» » » Құлақтан кетпес саксафонның сырлы үні...

Құлақтан кетпес саксафонның сырлы үні...

Ежелден сылаңдап аққан Сырдария өңірі небір саңлақтарды тудырып, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс. Топырағын түртіп қалсаң жыр болып төгілетін қасиетті Қармақшы елі өнерге кенде емес. Сонау Қорқыт баба дәуірінен тін тарқатқан өнер көші ғасырдан-ғасырға жалғасып, атадан балаға мирас болып келеді. Өнердің қай жанрын алып қарасаңыз да нәзіктік пен өткірлікті қатар қалыптастырған. Ол адалдық пен біліктілікті, терең талғам мен талантты қажет етеді.
Осы тұрғыдан алып қарағанда Сыр елінің өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып, ұлт пен ұрпақ болашағына ерен еңбек сіңірген азамат – Абдулла Мырзабеков.
Әбекең өңір өнеріне жанкештілікпен жұмыс жасап, бойындағы күш-қайраты мен білім-парасатын арнаған азамат. Қаншама шәкірттің жұлдызын жағып, талантты тамыршыдай тап басып танитын ерекше қабілет иесі. Ұстаздық ұлы міндетін айнымай орындаған майталман маман.
Өнерсүйер қауыммен шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналған асыл азамат Ш.Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебін тәмамдап, Гоголь атындағы педагогикалық институтынан музыка мамандығын алып шықты. Еңбек жолын 1981 жылы мектепте музыка пәнінен сабақ беруден бастап, аудандық мәдениет үйінің директоры қызметіне дейін көтерілді.
Абдулла Ерділдәұлы өнерге мектеп жасынан бейім болып, өмірінің соңына дейін өнерді жанына серік етті. Еңбек еткен жылдары облыстық «Наурыз шапағаты» фестивалінің бірнеше дүркін лауреаты, облыс, аудан басшыларының құрмет грамотасымен марапатталды.
2000 жылы облыс әкімінің Сыр елі мәдениетінің дамуына үлес қосып, өнердегі жоғары қабілетімен шеберлігі үшшін «Алтын нота» номинациясына ие болды. Мәдениет басқармасы басшысының алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, мәдениетті қолдау жылы аясында өткізілген «Күзгі әуендер» вокальды-аспаптар ансамбльдерінің облыстық байқауына қатысып, ән сүйер қауымның ыстық ілтипатына бөленгені үшін «Үздік саксафоншы» жүлдесінің иегері атанды. Өнердегі биік белестері үшін 2005 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен және облыстық мәдениет басқармасының «Тұран әуендері» атты вокальды-аспапты ансамблдерінің облыстық конкурсында «Үздік саксафоншы» номинациясымен екінші мәрте марапатталды.
Ауданның мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне ерекше үлесін қосқан азамат, өмірін өнермен сабақтастырды. Музыкалық білімінің бай, жеткілікті болуы арқасында кез келген аспапта еркін ойнай білді. «Наурыз шапағатында» алғаш рет құрылған әжелер ансамблін музыкамен көркемдеп, сүйемелдеді. Өнерім-өмірім деген аяулы азамат, киелі өнерді әрқашан құрметтеп, өзіне пір тұта білді. Сол өнердің ізін жоғалтпай артына шәкірт тәрбиелеп, музыка әлеміне өшпестей із қалдырған ерекше тұлға.
1988 жылы жары Ажармен отау құрып, бес баланың арқасүйер асқартаудай әкесі болды. Мектеп жасындағы екі қызы Аружан мен Айзатын өнерге баулыды. Әке жолын жалғастырған Айзаты бүгінде аудандық мерекелік шараларға қатысып, сазды әуенін көрермен жұртшылыққа паш етуде.
Абдулла Ерділдәұлының артында өзі тәрбиелеп, өнерге баулыған шәкірттері мен өлмейтін өнері қалды. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дегенді хакім Абай осындай өрендерге айтса керек-ті. 2018 жылдан бері Абдулла Мырзабеков атындағы «Сырлы әуен» атты облыстық үрмелі аспапта орындаушылардың конкурсы өткізіліп келеді.
Талантын танып, табына білген қасиетті Қармақшы елі барда Абдулла Ерділдаұлының есімі ешқашан өшпек емес. Ол шырқаған саксафонның сырлы сазы Алаш аспанында мәңгілікке қалықтап тұрады.
Арнұр КӨШЕНЕЙ,
аудандық мәдениет үйінің директоры

16 мамыр 2020 ж. 1 966 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031