» » » Абай жаққан бір сәуле сөнбес үшін

Абай жаққан бір сәуле сөнбес үшін

«Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында. Мемлекет басшысының бұл мақаласы бүкіл оқырман қауымға үлкен ой салғаны сөзсіз. Бүгін біз назарларыңызға Президент мақаласына өзіндік ойын қосқан ауданымыздың озат оқушысы, Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына арналған «Біздің ғұламалар» республикалық шығармалар байқауының жеңімпазы Ләтипа Ермағамбетованың мақаласын ұсынып отырмыз.
Екі ғасырға жуық халқының жанынан табылып келе жатқан, біреудің сырласы, біреудің мұңдасы болған, біз секілді артындағы ұрпағын сан тақырыптағы өлеңдерімен табындырған, қазақ халқының маңдайына жазылған бағы, жарық жұлдызы, дара тұлға Абай атамызды қалайша «әулие» демессің?!
Жалғыз жұлдыз соншалықты жарық болғанымен, бүкіл аспан астына жарық төгуге сәулесі жетпейтіні шындық. Сондықтан, әр жұлдыздың өз орны бар, бір-бірін ауыстыра алмайсың.
Жұлдыздар – көп. Бірақ, аспан – жалғыз. Абай – жалғыз. Жапандағы жарықсыз қара түн ішінен сезіміне серік болар сәуле іздеген ұлы ақынның, болашақты болжаған данышпанның адамзатқа аманат-арызындай мына өлең жолдары осындайда еркісіз ойға оралады:
– Жүрегімнің түбіне терең ойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Иә, Абай атамыз болашаққа сөзін осылай арнады. Сөз тыңдайтын құлақ, сырласатын жан таппай, «жапандағы бақсының моласындай жалғыз қалып» қамыққан сәттерінде туған өсиет өлеңі еді бұл.
Осылайша, ол даланы торлаған надандық түнегіне шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсете білді.
Әрине, біз «Адамзаттың Абайы» атанған данышпанды тануымыз үшін, ең алдымен оны әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқуымыз қажет. Өлеңдері мен қанатты қара сөздерін оқып, ондағы пәлсапалық ойлары мен ол қалам тербеген сан алуан тақырыптарын салмақтай білуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, «Адамзаттың Абайының» өзі де, айтар ойының да терең екендігі әріп тани білетін әрбір жанға аян. Сондықтан да, оқушы, студент, мұғалім немесе ғалым болсын, дәл осы данышпан Абайға келгенде, ол туралы жазуға талпынғанда оның «Қай қырын алсам екен?» деп қиналатыны ақиқат. Ол – Абайдың тереңдігінен, басқаларға ұқсамайтын сөз өрнегінен және ақиқатты айта білуінде жатыр.
Абай ата туралы қай тақырыпты қарасаң да онда астарлы ойға толы, тұнып тұрған терең философия бар.
Абай Құнанбайұлы – қазақ мәдениетінде тұңғыш рет жүйелі түрде философиялық трактат жазған тұлға. Сондықтан да, Абай атамыздың философиялық өлеңдері ең алдымен оның өзін тануымызға зор мүмкіндік береді.
Ұлы ақынның шығармаларындағы пәлсапа, яғни, философия туралы айтқанда, ең бірінші оның өлеңдері ойымызға оралады. Ақынның әрбір шумағы, әрбір жыр жолдарынан тұнып тұрған философияны оқуға, тоқуға, «сырты алтын, іші күміс ой орамдарын» көруге, білуге болады. Мәселен:
– Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең, – деген екі жолға ғана назар салайықшы. Сәби дүниеге шыр етіп келген күнгі шілдехана тойынан бастап, адамды ақтық сапарға шығарып салып жатқанда айтылатын жоқтау жырына дейінгі аралықтағы тұсаукесер де, тоқым қағар да, үйлену тойы секілді барлық салт-дәстүрлер өлең-жырсыз өтіп көрді ме екен?!
Өмірдегі барлық қызық та, қасірет те өлеңмен өріледі. Міне, осы бір атан түйеге жүк боларлық үлкен философиялық ойды Абай атамыз екі-ақ жолға сыйдырып тұрған жоқ па?!
– Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, – дейді ақын.
