» » Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы


ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ:
ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ
Құрметті қазақстандықтар!
Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық.
Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мем­лекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік.
Сапалы әрі тарихи маңызы зор құ­рылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.
Қазақстанның халықаралық беде­лінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жет­кіздік.
Біз өңірлік және жаһандық пробле­маларды шешу ісіне зор жауапкер­ші­лік­пен қарайтын жауапты әрі қалаулы ха­лықаралық серіктес ретінде та­ныл­дық.
Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасынан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған бірінші мемлекет болды.
Біз Еуразия өңірінің қаржылық, іскерлік, инновациялық және мәдени орталығы ретінде қалыптасуын қам­тамасыз етіп, жаңа елордамыз – Аста­наны салдық.
Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті.
Біз берік экономикалық негіз қа­лып­тастырдық.
Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 мил­лиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды.
Экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді.
Дүниежүзілік Банктің бизнес жүр­гізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілді.
Біз әрдайым сыртқы сын-қатер­лерге дер кезінде назар аударып, оларға дайын бола білдік.
Соған байланысты, мен елімізді жаңғырту жөнінде қажетті бағдар­ламалық бастамалар жасадым.
Олардың жүзеге асырылуы табыс­ты дамуымыздың негізгі факторына айналды.
Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық да­мыған 30 елдің қатарына қосылу.
2014 жылы еліміздің инфрақұ­ры­лымын жаңартатын «Нұрлы жол» ке­шенді бағдарламасын іске асыруды бастадық.
Үш жыл бұрын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жарияладық.
Содан кейін еліміздің Үшінші жаңғыруына кірістік.
Оның басты міндеті – Қазақ­стан­ның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсім­нің жаңа моделін құру.
Еліміздің орнықты дамуы өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға деген зор сенім ұялатады.
Біз жаңа міндеттерді атқаруға дайынбыз.
ҚҰРМЕТТІ ОТАНДАСТАР!
Соңғы кездері әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдеріс­тері күшейе түсті.
Әлем қарқынды түрде өзгеріп ке­леді.
Мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесінің тұғыры мен ха­лықаралық сауда ережелері бұзылуда.
Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еңбек ресурс­тарына және адам капиталының са­пасына қатысты талаптарды күр­делен­діруде.
Қаржы жүйелерінің мүлде жаңа архитектурасы түзілуде.
Бұл орайда қор нарықтары кезекті қаржы дағдарысына алып келуі мүм­кін жаңа «сабын көбігін» үрлеуде.
Бүгінде жаһандық және жергілікті проблемалар тоғыса түсуде.
Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің та­быс­қа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі болып отыр.
Үкімет, әрбір мемлекеттік орган­ның, мемлекеттік компанияның бас­шысы жұмыс тәсілдерін өзгертуі қажет.
Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс.
Мен лауазымды тұлғаның жеке тиім­­ділігін және қызметке лайықты­лығын дәл осы өлшемге сәйкес баға­лайтын боламын.
* * *
Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты.
І. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ
Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жала­қы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табысы артады.
Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жал­пыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз.
Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жала­қыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын.
Бұл барлық сала бойынша түрлі мен­шік нысандарындағы кәсіпорын­дарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды.
Бюджеттік мекемелерде жұмыс іс­тей­тін 275 мың қызметкердің ең­бекақы­сы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі.
Осы мақсаттарға 2019-2021 жыл­дарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек.
Осыған орай, енді, ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл эко­номика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналады.
Төмен жалақы алатын қызмет­керлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар қолдайды деп сенемін.
Екіншіден, бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек.
Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұ­мыс орындары ашылып, қазақстан­дықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі.
БІРІНШІ. Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық.
Өңірлерге жұмыс сапарым бары­сында мұның тиімділігіне көз жет­кіздім.
Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек.
Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қа­жет.
Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді.
ЕКІНШІ. Экономикада бәсекелес­тікті дамыту және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәр­тіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек.
Коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушы­лардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық емес.
Монополистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр.
Үкімет 3 ай мерзім ішінде осы мәсе­лемен айналысып, бәсекелестікті қор­ғау функциясын елеулі түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомство­ның жұмысын реформалауы керек.
