БОЯУ ҚҰДІРЕТІ
Шығармашылық адамына өмірге келген соң айнымас міндет жүктеледі. Ақындар өлең жазса, жазушылар кітап жазады. Сонымен қатар, тылсымы мол бейнелеу өнерінің де адамзатқа берері мол. Ол заманның бет бейнесін һәм кейпін келесі ұрпаққа сурет арқылы қалдырады. Осы міндетті адал атқарып жүрген әйгілі ғарыш айлағының тұрғыны Жайлаубай Байсалов та сақасы мүлт кетпейтін шебер.
Шығармашылық адамның мінезі құбылмалы болатыны бар емес пе? Аз-маз тартынып қаладағы көркемөнер мектебіне ат басын бұрдым. Кіреберістегі күзетші кабинетті нұсқады. Айтылған жаққа аяғымды аяңдап басып, кіре бергенім сол еді алдымнан байсалды, сабырлы қалыппен иек сақалы ағарған ағамыз күтіп алды. Сабақ жүргізуде екен. Оқушы қыздары сурет салуда. Қабырғада «Жайлаубай Байсалов, Байқоңыр қаласы» деп мөрленген суреттер ілініп тұр. Бәрі де ғарыш айлағының қазіргі, бұрынғы тарихынан сыр шертеді. Суретшінің қасына отыра кетіп, диктофонымды қосып кеп қалып едім. Суретші әңгімесін әріден қозғады.
– 1966 жылы жалаң аяқ ауылдың ойын балаларымен қосылып мен де мектеп қабырғасын аттадым. Мектепте математика, арифметика деген сабақтарымен қоса сурет сабағы да жүретін. Сол кезде «неге осы бірыңғай сурет сабағы болмайды екен» деп қиялдайтын едім. 1976 жылы мектеп бітірдім. Сурет мұғалімі атымен жоқ-тын. Кейін құжат тапсырып Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы колледжге оқуға түстім. Ол кездегі балалар сабаққа шынайы ынтасымен қарайтын. Өйткені, оқымайтын баланы оқудан шығарып жіберетін. Қазіргідей бармақ басты, көз қысты әрекеттер көп бола бермейтін, – дейді кейіпкер.
Түрлі-түсті қаламмен сурет салып, бала қиял әр түрлі бейнелерді түсіре берді. Ойын баласы әр кез сурет өнеріне деген құштарлығын әр ісімен танытып жүрді. Есік алдында ойнап отырып, қолына үшкір зат алып құмға, ағашқа ойып тұрып сурет салып отырады екен. Сырдарияның жиегіне барып, құмнан мүсіндер жасап ермек қылған.
– Көбіне ғарыш тақырыбында, Байқоңыр қаласы жайында суреттер саламын. Төретам кентінде тұратынбыз. Қыстың мезгілінде шанамен су тасимыз. Соның өзі маған ауыр жұмыс емес, ойын баласының күнделікті тірлігі сияқтанып кеткен еді. Содан алған әсерімді ақ параққа түсірдім. Жақында көптен бері кездеспеген бөле апама сәлем беруге барған болатынмын. Сонда апамның айтқаны бар еді. «Бұрын демалыста анаң сені апамның үйіне тастап кететін. Сонда сені ойнататынмын. Бір байқағаным, еңбектеп жүріп ошақтың басындағы көмірді алып, қабырғаға сурет салатын едің. Оған ашуланған апам ұратын. Бірақ, меселің қайтпайтын, қайта-қайта сол суретті сала беретін едің», – деді апам. Кейін ойланып қарасам сурет өнеріне құштарлығым бала кезімнен басталған екен, – деді өнерпаз.
Бос уақытында көркем сурет мектебінде бала оқытады. Табиғатқа шығып серуендеп, Сырдарияның жиегіне тыныстап қайтады екен. Дала кең ғой шіркін! Шабытты содан іздейді. Бала тәрбиесінде салт-дәстүрге үлкен мән беретін ол 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Осы орайда, ата-бабамыздың жолы нағыз адаспайтын шамшырақ дегенді айтады Жайлаубай Байсалов.
Бейнелеу өнері майлы бояудың күлімсі иісі ғана емес, ол сезім мен көңілдің ұштасуы. Қап-қара аспан, мүлгіген тыныштық, жымыңдаған жұлдыздар. Мұны қағазға түсіру үшін қандай бояу керек? Ең бастысы қайсысы болмақ? Ешқайсысы да емес, жүрек дірілі керек шығар. Иә, табиғаттың жүрек дірілі!
Думан КЕҢШІЛІК,
Байқоңыр қаласы.