» » » Көкейге қонған көрмелер

Көкейге қонған көрмелер

«Артық байлық – кітапта» дегендей, адам­зат руханиятының дамуында кітаптың алар орны бөлек. Талай оқымысты мен ғалым кітап оқу арқылы білімін жетілдіріп, жаңалыққа қол жеткізген ғой. Қай жағынан алып қарасақ та, кітаптың пайдасы мен әсері ұшан-теңіз. Оның ішінде кітаптан көрме ұйымдастыру кез келген мәдени шараны айшықтап, байыта түсуге септігі мол. Көрме дегеніміз не? Оның адам баласының рухани жан дүниесіне қажеті қандай? Бұл жайында кітаптан көрме жасақтаушылардың өзінен сұрап көргенді жөн санадық.
– Көрме – белгілі бір қоғамның немесе жеке адамның жетістігін көпшілікке паш етеді. Көрменің оқырман мәдениетін қалыптастыруда ықпалы айтарлықтай. Еліміздегі ең елеулі оқиға – ЭКСПО-2017, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған 15 стеллаждан тұратын 300-ден аса кітап қойылған экспозициялық көрмелер де болды бізде. Бұған оқырман қызығушылығы мен сұранысы жоғары болғаны анық, – дейді аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ләйла Сыздықова.
Көрмеге кітап қана емес сурет, құжат, түрлі бұйым, хат, күнделік т.б. қойылады. Мысалға «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты экспозициялық көрмесін алайық. Ол мәдениет үйінің бірінші қабатына орналастырылды. Әр көрмеге 300-ден аса адам қатысып, 10 күн бойы оқырман назарына ұсынылды. Көрмеге Жосалы кентінен соғысқа қатысқан жерлестеріміздің сурет­тері, майданнан елге жазылған хаттар, қаралы қағаздар мен хабарсыз кеткені жөнінде жазылған үшбу құжаттар қойылды. Оған қоса аудандық Қорқыт ата атындағы тарихи-өлкетану музейінен алынған деректер мен 1942-1943 жылдары шыққан газет нөмірлері де осы көрмеден табылды.
7 бөлімнен тұратын деректі көрмені жасауға аталған бөлімнің кітапханашылары күн-түн ізденіп, әскери комиссариаттан керекті құжаттар мен хаттарды алуға жұ­мыс істесе, бір жағынан майдангерлердің артында қалған туған-туысынан олардың құжаты, суреті, киімі секілді бұйымдарды сұрап алу оңай болмаған. Еліміз үшін елеулі оқиға болған «ЭКСПО-2017» – егемен елдің жеңісі» тақырыбындағы кең көлемді кітап көрмесі де көпшіліктің ойынан шықты. Әлемдік деңгейдегі іс-шараны насихаттау, оқырманды халықаралық деңгейдегі көрмемен таныстырумен қа­тар өнертапқыш оқушылардың жасыл экономикаға қатысты тың туындысы көрме төрінен ойып орын алды.
Мұнан бөлек кітапханада «Өлең мен жыр, күй елі – Қармақшы жерімнен» атты кең көлемді тұрақты кітап көрмесі жасақталған. Оған аудан ақын-жазушы, жыршы-термеші, суретші мен елге қызмет еткен қоғам қайраткерлерінің даталы күндеріне байланысты кітаптар мен мәліметтер ұсынылған. Сол секілді «Жылдың мерейтой иелері» деп аталатын көрмеге республикаға танымал, әдебиеттанушы, ақын-жазушы, қоғам белсенділерінің деректемесінен көрме бой түзеген. Қазақстандағы мерекелі күндер – 8 наурыз – аналар мейрамы, 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні, 23 сәуір – Кітап және авторлық құқық күніне орай да кітап көрмесі жүйелі түрде ұйымдастырылып отырады. Жуырда өткен Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне ар­налған «Ата заң – ел тұрақтылығы мен бірлігінің негізі» тақырыбындағы кітап көрмесіне оқырман қауым жоғары бағасын берді. Айта берсек, көкейге қайсысы да көкейге қонымды.
Жалпы жылына кітапханашылардың шығармашылық ізденісімен 40-тан аса көрме көпшілікке жол тартады. Ау­дан­дық іс-ша­радағы көрмені аудандық кі­тапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі жасақтайды.
– Сөреге қойылған кітаптар мен жәдігерлер бір қараған адамға қарапайым дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ онда кітапханашының дайындығы, маңдай тері мен үлкен еңбегі жататынын адамдардың бірі білсе, бірі білмес. Осындай жұмыста Ақкүміс Қарашаева, Динара Қосназарова, Әлия Өтегенова сынды кітапханашылардың ізденісі жатыр, – дейді бөлім меңгерушісі Л.Сыздықова.
Кітапхана – биік өре мен тал­ғамды, білім мен білікті қажет ететін сала. Осынау рухани байлығымызды молайтып, парасаттылыққа жетелейтін мамандық иелерінің қашан да жастарға көрсетер өнегесі өлшеусіз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК

06 қыркүйек 2019 ж. 2 416 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031