Бұл – маңызды мәселе, ол бизнес үшін кететін шығынның артуына, адам­дардың нақты табысын азайтуға әкеп соқтырады.
ҮШІНШІ. Бизнесті заңсыз әкім­шілік қысымнан және қылмыстық қу­далау қаупінен қорғауды арттыра түсу керек.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөнін­дегі қылмыстық жауапкершіліктің қол­данылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырамын.
Сондай-ақ, негізгі міндеті көлеңкелі экономикамен күрес болуға тиіс Қаржы мониторингі комитетіне функцияларын бере отырып, Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажет.
Біз «қолма-қол ақшасыз экономи­каға» бет бұруымыз керек.
Мұнда жазалаушы ғана емес, сон­дай-ақ бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынта­ландырушы құралдарға да сүйенген жөн.
Салық және кеден саласындағы ақ­­параттық жүйелер интеграция­сы­ның аяқталуы әкімшілендірудің ашық­тығын арттырады.
Үкімет үш жыл ішінде экономи­ка­дағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты ша­ралар қабылдауға тиіс.
Бизнес өз жұмысын жаңадан бас­тау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап салықтың негізгі сомасы тө­ленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын.
ТӨРТІНШІ. Экспортқа бағыт­тал­ған индустрияландыру мәселесі эко­номикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиіс.
Үкімет өңдеу секторындағы экс­порт­таушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет.
Біздің сауда саясатымызда сел­қостық болмауға тиіс.
Оған біздің тауарларымызды өңір­лік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек.
Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклату­ра­сын игеріп, «қарапайым заттар эко­но­микасын» дамыту үшін кәсіпорын­дарымызға көмектесу қажет.
Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды.
Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен ши­кізаттық емес экспортты қолдау мақ­сатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
Басымдығы бар жобаларға қолже­тімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырамын.
Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, осы қаражаттың көзделген мақсатқа жұм­салуын қатаң бақылауды қамта­масыз етуі керек.
Ірі әрі серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлармен бірлесіп инвестиция салу қағидаты бойынша жұмыс істейтін Шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвес­тиция қорын құру мәселесін қарастыру қажет.
Сондай-ақ, көлік-логистика және басқа да қызмет көрсету секторларын ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жан­дандыру керек.
Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуе­тімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Үкімет қысқа мерзімде салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауға тиіс.
БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кеше­нінің әлеуетін толық іске асыру керек.
Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашы­лығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту.
Мемлекеттік қолдаудың барлық шара­ларын елімізге заманауи агротех­но­логияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет.
Біз икемді әрі ыңғайлы стандарт­тарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік маман­дарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек.
Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалып­тастырған жөн.
Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақ­саттарға жыл сайын қосымша ке­мінде 100 миллиард теңге қарас­тыруды тапсырамын.
 
АЛТЫНШЫ. Инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн.
Ең алдымен, «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, био­медицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет.
Еліміздің жаһандық әлемдегі орны мен рөлі келешекте нақ осыларға байланысты болады.
Үкіметке Назарбаев Университетімен бірлесіп, нақты жобаларды анықтай отырып, әрбір бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзірлеуді тап­сырамын.
Университет базасында жасанды интеллект технологиясын әзірлеумен айналысатын ғылы­ми-зерттеу институтын құру сондай жобалардың бірі бола алады.
ЖЕТІНШІ. Нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторының рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет.
Бағаның өсуі, қаржыландыруға қолжетім­ділік, банктердің орнықтылығы – міне, осы мәселелер көбіне қазір жұрттың қызығушылы­ғын тудырып отыр.
Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, қаржы сек­торын және нақты секторларды сауықтыру, инфляцияға қарсы кешенді саясат жүргізу мәселелерін жүйелі түрде шешуді бастауы керек.
Қалыптасқан жағдайда экономиканы, әсіресе, өңдеу секторы мен шағын және орта бизнесті несиелендіруді ұлғайту өте маңызды.
Сондай-ақ, зейнетақы активтері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ресурстарын басқару тиімділігін арттырып, баламалы қаржы құралдарын – құнды қағаз нарығы, сақтандыру және басқа да салаларды нақты дамыту керек.
Бизнесті шетел инвестициясымен, капиталға қолжетімділікпен қамтамасыз ету ісінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл ат­қаруға тиіс.
Біз жеке сотты, қаржы реттеуішін, биржаны арнайы құрдық.
Барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар осы алаңды белсенді пайдаланып, оның тез қалыптасуына және дамуына атсалысуы керек.
* * *
Аталған шаралардың тиімді жүзеге асырылуы жалақының өсуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы есебінен қазақстандықтардың табысын арттырады.
Бұл үдерістер әрдайым Үкіметтің басты наза­рында болуға тиіс.
II. ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ
Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы.
Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты.
Осыған орай, Үкімет әлеуметтік сектор­ға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басым­дық­тарын қайта қарауға тиіс.
БІРІНШІ. 5 жыл ішінде білім, ғылым, ден­саулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің
10 пайызына дейін жеткізу қажет.
Қаржыландыруды халыққа қызмет көрсету сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін бағыттау керек.
ЕКІНШІ. Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек.
Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады.
Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда.
Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет.
Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керек.
ҮШІНШІ. Орта білім беру жүйесінде негізгі тә­сілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орын­далуына баса назар аударған жөн.
Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі бо­лады.
Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс.
Орта мектептердің өзінде балаларды мейлін­ше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды.
Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын.
Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақ­сатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мек­тептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша
50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын.
ТӨРТІНШІ. Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын.
Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексе­рістер мен міндеттен тыс функциялардан ара­шалауға тиіс.
БЕСІНШІ. Жоғары білім беру ісінде оқу орын­­дарының маман дайындау сапасына қатыс­ты талаптар күшейтіледі.
Біз гранттардың санын көбейттік, енді жа­уапкершіліктің кезеңі келді.
Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген сту­денттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жо­ғары жұмысқа орналасуы.
Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет.
Нарықта жоғары сапалы білім беруді қам­тамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды.
Қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру қажет деп санай­мын.
АЛТЫНШЫ. Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады.
Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде ал­ғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды ем­деу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учас­­­келік медицина қызметкерлерінің жалақы­сын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тап­сырамын.
Осы мақсаттарға келесі жылы 5 мил­лиард теңге бөлінеді.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс.
Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжі­рибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құ­рылысын бастау керек.
Осылайша біз көптеген адам өмірін сақтап қаламыз.
ЖЕТІНШІ. Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынық­тырудың қолжетімділігін арттыру қажет.
Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын.
Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектеп­тердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет.
СЕГІЗІНШІ. Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы. Бұл – қазақстандықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген сөз.
Бүгінде халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көр­сетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ.
Үкіметке шаралар қабылдауды және осы жұмысты ретке келтіруді тапсырамын.
Келесі жылдан бастап Тауарлар мен көр­сетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастауға тиіс.
Оның қызметі, ең бастысы, азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, ауыз суға, балалар тауарына, ме­дициналық қызмет көрсетуге сараптама жүргізуді қамтитын болады.
Бұл үшін заманауи зертханалық базаны қам­тамасыз етіп, білікті мамандар штатын қа­лыптастыру қажет.
Бұл орайда, тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық ұйымдарды институ­ционалды тұрғыдан күшейтіп, оларды белсенді пайдаланған жөн.
Біз әрдайым бизнеске көмек көрсетеміз, бірақ адам, оның құқықтары мен денсаулығы ма­ңыз­дырақ.
Мемлекет әкімшілік кедергілерді азайту барысында көптеген тексерістен, рұқсат беру және басқа да рәсімдерден бас тартты.
Сондықтан, ұсынылатын тауарлардың, көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі үшін бизнес қоғамдастығы да жауап береді.
Жалпы, бизнес пайда табуды ғана емес, сондай-ақ, мемлекетпен бірлесіп азамат­тарымыздың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етуді де ойлауы керек.
* * *
Халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс.
III. ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеу­ге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфра­құрылымның болуы.
БІРІНШІ. Сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй.
Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз.
Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдар­ламасы қолға алынды.
Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңіл­детілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын.
Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру бі­ліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызмет­керлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттырады.
Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет.
Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік бе­реді.
Бюджет есебінен салынатын жаппай құры­лыс алаңдарына арналған инженерлік инфра­құрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллион­нан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді.
