» » ӨРЕЛІ ІСТЕР ӨРГЕ БАСТЫРАДЫ

ӨРЕЛІ ІСТЕР ӨРГЕ БАСТЫРАДЫ

Жақында аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен ауданда болды. Облыс әкімінің сапары Байқоңыр қаласы, 9 алаң маңындағы «Бармин» автожолының жағдайымен танысудан басталды. Одан әрі Ақай ауылдық клуб үйінде тұрғындармен кездесіп, Төретам кентіне ат басын бұрды. Мұндаоблыс әкімі былтыр ел игілігіне берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Спорттың бокс, ауыр атлетика, баскетбол, волейбол және кикбоксинг түрі бойынша шәкірт тәрбиелейтін кешенде 210 бала жаттығады.
Аймақ басшысының жұмыс сапары «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінде жалғасын тапты. Абыз рухына тәу еткен облыс әкімі кешен жұмысын назардан тыс қалдырмады. Сондай-ақ сапар барысында аудан орталығындағы мұражайдың мазмұнды экспонаттарын көрді. Үлкен залда 7, кіші залда 4 бұрыш орналасқан мұражайда 4 мыңнан астам жәдігер сақталған. Ауданның өткенінен сыр шертетін тарихи орында аймақ басшысын ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері күтіп алды.
– Атақты Сыр сүлейлерінің шаңырақ көтерген жері Қармақшы – өнер өлкесі. Абыз Қорқыт пен үш жүзге пір болған Марал бабаның мәңгілік тыныстаған мекені. Осындай киелі өңірде ардагерлерге жайлы жағдай жасалған. Арнайы ғимаратта бас қосып, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне арналған шаралар өтеміз, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов. 
Одан соң сапар №1 индустриялық аймақта орналасқан «Мир-2001» ЖШС бетон бұйымдарын шығару цехында жалғасты. Жеке кәсіпкер Сейфолла Ажмолдаев 2017 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында  «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Байқоңыр филиалынан 15 млн теңге көлемінде несие алып, оған 30 млн теңге болатын өз қаражатын салып цехты іске қосқан. Кәсіпкердің бұл жалғыз жобасы емес. Ол ашқан нысан бүгінде аудан жұртшылығын бетон бұйымдарымен, құрылыс құмымен қамтамасыз етіп отыр. Биыл ауданда осы бағдарлама шеңберінде 155,7 млн теңгені құрайтын 10 жобаны қаржыландыру жоспарланса, оның ішінде екеуі арнайы техника сатып алу мен жанар-жағармайдың айналым қаражатын толықтыру жобалары осы мекеменің еншісінде.
Өңірдегі кәсіпкерлікке баса көңіл бөлу – бірнеше мәселені шеше алады. Соның бірі – салық базасының нығаюы.
– Алғашқы жартыжылдықта 662 млн теңге салықтан түскен. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, ірі жобаларды жүзеге асыру бағдарламалары аясында ауданда 455 млн теңгенің 95 жобасы іске асуда. Соның арқасында 134 жаңа жұмыс орны ашылды, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жамбыл Жұмабаев. 
Облыс әкімі Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепке аялдады. Былтыр пайдалануға берілген бі­лім ошағы 300 орындық. Мұнда түр­лі мәселелер талқыланды. Оның ішінде мектепке дейінгі білім беру тұр­ғысында мемлекеттік-жекеменшік ба­­ла­бақшалардың санын арттыру жайы айтылды. Бүгінде ауданда 34 мектепке дейінгі мекеме қызмет көрсетіп тұр. Оның 32-сі балабақша, 2-еуі шағын орталық. Жеке балабақша ашуға баса мән берілуде. Осы бағыттағы жұмыстар ауданда қарқынды дамуда.
– Өңірдегі бөбекжайда 2-3 жас аралығында 1264 бүлдіршін бар. 3-6 жас аралығындағы балалар балабақшамен толық қамтылған. Барлық нысан «Электронды балабақша» жүйесіне қосылған, – деді аудан әкімі Сұлтан Мақашов.
