Әлеуметтік-саяси ахуал тұрақты
Қызылордада он түрлі кітаптан тұратын әңгімелер жинағы жарық көрді. Оған жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары енгізілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов идея бастамашысы тілдерді оқыту орталығы екенін жеткізді.
Қайсыбір шараны болмасын, басқарма қоғамдық-саяси ахуалды бағамдай отырып атқарады. Соның бірі – халық арасында жүргізілетін сауалнама. Соңғысы өткен жылдың соңына қарай алынды. Оның нәтижесі респонденттердің 88%-і аймақтың қоғамдық-саяси жағдайын тұрақты деп бағалайтынын көрсетті. Ал осы күнгі өмір сүру деңгейіне 89,9% көңілі толатын болып шықты. «Демек, өңірде әлеуметтік-саяси толқуға негіз жоқ», – дейді Т.Маханов.
Мемлекеттік мекемелерде рәміздердің орналастырылуы мен қолданылуында кемшілік азайды. Бұған тұрақты жүргізілетін тексеру шаралары септігін тигізіп отыр. Одан бөлек, whatsʹup әлеуметтік желісінде ramiz.kzo чаты ашылған. Чат мүшелері онда өздері байқаған келеңсіздіктерді ортаға салып, тиісті мекеме басшыларына сын-ескертпе айта алады.
Өткен жылы идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанған атауларды ауыстыру бағытында біршама жұмыс жүргізілді. Облыстық ономастика комиссиясының шешімімен 17 объект, 4 ауыл және 108 көше тарихи және дәстүрлі атауларды иеленді.
– Өңірде 1067 үкіметтік емес ұйым бар болса, соның 974-і нақты жұмыс істеп тұр. Небәрі 240 ұйым дерекқорға мәлімет ұсынды. Былтыр 1 млрд 109 млн 691 мың теңге бөлініп, 173 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды, – деді басқарма басшысы.
Біздегі діни ұйымдардың басым көпшілігі – мешіттер. Ал шет елдердегі, оның ішінде Сауд Арабиясы корольдігі, Түркия, Мысыр мен Иорданиядағы діни оқу орындарында 11 жерлесіміз білім алып жатыр. Шетелдік 2 азамат Қызылордада миссионерлік қызметпен айналысып келеді. Интернет кеңістігіндегі мониторинг бойынша 2018 жылы 103 сайт бұғатталған.
syrboyi.kz