ЕКІНШІ. Еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізуді қамтамасыз ету қажет.
Бүгінде жетекші елдердің экономикасы, көбіне, жаһандық қалалар немесе мегаполистер арқылы танылады.
Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70 пайыздан ас­тамы қалаларда түзіледі.
Біздің өз тұрмыс салтымыз тарихи қа­лып­тасты, моноқалалары мен шағын облыс ор­талықтары бар аграрлы экономика басым­дыққа ие болды.
Сондықтан 18 миллион халқы бар ел үшін миллионнан астам тұрғыны бар 3 қаланың болуы, соның ішінде 2 қаланың тәуелсіз Қазақ­стан дәуірінде осы қатарға қосылуы – үлкен жетістік.
Астана мен Алматы еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 30 пайыздан астамын қазірдің өзінде қам­тамасыз етіп отыр.
Бірақ, қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындардың жедел өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне сай бола бермейді.
Соңғы жылдары біз «Нұрлы жол» бағдар­ламасы бойынша республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптастырдық.
2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомо­биль жолы салынды және қайта жөнделді. Бұл жұмыстар жалғасуда және 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі.
Енді өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытқан жөн.
Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемі арты: жергілікті маңызы бар жолдарға
150 миллиард теңгеге дейін, ауылдық жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінді.
Әкімдер осы қаражаттың есебінен өңірлердегі мейлінше өткір проблемаларды шешуге күш жұ­мыл­дыруы керек.
Үкімет бұл міндетті жүйелі қолға алып, қо­сым­ша инфрақұрылымдық мәселелер тізі­мін жасап, жобаларды бағалап, оларды қар­жы­ландыру көздерін іздеп табуы қажет.
Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар құрылысын елді мекендерді дамыту жоспарла­рымен ұштастыру қажет, сондай-ақ, бұл сек­торға жеке инвесторларды тарту үшін жағдай жасаған жөн.
Сонымен қатар, «инфрақұрылым адамдарға» моделінен «адамдар инфрақұрылымға» моделіне бірте-бірте көшу қажет.
Бұл елді мекендерді ірілендіру ісін ынталан­дырып, бөлінетін қаражатты пайдалану тиім­ділігін арттыратын болады.
Әрбір өңір мен ірі қала бәсекеге қабілеттіліктің қолда бар басымдықтарын ескеріп, өзіндік ор­нық­ты экономикалық өсу және жұмыспен қам­ту моделіне сүйене отырып дамуға тиіс.
Осыған орай, тірек саналатын ауылдардан бас­тап республикалық маңызы бар қалаларға де­йінгі түрлі елді мекендер үшін өңірлік стандарт­тар жүйесін әзірлеу керек.
Бұл стандарт әлеуметтік игіліктер мен көр­сетілетін мемлекеттік қызметтердің тізімі мен қолжетімділігінің, көлік, мәдени-спорттық, іскерлік, өндірістік, цифрлық инфрақұрылым­мен қамтамасыз етілудің нақты көрсеткіштерін және басқа да мәселелерді қамтуға тиіс.
Экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жер­дің, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сон­дай-ақ онлайн түрінде еркін қолжетімді эко­­логиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет.
Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән бе­рі­луге тиіс.
2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа карта­сына айналатын Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схе­масын әзірлеуді тапсырамын.
Практикалық шараларды жүзеге асыру үшін нақты іс-шараларды, жобаларды және қар­жыландыру көлемін көрсете отырып, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.
Өңірлік дамудың аталған аспектілері іске асырылу мерзімдері 2025 жылға дейін ұзартылуға тиіс «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларында ескерілуі керек.
Біріншісі көлік инфрақұрылымын дамытуға, екіншісі – коммуналды және тұрғын үй құры­лысындағы міндеттерді шешуге бағытталуға тиіс.
Бұл бағдарламалардың «екінші тынысын» ашу керек.
ҮШІНШІ. Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет.
Қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бө­лігі болып саналады.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері қыл­мыспен күресте «алдыңғы шепте» жүреді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қор­ғайды.
Сонымен қатар, қоғам құқық қорғау орган­дарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр.
Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын.
Реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап жүзеге асырыла бастауға тиіс.
Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штат­тық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет.
Үнемделген қаражатты полицейлердің жала­қысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған жөн.