Одан соң сапар бағыты Дауылкөл ауылдық округі Тұрмағамбет ауылына ойысты. Мұнда жеке балабақшаның тұсауы кесілді. Нысан 80 бүлдіршінге арналған. Алдағы уақытта төрт топтың балалары осында тай-құлындай тебіспек. Ұжымда 25 қызметкер болса, оның барлығы жоғары білімді.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ аймақ басшысына Батыр ана, Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова ақ батасын берді.
– Заманауи балабақша ел игілігіне берілуде. Бұл – ауылдағы балабақша мә­селесі толығымен шешімін тапты деген сөз. Соңғы жылдары Дауылкөлде атқарылған жұмыс көп. Соның бірі – тамыз айында тәулігіне 1 тонна сүт өңдейтін цех құрылысы аяқталып, іске қосылады. Ауыл шаруашылығын әртараптандыруда ауылдағы серіктестік суды аз қажет ететін соя дақылын егуді қолға алды. Мұның барлығы ауыл тұрғынының әл-ауқатын арттыруға, аймақ экономикасын дамытуға зор мүмкіндік, – деді аймақ басшысы. 
Дауылкөл ауылындағы «Тұрмағам­бет» ЖШС төрағасы Нұржан Пірмантаев балабақша шаруашылық есебінен салын­ғанын және ол үшін несие алынбағанын жеткізді. Оның айтуынша, шаруашылықта атқарылған шаруа аз емес.
– Біз әртараптандыруды ұмытпаймыз. Күріш, бидай, жоңышқа егеміз. Қазір тек қана егін егіп, қарап отыруға болмайды. Елдегі қажеттілікті өтеу жолында балабақша салдық. Елді мекен мал мен егін шаруашылығын қолға алған. Ал серіктестік жобаның жалпы құны 30 млн теңгені құрайтын сүт өнімдерін өңдеу цехын таяу арада қолданысқа бермек. Кеңестік кезеңде ауылда 3 мың бас са­уын сиыр болған. Сүті ауданға жөнелетін. Бұл тұрғыда халықтың тәжірибесі мол. Қазірдің өзінде 1300 бас аналық сиыр бар. Шикізатта мәселе болмайды. Цехқа 5 маман қажет, оның барлығы жастар болады, – деді серіктестік төрағасы.
Жалғыз ауданның емес, облыстың мақтанышына айналған жер – Дүр Оңғар ауылы. Мұндағы «Жаңажол» серік­тес­тігінде былтырдан бастап 5 тонна күріш өңдейтін цех жұмыс істеп тұр. 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 
– Біздің өңір сапа жағынан алдыңғы қатарда. 400 адам еңбек етеді. Негізі 250 жұмысшының өзі жетіп жатыр. Бірақ бізде әр үйден бір адамға жұмыс береміз деген ұстаным бар. Болашақта ескірген қоймаларды жаңарту, бетон зауытын салу, газоблок цехын ашу секілді жоспар бар, – деді серіктестік төрағасы Орынбасар Төлепов.
Ауылдағы ағайынның нәпақа жиғаны осы саладан. Мұндағы қызметкерлердің орташа жалақысы – 80 мың теңге.  400 адам еңбек ететін мекеме жұмысына аймақ басшысы оң бағасын берді.
Сондай-ақ, облыс әкімі ІІІ Интернацио­нал ауылындағы «Достық жер МК» ЖШС демеушілігімен жүргізілген орталық алаңды абаттандыру жұмысымен таныс­ты.
Ақтөбе ауылындағы жылына 1500 тонна құс етін өндіруге арналған құс фабрикасының құрылысы да назар­ға алынды.  Былтыр «Байқоңыр ӘКК» арқылы 458 млн теңге, жоба бастама­шысының «Ақтөбе и К» серіктестігі арқылы 200 млн теңге, барлығы 658 млн теңге қаржы игерілген.
– Жоба құны – 1,9 млрд теңге. Ин­женерлік инфрақұрылымы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Қосымша құрама жеммен 512 гектар жер аукционсыз берілді. Жоба іске қосылса, 47 адам жұмыспен қамтылады, – дейді облыстық индустриалық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова.
Сонымен қатар аймақ басшысы ау­дандағы бірқатар елді мекен тұр­ғын­дарымен кездесті.
Айнұр ӘЛИ
31 шілде 2019 ж. 1 248 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 155

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930