» » » Қалдырған ізі мәңгілік

Қалдырған ізі мәңгілік

Тұрмағамбет ауылындағы №29 қазақ орта мектебінің аудан мектептері ішінде қашанда орны ерекше, 100 жылға жуық тарихы бар мектеп, өзіндік дәстүрін сақтап, жас ұрпақты тағылымды тәрбие мен сапалы біліммен байытып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бастап, қаншама рет түрлі реформаларды бастан кешкен еліміздегі мектептер сияқты бұл мектептің де кездескен қиындығы аз болмаған. Дегенмен іргелі мектеп білікті басшылар мен ізденімпаз жаңашыл ұстаздардың арқасында сыни кезеңдерде дағдарысқа ұшырамай дамудың жолын тапты.
Нәтижесінде 2003 жылы Қазақстандағы үздік 100 мектептің бірі атанса, 2006 жылы «Білімнің алтын қазынасы» номинациясын жеңіп алды. Бүгінде осы мектеп партасынан білім алып өсіп шыққан мектеп директоры Зарипа Тасымова мектептің байырғы салты мен дәстүрін, тарихи мазмұнын, айшықты келбетін жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі бай іс-тәжірибесін жалғастыра дамытып, бабалардан қалған жыраулық өнерді жас ұрпақ бойына сіңіру жолында қолайлы орта жасап, мол мүмкіндікке қол жеткізіп отыр. 2014-2015 оқу жылында мектеп ішінде «Сыр елі – жыр елі» мұражайын 380 000 көлемінде өз қаражаты негізінде қайта жөндеуден өткізіп, оның тақырыптық мазмұнын байыта түсті. Сөйтіп, 2015 жылы мектеп директоры Зарипа Тасымова «Жыл ұстазы» номинациясын жеңіп алса, 2017 жылы облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған 45 оқушысы «Сыр үміткері» энциклопедиясына енгізілді. Мектеп облыстан «Ең үздік мектеп – 2017» номинациясын жеңіп алды. 2018 жылы мектепке облыстық білім басқармасы мен кәсіподақтар комитетінің шешімімен «Білім бесігін тербеткен» номинациясы беріліп, мектептің 2017-2018 жылғы іс-тәжірибесі республикалық басылым «Игілік» журналы арқылы таратылды.
Міне, бүгінде мектеп басшысының қолдауымен, педагогикалық ұжымның ұйымдастыруымен тағы да тағылымы мол, көптен бері ел көкейінде жүрген ұлағаты бай істі бастап кетті. Бұл мектептің байырғы ұстазы болған «Сыр елі – жыр елі» мұражайының негізін қалаушы, ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі, ауданымыздағы ең алғашқы методист мұғалім, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Қаражан Қожабаевтың туғанына 90 жыл толуына арнап «Қалдырған ізің мәңгілік» тақырымен өткізілген еске алу шарасы еді. 15-16 қазанда екі күнге арнап жоспарланған шараға ұстаздар ұжымы мен оқушылар, ата-аналар мен құрметті қонақтар, ардагер ұстаздар мен ауыл еңбеккерлері, Қ.Қожабаевтың ұрпақтары мен шәкірттері және ауыл әкімі қатысты. Мемлекетіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен бұл шараның қатысушыларға берген әсері мол. Алғашқы күні З.Тасымова мектеп өміріне ғибратты із қалдырған ұстаз Қ.Қожабаевтың өмірдерегімен таныстырып, бекітілген жұмыс бағдарламасын ұсынды. 8-11 сыныптар арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша екі турдан тұратын мектепішілік пәндік олимпиада өткізілді. Олимпиадаға отыздан аса талапкер қатысты. Бірінші тур бойынша талапкерлер ұстаз туралы бір өлеңді және өзі қалаған тақырыбында бір өлеңді жатқа мәнерлеп оқу тапсырылған. Екінші тур бойынша ұстаз тақырыбында эссе жазу. Мәнерлеп оқудан пән мұғалімі Роза Алдамұратованың үш бірдей оқушысы І,ІІ,ІІІ орындарды иемденді. Олар: Азамат Жарылқасын (І орын), Қуаныш Ноянов (ІІ Орын), Диана Нұралбай (ІІІ орын), эссе жазудан 9 сынып оқушысы Шұғыла Кенбайқызы І орынды, пән мұғалімі Сәуле Көзбергенова, 9 сынып оқушысы Дильназ Талғатқызы ІІ орынды, пән мұғалімі Роза Алдамұратова, Салтанат Иса ІІІ орынды пән мұғалімі Рая Сейілова иемденді. Мерейтойға арналған шараға тұспа-тұс Әзірбайжан мемлекетінің Баку қаласында өткен жас өнерпаздар байқауында Қазақстан намысын қорғап, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған 7 сынып оқушысы Шұғыла Мархабатова мен арнайы диплом жүлдегері Арай Оңғарқызы қатысушыларға мақтан етіліп таныстырылды. Ұстаз туралы естеліктер айтылып, шәкірттері арнау өлеңдерін оқыды. Бұл күнгі кеш шарасы «Мұрагер» бағдарламасының ізін жалғаған мектептегі домбырашылар үйірмесінің мүшелерінің жыраулық өнер көрсетуімен қорытындыланды.
Келесі күні ұлағатты ұстаз Қ.Қожабаевты еске алу кешінің шарасы ауыл клубында жалғасты. Бұл күні олимпиада жүлдегерлеріне ҚР оқу ағарту ісінің үздігі, методист мұғалім, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иесі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Қ.Қожабаевтың туғанына – 90 жыл атты дипломы мен оның ұрпақтарының ақшалай сыйлығы табыс етілді. Бұл күнгі кеште ұлағатты ұстаздың қарындасы, ардагер ұстаз Шолпан Қожабаева өз ағасы туралы ойларын халықпен бөлісті. Сөзінде: – Ол кезде Жаңақала кеңшарының орта мектебінде педагогикалық қызметте едім. Бір күні директорымыз С.Зәлиев шағын кеңес шақырып бізге өз әсері туралы айтты. Ленин кеңшарының №29 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін менің ағам Қ.Қожабаев аудандық деңгейде ашық сабақ өткізеді. Менің жаңағы атаған директорым сол сабаққа қатысқан екен. С.Зәлиев: – Қ.Қожабаевтың әр сөзі зәмзәм суындай. Сіміріп жұта бергің келеді, сіміріп жұта бергің келеді», – деп бәрімізге қарады. Мен болсам әлгі кісінің сөзі арқылы «Сен де сондайсың ба?» дегенді сезінгендей болдым. Иә, ұстаздық өмірде мен де абырой биігінен көрінуге талпындым – деп көзіне жас алды Ш.Қожабаева.
Биік ұлағат иесі Қ.Қожабаевты еске алу кешінде оның шәкірті Талайлы Досымова «Ұстазым Қаражан Қожабаевпен сырласу» өлеңін оқып, әсерлі естелік айтса, Қаражан Қожабаевтың іс-тәжірибесін жан-жақты білетін ардагер ұстаз Бихан Дүйсенова көрші Ақжар ауылынан келіп қатысып, ой бөлісті. Ауданымыздың іргелес шаруашылықтарында талай жыл басшылық қызметте болған, бүгінде еңбек ардагері көшін бастап жүрген құрметті ардагер Нұртілеу Салықов еске алу кешінің өте орынды өтіп отырғанына ризашылық сезімін білдірді. №29 қазақ орта мектебін ұзақ жыл басқарған ардагер ұстаз Дариха Әмзебекова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қаражан Қожабаевтың қалдырған ізін жоғалтпау мақсатында мектептің қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне және ауылдың көрікті көшесінің біріне есімі берілсе деген ұсынысын айтты. Ауыл әкімі Бақытбек Байбарақов мемлекетіміздің ұстаз мәртебесін көтеру жөніндегі іс-қимылына сәйкес ардагер ұстаздардың ұсынысымен мектеп педагогтарының жаңашыл бағытын қолдап, олармен үнемі бірлесе отырып, еліміздің болашағы – жасөспірімдердің сапалы білім мен саналы тәрбие алуына бар мүмкіндікті жасайтынын жеткізді.
Кеш соңында Қ.Қожабаевтың қызы Шәрі Қожабаева осы іске бастамашы болған мектеп ұжымына алғысын айтты. Іңкәр Бижанова мен Аруназ Нағметова аталарының рухына арнау өлеңдерін оқыды. Ауыл өнерпаздарының концерті тамашаланды. Ұрпақтары ұлағат иесіне арнап ас берді.

Толқын ЖОЛДАСОВА
22 қазан 2019 ж. 923 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031