Екіншіден, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сон­дай-ақ, полиция академиялары арқылы кадр­ларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек.
Қызметкерлердің бәрі қайта аттестация­лау­дан өтуге тиіс. Тек үздіктері ғана қызметін жал­ғастырады.
Үшіншіден, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн.
Полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажет.
Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек.
Қалалық және аудандық ішкі істер орган­дары жанында Халыққа қызмет көрсету ор­та­­лықтарының қағидаты бойынша аза­маттарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажет.
Қазақстанның бүкіл қалаларын қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау керек.
Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс.
ТӨРТІНШІ. Сот жүйесін одан әрі жаңғырту.
Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен, басты міндет – соттарға деген сенімнің жо­ғары деңгейін қамтамасыз ету шешімін таппай отыр.
Сонымен қатар, құқық үстемдігі – біздің рефор­маларымыздың табысты болуының негізгі факторы.
Біріншіден, сот жұмысының заманауи фор­мат­тарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастырған жөн.
Жыл сайын 4 миллион азаматымыз сотта қара­латын іске қатысады.
Бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалады!
Уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруға тиіс. Бұрын адамдардың жеке өздерінің келуі талап етілсе, қазір оны алыстан жүзеге асыруға болады.
Екіншіден, сот жүйесінің сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз етіп, үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек.
Үшіншіден, әсіресе бизнес пен мемлекеттік құ­рылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесі керек, сондай-ақ судьяларға заң­сыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою қажет.
Жоғарғы сотқа Үкіметпен бірлесіп, жыл со­ңына дейін тиісті шаралар кешенін әзірлеуді тап­сырамын.
* * *
Кез келген реформаларды іске асыру бары­сында өзінің барлық іс-қимылын халықтың әл-ау­қатын арттыруға арнайтын жинақы әрі тиімді мем­лекеттік аппарат маңызды рөл атқаратын болады.
IV. АЗАМАТТАР СҰРАНЫСЫНА БЕЙІМДЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ
Жаңа кезең жағдайында мемлекеттік аппарат қалай өзгеруге тиіс?
БІРІНШІ. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру.
«Сапа» – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс.
Жаңа формацияның мемлекеттік қыз­метшілері мемлекет пен қоғам арасындағы ал­шақтықты қыс­қартуға тиіс.
Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндіріледі.
Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп, «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын және басшылық қыз­меттерге тағайындау кезінде арнайы қайта даяр­лаудан өткізетін курстар әзірлеу қажет.
Үздік шетелдік компанияларда жұмыс тә­жірибесі бар немесе әлемнің жетекші универ­ситеттерінде білім алған жеке сектордағы кәсіби мамандарды тарту маңызды.
Биыл біз 4 мемлекеттік органға жалақы төлеудің жаңа моделін енгіздік.
Барлық пилоттық жобалар жақсы нәтижелер көрсетіп отыр.
Мемлекеттік қызметке қызығушылық артты, әсіресе өңірлік деңгейде оның өзектілігі жоғары.
Тиімсіз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2-2,5 есе өсті.
Кадрлардың жұмыстан кетуі 2 есе қысқарды.
Беделді жоғары оқу орындарын бітірген тү­лектерді қоса алғанда, біліктілігі жоғары кадр­лардың жеке сектордан келуі 3 есе артты.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде орта­лық аппаратқа арналған конкурс бір орынға 28 адамға дейін, ал өңірлік құрылымдарда бір орынға 60 адамға дейін өсті.
Маңғыстау облысының әкімдігіндегі 1 бос орын­ға енді 16 адам, ал Әділет министрлігінде орта есеппен 13 адам үміткер болып отыр.
Астанада мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып жатқан жобаларды қаржы­ландыруға қатысты жаңа тәсілдер есебі­нен ғана 30 миллиардтан астам теңге үнемделді.
Еңбекақы төлеудің жаңа моделіне көшу үшін мемлекеттік органдардың басшыларына «бюджеттік-кадрлық маневрді» жүзеге асыруға құ­қық бердім.
Олар үнемделген қаражатты қызметшілердің жалақысын арттыруға бағыттау мүмкіндігін алды.
Қазіргі уақытта көптеген мемлекеттік орган­дар жаңа модельге көшуді қалап отыр.
