Ән падишасы Роза Бағлановаға 100 жыл
Кеше қасиетті Қармақшы төрінде ән әуелеп,күй күмбірлеген, жырдан жақұт жауған ғажап күн болды.Қазақтың күміс көмей әншісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы аясында өнер иесі атындағы ұжым ауданымызға гастрольдік сапармен келді.
Мемлекет басшысы Роза Бағланованың қайталанбас дарын мен көрнекті дауыс иесі екенін, сол үшін халық оны "Қазақтың бұлбұлы" деп атап кеткенін айта келе, Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтап қалу шараларын қабылдауды тапсырған болатын. Осыған орай, еліміздің басты концерттік ұйымы – Қазақ концертке Роза Бағланованың есімі берілді.
Қорқыт қобызының мәңгілік сарыны қалған, ақындық пен жыраулықтың ақ бесігі болған қасиетті Қармақшы жеріне келген "Қазақконцерт" ұжымы өнерсапарын ең алдымен Қорқыт кесенесіне тағзым етуден бастады.
Одан соң Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде "Қазақ деген халықтың еркесімін" тақырыбымен өткен гала концертке ұласты.
Мерейлі кеште аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы сөз алып, аудан халқын рухани жігерлендірген өнер ұжымына қармақшылықтар атынан алғысын білдірді.
- Бүгін халықтың рухани тынысын кеңейткен күн болды. Өнерден сусындаған аудан халқының көңілі тағы бір серпілді.
Алдағы уақытта да қасиетті Қармақшы ауданы өнер мен мәдениеттің қара шаңырағы саналатын «Қазақконцерт» ұжымына қолдау көрсетуге қашанда әзір.
Осындай мазмұнды шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан баршаңызға аудан халқының атынан алғысымды айтамын.
Сондықтан сіздердің шығармашылықтарыңызға шалқар шабыт, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін,-деп тілектестігін білдірді.
Қармақшылық өнерсүйер қауым асыға күткен концертте еліміздің ән әлеміндегі жарық жұлдыздары мен халықаралық сахналарда шыңдалған жас өнерпаздары өнер көрсетті.