Ұлттың ұлы мұрасы
Ұлтымыз басынан қандай күн өтсе де бірлігін жоғалтпаған. Бұл – қазақ халқының санасына, рухына біткен асыл қасиеттің бірі. Тарихы тағылымға толы еліміз мұны ұрпақ тәрбиесі арқылы жалғап отырған. Қазақты ұлт ретінде сақтап қалған да осы – ұлттық рух пен ұлттық сана. Рухани бай дүниені ұрпақ санасына сіңіру мақсатында түрлі жобалар іске асуда. Осы орайда Тұңғыш Президент Н.Назарбаев әрбір мақаласы мен жолдауында барша халықты рухани жаңғыруға шақырады.
– Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код. Ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек, – дейді елбасы. Жаңа заманның жақсылығын игеріп, өткеннің құнды мұрасын бойға сіңірсек ұлттық санамыз биік деңгейге көтерілері анық. Ал ұлттық мұрамыз мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден айқын көрініс табады. Қазақ халқы тумысынан өнерлі. «Әу демейтін қазақ жоқ» деген халық мақалы осыдан қалса керек.
Ұлттық мұрамызды ұлықтау Т.Салқынбайұлы атындағы балалар әуез мектебінде өткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттың ұлы мұрасы» атты халықаралық өнер-білім фестивалінің аймақтық байқауында анық байқалды. Фестивальді Алматы қаласындағы «Үркер» шығармашылық дамыту орталығының әдіскерлері ұйымдастырды. Байқауға бағын сынауға 150 оқушы қатысты. Олар кент орталығы және Арал, Қазалы, Сырдария аудандары мен Байқоңыр қаласының өнерлі оқушылары. Қатысушылар жас ерекшелігіне байланысты «балапан», «құлыншақ», «құлагер», «арғымақ» топтарына бөлініп бақ сынасты. Сайыс аспапта орындау, би, дәстүрлі ән, көркем сөз, жас ақын, эстрадалық вокал бағыттары бойынша өрбіді. Бағын сынаған өрендер сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде, І, ІІ, ІІІ орын иеленіп, дипломмен марапатталды.
Осы сәтте ауданның жетістігімен мақтанбасқа болмайды. Әуез мектебінің білікті ұстаздарынан тәлім алып жүрген өнерлі өрендер аянып қалмады. Өнерін сынға салғандар арасынан озық шыққан фортепиано класы бойынша Аружан Абдуллаева мен Нұрғиса Маханбетов бас жүлдеге ие болып, Семейде өтетін халықаралық байқауға жолдама алды. Ал олардың ұстаздары Салтанат Ақназар мен Қаршыға Науановалар «Үздік жетекші» номинациясымен марапатталды. Өнерлілер сайысында оза шапқан 11 өнерпаз І орын иеленіп, «Алтын жүлдені» қанжығасына байласа, 19 оқушы ІІ орын алып, «Күміс жүлделі» болды. Ал 18 өнерпаз ІІІ орынға ие болды. Өнерлі шәкірттің әрбір жеңісінің астарында ұстаздың тынымсыз еңбегі жатыр. Бұл байқау әуез мектебі ұжымындағы әрбір ұстаздың еңбегін елеп, мерейін асырды. Әпкелі-сіңлілі Мәденовалар, Л.Мыңжанова, А.Көшекова секілді біліктілерден тәлім алған шәкірттердің жеңіс төрінен көрінбеуі мүмкін емес. Бұл қатарды А.Жағалова, Р.Ақназаров, Ж.Нақыпова, Р.Табынбаева, Б.Серғазиева секілді озық ұстаздар да толықтырады. Шәкірт дайындаған барша мұғалім «Үздік жетекші» дипломымен марапатталды. Баласының талантына ден қойып, биік белестен көрінуіне үлес қосқан ұстаздарға ата-аналардың алғысы шексіз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА