Облыстық байқауда оза шапты
Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақалалық бағдарламалары негізінде ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына және 5 қыркүйек Тілдер мерекесіне орай, «Абай әлемі – ұлт темірқазығы» тақырыбында облыстық байқау өтті.
Оған әдебиетке құштар облыс аумағындағы 15-ке тарта оқушылармен бірге ғарышкерлер қаласындағы №272 орта мектептің 11 сынып оқушысы Аружан Ермаханова мектептің абыройын арқалап ділмар, шешендер додасына қатысты. Әр ауданның әдебиетке жақын сөзшеберлері екі кезең бойынша сынға түсті. Оның бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді оқып, нақышына келтіріп жеткізу болса, екінші кезеңі – жазушы Оралхан Бөкейханның «Қайдасың, қасқа құлыным» атты кітабынан жанына жақын әңгімені айтып беру болатын. Екі кезеңге сақадай дайындықпен барған Аружан өз қатарластары арасынан үздік шықты. Байқауда қазылар алқасы жерлесіміздің есімін ерекше атап, білім алып жатқан мектебі мен дайындаған ұстаздарына алғысын білдірді. Осылайша жаңа оқу жылы №272 мектеп үшін жеңіспен басталды. Жеңімпаздың жүлделі орынмен қоса, 50 мың теңге сыйақы және марапат дипломы әдебиет сүйген қыздың жетістік қоржынын тағы бір есеге молайтты.
Абайдай болу үшін ұлы ақын, философ немесе ағартушы болу шарт емес. Тек Абай айтқан бес асылмен дос болып, бес дұшпаннан қашық болса жеткілікті. Қазіргінің тик-тогын жатқа білетін емес, Абайдың сөздерін ұлықтайтын ұрпақ көп болсын.
Гүлжан САРТАЙҚЫЗЫ
Байқоңыр қаласы