» » ЕЛ АЛҒЫСЫ – ЕҢ ҮЛКЕН СЫЙ

ЕЛ АЛҒЫСЫ – ЕҢ ҮЛКЕН СЫЙ


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан кейінгі жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аз ғана уақыттың ішінде өз нәтижесін беруде. Олай дейтініміз, туған жерді түлетуге атсалысып, жанашырлық танытып жүрген азаматтардың қатары көбеюде.
Рухани жаңғыру, ең алдымен, әрбір тұлғаның жаңалыққа бейімделуі, сананың өзгеруі деп түсінген абзал. Жеке тұлғадан бастап отбасылық, ұжымдық, жалпыадамзаттық мәде­ниеттің жаңғыруы арқылы қоғамдық көзқарас құндылықтарды дәріптеуге бейімделеді. Бұл – өткенімізді қайта тірілту, рухани дүниені байыту. Әрине, қоғамдық сананы санаулы уақытта өзгерту немесе жаңғырту мүмкін емес. Ол ұзақ уақытты қажет етеді.
Баланы елге қызмет етуге дайындайтын ұлттық тәрбиенің өзегі – рухани дүниенің байлығы. Рухани бай адам – ең бай адам. Ал мұндай жандар біздің арамызда жетерлік. Жұртқа қызмет етуді парыз санаған азамат көпке пайдалы іс тындырады. Алаш қайраткері Әлихан «Ұлтына қызмет қылу – білімнен емес, мінезден» десе, Шәкәрім ғұлама «Жоба тап, Жол көрсет, Келешек қамы үшін... Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң – шын бақыт, Осыны ұқ, Мәңгілік өлмейсің!», – дей келіп, жұртқа қызмет қылудың жолын көрсетеді.
Елбасы «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құр­мет­теудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар. Осы ар­қылы қалаларды көгалдандыруға, мек­тептерді компьютерлендіруге, жер­­гілікті жоғары оқу орындарына де­меушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық па­триотизмнің нағыз өзегіне айналады» – деген болатын. Туған жерін түлеткен Жақсылық Үшкемпіров, Абзал Ералиевтер тәжірибесі Қазақ­станға кеңінен танылды. Біздің аймақта да кіндік қаны тамған ауылын дамытуға үлес қосып жүрген жанашыр азаматтар көбейіп келеді.
Бағдарлама басталғалы Сыр өңірінде түрлі әлеуметтік нысандар, демалыс орындары, саябақтар салынып, қайырымдылық шаралары өткізілді. Әсіресе, бұқаралық спортты дамыту мақсатында елді­ ме­кендерде спорт кешендері бой кө­теріп, қазіргі таңда мектеп оқушы­лары мен ауыл жас­тары бірнеше үйірмелерге қатысып, түрлі сайыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Спорт үйірмелері ауыл жастары мен оқушылары үшін тегін қызмет көрсетеді. Айта кетуіміз керек, бағдарлама аясында Шиелі ауданында спорт кешендері, жүзу бассейні салынса, барлық аймақта демалыс саябақтарында жастар мен ардагерлерге дене шынықтыруға арналған құрал-жабдықтар орналастырылған. Мұның бәрі тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалануына, түрлі спорт түрлерімен айналысып, әртүрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуына септігін тигізеді.
Бағдарлама бойынша аймақтағы 12 музей қайта жөндеуден өткізіліп, жаңа экспонаттармен толықтырылды. Бұдан бөлек білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына қолдау білдіріп жатқан азаматтар баршылық.Бүгінгі күнге дейін аймақтағы меценаттар 12 млрд теңге көлемінде түрлі салаға демеушілік көрсетті. Солардың бірі – Рзақұл Сәденұлы Нұртаев.
Әр жылдары түрлі салада қызмет еткен Рзақұл Нұртайұлы – өзі туып-өскен ауылының өркендеуіне үлес қосып келе жатқан азамат. Жас ұрпақтың заманауи талаптарға сай білім алуы – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Қармақшы ауданы Ақжар ауылындағы мектепті интерактивті тақта, компьютерлермен жабдықтап, мұғалімдердің сапалы білім беруіне жағдай жасады. Соңғы жылдары мектепте арнаулы кабинеттер ашу, зертханаларды қажетті құралдармен қамтамасыз ету жолға қойылған. Рзақұл Сәденұлы аталған мектептегі «Тарих» кабинетінің талапқа сай безендірілуіне атсалысты. Бүгінгі күні жаңартылған мазмұнда білім алушылар үшін жасақталған кабинеттерде ашық сабақтар, семинарлар өткізіледі.
Осы мектепте аймақта тұңғыш рет тарих пәнінен облыстық олимпиада өткізілді. Ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін кеңінен көрсете білген олимпиадаға қатысушылар арнайы штрих-код арқылы кіріп, шын жүйріктер жеңімпаз атанды. Олимпиада барысын бақылаған мектеп мұғалімдері мен ата-аналар бұл тәсілдің шынайылығына тәнті болды. Оның үстіне нағыз білім бәйгесін көрген оқушылар алдағы уақытта да осы тәсілді қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ жеңімпаз оқушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жуырда Қармақшы ауданына жол түсті. Аудан орталығындағы алаңда орналасқан «Ана мен бала» ескерткіші сонадайдан көз тартады. Жарқырап тұрғанынан жаңарғанын байқадық. Сұрастырып білсек, айналасы қоқысқа толып кеткен  ескерткіштің мұндай мүшкіл халін көрген Рзақұл Сәденұлы аз ғана уақыттың ішінде жан-жағын тазартып, мәрмәр тастармен безендіріп, электр жарығын жүргізіп, абаттандырып, жұрт демалатын саябаққа айналдырыпты. Қайта жаңғырту жұмыстарына 5 миллион теңге қаражат жұмсалғанын білдік. Әрине, бұл қаржының қаншалықты маңдай термен келетінін әркім жақсы біледі. Рзақұл ағаның елге жасаған қызметі көпке үлгі болса керек. Ананың қадірін білген жанның осындай игі ісінің нәтижесінде қазір Қармақшыда «Ана мен бала» ескерткіші орталық алаңға сән беріп тұр. Аудан тұрғындары Рзақұл Сәден­ұлының бұл қамқорлығына дән риза.
Әлемге әйгілі миллиардер Стив Джобс соңғы сұхбатында «Мен жер бетіндегі ең бай адам бола тұра, керекті нәрсені істемедім» деген екен. Дүние жүзіне Apple компаниясы арқылы белгілі, миллиондаған жандардың бастамаларына себепкер болған Джобс өмірінің соңғы сәттерінде рухани құндылыққа мән бермегеніне өкініпті. Осы мысалдың өзінен-ақ рухани байлықтың қаншалықты маңызды екенін аңғару қиын емес.
Рзақұл Сәденұлының өмірлік ұстанымы – елге қызмет ету. Рухы биік азамат туған өлкенің дамуына өлшеусіз үлес қосып, жас ұрпақтың білімді, бәсекеге қабілетті болып өсуіне жанашырлық танытып, қолдау білдіріп келеді. Ал біздің міндет –  жанымызда жүрген жақсы адамның бастамасын дәріптеу.
Гүлмира ӘШІРБЕКОВА,
облыстық «Рухани жаңғыру»
орталығының бөлім басшысы.
syrboyi.kz
26 қазан 2018 ж. 1 288 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031