Біз, кейде, үлкені бар, кішісі бар, ұлысы бар, ұсағы бар – әртүрлі деңгейдегі ақындарды сезімнің жыршысы, ойдың ақыны деп білеміз. Ұлы Абай атамыз болса, Ақыл мен Сезімді, Қайрат пен Жүректі үндестіре отырып, қамшыдай берік өрілген, жібектей төгілген, санаңа да сәуле түсіретін, жүрегіңді де еріксіз елжірететін ғаламат жолдарды тудырған. «Ақыл мен Сезім, Қайрат пен Жүрек – бүкіл философияның бастауы» деген Конфуций.
Алты Алашқа аты мәлім Біржан салдың өзі:
– Орта жүз Абай қойған атын батпай,
Үйіне ояз кірмес жауап қатпай, – деп сипаттаған ұлы Абай қазақтың пәлсапалық жырының да атасы деуге толық негіз бар.
– Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сенде бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан! – деген бір ғана шумақтың өзінде бүкіл тірліктің мәні, өмірдің сәні жатыр деп білемін. Ал:
– Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын? – деген жолдарды оқығанда, өзінің ана тілінде, Абай тілінде екі ауыз сөздің басын құрап айта алмайтын, арғы тегін, жеті атасын білмейтін, қасиетті Жер-Анамызды саудалаған, ақша үшін ұятын беліне байлаған, шен-шекпен, атақ-даңқ үшін бәріне даяр кейбір адамдар көз алдыңа келеді...
– Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,
Шошимын кейінгі жас балалардан, – дегенін де көріпкелдік, данышпандық демей көріңізші?! Арақ пен нашақорлыққа салынған, еңбексіз табыстың жолын іздейтін, намыссыз, болбыр, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіре алмайтын жастарымыздың бар екені де жасырын емес.
Абай атамыз қазақ даласындағы осындай қатерлі дерт, асқынған аурулардың алдын алуға талпынған, сол сырқаттың диагнозын да дәл қойып, тіпті, емдеу жолдарына дейін айтып кеткен данагөй-философ, іштің мұзын көзді жасы, жүректің қанымен еріткен көреген-ойшыл.
Сондықтан да ол ем қонбайтын, сөзге болмайтын пенделерді көргенде:
– Қайран сөзім қор болды,
Тобықтының өзіне, – деп қамығады.
Тобықты – Арғынның бір атасы болғанымен, бұл иісі қазаққа айтылған сөз екендігі ақиқат.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп егілген Абай атамыз туған халқын қаншалықты жақсы көрсе, сол халықтың бойындағы ерсі мінез, кесір қылықты, даңғойлық пен мансапқорлықты, еріншектік пен намыссыздықты соншалықты жек көргені де рас. Абай атамыз «қазақтың жауы – қазақ» дегенде, барлық қазақты емес:
– Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап –
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап, – деп қасиетін жоғалтып, қасіретке жолыққандарды тілге тиек етеді. Қазақ тағдырында жиі кездесетін сатқындық, опасыздық та Абай атамыздың өлеңдерінде дәл бейнеленген.
Айта берсек, Абай өлеңдеріндегі философиялық өлеңдерді тізіп тауыса алмаспыз. Оның шын құдіретін, ғажайып қасиетін кеудесінде сәулесі бар оқырман ғана аңғарады. Мұндай данышпандық ойды «Қаны қара бір жанмын, жаны жара» деп «ұлып жұртқа қайтқан ойдың» иесі ғана айта алса керек.
Осылай деген Абай халық бақытын көксеп, бүкіл саналы ғұмырын сол жолға арнады. Осы жолда күні-түні ой толғап, мағыналы сөз, өзінің өнегелі өмір жолымен өшпес із қалдырды. Қанша ғасыр, қанша жыл өтсе де оның ісін кейінгі ұрпағы жаңғыртып, жаңартып кәдесіне жаратып келеді. Сондықтан да Абай атамызды біз «Ұлы ұстаз» дейміз.
Абай атамыз алдына қойған ұстаздық мақсатын «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деп көрсетсе, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты өлеңінде:
– Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, – деп өмірлік мұрат, ұстаздық мақсаты кімге арналғанын айтады. Абай атамызды «Ұлы ұстаз» атауымыздың да себебі жоқ емес. Бұл орайда оның ұстаздығы жөнінде аз-кем оқығаным бар.
