» » » Тау тұлға құрмет биігінде

Тау тұлға құрмет биігінде

ЖОСАЛЫ, 28 қазан - qarmaqshy-tany.kz Қазақ әдебиетінің нар тұлғасы, қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов 22 қазанда 95 жасқа толды. Қаламгер мерейтойы қарсаңында ұлттық әдебиетті дамытудағы айрықша еңбегі үшін жоғары дәрежелі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді.
Жазушы өзі туралы сыр-сұқбатында: «Біздің ру жақайым, одан бәйдібек, одан бәйімбет шығады. Бәйдібек батырлау, бір тайпа елдің басшысы, көсем болған кісі. Әбілқайырмен бірде тіл табысып, бірде тіл табыса алмай, алшайысып жүретін өркөкірек, өзімшіл жан болыпты. Орыс офицерінің жазуында 1745 жылы қайтыс болды делінген. Батырды жерлеуге Нұралы хан және Есет Көкіұлы батыр келіпті.
Алтыншы атамыз Қалдан жуас, қой аузынан шөп алмас момын кісі болыпты. Дегенмен, өз жөнін ақылына бағындырып отырады екен. Бесінші атамыз Арғынбай заманында би болған, сөз білетін, от ауызды кісі деседі. Бірде жол жүріп келе жатқан Арғынбай ауыл шетіндегі үйге келіп түседі. Үй иесі дастарқан жайып: “Ареке, алдыңызға жібек дастарқан жайдық, зерен қойдық, сол зерендегі асқа ат қойып ішіңіз”, – депті. Ыдыстағысы боза болса керек. Сонда Арғынбай тұрып: “Мынау мойтап деген ас екен, Ішіп ал да ой тап деген ас екен, Ақылды ішсе – дана болатын ас екен, Ақымақ ішсе – диуана болатын ас екен”, – деп сусынды ерніне тигізіп, қайтарып беріпті деседі. Арғынбайдың басында құлпытас бар, оны баласы Сыланбай кірешілерге ілесіп Орынборға барған кезінде әкеліп орнатқан. Сыланбайдан – Нұрпейіс, Нұрпейістен – Кәрім, Кәрімнен – өзім. Өзім туған 1923жылымды білгеніммен, айы-күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: “Қай күні тудым?” – деп сұраған едім, “Оны қайтесің?” – деді. “Комсомолға өтейін деп едім”. “Ит біліп пе. Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жарған қара өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін”, – деген еді жарықтық. Нұрпейіс екі сайлауда болыс болған, екінші сайлаудың ортасында мешіт ұстаған. Имамы Бұхарадан бітіріп келген Үмбет ақын. Беларан деген аласа тау бар. Қатпар-қатпар тас, алқа бел ұзын, бір тұмсығын теңізге сұғып жатады. Сол жердегі ауылда оқыдым. Бізде Арқадағыдай аштық болған жоқ, теңіз жағалап балық аулағанның өзегі талмайды екен. Зәт дегеннің үйін жалдап оқыдық. Кейде әйелі шығып: “Бүгін сабақ болмайды. Қожайын ауырып қалды”, – дейтін. Ол күні қуанып үйге қайтамыз. Ақерке есімді сұлу апайымыз сабақ берді. Нұрпейіс ерте 53 жасында қайтыс болды. Қаңтарда әжем бақилыққа аттанды. Мен де шешемді мойындаған жоқпын. Нұрпейістің кенжесі болып өстім. Сол жылы өзім жалаңаяқ болған соң мектепке бармадым. Келесі жылы 2-сыныптан оқыдым. 3-сыныпты Құландыда, 4-сыныпты Көкаралда бітірдім. Менің оқуым ит тістеген терідей болды. 5-сыныптан бастап дұрыстап оқыдым. 6-сыныпта интернатта жаттым», – дейді.
Ол жазған «Қан мен тер» үш кітаптан тұратын көлемді туынды. Шығармада ел, халық тағдыры, Арал балықшыларының өмірі бейнеленеді. Жалпы, бұл шығармада тағдыры сан алуан 200-ге тарта кейіпкер бар. Түрлі мінез арқылы жазушы адам бар болмысына асқан шеберлікпен талдау жасайды. Олардың барлығына жаңа заман, жойқын дүрбелең әсер етті. Еламан елдің жайын көп ойлайтын жан. Қаламгер оның бейнесін монолог арқылы шебер жеткізеді.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтың әдеби принциптерінің бірі – кейіпкер мен оқиғаның шынайылығында. «Қан мен тердегі" көптеген образ өмірде болған адамдар.
Мұндай туындыны өмірге әкелген жазушының мінезі де ерекше. Мақтағанды ұнатпайды. Қаламгер «мені мақтайтын болсаңдар орнымнан тұрамын да кетіп қаламын» деп, шығармашылығын бағалайтын адамдарға талап қояды екен.
Иә, ол классикалық әдебиеттің тірі куәгері. Ол ХІХ ғасырдағы Толстойдың, Түргеновтің, ХХ ғасырдағы Шолоховтың, әлем әдебиетіндегі ұлы жазушылардың көзін көрген тау тұлға.
Бекдәулет Маханов,
ардагер-ұстаз
28 қазан 2019 ж. 788 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031