Ән әуелеген күн
Өткен сенбіде Қармақшы төрінде ән әуелеп, күй күмбірлеген, жырдан жақұт жауған ғажап күн болды. Қазақтың күміс көмей әншісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы аясында өнер иесі атындағы ұжым ауданға гастрольдік сапармен келді.
Бағланованың қайталанбас дарын мен көрнекті дауыс иесі екенін, сол үшін халық оны «қазақтың бұлбұлы» деп атап кеткенін айта келе, Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтап қалу іс-шараларын қабылдауды тапсырған болатын. Осыған орай, еліміздің басты концерттік ұйымы Қазақконцертке Роза Бағланованың есімі берілді.
Қорқыт қобызының мәңгілік сарыны қалған, ақындық пен жыраулықтың ақ бесігі болған қасиетті Қармақшы жеріне келген «Қазақконцерт» ұжымы өнер сапарын ең алдымен Қорқыт ата мемориалды кешенінде тағзым етуден бастады. Сапар одан әрі Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Қазақ деген халықтың еркесімін» тақырыбымен өткен гала концертке ұласты. Мерейлі кеште аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы сөз алып, аудан халқын рухани жігерлендірген өнер ұжымына қармақшылықтар атынан алғысын білдірді.
– Бұл күн халықтың рухани тынысын кеңейткен күн болды. Өнерден сусындаған аудан халқының көңілі тағы бір серпілді. Алдағы уақытта да ауданымыз өнер мен мәдениеттің қара шаңырағы саналатын «Қазақконцерт» ұжымына қолдау көрсетуге қашан да әзір. Осындай мазмұнды мәдени шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан баршаңызға аудан халқының атынан алғысымды айтамын, – деп тілектестігін білдірді.
Қармақшылық өнерсүйер қауым асыға күткен концертте еліміздің ән әлеміндегі жарық жұлдыздары мен халықаралық сахналарда шыңдалған жас өнерпаздары өнер көрсетті.
«Қт» ақпарат