Жылдың жарқын естелігі
Әділ Ыбрахим, жастар ресурстық орталығының директоры:
– Еліміз кемел болашақ қалыптастыру жолында жаңашыл жастарға әрдайым қолдау білдіруде. Биыл жастар жылы болғандықтан үлкен жауапкершілік арқалағанымыз рас. Менің жастар саясатында жүргеніме он жылға жуықтапты. Осы уақыттағы жинақталған тәжірибенің жемісі болса керек, бұл жыл табысты да жеңісті жыл болды. Республикалық «Ғани» сыйлығы және Тұңғыш Президент қорының «Ел үміті» марафонының иегері атандым.
Жастар ресурстық орталығы үшін де берекелі жыл болды. Ресейдегі Жаңасібір федералды округінде жастар ресурстық орталықтарының мамандары бас қосты. Мұнда 150-ден аса жастар ұйымының жұмысы талқыланды. Олардың арасында 4-еуі ғана «Үздік жастар ресурстық орталығы» атанды. Сол төрттіктің арасында біз де бармыз. Орталығымыз «Үздік жастар ресурстық орталығы» болса, мен республикалық «Жастар ресурстық орталығының басшысы» атандым. Біз үшін бұл зор мәртебе және осы жылдың ең жарқын естелігі.
Келер жылға жаңа бастама мен жоспар жетерлік. Жаңа жылға елі үшін еселі еңбек етер жастар қатары көбейе берсін.