«ТМД Аруы-2018»: Қазақ қызы бірінші орынды жеңіп алды
Астанада «ТМД Аруы - 2018» xалықаралық байқауы өтті. Қазақстанның намысын үш қыз қорғады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жалпы, байқауға 10 елден 19 ару қатысты. Олардың ішінде Қазақстаннан - Роза Ярлабекова, Әсем Есенгелдинова және Ксения Якимчик, Армениядан - Ромелла Тамарян, Украинадан - Татьяна Акуленко, Лика Шевченко мен Оксана Левченко, Грузиядан - Аннамария Качеишвили және Лика Тория, Тәжікстаннан - Маликабону Каюмова мен Назира Мирзоева, Беларусьтан - Виктория Лавренко мен Анна Панамарева, Ресейден - Арина Зинченко, Виктория Волгина және Жанара Хасенова, Латвиядан - Лариса Агафонова, Қырғызстаннан - Сусанна Егорян, сондай-ақ, Өзбекстаннан - Дарья Масальская бар. Қатысушылардың жасы - 18-30 арасы.Ресейдің атынан сынға түскен Жанара Хасенова - этникалық қазақ. Жанар өзге елде тұрса да, өз еліндегі жоғары оқу орнына түскісі келеді.
«Мен Челябі облысының Магнитогорск қаласында дүниеге келдім. Ата-анам да сол жақта туды. Мәскеуде өткен «Ресей аруы» байқауына қатысып, бірінші орын алған болатынмын. Содан осы байқауға жолдама алдым. Жақында мектепті бітірдім. Қазір абитуриентпін. Астанадағы жоғары оқу орындарының біреуіне түсетін ойым бар», - деді Ж.Хасенова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Бүгінгі байқауға атышулы Сусанна Егорян да қатысты. Былтыр ол «Қырғызстан аруы» атағын жеңіп алғаннан кейін World Next Top Model 2017 Халықаралық байқауына қатысқан болатын. Финалда Сусанна Арменияның жазуымен шықты. Сол үшін қырғызстандықтар оны қатты сынға алды. Осы жолы Сусанна өз елінің атауы жазылған лентамен бірге қырғыз xалқының ұлттық киімін де киіп шықты.
Айта кеткен жөн, «ТМД Аруы» байқауы Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Әділ қазылардың шешімі бойынша Виктория Волгина (Ресей) үшінші орынға ие болды. Екінші орынды - Ромелла Тамарян (Армения) еншілесе, бірінші орында - Әсем Есенгелдина (Қазақстан). Ал «ТМД Аруы - 2018» Халықаралық байқауының алтын тәжі мен Гран-приін Татьяна Акуленко (Украина) жеңіп алды. Бұдан бөлек, арнайы аталымдар да болды. Байқаудың сыйақы қоры - 10 мың еуро.