ҰБТ: БАЛАҒА БАЛЛ, АТА-АНАҒА АБЫРОЙ КЕРЕК
Түлектерді толқытып, ұстаздарды алаңдатқан ұлттық бірыңғай тестілеу де басталды. Тағат таппай, тақым қысып, бауыр еті баласы үшін алаңдайтын ата-аналар да тестілеу пункттерінің маңынан табылды. Қазақстанның әр өңірінде әр уақытта бастау алған ұлттық бірыңғай тесттің астын сызып айтардай жаңалығы жоқ. Сынақ тек түлектерге ғана емес, министр орынтағына отырған жаңа ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке де жаңалықпен басталды. Бас ұстаз тестілеудің алғашқы күні елордалық түлектерге ақ жол тілеп, жастарға өз білімдеріне сену керектігін қаперге салды.
Министрдің "білімдеріне иек артыңдар" деуі бекер емес. Себебі ұлттық бірыңғай тестте бірінің бағы, ендігісінің бабы мен бағы қатар шабады. Тыңғылықты дайындығы барлар біліміне, ептілері қағаздағы шпорларына сенеді. Қалайда шекті баллдан асып, лайықты нәтиже көрсету. Министрдің алғашқы күнге маңыз беріп қарауы заңдылық. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰБТ-ның барлық заңдылықтарын қатаң бақылау әрі түлектердің қауіпсіздігін ұйымдастыруды жүктеген еді. Президент пәрменін іске асыру үшін ҚР Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің мамандары тартылды.
- Министрлік ҰБТ тапсыру кезінде кез келген заң бұзушылықтардың, оның ішінде емтиханды жақсы тапсыртып, жақсы нәтиже алу үшін қызмет көрсететін үшінші тұлғалардың әрекетіне жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдауда. Осындай қадамдарымыз ҰБТ-ның объективті өтуіне үлкен сенім қалыптастырады,-дейді министр Асхат Аймағамбетов.
"Ұлттық тестіні өткізу формасында маңыз беріп қарайтын мәселе аз емес" дейді білім саласындағы проблемаларды батырып айтып жүрген сенатор Мұрат Бақтиярұлы. Ол тест сұрақтарының мазмұны мен формасындағы кемшіліктерді жібермеуіміз керектігін айтып отыр.
- Былтырдан бастап ҰБТ тек ЖОО-ға түсу үшін қалдырылғанын ескерсек, мемлекеттің қыруар қаржысын шығындайтын аудандардағы тестілеу орталықтарының қандай қажеттілігі бар екенін түсінбеймін. Өйткені аудан орталықтарында ҰБТ тапсыру кезінде көмектесу секілді келеңсіз көріністер жылда орын алып келе жатқанын теріске шығаруға болмайды. Ешбір мемлекетте ЖОО-ға түсу емтиханын аудандарда тапсырғанын көрген емеспін. Сондықтан да оны облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардағы университет ғимараттарында 25 маусым мен шілденің 15-не дейін өткізуге болады. Алыс ауылдардан келген талапкерлерге тегін жатақхана беруге мүмкіндік бар,-дейді сенатор.
Хош! Ұлттық тестілеудің алғашқы күні түлектер талапқа сай тексеріліп, сұрақ кітапшаларын алып, сынаққа кірді. 3,5 сағат уақыт ішінде 5 пәннен ең жоғары 140 ұпайды еншілеуді мақсат еткен жастардың жанарында қуаныш сезімі мен қорқыныш үрейі сезіледі. Ал, таңнан бері тізе бүкпей тұрған ата-аналар балаларын лед экран арқылы көруге мүмкіндік алды. Бірақ, өткен жылдан бастап тестілеудегі аудиторияларды кез келген азамат ютуб желісі арқылы көре алады. Ұйымдастырушылар жаңа ақпаратты оқушыны қолдап келгендерге жеткізбесе керек, көп ата-аналардың мұндай жаңалықтан хабары болмай шықты. Ал, Мұрагерде өткен тестілеуде экранның беті қошқылданып, адамның бейнесін көру мүмкін болмаған. Осындай кемшіліктер кей адамдардың теріс айналып, сенімсіздік танытып, қолын бір сілтеуге мәжбүр етті.
Енді сандарды сипаттасақ. Ел бойынша бірінші лекте 13 мың түлек ҰБТ тапсырған. Ал, Қазақстан бойынша 117242 түлек тапсырады деген мәлімет бар. Ал, Қызылорда облысы бойынша 5755 түлек мектеп бітірген. Оның 4143-і ҰБТ-ға қатысуға келісім берген. Аймақта тест 9 тестілеу пунктінде 21-26 маусым аралығын қамтыды.
Бұрынғыдай емес, ұлттық тестілеудің нәтижесін білу үшін арнайы тізім ілінген тақтаға қарап, көз салудың қажеті жоқ. Себебі @edu.gov.kz_bot telegram-боты көмегімен, edu.mail.kz сайтынан, Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтынан ҰБТ-да алған ұпайларды білуге болады. Ол үшін тестіленушіге берілетін жеке кодты енгізу қажет.
