектен, қара жұмыстан қол үзбеген әжеміз 1967 жылы Ташкент қаласында өткен КСРО ауыл шаруашылығы озаттарының көрмесіне делегат ретінде қатысады. Осы көрмеде қармақшылық Ләтипа Мықтыбаеваның бақша егу жұмыстарындағы жетістіктері насихатталып, әжемізбен басқа одақтас республикалардан келген қатысушыларға арналған кездесу ұйымдастырылады.
Кейіннен әжеміз құрылысшы болып еңбек етеді. Иіркөл ауылы мен аудан орталығындағы үйлерді қоспағанда, көптеген мекемелердің ғимараттарында қолтаңбасы қалған. Қарапайым сылақ сылаудан бастап, еден орнатуға дейінгі жұмыстарды қиналмай еңсерген ақ әжеміздің құрылыс саласында да даңқы шығып, «Озат құрылысшы» алтын медалін кеудесіне жарқырата тағады.
Әжеміздің қазаны да ешқашан оттан түскен емес. Қонақ келсе болды, өздеріне асып жатқан тамағын оттан ала салып, дереу орнына басқа қазан қоятын қонақжайлығы да бір төбе. Содан да болар, біздің отбасымыздан қонақ арылмайтын. Жыл сайын Сырдағысы мен қырдағысының басын қосып, түгендеп отыратын да осы ақ әжеміз еді. Туған-туысқандарды былай қойғанда, аудан орталығына келіп, жұмыс істеп жүрген талай адам қашан көрсеңіз де әжеміздің мол дастарқанынан табылатын. Бөтен адам, қаймана қазақ демей, орысына да, кәрісіне де, басқасына да шаңырағының төрін ұсынатын. Ешқашан кішіпейіл қалпынан танбаған сол әжеміз көзі жұмылғанша әулеттің ауызбіршілігін, шаңырақтың шаттығын, отбасының береке-бірлігін дүние-малдан, байлықтан жоғары ұстап өтті. Осының арқасында бәріміз адам жатырқамай, көпшіл болып ержеттік.
Ләтипа Бермаханқызының қарапайымдылығынан бөлек, сыйластығы, дос-құрбыларына деген шексіз адалдығы да бір төбе болатын. Олай дейтінім, әжеміздің құрбылары ол өмірден өткен соң да біздің отбасымыздан байланысын үзбей, қамқорлықтарынан танған жоқ. Әсіресе, Қаншай Бекетқызы, Нұрқияш Нұрғалиқызы Ләтипа әжеміздің орнын жоқтатпай, шаңырағымызға үнемі келіп, бізбен бірге мәре-сәре болатын. Ата-әжеміз туралы естеліктер айтып, көздеріне жиі жас алатын. Жүрегі даладай кең, мейірімі шексіз, асқан сабырлы, оңайлықпен ашулана қоймайтын, жан-жағына тек жақсылықтың нұрын шашып жүретін ақ әжеміз біздің оң-солымызды танып, ержеткенімізді көре алмай кеткеніне өкінетін. Шынында да, әжем менің – өзі көп үміт күткен немересінің қызығын көре алмай кетті.
Әжем мен оның жұптары жазылмаған құрбылары жиі бас қосатын. Бір-бірлерінің шаңырақтарында апталап, айлап жүретін. Жай бас қоспайды, үлкен іс тындыруға жиналады. Жүн түтіп, киіз басады. Сырмақ тоқиды. Бір қызығы, әжем сондай уақыттарда мені жанынан тастамайды. «Ауылдың алты ауызы» атанған олар бастары қосылса болды:
– Алма ағаштың гүліндей-ау,
Текеметтің түріндей-ау,
Өтіп дәурен бара жатыр,
Сіз бен бізге білінбей-ау, – деп нақышына келтіре шырқап отырып, киіз бен текеметтің түр-түрін басатын. «Ағажан, Ләтипаны» аңқытып айтып отырып, неше түрлі ою-өрнекпен көркемдеп, көздің жауын алатын көрпе-төсек тігетін. Олар ән салып отырып, іске кіріссе, бітпейтін жұмыс жоқ-тын. Тігілмейтін, жасалмайтын дүние болмаушы еді. Киіз басып отырып: «Өтіп дәурен бара жатыр, сіз бен бізге білінбей-ау» деп шырқаған олар өмірлерінің де осы халық әнінде айтылғандай қысқа болатынын білді ме екен?! Кім білсін...
Дана десе – дана, ана десе – ана, жалпы, «адам» деген атқа өмір бойы кір келтірмей, дақ түсірмей өткен, көңілі даладай дархан, пейілі кең, жүрегі жомарт, дүниеге қызықпаған, ешқашан адалдығынан танбаған, әулетіміздің соққан жүрегіндей болған Ләтипа Бермаханқызының есімі мен жарқын бейнесі ұрпағы барда ешқашан өшпек емес.

P.S: Бүгінде біздің отбасымызда тағы бір Ләтипа бойжетіп келеді. Менің қарындасым – Ләтипа Ермағанбетова. Тегі мен есімі атамыз бен әжеміздің құрметіне қойылған. Озат оқушы. Келбеті, мінезі әжесінен айнымай қалған. Кейде сөйлегенде алдымызда құдды әжеміз отырғандай болады. Келешекте қарындасымды да ел құрметіне бөленген әжесі секілді қайраткер қыздардың қатарынан көргіміз келеді.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ
05 қыркүйек 2020 ж. 6 542 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031