Хакім атамыз өзінің балалары мен Сырт-Қасқабұлақты мекен етіп отырған жастарға ұстаздық қызмет етіпті. Оларды ақын Шыңғыстауға қонаққа келген білімді, оқымысты адамдармен таныстырып, өсиет сөздерін тыңдатып жүреді екен. Абай атамыздың қолында, ауылында өскен шәкірт балалар, жас қыздар, тіпті, келіндері де Абайдай атамыздың алдын көріп, өсиет-өнегелеріне қанығып өскен. Ұлы ақын шәкірттеріне өлең, тақпақтар жаттатқызып, оларға кезекпен ертегілер, аңыздар айтқызып, оны өзі де елтіп тыңдап отыратын болған. Осындай ұстаздық қызмет, тағылымды тәлім үстінде Абай атамыздың сиясы кеппеген өлеңдерін өз аузынан естіп, алғашқы тыңдармандары атанып қана қоймай, жаттап, елге таратқан Пәкизат, Уәсила, Әсия, Рахила сияқты сауатты, тәлімді қыздар өсіп, олар ұзатылар уақытында сандықтарының түбіне ең асыл бұйым ретінде Абай атамыздың өлеңдер жинағын салып әкететін болған екен.
Балалықтың сырын, мінезін білмей, оған қаталдық еткен ата-ананы Абай атамыз үнемі сынап отырған. «Балаға ақылын бұрын бермей, ашуын бұрын берген атадан бала үлгі ала алмайды. Ол да ашуланады», дейді данышпан ақын. Бұл да – Абай атамыздың ұстаздық қызметінің бір қыры.
Абай атамыздың маңынан елдің талапкер жастары, өнерге ынтық жандардың бәрі арылмаған. Үнемі хакім атаның айналасын, ауылын, үйін қаумалап жүріп, Абайдан тәлім-тәрбие алуға тырысқан.
Ел аузында айтылып жүрген аңызға сүйенсек, бірде аға сұлтан Құнанбай еліне шет елден бір топ зиялы кісілер сапарлап келіпті. Он екі қанатты киіз үйдің ішінде Абайдың жанынан шықпай, оны қоршап отырған жастарды көрген қонақтардың бірі:
– Бұл қазақтың жастарына үлкен бақ берген екен. Ол бақ – күнде жастардың ортасында, күнде олардың қасында жүрген, оларға ұстаздық етіп, өнер, ілім үйретіп отырған Абай! Біздің маңдайымызға Абайды бір рет ғана көруге ғана жазғанын айтсаңызшы, – деп қапаланған екен.
Иә, шет елден келгендер айтыпты демесе, шыныменде, Алла Тағала бізге Абайды тарту еткен. Адамзаттың бәрі мойындаған Ұлы Абайдай мәңгілік өлмейтін тұлғамыз бар біз – бақытты ұрпақпыз! Оны тілмен айтып жеткізу әсте мүмкін емес.
Абай – таусылмайтын тақырып. Ол туралы қалам тербеп жаза бергің келеді. Әр қырына жеке тоқталғың келеді. Бірақ, ақ қағаз да шектеулі. Шектеусіз нәрсе жоқ. Өмірдің өзі де шектеулі. Бірақ, Абай – шектелмейді. Данышпан ақынның сөзі, өсиеті шектелмейді. Оның таусылмайтын тақырып болатындығы да сондықтан.
Осынау шектеулі өмірге келген, «атын адам қойған» әрбір пенде өзінің артына сөнбейтін сәуле қалдырып кеткісі келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Абай атамыз өзінің өмірлік мұратына толық жеткен ойшыл. Болашақ ұрпағына жол көрсетіп кеткен данышпан.
Олай болса, хакім ата туралы шығармамды:
– Абай – бедел, ұлтымыздың ұраны,
Мәңгі маздар сөнбейтұғын шырағы.
Адамзатқа сыйлаған бір кемеңгер,
Бұл қазақты осал бопты демеңдер! – деген жыр жолдарымен аяқтағым келеді.

Ләтипа ЕРМАҒАМБЕТОВА,
Т. Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы.
10 ақпан 2020 ж. 1 827 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 001

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031