Ең бастысы – олар мұны тек жалақыны көбейту ғана емес, бәрінен бұрын, жұмыста­ры­ның тиімділігін арттыру деп түсінуі керек.
Еңбекке төленетін қаржының өсімі бюд­жет шығысын, соның ішінде бағынышты меке­ме­лердің шығыстарын оңтайландыру және үнем­деу есебінен өтелуін бақылауда ұстауды тап­сырамын.
Бұл жерде аталған жобаның беделін түсірмес үшін формализм мен теңгермешілікке жол бермеу қажет.
ЕКІНШІ. Осы күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керек.
Тексерістер нәтижелері айқындап отырған­дай, құрылыс құны кей жағдайда жобалық құ­жаттар әзірлеу кезеңінде-ақ арттырылып көрсетіледі.
Соңына дейін жеткізілмейтін немесе перс­пективасы жоқ екені әуел бастан белгілі болған жобалар бар.
Егер жүктелген іске жауапкершілік таны­татын болсақ, бюджеттің жүздеген миллиард теңгесін үнемдеп, тұрғындардың нақты қажетіне бағыттауға болады.
Үкімет тиімсіз әрі уақтылы емес шығындарды болдырмай, шығыстарды оңтайландырып, қа­ражатты үнемдеу үшін жүйелі шаралар қабылдауы қажет.
ҮШІНШІ. Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады.
Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қыз­меттер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұр­ғындармен тікелей қарым-қатынасын азай­туға қол жеткізген жөн.
Жер қатынастары мен құрылыс са­ла­сындағы бюрократтық рәсімдер жұрт­шы­лықты мазалай­тын мәселелердің бірі болып саналады.
Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отыр.
Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысан­дары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын.
Осы мәселе бойынша тәртіп орнатып, жерді нақты инвесторларға беру керек!
Бұл – бір ғана мысал.
Жұрттың және бизнес қоғамдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу керек.
Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекет­тік қыз­меттердің 80 пайызы, ал 2020 жылы ке­мінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс.
Сол үшін Мемлекеттік көрсетілетін қыз­меттер туралы заңды жедел жаңарту керек.
Екіншіден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзу­шылық жасаған жағдайда бірінші басшылар­дың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет.
Сонымен қатар, адал жұмыс істейтін қыз­меткер тексерушілерден қорықпауға тиіс.
Үшіншіден, «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату керек.
ТӨРТІНШІ. Үкімет пен барлық мемлекеттік ор­гандардың жұмысында формализм мен бюро­кратияны азайту қажет.
Соңғы кездері Үкіметтегі, мемлекеттік органдардағы ұзақ отырыстар мен кеңестердің саны еселеп артып, сондай-ақ құжат айналымы елеулі түрде көбейді.
Үкімет әкімдердің және олардың орынбасар­ларының қатысуымен күніне 7 кеңес өткізетін кездері де болады.
Олар қай кезде жұмыс істейді?
Мұны доғарып, бұл мәселені ретке келтіру керек.
Өздеріне нақты міндеттемелер алуға және солар үшін жария түрде есеп беруге тиіс ми­нистрлер мен әкімдерге шешім қабылдау ер­кін­дігін ұсыну қажет.
Еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының стра­тегиялық жоспарының әзірленген көрсеткіштер картасы бұған негіз болуға тиіс.
БЕСІНШІ. Қойылған міндеттерді тиімді жү­зеге асыру үшін реформалардың жүргізілуіне бақылау механизмдерін күшейту қажет.
Үкімет пен мемлекеттік органдар жыл соңына дейін дамудың аталған барлық мәселе­лерін қамти отырып, нақты индикаторлар мен «жол карталарын» әзірлеуге тиіс, сондай-ақ реформаларды іске қосу үшін қажетті заң жоба­ларының бәрін Парламентке уақтылы енгізуі керек.
Өз кезегінде, Парламент оларды сапалы әрі жедел қарастырып, қабылдауға тиіс.
Реформалар мен негізгі стратегиялық құжат­тардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып, Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру офисін құруды тапсырамын.
