» » » Тұрмағамбет термесі Дубайда шырқалмақ

Тұрмағамбет термесі Дубайда шырқалмақ

    Жалпы қазір көпшілігіміз әлеуметтік желі жүргіземіз. Парақшамызға өмірімізде орын алған қызықты оқиғаларды, күнделікті тыныс-тіршілігімізді жүктеп отырғанды ұнатамыз. Оның кейде пайдасы да тиіп жатады. Мәселен, тақырыбымыз айтып тұрғандай Тұрмағамбет термесінің Дубайда шырқалуына сеп болған бір ғана бейнежазба. Кеңінен тарқатсақ.
    Әлішер Мырзағалиев – жас жырау. Алдашбай ахун ауылында шәкірттерін термеге баулиды. Төл өнерді дәріптеп жүрген ол күнделікті өтетін сабағының үзіндісін әлеуметтік желіге жүктейді. Оған қызыққан арқалық Бексұлтан есімді бірге оқыған азамат осы термені үйрету жолын сұрап қолқа салады.
   – Мен Алдашбай ахун ауылында аудандық К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйіне қарасты «Ешнияз сал» үйірмесін жүргіземін. Шәкірттерімнің жеңісін, сабақ барысын әлеуметтік желіге салып отырамын. Бір күні консерваторияда бірге оқыған Бексұлтан Барақбай Тұрмағамбеттің «Тәлім» термесін орындаған оқушыларымның бейнежазбасына жылы лебізін білдірді. Кейіннен өз оқушыларыма үйретсем деген ұсынысын да жеткізді. Өзге өңірден Сыр термесіне қызығушылық танытып жатса, қалай қуанбайсыз? Мен де білгенімді айтып, барыммен бөлістім. Шәкірттерімнің шыңға шыққаны, Сыр мақамының өзге аймаққа тарағаны – мен үшін үлкен қуаныш. Бұл біздің төл өнерді ұлықтаудағы, дәріптеудегі үлкен жеңісіміз деп білемін, – дейді Әлішер Мырзағалиев.
    Осылайша жерлесіміздің айтуымен «Тәлім» термесі оқушыларға үйретіледі. Бір қызығы, шәкірттер де ерекше қызығушылықпен лезде жаттап алып, осы термемен конкурсқа қатысады. Нәтижесінде жеңімпаз атанып, Дубайға жолдама ұтып алады. Толығырақ білмекке жеңімпаз ұстазбен байланыстық.
   – Мен – Ұлытаудың тумасы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының түлегімін. Дәстүрлі ән мамандығын Арқа аймағы мектебі бойынша оқыдым. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыкалық мектепте оқушыларға дәстүрлі әннен жетекшілік етемін. IQ star Республикалық Өнер байқауы 28 қаңтар күні Құрманғазы оркестрі ғимаратында өтті. Біздің оқушылар дәстүрлі ән номинациясында Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Тәлім» термесін топпен орындаған болатын. Бұйыртып Бас жүлдені қанжығамызға байлап, мамыр айында Дубай қаласында өтетін халықаралық өнер фестиваліне жолдама ұтып алдық. Ал байқауға Сыр өңірінің термесін орындату себебімді айта кетсем. Жалпы қазақтың әншілік өнерінде барлығымызға белгілі үлкен бес мектеп қалыптасқан. Көп жағдайда басым көпшілік оқу орындары дәстүрлі ән өнерімізді жеткіншектерге оқыту барысында тек бір мектеп бойынша ғана үйретіп жатады. Ал менің жетекші ретінде көзқарасым әр оқушы әртүрлі өңірлік ерекшеліктерді құлағына жастайынан сіңіргені дұрыс. Бір күні Әлішер досымның парақшасынан шәкірттерінің термені нақышына келтіре орындап жатқанын көріп қызықтым. Бірден досыма қолқа салып, Сыр өңірі бойынша оқушыларға қандай жыр, терме, толғаулар үйретуге болатыны жайында сұрадым. Ақылдаса келе Тұрмағамбет атамыздың «Тәлім» термесін таңдап, бейнежазба бойынша ол көмектесіп, оқушылар үйрене бастады. Әлішерге өтінішімді жерге тастамай көмекке шыққаны үшін зор алғысымды айтамын. Сөздерінің мағынасы терең ақылға, тәрбиеге толы терме орындаған оқушыларды көрген ата-аналар да дән риза. Алдағы уақытта да бұйырса әр мектептің әндерін, күйлерін, жыр-термелерін жас бүлдіршіндерге үйретуді міндетім деп білемін, – дейді Бексұлтан Барақбай.
    Иә, бір ғана желідегі бейнеден бастау алған бұл жағдай жеңіске ұласып, енді одан әрі шетелге шығуға мүмкіндік берді. Біз тәлімді терменің, Сыр өлкесіне ғана тән иірімдердің шетелде шырқалатынына бек қуаныштымыз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 ақпан 2024 ж. 424 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 371

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031