Жынды


Балалық шақ. Жалаң аяқ. Жалаң ой,
Көңіліңде уайым жоқ, күнде той.
Қашық күндер, ғашық күндер санамда
Жаңғырады сағыныш боп кейде бой.

Жынды болды, бала кезде ауылда,
Қарамайтын жауынға да дауылға.
Таң атқаннан аузы тынбай сөйлейтін,
Бірақ-дағы зияны жоқ қауымға.

Бала кезде дамылдап бір тынбайсың,
Олай өтіп, былай кетіп тыңдайсың.
Жас шыбықпыз жел тұрғанда майысқан,
Майысармыз, морт етіп тек сынбайсың.

Кейбір айтқан сөздері де қызықты,
Аттап өтер әдеп атты сызықты.
Ағайыны қаратқанмен ем қонбай,
Ақырында одан күдер үзіпті.

Бірді айтып, бірге кетіп қалады,
Айтқан сөзді құлағымыз шалады.
– Ленин де, Сталин де – қанішер,
Олар тозақ отқа түсіп жанады.

Айтылған сөз – атылған оқ, көне ме,
Екі көзім шығып кетті төбеме.
Ленин ата көрсеткен жол – мәңгілік,
Бүкіл қоғам алған одан өнеге!

Сол ұғымды сіңірген ғой жүрекке,
Жұмысшы тап сүйеніп тұр күрекке.
Қиындықты қиратады қара күш,
Бұлшық еттер бұлт-бұлт етіп білекте.

Талай жайды көріп ғұмыр сүргенді,
Үйге келіп әжеме айттым білгенді.
– Ауру ғой, балам, оған мән берме, –
Арқамнан жәй қағып қана күлгенді.

Ауру жанды бос әңгіме етпеген,
Қатерлі дерт кім түбіне жетпеген?...
Жынды жанның бойында бір екпін бар,
Тылсым күшпен тілдесе ме көкпенен?!...

Бипыл сөздер білдіреді ауғанын,
Кім түсінер дейсің оның пәк жанын.
Жерде кеткен кегін көктен көре ме,
Солай қарай сілтеп сөйлер саусағын.

Жан-жағында жүргендей-ақ үнсіздер,
Аузы тынбай сөйлеп жүріп кімді іздер?...
Тағы бірде ап-анық қып айтқаны:
– Коммунистер, жүрген олар – дінсіздер.

Тағдыр оған қайта ашпас есікті,
Бақыт-дағы алыс кетіп кешікті.
Сол қоғамда тас тұлғадай жандарға,
Жынды адам неге сонша өшікті?!...

Кеудемізде ағып жатқан бұлақ бар,
Шыбын жаның қайда барып тұрақтар.
Жанымызда жұмбақ қылып жасырған,
Қатқан тоңдай жатып қалған сұрақ бар.

Бар елдің де үміт күткен – жастары,
Кім-кімнің де адал болсын достары.
Көңіліне түйіп жүрген жөн болар,
Қай істің де болатынын астары.

Кейде өмірден теңдік таппай өтесің,
«Халық жауы» деп атыпты әкесін.
Тамақ таппай аштан өлген сол жылы
Тас төбеге қойған халық шешесін.

Біле алмадым болған іске кім қанық,
Тарихымда қатқан қан дақ тұр анық.
Есі бүтін сол адамың анығы
Бір-ақ түнде шыға келген жынданып.

Сол қоғамның жалған болды ұраны,
Шахидтардың қалды оқылмай құраны.
«Елім» деген ерлерімді білмеппіз,
Жалған жала болғандығын құрбаны.

Ақын деген оттай жанып сезімге,
Құдіретті қалдырады сөзінде.
Қиянаттан қабырғасы қайысқан
Сол бір жанды түсінбеппіз кезінде.

Қысқа күнде айла қылма құнығып,
Басқа ойлар маза бермес сұғынып.
Жаным толқып, жүрегіме жыр жағып,
Жынды адамды отырмын ба ұғынып?!...

Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ

25 желтоқсан 2019 ж. 1 057 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 058

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031