Бас педагог Асхат Аймағамбетов "сынақ кезінде ұлттық тест барысында шпаргалкаға қарау, телефон алып кіру артық ой ойлап, білгеніңнен айырады" дейді. Бірақ, түлектердің арасында "шпорды қолданып, телефонды қолдануға мүмкіндік болды" деген пікірлер ашық айтыла бастады. Әрине, білімді таразылайтын уақытта шпаргалкаға сенім артудың түбінде абырой әпермесі анық.
125 сұрақтан 140 балл алу ең жоғарғы көрсеткіш. Шекті балл - 50. Ал, педагогика, медицина мамандықтарын таңдайтындар 60 баллды межелеуі керек. Ұлттық университетке оқуға түсуге ниетті түлектер 70 баллдан жоғары жинауы тиіс. Әзірге ұлттық тестілеу апта аяғына дейін жалғасады. Ең жоғарғы ұпайды, яғни 140 баллды Түркістан облысы Сарыағаш ауданында білім алатын түлек Қасымжан Жұбай алды. Алтын белгісін қорғап шыққан ол биология және химия пәндеріне таңдау жасапты. Келешекте медицина маманы болуды армандайды.
Қызылорда өңірінде де үкілеген үмітті ақтаған оқушылар да аз болмады. 139 баллды Сырдария ауданының Бесарық ауылында оқитын №147 орта мектеп оқушысы Ақерке Өтеген еншіледі. Ұстаздар үмітін арқалаған ол өз білімін дәлелдеп шықты. Жалпы Қызылордада 2 күн тестілеу ішінде 100-ден жоғары ұпай жинаған түлектер көп екені анықталды. Жалпы, ұлттық тест барысында облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова қазалылық түлектерге сәттілік тілеп, сенім білдірген еді. Айту керек, Қазалы ауданында 655 түлек мектеп аяқтаса, оның 454-і ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Ал, Арал ауданындағы мектеп бітірген 733 түлектің тек 425-і ұлттық тестке қатысуға келісім берген.
Қармақшы оқушыларының 413-і ұлттық тест тапсырса, Жалағаш ауданының 227 түлегі тест тапсырып, нәтижеге көз салып отыр. Жаңақорған ауданы мен Қызылорда қаласындағы 2 тестілеу пунктінде ҰБТ 2-ші легіне 605 бітіруші қатысқан, ал ертеңгі тестке 475 бітіруші ҰБТ тапсырады. Әзірге ұлттық тестілеу барысында Қызылордада заң бұзушылықтар орын алмаған. Ертеңге дейін жалғасатын ұлттық тестте де жоғары нәтиже жинауға мүмкіндік бар деген сенім бар. Алғашқы күндердің қорытындысымен орташа балл 83-ті құрап отыр.
Білім аламанына түскен түлектердің бірі қуанып, ендігі бірі жылап шығуда. Психологиялық қысым алып, уайымға түскен түлектер де жоқ емес. Мұндайда тестілеу пунктінде медициналық қызмет мамандары көмекке дайын отыр.
Ұлттық тест басталысымен "жауап парағы сатылады" деген әңгіме тарап кетті. Яғни тестілеуде кездесетін сұрақтардың толық жауабы жоғары ұпай жинауға жәрдемдеседі. Алайда, министр Асхат Аймағамбетов мұны жоққа шығарып отыр. Ресми ақпарат көздерінде былай делінген:
"Әлеуметтік желіде ҰБТ-ға қатысты келеңсіз деректер мен дәлелдер тарағанын білесіздер. Оның көбі бойынша құқық қорғау орындарына ұсынымдар бердік. ҰБТ деректері мемлекеттік құпия деңгейінде сақталатындықтан, оны сатып алу мүмкін емес. Сондықтан ата-аналарды бөгде адамдар ұсынған "көмектерге" сақ қарауға шақырамыз".
15 жылдан аса білімді анықтаудың тетігі болып келе жатқан ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде құшақ-құшақ қорапта ұялы телефондар мен су жаңа смартфондардың табылған-ды. Тіпті ұятты ұмытқан түлектер шпаргалкаларды ішкі киімінің ішіне салып кірген деген де оқиғалар тіркелген. Содан болар, баланың білімін тест арқылы сынау "тисе терекке, тимесе бұтаққа" әдісін еске салады деп пікір білдірген ата-аналар да табылды. Әйтсе де, жауапты министрлік өкілдері ұлттық тест адами факторларды азайту бағытында іске асқанын жеткізді.
- Баланың білімін тест арқылы бағалаудың дұрыс-бұрыстығы туралы сынға министр былтырдан бері аттестат алу сынағы мектепте өтіп, түлектер диктант, эссе, жазып, ауызша жауап беретін айтты. Яғни, талай жылғы сұранысты осылай қанағаттандырған. Адам факторын азайту үшін жоғары оқу орнына емтихан тапсыру тест түрінде қалды,-дейді министрлік өкілдері.
Апта аяғында ұлттық тестілеу аяқталады. Әрбір аймақ тест нәтижесі бойынша жазаланбайды. Әрбір мектеп рейтингке түспейді. Бұл жаңа министрдің ұсыныс ретінде айтқаны. Бастысы - лайықты мамандық таңдап, грант алу. Министр бұрынғыдай техникалық мамандықтарға грант көп бөлінгенін айтты. Дегенмен, гуманитарлық ғылымдар мен инклюзив білім беретін мамандар даярлау да шет қалмақ емес.
Абай ТАҒЫБЕРГЕН