БАЙҚОҢЫРДА БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛУДЕ
Құрылыс нысанына қарай беттеп келеміз. Алыстан көз тартқан көтермелі кран – мұндағы құрылыс жұмысының қызу қарқынын байқатады. Кешеге дейін бос жатқан алаңқайда тынымсыз тіршілік пайда болған. Құрылыс басына жылдам жетуге асықтық. Жүк көлігінің салмағынан май топыраққа айналған қара жолдың шаңын шығарып, айтулы орынға да жаяулап жеттік.
Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысының басталғанына көп бола қоймады. Баспанадан баз кешіп жүрген байқоңырлықтар үшін бұл күтпеген қуаныш болғаны рас. Осы бір сәтте аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев тұрғын үйлердің іргетасын қалауға өзі қатысқан болатын.
№1 тұрғын үй құрылысын жүргізуге – «МФК Туран» мердігер компаниясы жеңімпаз болған. Құрылыс жұмысына 2 бригададан 33 адам, 11 техника тартылған. Алдымыздан күле қарсы алған құрылыс прорабы Ерали Жиеналиев қазіргі жұмыс барысымен таныстырды.
– Құрылыстың сапалы болуы үшін іргетасын плита етіп құйдық. Қазір бетоншы-монтажшы, механизатор, кран жүргізушісі, тағы басқа да еңбеккерлер уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Қарқынымыз жаман емес. Бетон араластыратын италяндық қондырғы – көп көмек. Пәтерлер 2-3 бөлмелік. Бетонын қойып болған соң, қалау – уақыт алмайды. Нысанға көгілдір отын, су келіп тұр. Желтоқсан айының соңына таман құрылыс нысаны пайдалануға беріледі. Мерзімінде бітіру үшін бар күш-жігерімізді салудамыз. Жігіттердің айлығы уақытында. 200-300 мың теңге көлемінде айлық жалақы төленуде, – дейді ол.
Бүгінде нысанда Құрманбек Бахраддинов пен Алдоңғар Қаратаевтың құрылыс бригадасы еңбек етуде. Олардың арасында жергілікті тұрғындармен қоса, жосалылық, қызылордалық азаматтар да кездеседі. Қай жұмысқа да біліктілік қажет. Құрылыста да – осы талап басты орын алады. Саудабек Піржанов, Бақыт Ермаханов, Нұрлан Ешниязов, Жаңаберген Сайымов, Жаппасбек Жанарбековтер де күн-түн демей, тер төгуде.
Баспаналы болуды армандап жүрген жанның бірі – Тұмар Салимова.
– Байқоңырда біраздан тұрып келемін. Отбасым да, жұмысым да осында. Халықтың қамын ойлап, осындай игі шара жасап жатқан Елбасы мен оның жүргізіп отырған сара саясатына алғысым шексіз. Байқоңырлықтардың баспана кілтіне ие болар күні алыс емес секілді, – дейді ол.
ТҮЙІН
Баспана – қай қоғам үшін де басты мәселе. Қазақ халқы баспанасыздықты: «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп бір ауыз сөзге сыйдырған. Істің біткенінен гөрі, басталғанына сүйсінетін кей ағайын қоныс тойға дайындықты қазірдің өзінде бастап кетті.
С.РАЙЫМБАЕВА,
Қ.ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».