Бұл офис статистикалық көрсеткіштерге мониторинг жүргізуден бөлек, Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымының тәжіри­бесіне сәйкес, тұрғындар үшін өзекті мәселелер жөнінде халық пен бизнес өкілдері арасында тұрақты түрде сауалнама жүргізуді қамтамасыз етеді.
Офис әрбір бағыт бойынша қалыптасқан жағдай жөнінде маған үнемі баяндап отырады.
Үкіметтің әрбір мүшесі, мемлекеттік орган­дар мен компаниялардың басшылары алға қо­йылған міндеттердің орындалуына дербес жауап беретін болады.
V. ТИІМДІ СЫРТҚЫ САЯСАТ
Қазақстанның табысты жаңғыруын қамта­масыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясатты одан әрі жүзеге асыру қажет.
Біздің бейбітсүйгіш бағытымыз бен осы са­ладағы нақты айқындалған қағидаттарымыз өзін-өзі толық ақтап отыр.
Қазақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыс­тардың эталоны болып саналады.
Толыққанды интеграциялық бірлестік әрі әлемдік экономикалық қатынастардың белсенді мүшесі ретінде қалыптасқан Еуразиялық эконо­микалық одақ табысты жұмыс істеуде.
Орталық Азия өңірінде өзара ықпалдастық­тың жаңа парағы ашылды.
Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық серіктестігіміз дәйекті түрде дамып келеді.
«Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы Қы­таймен қарым-қатынасымызға тың серпін берді.
Менің қаңтар айындағы Вашингтонға ресми сапарым және Президент Дональд Трамп­пен жүргізген келіссөздерім барысында Қазақстан мен АҚШ-тың XXI ғасырдағы кеңей­тілген стратегиялық серіктестігі жөніндегі уағ­даластыққа қол жеткізілді.
Біз сауда және инвестиция саласындағы ірі серіктесіміз – Еуропа Одағымен қарқынды ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз.
ТМД елдерімен, Түркиямен, Иранмен, Араб Шығысы және Азия елдерімен өзара тиімді екі жақты қатынастар дамып келеді.
Ақтау қаласындағы саммитте қабыл­данған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі тура­лы конвенция Каспий маңы елдерімен ынтымақ­тастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі миссиясын абыроймен аяқтап келеді.
Сирия жөніндегі Астана процесі бейбіт жолмен реттеу және осы елдің дағдарыстан шығуы жөнінде тиімді жұмыс жүргізіп жатқан бірден-бір келіссөздер форматына айналды.
Сонымен қатар, қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бейімделуді және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарына сәйкес ілгерілетуді талап етеді.
* * *
Барлық кезеңде де табысқа деген нық сенім мен халықтың бірлігі ғана ел тағдырын шешкен.
Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз.
VІ. ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ҮДЕРІСТЕРІНЕ АТСАЛЫСУЫ
Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан ре­формалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс.
Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдеріс­теріне зор серпін берді.
Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет.
Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс.
Жастардың барлық санатын қолдауға арнал­ған шараларды толық қамтитын әлеуметтік са­ты­­ның ауқымды платформасын қалыптастыру керек.
Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын.
Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет.
Бұған арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді.
Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатыс­ты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек.
Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» бала­лар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн.
«Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы ая­сында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек.
Бүгінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйін айқындайтын негізгі салаларда теңдессіз шара­лар ұсынылып отыр.
Бастамалардың қаржылық көлемі 1,5 трил­лион теңгеден асады, ал жиынтық әсе­рі одан да көбірек. Бұл халықтың өмір сүру деңге­йін арттыруға зор серпін береді.
Бұл – ең сенімді әрі тиімді инвестиция.
Қымбатты қазақстандықтар!
Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосы­луы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты.
Біз қашан да заман сынына тегеурінді іс-қимылмен төтеп беріп келеміз.
Бұл – ең алдымен, ел ынтымағының арқасы.
«Ынтымақты елдің ырысы мол» дейді халқы­мыз.
Бүгінгі кезеңнің де талабы оңай емес.
Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыды­рамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды.
Мен әрбір Жолдауымда халықтың әлеумет­тік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерек­ше мән беріп келемін.
Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту.
Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда.
Осы жолда халық сенімі рухымызды жігер­лендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады.
Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ!
Астана, қазан 2018 ж.
06 қазан 2018 ж. 844 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 188

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930